БАР БОЛ, МЕЙІРІМ!

Ұлым мектептен сағат 12-де, мен жұмыстан 1-де шықтым. Есiктiң алдында жүрегiмнiң жартысы менi тапжылмай күтiп тұрғанын ойлаған сайын ұшып кете жаздаймын. Аялдамадан түсiп, гулеген көлiктi кесiп өтiп, үйге беттедiм. Жолайрықта жүзiн әжiм торлаған әжейдi көрiп, кiлт тоқтадым. Ақ жүрегiндей әппақ парақты кеудесiне басып, кiбiртiктеп жүрiп келедi. Жүзi боп-боз. Аяғын қалт-құлт басқан кәрiге алаңдап, керi бұрылдым. Жылы жымиып, мейiрiм толы жанарын қадап, басын изедi. Кеңсарай кеудесiне басымды сүйеп тұрғым келдi. Бiрақ, уақыт тығыз… қолындағы қағазын алдым. Бiрнеше дәрiнiң атауымен қоса, «нан, геркулес» деп жазылыпты. Жетектей жөнелдiм. «Айналайын» дейдi арқамнан сипап. «Үйдiң ең кiшiсi сiз бе?» дедiм әзiлдеп. «Иә» дейдi тәттi күлiп. Қолы тастай. Екi алақаныммен ысып, жол-жөнекей жылытқан болдым. «Айналайын-ай, орамалымды қысып тағып бершi. Үсiп барам…» дедi тоқтатып. Жаулығын тағып, едәуiр алыс, бiрақ, ең жақын дүкеннiң жолын көрсеттiм. Құшақтап, жiбергiсi келмейдi. Қайтпек керек? 
Өткен-кеткеннiң жүзiне үңiлдiм. Анау әйелдiң түсi суық. Мына еркек ұрттап алыпты. Әне жүзi жылы, жадырай күлген екi жiгiт келе жатыр. Әжейдi соларға табыстап, қимай кете бардым… Жылылығыңды үлестiршi, әже! 
Анасын суықта екi сағат күткен ұлымды да әлдекiм жылытып, маңдайынан сипап тұр екен. Бар бол, мейiрiм!
Құралай Сейсенбекқызы,
Тараз қаласы.

Сізге де ұнауы мүмкін

Шежiреден неге сызған?
Маман не дейдi?

Автор

Меню