Фэйсбуктағы махаббат

Ақын қыз компьютерiн сөндiрiп, кесесiне ыстық шай құйып iштi. «Бекер сөйлестiм сол жiгiтпен…» – деп iштей өкiнiп, қапаланды.
Ол жұмыс бабындағы қажеттiлiк болған соң өзге әрiптестерi сияқты фэйсбук әлеуметтiк желiсiне тiркелген. Парақшасына кейде өлеңдерiн жариялайды, жеке түскен суреттерiн жүктейдi. Таныстарымен пiкiр алмасады, қоғамдағы жайларға қатысты ойларын жазады. Бiрде оған Т.есiмдi жiгiт «достық» жiбердi. Қыз қабылдады. «Өлеңдерiңiз өзiңiз сияқты сұлу екен» деп хат жазды жiгiт. Қыз «рахмет» дедi. Бәрi осыдан басталды емес пе?
Екеуi күнде сөйлесетiн болды. Ақын қыз жасы отызға келгенше төңiректе осындай бойдақ жiгiттер бар-ау деп аса ойланбапты. Тұрмысқа шығу керек екенiн түсiнсе де бұйыртқан жан бiр күнi өзi келер деген оймен ғана жүре берген…
Қыз әлеуметтiк желiдегi көптеген пiкiрлестердiң арасынан Т.-ның ерекше екенiн байқады. Суретiне қараса келiстi жiгiт. Ол да журналист, бұл да қатардағы БАҚ өкiлi. Қысқасы, Т. ақын қыздың жүрегiне жол тапты. Әлеуметтi желi арқылы, әрине.
Басқа қалада тұрғанымен екеуi тым жақын едi. Бiр-бiрiн күн сайын желiде көрмесе тұра алмайтын болды. Не iстеп жатыр, жоспарлары қандай, бiр-бiрiмен мiндеттi түрде бөлiсiп отырады. Жiгiт те ақынжанды, атақты болмаса да әдемi лирикалық өлеңдердi қағазға түсiредi екен, «бiр шетiнен жазушымын» деп қояды. Қыз да өлеңдi атақ үшiн емес, iшiндегiсiн шығару үшiн жазады. Бiрақ көп адамға оқытпайды, жақын таныстары ғана бiледi оның ақын екенiн.
Сөйтiп, екi жас ғаламтор арқылы жылдам тiл табысты.
Айтпақшы, Т.ның жасын ұмытыппыз ғой. Ол ақын қыздан бақандай жетi жас кiшi едi. Жиырма үштегi жас жiгiт отыздағы бойдақ қыздың тiлiн қалай тауып жүр деңiз? Өзi бiр елудi еңсерген адамдай салмақтана сөйлейдi, тiлге шешен. «Мен сiз туралы бәрiн бiлем. Ал сiз мен жайында ештеңе бiлмейсiз. Мен сiздiң қолаң қара шашыңызға ғашықпын» дейдi жiгiт. Қыздың қайда iстейтiнiн, қандай адам екенiн де бiлiп алған. Бойжеткен расында жiгiт туралы ештеңе бiлмейтiн. Қыз жiгiт туралы мағлұмат iздеп ғаламторды ақтарды. Әртүрлi әдеби орталарда бой көрсетiп жүрген адам екен. Талантты жiгiт екенi сөзiнен де, желiге жүктеген суреттерiнен де байқалады. Бiрақ шынайы өмiрде ол қандай адам? Қызды осы сұрақ мазалады.
Жiгiттiң сыры көп ұзамай ашылды. Жiгiт ақын қыздың өзiне сенетiнiн бiлген соң қалжыңдасуға көштi. Үш айға жуық ғаламтор арқылы сөйлескенде тек жақсы қырынан көрiнген серiнiң аузынан ендi небiр анайы сөздер шыға бастады. Таныстықтың төртiншi айында жiгiт қызға көп жыл бiрге тұрған әйелiндей, жоқ, одан гөрi көп әйел шығарған кәрi еркектей бәдiк сөздердi айтатын болды. Әйелқұмарлығы кездеспей-ақ байқала бастады. Поэзия әлемiнде ойша қалықтап жүрген жаны нәзiк ақын қыз алғашында еркектiң қалжыңдарына аса мән бермедi. Жауап ретiнде жымиған смайликтер жiберетiн. Жiгiт тiптен есiрдi. Келе-келе ол белден төмен жайттарды сөз қылатын болды. Қыздың ойы әрi-сәрi.
Ақын қыз бiрде бiр топ туыс апайларының ортасына түстi. Әңгiме арасында қыз желiдегi жiгiт туралы сөз қозғады. «Өзi сондай ақылды, өткiр ойлы қалам иесi, жазғандарын да оқыдым. Бiрақ, неге екенi, жасы жиырманың iшiндегi жiгiтке ұқсамайды, егде еркек сияқты тұрпайы сөздер сөйлейдi маған» дедi. Бiр апайы екеуiнiң диалогынан мысал келтiрудi сұрады. Қыз айтты: «Мәселен, ол маған қасыңызда кәнизак бойжеткендер бар ма?» деп сұрады. Түсiнбедiм, не айтқанын. Сосын «Күн сайын құшағымдасың» деген сияқты нәрселердi жазады, – дедi. «Ол бұзылған жiгiт, ертерек құтылмасаң, опық жегiзуi мүмкiн», – деп ең жасы үлкен апайы ақыл айтты. Өмiрден түйген тәжiрибесi мол апайы опасыз, әккi еркектер бұзылмаған, таза қызды қолға түсiрудiң қандай айла-тәсiлдерiн қолданатынын жайып салды. Әңгiме екi сағатқа созылды…
