Белде бала болмаса…

Қазақстанда әр үйленген бес жұптың бiреуi бала сүйе алмай, аурухана жағалап ем iздейтiн көрiнедi. Бұл дегенiңiз – шаңырақтың шайқалуына апаратын бiр себеп, демографиялық өсiмге елеулi әсер ететiн көрсеткiш. Аталмыш дерек елiмiздегi дәрiгерлердi шындап алаңдата бастады.
Шаңырақ көтерiп, ерлi-зайыпты атанған жастар арада 6 ай-1 жыл шамасында уақыт өткен соң бала көтере алмаса, олардың денсаулығының жүктiлiкке дайын еместiгiн бiлдiредi. Отбасын құрмастан бұрын екi жастың денсаулықтарын мұқият тексерiп, бала сүюге, ата-ана болуға дайындалатындары некен-саяқ. Құрсаққа бiтер баланы күтiп жүре берсе, алдымен сұқ көз, суық әңгiмелер дереу әйелге бағыттала бастайды. Сондықтан дәрiгерге жүгiретiн, ем қабылдайтын болмаса тәуiп, бақсы, балгер аралайтын да әйел болып шығады. Рас, бедеулiк – өткiр, өзектi тақырып, тiптi күннен-күнге қаупi артып келедi. Бiрақ бұл жолы бiз әйел емес, ерлердiң бедеулiгi туралы сөз қозғаймыз. Иә, ерлердiң бедеулiгi де әйелдiң бедеулiгiмен теңесiп қалыпты.
«Еркек ұрығының сапасының төмендегенi, оның көлемiнiң де азайғаны дүниежүзi бойынша маңызды мәселе болып тұр. Менiң осы салада жұмыс iстеп келе жатқаныма 30 жыл болды. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының қорытындысына назар салсақ, осы жылдар iшiндегi әлем бойынша ерлердiң ұрығының сапасы 2-3 есе әлсiзденiп кетiптi. Неге? Мұның себептерi көп: бiрiншiден, экологиялық, химиялық, радиациялық факторларға байланысты. Адамның өмiр сүру салты өзгердi және олардың араласуына байланысты климат өзгерiп жатыр. Байқасаңыздар, Алматының таулы жерлерiнде де соңғы жылдары қатты ыстық күндер өтетiн болып жүр» дейдi «Экомед» адам ұрпағын өрбiту емханасының негiзiн қалаушы, әрi жетекшiсi, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова.

Бiз алдымен, көпшiлiкке түсiнiктi болу үшiн бедеулiкке қарапайым анықтама берейiк. Өйткенi, бедеулiк пен белсiздiктi жиi шатастыратындар бар екен.
Бедеу – ұрпағын жалғастыруға қабiлетсiз, аталық ұрығы жоқ адам. Бiрақ оларда төсек қатынасы ойдағыдай болады. Ал, белсiз еркек (бұл туралы әңгiмеге кейiн ораламыз) – бала сүюге қабiлетi жетедi, бiрақ төсек қатынасына түсе алмайды. Осы ғасырдың дертi болған бедеулiк пен белсiздiк бiр адамның бойынан кездесуi өте сирек жағдай.
Отандық урологтар ерлердiң дертiнiң жасарып келе жатқанын ашық айтып жүр. Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы урологиялық ғылыми орталығының басшылығы «Еркектердiң денсаулығы» атты үш жылдық бағдарламаны қолға алған едi. Бұл бағдарлама сол уақытта талай басқосулардың мiнберлерiнде кеңiнен талқыға түстi. Шикi тұсын пiсiрдi. Дәрiгерлер қолынан келгенiн жасап бақты. Бастаманы қолға алған орталықтың сол уақыттағы директоры, уролог Мырзакәрiм Алшынбаев бағдарлама аясында тексерiлген 24 мың еркектiң денсаулығына көңiлi толмай, алдағы уақытта Еркектер денсаулығының орталығы болуы керек деген ұсыныс айтқан-ды…
Жалпы, ерлер мұндай жағдайға қалай тап болады?
Ерлердiң бедеулiгi екi түрлi: генетикалық жолмен туа бiттi берiлсе, екiншi: себеп – сыртқы факторлардың әсерiнен болады. Ерте жыныстық қатынасқа түсу, түрлi инфекция жұқтырып алу, гормондық өзгерiстер, iшiмдiк пен темекi, есiрткi, кейбiр дәрi-дәрмектер – бедеулiкке апаратын, жүре пайда болатын себептер. Ал, ер-азаматтардың өз бойындағы сырқат белгiсiн көре тұра уақыт өткiзiп, дәрiгерге қаралмай жүрiп алуы болашақта ұрпақсыз қалуына соқтырады екен. Егер ер-азаматтар өзiнiң бойынан бiз жоғарыда атап көрсеткен өзгерiстердi байқаса, дереу уролог пен андролог мамандардың көмегiне жүгiнгенi абзал. Баласының болашағын ойлайтын әрбiр ата-ана ұлын 3-5 жастан бастап жылына бiр рет урологқа көрсетiп тұрғаны жөн.

