Спорт — сиқырлы әлем. Ия, осы бір сөздің қарапайым естілгенімен мағынасы терең, мақсаты айқын екені белгілі. Киелі өлкеде осы спортты жан тәнімен сүйетін және соған бас иетін жандар аз емес. Жан демекші, тіпті отбасымен осы спорттың жілігін шағып, майын ішіп жүргендер арамызда қаншама десеңізші. Соның бірі Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауданындағы Дүйсенбековтер отбасын айрықша атауға болады.
Отбасы иесі Сәндібек Талпақұлы 1978 жылы 13 маусымда Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында қарапайым отбасында дүние есігін ашқан. Әкесі Дүйсенбеков Талпақ, анасы батыр ана – Өмірбаева Қалам екеуі де ел сыйлаған ауыл үлкендері. Қалам анамыз 7 қыз, үш ұл құрсақ көтеріп, тәрбиелеген бақытты жан. Ата — анасы екеуі де ауыл айналасында жүріп-ақ, елдің алғысына бөленіп, 30 жыл ауылда мал шаруашылығында еңбек еткен бақытты жандар. Отбасында Сәндібектің жолдасы Джумаева Раулеш. Ол жеңгей кəзір Ақтау қаласындағы «Мангыстау Арена» спорт кешенінде жауапты қызметте.
– Бос уақытында жан жарым Раулеш қазақи нақыштағы қолөнер бұйымдарымен айналысып,
ұлттық құндылықтарды дамытуға бір адамдай үлес қосып ке леді. Жанұямда төрт ұл-қыз бар,
балаларыма жақсы тәлім-тәрбие беріп келемін, бала-келінім, қыз-күйеуім мен жиен немерелерім бар, — дейді Сәндібек Талпақұлы.
Ол өзі ауылдағы 1985-1995 жылдары ауданға белгілі оқу озаттарды тəрбиелеген С. Жаңғабылов орта мектебін озат тәмамдап, ұстаздардың ұлағатын бойына сіңіріп өсті. Содан 1995-1998 жылы Жаңаөзен қаласындағы кәзіргі Мұнайгаз колледжінің мұнай кәсіпшілігі мамандығы бойынша аяқтап, сол 1998-2000 жылы Жаңаөзен қаласында мұнай саласында жұмыс жасаған. Ол жерде біраз еңбек тәжірибесін жинақтаған Сәндібек 2000 жылы Қаламқаста «ОСК» мекемесінде бұрғышы көмекшісі болып жұмысқа орналасқан.
– Сол бір тоқырау жылдары ауылдағы қара домалақ балалардың жарқын болашағы, салауатты өмір салтын ұстансын деген ниетпен аулыға қайта оралып, спортшы інілерім мен балаларым үшін 2000-2004 жылдар арасында С.Жаңғабылов атындағы орта мектебінде «Дене тәрбиесі» мұғалімі болып жұмыс жасадым. Сол жылдары 20-дан астам аудан, ауыл чемпиондарын өз тәліміме алып, өсіріп шығардым. Аудан мен ауылдың абыройын көтеруге барынша қызмет еттім. Спорт десе ішкен асымды жерге қойып, ауылдағы қазақ күресін ретке келтіріп, мықтыларды тәрбиелеуге бел будым,- дейді чемпион Сәндібек ағамыз.
Азды-көпті жалындап тұрған жастарды тәрбиелеген соң 2004 жылдан бастап «Қаражанбас» АҚ-дағы «Тұлпар Мұнай Сервис» ЖШС бұрғышы көмекшісінен бастап, қазіргі таңда шебер болып жұмыс атқарып келеді. Спортта бірашама шыңды бағындырған Сәкеңнің алар асулары да аз емес алда. Сәндібек 2015, 2016, 2017, 2018, 2019 жылдары қазақша күрес пен самбо күресінен Спорт шеберлері арасында Қазақстан Республикасының жүлдегері атанды.
