Бiз осылай үйлендiк: театр сыншысы ӘШІРБЕК СЫҒАЙДЫҢ жары КҮЛӘШ апамен әңгіме

Халқын сүйген алып жүректiң иесiне өз жүрегiн ұсыну, оның жай-күйiн түсiнiп, бабын келiстiрiп отыру – бұны әр әйел жасай ала ма? Танымал қайраткердiң әйелi болу қандай? Ал, артында қалған мұрасын сақтау қиын ба? Осы сұрақтардың төңiрегiнде бүгiн танымал театр сыншысы, педагог Әшiрбек Сығай ағамыздың жары Күләш апаға хабарластық. Сын сардары биыл көзi тiрi болғанда 70 жылдық мерейтойын атап өтер едi. Артынан қалған ұрпағы, шәкiрттерi мен әрiптестерi мерейтойы қарсаңында конференциялар өткiзiп, ол кiсiнiң еңбектерiн елеп өттi.

«Тұлғаның жары болғаным үшiн тағдырыма ризамын»

– Ағаң екеумiз студент кезiмiзде танысқан болатынбыз. Студент шағымызда достарымызбен бiр-бiрiмiздi жатақханаға қонаққа шақырып тұратынбыз. Бiр күнi бiздi физиктер шәйға шақырды. Сонда бiр жiгiт «жерлестерiм келедi» деп кетiп қалған екен. Бiз шәй iшiп болған кезде ол жiгiт келдi, қасында тағы екi жiгiт бар. Соның бiрi Әшекең екен. Ол кiсi кiрiп келген кезде маған көз тоқтатып қарап қалды. Оны бәрi байқап қойды, сосын мен ыңғайсызданып бiр қыздың артына тығылдым. Содан қойшы, әйтеуiр, айырылмады менен (күлiп). Ол кезде мен Абай атындағы педогикалық институтта 3 курс оқимын, ол консерваторияның 4 курсында. Оқуын бiтiрiп, жақсы оқығанының арқасында сол консерваторияда қалды. Сол жерде сабақ беретiн, маған да жиi келiп тұратын. Бiрақ, ол кезде менде тұрмысқа шығу туралы ой болған жоқ. 1-2 жыл жұмыс iстеймiн деп ойлайтынмын. Себебi, менiң әкем кiшкентай кезiмде қайтыс болып кеткен. Ал, ағам мен анам бiздi жоғары бiлiм алыңдар деп тәрбиеледi. Сондықтан, оларға материалдық көмек көрсетсем деген ойым болған. Бiрақ, оған Әшекең көнбедi. Сосын анам бiр жеңгемдi жiберiп, «бара берсiн» деп батасын берген екен. Сосын екеумiз қосылдық.
Үйленетiн шақта алдымен Кентауға алып кеттi. Мен, әрине, жүрексiндiм. Себебi «Оңтүстiк жақта анандай екен, мынандай екен» деген түрлi сөздердi естiп қорқып жүретiнмiн. Десе де, тiл-көзден аулақ, бiр үйдiң жалғыз баласы екен, менi жақсы қарсы алды. Өзiм Талдықорғаннанмын, орысша оқығанмын. Бiршама уақыт ата-енеммен тұрдым. Басында осы Алматыда тұратын едiк. Кейiн енем науқастанып ауруханаға түсiп қалыпты. Сосын ауылға баруға тура келдi. Мен ауылға барып мектепте сабақ бердiм. Ал, Әшекең осы Алматыда қалды. Ол кезде жолдама берген жерiңде 3 жыл жұмыс iстеу мiндеттi болатын.
Әйтсе де, Оңтүстiкке келiн болу, мен ойлағандай, қиын болған жоқ. Жалғыз ұлдарының жары болғаннан кейiн бе, қатты еркелеттi. Ол жақта үлкен кiсiлерге сәлем салып кете беру керек екен. Мен болсам, қасына барып, қол ұстасып амандасатынмын. Ол кезде Кентау – шахтерлердiң қаласы ғой, сондықтан ба екен, ер адамдар көп болатын, көшенiң бойында тiзiлiп отыратын. Мен үйге су әкелемiн, сол суға бара жатқанда шелектерiмдi қойып, қастарына