Ұрықсыз еркек ұрпақсыз қала ма?
«Бiздiң емханаға келетiн еркектердiң 4-5 пайызының ұрығы жоқ болып шығады» – дейдi Салтанат Берденқызы. «Олар бiздiң алдымызға үлкен үмiтпен келген соң қолымыздан келгенiн жасаймыз. Алдымен қан алып, гормондарын тексеруден өткiземiз. Генетикалық тексеру жасалады. Нәтижесi дайын болғанда аз да болса мүмкiндiк көрсек, ота жасап, жұмыртқасынан тiн алып, биологтар микроскоппен ұрық iздейдi. Мiне, осыдан кейiн экстракорпоральды ұрықтандыру жасалады. Мұндай жолмен бедеу еркектердiң 60-70 пайызынан ұрық табуға болады. Өкiнiштiсi, ерлердiң өзге 20-30 пайызында мүлде болмайды. Олардың нағыз тығырыққа тiрелiп, таңдау жасайтын кезi келедi. Ұрпақсыз өтуге көне ме, бала асырап ала ма, әлде донорлық ұрыққа жүгiне ме?».

Айтпақшы, «Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы» Заңында донорлық ұрықты қолдануға рұқсат етiлген. Мұқтаж адамға мемлекет заңмен бекiтiп, мүмкiндiк жасап қойды. Бiрақ бұл өте қиын мәселе, нәзiк тақырып. Өз кiндiгiнен ұрпақ тарамаған еркекке өзгенiң ұрығын әйелiне салдыруға келiсу моральдық тұрғыда тым ауыр тиетiнi айтпаса да түсiнiктi шығар. Өмiрге келген соң оны өзiнiң баласы ретiнде қабылдау екiнiң бiрiнiң қолынан келмейдi. Кейде бедеу еркектер донордың көмегiне жүгiнбестен бұрын басқа да амал қарастырады. Айтуға ауыз бармайды. Яғни, туған бауырының ұрығын пайдаланып, балалы болып, әке бақытына бөленгiсi келетiндер де бар. Бiрақ бұл да оңай шешiлетiн шаруа емес. Ұрық сапасы өте мұқият тексерiледi. Карантинге қойылады. Арада 6 ай өткен соң ауру, инфекциялар жоқ болса қолдануға рұқсат етiледi. Мұның барлығы бiрнеше тараптардың арасында жүргiзiлетiн келiсiм-шартпен орындалады.

