Дәрiнiң дәруi бағада емес

Қыс басталмай-ақ, қараша айында бала-шағамызбен үш рет ауырып тұрдық. Әр ауырған сайын жедел жәрдем шақыра беремiз бе? – Жоқ. Аурудың белгiлерiне қарап, өзiмiзге диагноз қойып, емделудi бастаймыз. Әрине, ең алдымен дәрiханаға жетемiз. Мiне, кезекте тұрмын. Алдымдағы ата қағазына қарап, дәрiханашыдан керегiн сұрады.
– 2900 теңге.
– Ааа, жақсы. Қазiр ала алмайды екенмiн, кейiн келермiн, – деп, бұрыла бердi.
– Ата, былай iстейiк. Ақшаңыз жетпесе 10 түйiрiн ала тұрыңыз. Кейiн қалғанын аларсыз. – Ата келiсiп, ақшасын төлеп жатты.
Кезек ағаға келдi:
– Салқын тию мен тұмауға арналған «бюджетный» дәрi берсеңiз жақсы болар едi, ­­­– деп едi, дәрiханашы 300-400 теңгеге дейiнгi дәрiлердi көрсетiп жатыр. Мен аң-таң боп тұрмын. Осыған дейiн мұндай дәрiлердi iшпек тұрмақ, атын да естiмеген екенмiн. Менiң бiлетiнiм: жарнамадан түспейтiн, дәрiхананың сөрелерiнде көзге көрiнiп тұратын дәрiлер ғана екен. Барасың, дәрiгер айтқан немесе өзiң бiлетiн дәрiңдi сұрап, керегiңдi алып кете барасың. Арзан дәрiнiң барын бiлмеген соң, қымбат дәрiге ұрынбай қайтесiң?! Өйткенi, басқа амалың жоқ қой. Дереу мен де: «Тұмауға балаларға арналған арзандау дәрi берiңiзшi» дедiм. Мен алып жүрген 1400 теңгелiк шәрбаттың 300 теңгелiк аналогын көрсеттi. Менен кейiн кезекте тұрған орыс келiншек дереу қоштап жатыр. «Өткен аптада мен де алғанмын. Нәтижесi өте жақсы. Алыңыз», – деп, сендiрiп жiбердi. Айырмашылығы – бағасында және өндiрушi мемлекетте ғана екен. Ал, құрамы мен қолдану тәсiлдерi бiрдей. Риза болып, сатып алдым.
Жалпы, аналог (баламасы) дәрiлер жоқ емес. Бар. Кiнә өзiмiзден, сұрамаймыз екен. Ол сауатсыздығымыздан да болса керек. Осыдан кейiн әрдайым мiндеттi түрде баламасын сұрап, бағаларын салыстырып алатын болдым.
Сонымен, генериктiк аналог дәрiлер дегенiмiз не?
Мәселен, белгiлi бiр ауруға қарсы қолданатын бiрнеше дәрiнiң болуы. Яғни, түпнұсқалық дәрi қымбат болуы мүмкiн. Ал, ол дәрiнiң генериктiк аналогы анағұрлым арзан, қолжетiмдi болмақ. Яғни, балама дәрiнiң құрамындағы негiзгi белсендi заттар қымбат дәрiнiң құрамымен бiрдей болады. Айырмашылық: олардың сыртқы қорабында, атауында, пiшiнi мен түсiнде, өндiретiн мемлекетiнде ғана болады.
Қымбат дәрi адамның ауруынан жазылып, сауығып кетуiне кепiлдiк бермейтiнi анық. Бағасы оның сапасын да бiлдiрмесе керек. Ал, арзан дәрiнiң жарнамасы да аздау, дәрiхана сөрелерiнде де артқы орындарда тұратынын байқайтын боларсыз.
ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» РМК Дәрiлiк орталығының мәлiметi бойынша, «1995 жылы республикада дәрiлiк заттардың, негiзiнен генериктiк аналог­тардың 600 атауы ғана тiркелген. Сол жылдары өмiрге қажеттi көптеген дәрi-дәрмектерге халықтың қолы жетпейтiн едi. Десе де, елiмiздiң фармацевтика саласы жедел дамып, 2001 жылға қарай Қазақстан Республикасында дәрiлiк заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 4 мыңнан астам атауы тiркелдi, олардың негiзгi бөлiгiн алыс және жақын шетелдерде өндiрiлетiн препараттар құраған.
