Екпе: ем бе, кесел ме?

Екпе: ем бе, кесел ме?

«Екпеден сал болғандар» деп («Ақ босаға»; 12-нөмiр 2014 ж.) айтып аузымызды жапқанша болған жоқ, қызылша сырқатына қарсы екпеден бiрнеше баланың мұрттай ұшқанын естiп күйiнiп отырмыз.
Тiптi 15 жасар қыз баланың өмiрi қиылғаны да өкiнiштi. Шымкент қаласында орын алған бұл қайғылы жағдай қызылшаға қарсы егiлген екпеден соң 5 күннен кейiн орын алған екен. Ресми деректер бойжеткеннiң менингокок инфекциясынан қаза болғанын алға тартса, қыздың туыстары екпенiң кесiрi деп отыр. Бiр анығы, Шымкентте вакцинадан кейiн өзiн жайсыз сезiнген бiр емес, бес адамның болғаны.
Алдымен, Темiртаудағы медициналық колледждiң жиырма шақты студенттерi қолдары қалтырап, дем жетпей, аурухана төсегiнен бiр-ақ шықса, артынан Жаңаөзеннiң 30 оқушысы дәл осылай оңбай құлады. Бұл дабыл қағарлық жағдай болса да, екпе егу елiмiзде тоқтатылмаған едi.
Елiмiзге келген әр екпенi саралап барып алдырту қажеттiгi талай айтылып та жатыр. Бiрақ, аурудан сақтанам дегендердiң ниетi оңынан шықпайтын кездерi көбейiп барады. Себебiн дөп басып айту да оңайға соқпай тұр. Тiптi, бұған қалыпты жағдай ретiнде қарау керек дейтiн шендiлердiң сөзiне жөн болсын.
Темiртаудағы жағдайға байланысты түсiнiк берген қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ержан Нұрлыбаев: – Бұл вакцина еккенде кездесетiн қалыпты жағдай. Оған дүрлiгудiң қажетi жоқ. 178 студенттiң iшiнде 18 балаға керi әсер берген. Бұндай жағдай болып тұрады, – дейдi. (Шенеунiктiң жауабы khabar.kz сайтынан алынды). Сонда адам жанын қиғанша «керi әсер еттi» деп қарап отыра беруiмiз керек болғаны ма? Әлде екпенi қабылдамаған баланың ағзасын кiнәлi деп тауып, жылы жауып қоя салу керек пе едi? – деп күйiнiп отырғанымызда ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң өзi араласып, екпенiң сапасын тексеретiн болды. Сөйтiп, әзiрге Үндiстаннан әкелiнген бұл екпенi егу жұмыстары 2 наурызға дейiн шегерiлдi (?).
Рас, мәселе – екпенiң сапасында болмауы да мүмкiн. Бiрақ, оны сақтау тәртiбi мен жеткiзiлу жолдарынан ақау кетпесiне кiм кепiл? Оның үстiне жергiлiктi дәрiгерлердiң екпе салу үдерiсiне салғырт қарамай, әр баланың жай-күйiн жан-жақты тексерiп барып кiрiспейтiн немқұрайлылығы себеп шығар. Қалай болғанда да, мұны мамандар анықтар. Бiрақ, екпеден зәразап болсақ та басымызға тимейтiнi қалай осы?
Балшықтан бала жасай алмай отырған мына заманда балақайларымыздың болашағы мен бақыты үшiн әр нәрседе де қырағылық таныту қажет. Бұл жүк тек өз мойныңызда екенiн ұмытпағайсыздар, ата-аналар!

2015 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Дәрiгердiң анты қайда?
Мектептi тар сала жайласа, ертеңгi күн пәтуасыз

Автор

Меню