Шәуетiн сататын азаматтар

«Еркектiң бәрi ұрық тапсырып, донор бола алмайды. Олар алдымен донор анкетасын толтырады. 18-30 жас аралығындағы, денi сау, ой-өрiсi дұрыс дамыған, нашар әдеттерi жоқ, тұқымқуалайтын аурулардан таза, келбеттi, бойы 160 см-ден жоғары, салмағы қалыпты, жоғары бiлiмi бар ер-азаматтардың сыннан сүрiнбей өтуiне мүмкiндiк мол. Аты-жөнi мен мекен-жайы, жұмыс орны емханада құпия сақталады. Донордың көмегiне жүгiнген тарап мұны бiле алмайды. Өйткенi, босанған әйел кейiн донор әкенi iздеп баруы да ғажап емес. Жақында Петербургтегi әрiптесiммен сөйлескенiмде жағдайдың қиын екенiн қинала жеткiздi. Олар жарнама берiп, донор iздеудiң нәтижесiнде келген 400 еркектiң iшiнен екеуiнiң ғана ұрығы жарамды болып шыққан. Ал, 400 еркекке қаншама тексеру мен сараптама жасалады. Бұған кететiн қыруар қаржыны емхана жұмсайды. Сапалы ұрық табу өте қиын жұмыс. Шөп арасынан ине iздеумен тең. Маңдай тер, есепсiз уақыт кеткенде 99 пайызы жарамсыз болып шығады. Бұл салада донор арқылы немесе ұрықтантандыру арқылы пайда тауып, кәсiп қылу мүмкiн емес. Керiсiнше өзiңнен шығын шығады. Ал, сен еңбегiң нәтижелi болып, бiр сәбидiң иiсiне зар болғандардың қуанышын көргенде шаршауың ұмытылып, қуаныштан олармен қосыла көз жасыңды төгесiң» – деп, күрсiнiп алды донорлық ұрық туралы бiлгенiмен бөлiскен Салтанат Берденқызы.