Ал 2017 жылы Тілекқабыл Қамзиевті еске алуға арналған самбо күресінен спорт шеберлері арасындағы ашық ІІ Республикалық турнирінің чемпионы атанды, 2019 жылы ҚР Самбо
Федерациясының президенті Р.Жошыбаев «Самбо күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін
төсбелгісімен марапатталды.
Ал Сәндібек ағамыздың еңбегіне қарай алғыс хаттары да баршылық, Ол 2003 жылы Маңғыстау ауданының әкімі Қ.Сейілханұлының Алғыс хаты, 2014 жылы Маңғыстау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы С.И.Пахомовтың Алғыс хаты, 2016 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау әкімі Ж.Айтуаров Алғыс хаты, 2016 жылы 29 желтоқсан Маңғыстау әкімі Ж.Айтуаровтың Алғыс хатын иеленіп, ауылдың атағын шығарды.
Облыста түрлі дәрежеде спорт жастарын тәлім беріп өсірген Сәндібек 2018 жылы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М.Сқақовтың алғыс хаттарын иеленіп, зор ризашылыққа бөленді. Сондай-ақ 2018 жылы «ТМС» ЖШС президентінің спорттағы жетістігі үшін Құрмет грамотасын иеленген. Сәндібектің ұлы Елжан да әке жолын қуып спортты жанына серік етіп келеді. Елжан 2006 жылы дүниеге келді. Ол жастайынан ауылдағы, аудандағы тіпті облыстағы жастар арасынан қазақша күрестен чемпион атанып үлгерген жас спортшы.
– Мақтанышпен айтуға болады. Ұлым Елжан да ат тұяғын тай басар демекші, жолымды қуып келе жатыр. 9 жасында Жыңғылды интернатында самбо күресі ашылып, сол ауылға апарып күреске бердім. Аллаға шүкір, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерді. Қазіргі таңда «Жас батыр» спорт мектебінің үздік шәкірттерінің бірі. Манарбек ағасының қасында биік белестерді бағындыруда, дейді Сәндібек.
Ия, Елжан да бала кезден-ақ аймаққа кеңінен танымал болған жас спортшы. Ол әрі жылдары самбо мен қазақша күрестен Маңғыстау чемпионатының күміс жүлдегері, Самбодан «Кубок –Ақтау» жастар жарысының 2 ші орын қола жүлдегері, 2017, 2018 жылдары Самбодан Атырауда өткен Табынбаев Қошқарбайды еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. 2018 жылы Самбодан Қырғызстан елінде өткен Рахатбеков Бекболатты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы атанып, Дүйсенбековтер отбасының абыройын арттырып келеді. Осы жылы 25-ші қаңтарда 2005 — 2006 жылғы арасында Самбо күресінен 46 кг салмақта облыс чемпионы болды. Бұйырса Қазақстан чемпионатына жолдама алды.
– Үйдегі анашым қайда барсақ та тілегімізді тілеп, батасын беріп отырады. Біздің аман-есен жүруімiз бен жетістікке жетуіміз ең алдымен менің асыл да ардақты анамның арқасы деп білемін. Жан жолдасым Раулеш те тілегімді тілеп отырады. Қандай жарыс болмасын спорттық киімдерiмді дайындап, жуып шайып отырады. Балаларыма қамқор әке атану, балаларыма мейрімді ана болу біздің отбасымыздың басты ұраны. Спорт деген ер адамның жігерін жонитын
ең құдіретті қасиет дегім келеді. Сондықтан ұл баланы спортқа беріп ер адамша өсуіне тілекші болатын ең алдымен әкесі. Жігер мен рух ол әкенің қанымен спорттың ықпалымен келетін дүние. Сондықтан денсаулықты қадірлеу ең басты талап болмақ, — дейді Сәндібек Талпақұлы.
Дұрыс және орынды пікір. Өз басым мен де бұл отбасыға алдағы уақытта Олимпиадашылар отбасы атануына шын жүректен тілектестігімді білдіргім келеді. Сол күнге жеткізсін, лайым да.