барып амандасатынмын. Сол кезде «Келiн жақсы екен» деп айтсын деген оймен солай iстейтiнмiн (күлiп). Ол кiсiлер сезетiн: менiң бiлмей амандасып жүргенiмдi. Бiрақ, «Рақмет, рақмет» деп айтып, ешбiрi күлмейтiн, сондықтан, мен де ештеңе сезбейтiнмiн. Бiр күнi бiр ағалары қонаққа шақырды. Әшекең екеумiз бiрге бардық, жаңағы кiсiлер отыр екен. Әшекең барып амандасып жатыр, артынан мен де барып амандастым. Әшекең маған «Кет, кет… » деп жатқан сияқты, бiрақ, оны мен түсiнбеймiн. «Аяғына дейiн жетейiн де…» деп қоямын. Былай шыққасын маған: «Ана жақтан сәлем берiп, кетпейсiң бе, ойбуу, құрттың бәрiн» дейдi. Мен «күнде амандасып жүрген адамдар ғой» дегенiмде, «шок» болды. Сондай қызықтар болған.
Ал, ас үйде тамақ iстеу жағынан мен қиналған жоқпын. Барлығы менiң палау iстегенiмдi ұнататын. Енем: «Көйлек киiп, орамал тақ» деп ақыл айтып отыратын едi. Мен қарсылық бiлдiрмей орамалымды тағып жүрдiм.
Әшекең қазақша оқыған кiсi, ол уақытта ол кiсiнi тұлға болады деп ойламайсың ғой. Тек ұнаттым, ойымызда басқа ештеңе жоқ едi. Бiрақ ол кiсi көп оқитын, көп еңбек еттi. Сол еңбегiнiң арқасында осындай тұлға болды. Жас кезiнде-ақ, сөйлей бiлетiн. Ол әңгiме айтқан кезде тыңдап отырған қыздар таңқалып отыратын едi. Шығармашылық адамы болғанымен романтик емес, әлгi романтиктер деген ұшып-қонып бiр «қияли» болады ғой. Ол кiсiнiң ондайы жоқ болатын. Байсалды, кiммен қалай сөйлесу керегiн жақсы бiлетiн. Сөз саптауы, ой толғауы ерекше едi. Менi қатты еркелететiн. Кейде ойланып отырып, «Ойпырмай, қадiрiн ендi бiлiп жатырмын ғой…» деп ойлаймын. Еш ренжiтпейтiн, үнемi көңiлiме қарап жүретiн. Ата-енеме қарағаным үшiн, үш ұл туып бергенiм үшiн қатты қадiрлейтiн. Осындай тұлғаның жары болғаным үшiн тағдырыма ризамын. Адал адам болды, ренжiсiп қалсақ өзi бiрiншi «Күләнәә….» деп күлiп келгенде, бәрiн ұмытып кететiнмiн. Ашуы тез тарқап кететiн, кек сақтамайтын.
Әшекең жақсы жар, жақсы әке болды. Үш ұлымыз бар. Өзi жалғыз болғасын ба, балаларын қатты жақсы көретiн. Оны көрген Есмұхан Обаев ағаларың: «Бiзде де бала бар, бiз де жақсы көремiз. Әй, бiрақ, сендей жақсы көрмеймiз-ау», – дейтiн. Балаларын әрдайым иiскелеп отыратын, ешқашан қатты сөз айтпайтын. Қайта мен «Бiр адамнан қорқу керек, қаталдық танытсаңшы» деп отыратынмын. Өзiмше балаларды «әкең келедi» деп қорқытып отырамын ғой (күлiп). Ең үлкен ұлымыз қазiр «Қазақфильмде» продюсер, ортаншы ұлымыз Нархоз бiтiрген, қазiр Астана қаласында тұрады. Ал, ең кенжемiз дәрiгер-нейрохирург. Ең қиын мамандық қой, күнде операция жасайды да жатады. Өзi өте жақсы оқыды.
Немерелерiмiздiң алғашқылары қыз балалар, оларды тiптi қатты жақсы көретiн еді аталары. Өзiм математикпiн, қазiр зейнеттемiн.
2017 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Анкета дәптері: БОТАКӨЗ БЕКСАРЫ
Жезөкшеге құмар жiгiттер қандай ауруға шалдығады?

Автор

Меню