Бүгiнде Қазақстан Республикасы дәрiлiк заттардың мемлекеттiк тiзiмiнде әлемнiң 80-нен астам мемлекетiнде өндiрiлетiн 7 мыңнан астам дәрi-дәрмек бар, олар аурулардың барлық түрлерi бойынша емделушiлердiң қажеттiлiгiн өтейдi. Сонымен қатар, кейбiр препараттар бойынша елiмiзде 50-ден астам генериктiк аналог бар. Сондықтан халыққа дәрiнiң әсер етушi заттарын немесе халықаралық патенттелмеген атауын бiлмей, тек сатылымдағы атауына сүйенiп шешiм қабылдау қиынға соғады. Қазiр Қазақстан фармацевтика нарығындағы генериктер үлесi 85–87% құрайды».
Ендi «тұпнұсқа дәрi мен балама дәрiнiң қасиеттерi, құрамы бiр болса, бiрi неге тым қымбат, ал, екiншiсi неге арзан?» деген күмән аралас сұрақ туатыны заңдылық. Дәрiнiң қымбат болуы – оның өндiрiлген мемлекетiне, алыстан келетiн жол шығыны, салығы, жарнамасына кеткен қаржысы бар, оған үстiне көретiн пайдасын есептей берiңiз. Қымбат болмағанда қайтпек? Ал, арзан дәрi өз елiмiзде, не жақын шетелде өндiрiлiп, ешқандай жарнамасыз айналымға түстi делiк. Ол арзан, әрi оны танымауымыз да түсiнiктi. Және бiр дәрiнi өндiретiн бiрнеше бәсекелес фармацевтикалық зауыт, компаниялар болса, баға да арзанырақ болады. Оларға тауарының үнемi сұраныста болғаны тиiмдi. Ал, бәсекелесi жоқ зауыттың дәрiсi қымбат болуы да мүмкiн.
Осындай аналог дәрiлердi дәрiханалардан сұрастырып та көрдiк. Табылады, алуға да қолжетiмдi. Бiлiп жүрсеңiз, артық болмас.
Мәселен, асқазаныңыздың ауырғанына Мезим қолданып жүрсеңiз, оның аналогы Панкреатин болмақ. Дифлюкан дәрiсiнiң аналогы Флуконазолдың құны төмен екен. Сол сияқты, мысалға: Зовиракс дәрiсiн – Ацикловир-Акри, Имодиумды – Лоперамида Гидрохлорид, Инфлюцид – Афлубин, Кавинтон – Винпоцетин, Лазолван –Амброксол, Лиотон – Гепарин-Акригель, Максидекс – Дексаметазон, Мидриацил – Тропикамид, Мирамистин – Хлоргексидина биглюконат, Мовалис – Мелоксикам, Нейромультивит –  Пентовит, Нормодипин –Амлодипин, Но-шпа – Дротаверина гидрохлорид, Нурофен – Ибупрофен, Омез – Омепразол, Панадол – Парацетамол, Панангин – Аспаркам, Плавикс – Зилт, Санорин – Нафтизин, Трихопол – Метронидазол, Троксевазин – Троксерутин, Ультоп – Омепразол, Фастум гель – Кетопрофен, Фурамаг – Фурагин, Энап – Эналаприл, ТераФлю – Инфлюнорм, Бепантен – Декспантенол, Быструмгель – Кетопрофен, Де-нол – Гастро-норм, Зиртек – Цетиринакс, Аспирин-кардио – Кардиаск, Пантогам – Пантокальцин, Отривиннiң орнына – Риностопты пайдалануға болады.
Балама дәрiлердi таңдағанда басты назарда ұстайтын бiрнеше кеңестi мамандармен бiрiге отырып, ұсынып көрелiк.
⦁ Дәрiлердi тек дәрiханалардан сатып алған жөн. Көшеде, жайма базарларда, ғаламтор арқылы бейтаныс адам ұсынған дәрiден бас тартқан дұрыс. Өйткенi, жалған дәрiлердi жарнамалаушылар да жетерлiк.
⦁ Дәрiнiң қорабына назар аударған жөн. Жарамдылық мерзiмi, штрих код көрсетiлуi керек. Дәрiнi қолдану жөнiндегi нұсқаулық қазақ және орыс тiлдерiнде жазылып, ол қорап iшiнде тұрады. Қораптың бояуы қанық, қағазы сапалы, жазуы анық оқылатын болуы керек.
⦁ Күмән туғызатындай жағдай болса, дәрiге берiлген сертификат көшiрмесiн талап етiңiз.
– Дәрiгерiңiз тағайындаған дәрiлердi қалтаңыз көтермейтiндей болса, қайта қабылдауында болып, дәрiгерден қысылмай, ол дәрiнiң баламасы бар ма, қайдан алуға болады деп анықтап сұрап алғаныңыз айып емес.
2017 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Балаға хат
Ер кезегі үшке дейін

Автор

Меню