Дию болған ба?
— Келін болып түскеніме бес күн өтпей, күйеуімді соғысқа әкетті, — деп бастады әңгімесін Күлтай апай. — Бұл 1943 жылдың шілдесі болатын. Үйде атам мен енем, үшеуміз ғана едік, күн бесіннен ауа бере екі-үш аттылы кісі келіп тоқтады. Қонақтарға шай беріп, өрістен мал әкеліп бата сұрап, үйтіп-бүйткенше күн де ұясына қарай жылжи берді. Енем ішек-қарынмен айналысып жатқанда мен су әкеле қояйын деп сайға түстім. Отырған жеріміз Құлансаздың терістігіндегі Қаржау жайлауы болатын.
Жасым бар болғаны он алтыда, бала екенмін ғой, қия жолды алыс көріп, үйдің тұсынан сайға қарай құлдырап түстім де ентігімді баспаған қалпыммен бір шелек суды іліп алдым. Басымды көтерсем дәл қарсы алдымдағы арғы жағада, жалпақ тастың үстінде бірдеме отыр. Екеуміз бір-бірімізге тесіле қарап қалдық. Шашы дудырап, үсті-басын түгел жүн басқан мақұлық қозғалыссыз маған бажырая қарап қалыпты. «Бұл не нәрсе?» деген оймен аузымды ашып аңырып қанша тұрғанымды білмеймін, есімді жиғанда көзбен екі арадағы судың енін мөлшерледім. Бала-шаға ары бері өте беретін кішкене өзеннен ол бір секірсе жетіп жатыр, мені келіп бассалмақ. Осыны ойлауым мұң екен, жаным мұрнымның ұшына жетті.
Қол-аяғым қалтырап, «Бісміллә» аузыма зорға келді. Амалсыз екінші шелекпен де суды іліп алып, мойынағашты жерден көтеруге мұршам жетпей, қыр үстіндегі үйге тіке тарттым. Қуып жетіп, арқамнан тартып қала ма деген үрейден өрге қарай жанұшырып келемін. Жүрек ауызға тығылып, өлдім-талдым дегенде үстіртке де шықтым-ау!
Бір нәрсенің болғанын сезгендей енем ошақ қасынан ұшып тұрып маған қарсы жүрді. «Үйбай-ау, өңің қашып кетіпті ғой, күн батқанда суға неге бардың? Мен өзім-ақ әкелетін едім, қалай кеткеніңді байқамай да қалыппын» дей келіп қолымнан шелегімді ала беріп еді, жұмған саусақтарым сіресіп қатып қалыпты. Сөйлейін десем тілім икемге келмейді, жылап жібердім. Ентігімді баса алмастан құсып жатырмын. «Қорқып қалдың ба, не болды?» деп, енем таңдайымды көтерді. Қолдарымды уқалап жатып, екі шелектің тұтқасын зорға босатып алғаны.
Несін айтайын, сол кештен бастап мен біртүрлі сырқатқа шалдыққандай болдым. Өз-өзімнен ішқұста болып жылайтынды шығардым. Күн сайын отын тергенді сылтауратып бел астына барып алып көз жасыма ерік беремін. Күндіз күлкі, түнде ұйқы қашқан соң делсалдық бірнеше айға созылды. Ел жайлаудан түскен кезде дәрігерге барып қаралып, мардымды ештеме біле алмаған соң бір күні Ұзынағашта тұратын емші барын естіп, енем соған ертіп апарды. Емші қартаңдау әйел екен, алакөлеңке бөлмеге екеумізді алып кіріп кітабын ашып көрді де:
— Не нәрсеге кезігіп едің? — деді. Мен де іле:
— Ештемеге кез болғам жоқ, — деп едім, ол аса бір өзіне өзі сенген кейіппен:
— Неге жасырасың? Осыдан бірнеше ай бұрын суға барғанда өзен жағасынан бірдеме көріпсің ғой, — дегені, маған қадала қарап.
— Білмеймін, — дедім, оның меңзеп отырған нәрсесін біле тұра, тағы да мойындағым келмей. Өйткені «Қорыққанға қос көрінер» дейтін шығар деп, өзен жағасынан не көргенімді үйдегілерге айтқан да жоқ едім.
— Білмесең біліп қой, диюдің кішкене қызына кездесіпсің, — деді емші. — Апақ-сапақта суға неге барасың? Қайта бағың бар екен, оның баласына тап болыпсың, ересегі болғанда саудаң бітіп еді.
Өз көзімен көргендей ғып бар шындықты алдыма қайта әкеліп берген емшіге еш қарсылық білдіре алмастан үнсіз қалдым.
Шындығында әйел баласын кешке қарай суға жібермес қазақ әдеті неден шықты екен? Күлтайға өзен жағасында кездескенді емшінің «дию» деп атауы ақылға сиымды ма? Олай болса сол «дию» деп жүргеннің өзі не?
Кісі білімі жетіп түсіндіре алмас таңғажайып құбылыс иелеріне қоса «дию» сөзімен де біз халық прозасынан таныспыз. Өткенімізге үңіліп, барына талдай қарасақ, қазақ аңыз-әңгімелерінде ғана емес, бүкіл Шығыс пен Орта Азия, Кавказ халықтарының эпикалық жырлары мен новелла хикаяларында диюға қатысты уақиғалар аз кездеспейді. Оның көбінде ержүрек батырлардың орман ішінде немесе тау шатқалдарында диюмен жекпе-жекке түсетін сәттері бар. Адамды меншіктеген аймағына жолатпасқа зор күшпен қарсы тұрған сол «диюлардың» жұрнағы бүгінде артына шам алып түссек те ұстатпай жүрген «қар адамы» емес пе?