Белдегi баласын бөтенге сатушы донорлар өзiне тиесiлi ақшасының алдымен 50 пайызын алады. 6 айдан соң қалған бөлiгi қолына берiледi. Бiр емханадан әр тапсырғанда 20-30 мың теңгеден артық берiлмейтiнiн бiлдiк. Бiр донор бiрнеше емханамен келiсiм-шарт жасасып, қатар жұмыс iстеуi де мүмкiн. Ең сорақысы – мұның нәтижесiнде болып тұр. Бiр әкеден тарап жатқан қаншама ұл мен қыз өмiрге келiп жатыр. Санын ешкiм нақтылай алмайды. 18-20 жылдан соң олар отау құрар жасқа келгенде, бауырлар бiр-бiрiне үйленiп жатуы әбден мүмкiн ғой. Ал, мұнан кейiн, тектiлiк жойылып, қан бұзылып, өмiрге қандай ұрпақтың келерiн болжау қиын.
Жаңа технологиялардың дәуiрi ерлердiң шәуетiн жылдар бойы сақтауға да мүмкiндiк берiп отыр. Қалайша дейсiз бе? Ақысын төлесеңiз болғаны, мұндай да болады екен. Әр емханада баға әрқилы болғанымен, орташа баға 20 мың теңге. Әрi қарай тапсырыс берушi айына 2-3 мың теңге төлеп тұрады. Бұл ұрықты –196 градуста қатырып сақтауға пайдаланылатын сұйық азот үшiн қажет. Мұндай қадамға барған азаматтың қалтасынан жылына көп болса 30 мың теңге ғана шығады деп есептедiк.
Өз ұрығын қатырып сақтайтындай не себеп болуы мүмкiн десеңiз:
– Онкологиялық ауруға шалдыққан ер-азаматтар ота жасатардың алдында, химиятерапия аларда, сәулемен емделерден бұрын ұрығын сақтауға өткiзедi. Өйткенi мұндай емнен соң ұрық сапасы өзгередi. Бұл қадамға өзiнiң отбасы үшiн, ұрпағын жалғастыруды ойлайтын ерлер барады екен.
«Осыдан 27-28 жылдай бұрын неке және отбасы емханасында жұмыс iстеп жүргенде дәрiгерлiк тәжiрибемде сұмдық жағдай болған едi. Жамбыл облысының бiр ауылынан 40 жастағы ерлi-зайыптылар келдi. Екеуi 19 жасында үйленген, арада 21 жыл өтсе де, бала сүйе алмаған. Тексеру нәтижесiнде кiнәрат күйеуiнде болып шығады, яғни ұрығы жоқ, мұны екеуi де бiледi. Ол уақытта дәл қазiргiдей медицина дамымаған кез ғой. Еркек өзi бiзге өтiнiш айтып, «әйелiмнiң балалы болатын шағы өтiп барады, денсаулығы да бұрынғыдай болмайды, қазiр донордың көмегi арқылы балалы болғымыз келедi» деп жалынды. Сөйтiп емханамен шартқа отырды. Донорлық ұрықпен көтерген алғашқы жүктiлiгi сәтсiз болды. Әйелiн көлiгiне отырғызып алып, тағы келдi. Екiншi рет жасаған соң ерлi-зайыптылар хабарсыз кеттi. Ол уақытта хабар алып отыратын телефон жоқ. Демек, болмаған шығар деп ойлап қойдық. Арада бiрнеше ай өткен соң әйелдiң жалғыз өзi келдi, iшi дөңгеленiп шығып тұр. Жүктiлiгiнiң бес-алты айлығында екен. Дәлiзде көре сала қуанып кетiп, құттықтап, хал-жағдайын сұрап жүрмiз. Нәтижелi болды-ау деп бетiнен сүйiп жатсам, әйел ағыл-тегiл жылайды. Жұмыс бөлмеме кiрiп, сөйлесiп, мән-жәйға қанықтым. Әйел екiншi рет жасатқан соң егiз бала көтередi. Осыдан соң бақытты қылғым келедi деп өзi келген күйеуi күйзелiске түсiп, араққа салынып кетедi. Әйелiн қызғанып, бөтен еркектiң баласын көтерiп жүр деп ұрып, итше тепкiлеген. Ешкiм бiлмесiншi деп бiзге өтiнiш айтқан ол өзi iшiп алып, елге жая бастаған. «Мен ұрықсызбын, iшiндегi менiң балам емес» дейтiн күнге жетiптi. Әйелдi әбден қорлаған. Бiр күнi УДЗ-мен тексерiп, дәрiгерлер құрсақтағы егiздiң бiреуiнiң жүрегi тоқтағанын айтыпты. Бiз де дереу УДЗ-мен қарадық. Сөйтсек, екiншiсiнiң де таяуда жүрегi тоқтапты. Әйелдi перзентханаға жiбердiк, жасанды толғақ шақырып, босанды. Екеуi де ұл екен. Әйел байғұс жылай-жылай ауылына кеттi. Кетер алдында «ендi қайтесiң, мынадан кейiн ажырасатын шығарсың?» десем, «оның кiнәсi жоқ, күйеуiмдi аяймын. Бекер жасатыппын, одан да бала асырап алғанымыз дұрыс едi. Күйеуiмдi қимаймын. Қыз бен жiгiт боп жүрiп, жастай қосылдық» деген едi. Одан кейiн хабарсыз кеттi. Осы жағдайдан кейiн мен күйзелiске түстiм. «Елге бақыт сыйлаймыз деп қасiрет жасаппыз-ау» деген ой маза бермедi. Содан берi донор арқылы ұрықтандыруды жақтыра бермеймiн. Не болса да, күйеуiнен болғанын жөн көремiн. Адами тұрғыдан қарағанда өте ауыр жағдай. Барлық нәрсе адамның қолында емес. Алланың қалауымен болады. Бермегенiн тартып ала алмаймыз» дейдi көп отбасына балалы болуға көмектескен С.Байқошқарова.
Ұрық донорлығы баласыз отбасына бақыт сыйласа, кейде соңы осылай аяқталатыны өкiнiштi. Адамның жеке басы зардап шегiп, жығылғанға жұдырық болады. Өсiп келе жатқан әрбiр қыз бен жiгiт денсаулығын ойлап, он екi мүшесiне жауапкершiлiкпен қарап, аурудың алдын алса, ұлт болашағына, ұрпақ саулығына үлкен үлес қосқан болар едi.

Лаура Қуандыққызы.
2018 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Тұрмысқа қажет кеңестер
Күншығыстағы әйелдер

Автор

Меню