Ақын қыз келесi күнi фэйсбуктағы жiгiттiң парақшасын бұғаттап тастады. Бiрақ дөрекi қалжыңдаса да жанын дiр еткiзген әсерлi сөздерiмен баурап алған серiнiң бейнесi көз алдынан кетпей қойды. «Сол менi дуалап алғаннан сау ма өзi» деп те ойлады. Ол жiгiттi ұмыту үшiн түрлi мәдени кештерге барып, құрбыларымен жиi араласуға көштi. Он шақты күн өткенде ұялы телефоны шырылдап қоя бердi. Телефонды құлағына тақай бергенде жүрегi селк еттi. Ар жағындағы еркек дауысы: «Сәлеметсiз… Бұл Ақын қыз ба?»» дедi. «Иә, тыңдап тұрмын». «Менi фэйсбуктан неге бұғаттайсың? Бiздiң жақта ер адамды сыйлайды, сен неге менi сыйламайсың, а? Сенi тiптi тұрған қалаңа дейiн iздеп бардым. Таба алмадым. Әрiптестерiмнен сұрап едiм, жұмысың ауысып кетiптi…» Осы тұсқа келгенде қыз сөйледi: «Маған неге телефон соқтыңыз? Нөмiрiмдi бермеп едiм ғой. Мазамды алмаңыз». Қыз соңғы сөздi батыл айтты.
Әлеуметтiк желiде бейтаныс адаммен байқап сөйлесу керек дегендi әр жерден оқып жүрсе де осы жолы байқамапты, өзi сүйiп оқитын ана бiр жазушымен жақсы араласатынын өзi айтқан екен ғой жiгiтке. Т. Сол жазушыға хабарласып, қыздың телефон нөмiрiн сұрап алыпты.
Ақын қыз кабинетiне кiргенде әрiптесi тағы бiр әлеуметтiк желiнi ашып отыр екен. Әрiптесiнiң «В контакте» парақшасында досы ретiнде Т. тiркеулi екенiн байқап қалды. Сол сәтте кенеттен бiр қызығушылық оянып, әрiптесiнiң рұқсатымен Т.-ның парақшасын ашты. О, сұмдық, фэйсбукта зиялы, терең ойлы қалам иесi ретiнде көрiнген жiгiтiң «в контактеде» небiр сылқымдармен байланысады екен. Жүктеп оқитын видео, сайттары түгел тыр жалаңаш әйелдердiң суретiне лық толы. Қаламгерiңiз тiптi «сұлу қазақ қыздары арнайы тапсырыспен» деген орысша атаумен бедерленген парақшаны арнайы жүктеп қойған. Ақын қыз сiлтеменi басып қалып едi, ашық омырауды қойшы, жамбас, бөксесiнде лыпа жоқ бойжеткендердiң суреттерi мен байланыс нөмiрлерi тiзiлiп шыға келдi. Демек, жiгiтiң бұл желiде жезөкшелермен байланысады деген сөз. «Жекеге жаз, жiгiтiм» деп хабарландырудың ашық түрiн берiптi мына бiр сұлу. Аппақ тәнi менмұндалап тұр. Т.-ның парақшасындағы жеке мәлiметiнде «жыныстық қатынастың сорақы түрлерi» деген атаудағы сайт да жүктеулi екен. Ақын қыздың ары қарай қарауға дәтi шыдамады.
«Бұғаттағаным қандай жақсы болды» деп ойлады қыз. Не деген лас едiң, сен! Бұл жiгiттiң жазушылығы не, әлгiндей жүрiсiн қалай түсiнуге болады? Әлде барлық жас ақын-жазушылар осы Т. сияқты жезөкшеқұмар ма? Әйел тәнiн қызықтауды әдетке айналдырған ол кезектi ермегiн ғаламтор арқылы тауып алады екен ғой. Оның анайы, былапыт қалжыңдарының астарын жаңа ұққан бойжеткен өзiн алдындағы батпаққа көзiн жұмып тұрып бата жаздап, кенеттен есiн жиып, уақытында бұрылып кеткен адамдай сезiндi. Бiр жағынан төрт ай бойы бұзылған еркекпен сөйлескенiне намыстанды да. Ендiгәрi аңқау болмауға бекiндi. Әлеуметтiк желiде бұрын көрмеген жандармен сөйлеспеймiн деп шештi.
Ақын қыз терезенi ашты. Жаңбыр жауып тұр. Бiр қаңғыбас ит шалшық суда лайға батып, көше ортасында айналсоқтап жүр. Қыз әлгi жiгiттi осы итке теңедi.
Қыз қаламын алып, ойына құйылған өлең жолдарын қағазға түсiре бастады. Тақырыбын «қазақ жiгiтi қайда барасың?» деп қоймақ…
А. Берсiн.

Сізге де ұнауы мүмкін

АРАЙ
Адал жiгiттi қайдан табамыз?

Автор

Меню