Бізді бұндай ойға келуге мәжбүр еткен бірнеше себептер бар. «Қар адамы» ізін бірінші рет қарлы тауда альпинистерге «көрсетіп», сол атқа ие болғанымен, олар әр жерден-ақ кездесе береді. Кейде оны неандерталец немесе «жабайы адам» деп те атайды. Кейінгі кезде кейбір зерттеушілер оған гуманоид деген таңбаны да жапсырып жүр.
Ғалымдар адамды ең жас биологиялық түрге жатқыза тұра, сол адаммен қатар өмір сүріп келе жатқан «екіаяқты» деп «қар адамын» (неандерталец) атайды. «Қар адамында» кейбір сығандар мен өзге де сиқырлы күш иелері сияқты кісіге оймен әсер ете алар қабілеттің барына зерттеушілердің көзі жеткелі қашан. Мысалы, құралайды көзге атқан талай аңшы тайга ішінде «қар адамын» қанша рет нысанаға алып ізіне түссе де бірде біріне оқ дарыта алмағаны аян.
Алпысыншы-жетпісінші жылдарда бір емес, тісіне дейін қаруланған бірнеше экспедицияның жер мен көктен қатар торып, «қар адамын» қолға түсіруге соншалықты ынтызар болғаны белгілі. Бірақ әртүрлі алып қашпа сөзден артық оның да ғылымға не бергені белгісіз.
«Қар адамымен» кездескен сәтте өзге бір дүниеге тап келгендей кісі бағытынан ажырап, өз ойын өзі билей алмай әлек боп қалатыны да анық. Ал оның түрінің өзгешелігі мен денесінің ірілігіне қарамастан хайуанның өзі қалаған мезгілдерінде кез болсаң, көңіл күйіңде ауыр із қалдырмайды десе де, көргендердің сипаттауынша оның түк басқан еңгезердей денесі, иыққа мойынсыз қонған басы мен қып-қызыл боп от шашқан көздері жүрек жұтқан жанды да алғашқыда бір селк еткізбей қоймас-ау! «Тайга ішіндегі ағаш дайындау алаңынан табылды» деп жүрген ұзындығы 40 см, ені 18 см жалаңаяқтың ізі «қар адамынікі» екені рас болса, иесінің мөлшерін соның өзі-ақ жақсы танытып тұрғандай.
Жалпы қолымыз жеткен мәілметтерді саралап көрсек, «қар адамын» мүлде жойылып кетуден сақтап жүргені олардың бойындағы бізге меймәлім күштер құдіреті деген қорытынды шығады. Ілезде түр өзгеріске түсер немесе көзге көрінбей жоқ болып кете алар сондай сиқырлығы болмаса жер мен көктен қатар торып жүргенде даланың бөкендерінше баудай түсірген болар едік. Тілсіз мақұлыққа жаны ашыған құдірет ақыл иесі де тани бермес керемет қорғаныстық қабілет берген екен оларға.
Бірақ адамның өзінен өзгеде күш иесі барын мойындатпас өзімшілдік ой көзді байлап, танымды тарылта түскен мына заманда бұны түсіну оңай бола қояр ма екен?
Сонымен көне қазақ сахарасында жас қыздар мен келіндерді кешке қарай суға жібермеу әдеті негізінен мынандай екі себепке байланысты болса керек. Біріншіден, «қар адамының» түр-түсінің өзі (оның сиқырлы қасиетін былай қойғанда) нәзік жанды әйел затын қатты шошытып, жүйкесіне зақым келтіреді (Күлтайдың сырқаты соның мысалы).
Екіншіден, «қар адамының» ересектері оның ішінде еркек жыныстысы яғни «дию» кез болса өзге жерге алып кетуі немесе сол орында-ақ қинауы мүмкін. Өмірде ондай да уақиғалар аз болмаған. Мысалы, орманға таяу орналасқан орыс деревнясында мұғалімдік жұмысқа келген қызды түнде үсті-басын түк басқан еңгезердей біреудің май шамның жарығында келіп мазалағаны М.Быкованың жазғандарына белгілі. Ал енді бір жағынан орыстардың «домовой» деп жүргендері табиғаттың шырқы бұзылмаған көне кездерде орман-тоғайға жақын тұрған деревнялардың (орыс жері өзі де түгел орманды ғой) үйлеріндегі шатыры мен еден астына үйір болған сол «қар адамының» кейбіреуі емес пе?!
Орманды алқап қашанда ылғалға бай, ол қоректік жағынан да қолайлы. Кісі аяғы сирек болар ну-тоғайдың ішінде «диюлардың» төрелігіне мүмкіндік зор. Біз сияқты ауа-райына қарап киім ауыстырып отырар айласы болмаған соң да «қар адамы» ыстық, құрғақ даладан гөрі қалың тоғай, орманды салқын алқап пен тау шатқалын жағалайтыны сөзсіз.
«Қар адамы» ақыл иесінің пиғылын жақсы түсінгендіктен де одан алыс болуды қалайды. Адаммен қатар ғұмыр кешсе де (мүмкін олар жер бетіне бізден де бұрын ие болған шығар) психологиялық жағынан да, физикалық әрекетке қатысты да пендемен мүлдем сиымсыз. Олар біздің табиғатқа деген көзсіздігіміз бен өзге жан иесіне қатысты ойпауыт әрекетімізден шошынып, жасырын жүруге мәжбүр болған.
М.Жылқыбаева, физика-математика ғ.кандидаты, доцент