Баланы анадан айыру – ауыр айып
Зар болды-ау Аида
Ақтөбелiк Аида Жұмамұратова бiр жарым айдан берi қызын көре алмай зар илеп жүр. Айтуынша, жұбайы оны соққыға жығып, үйден қуып шыққан. Тiптi «өлтiремiн» деп қоқан-лоққы да жасаған. Тұрақты жұмысы да жоқ. 28 жастағы жiгiттi әйелi мұндай қадамға анасының айтағымен барады деп айыптап отыр. Некеде болған үш жыл iшiнде Аида енесiнiң отырса опақ, тұрса сопақ етiп күн көрсетпегенiн айтады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жас ана баласының болашағына алаңдаулы.
21 жасар Аида Жұмамұратова: – Аделинаны соңғы рет көршiлерiм 31-желтоқсан күнi ғана көрген. Содан берi оның қайда екендiгiнен хабарсызбын. Күйеуiм баланың амандығын телефонмен бiлуге де мүмкiндiк бермейдi. Қызымның жүйке жүйесiнде туа бiткен кiнараты бар. Сондықтан оған үнемi дәрiгердiң бақылауы керек. Әрi олар тұрып жатқан бiр бөлмелi үй банкте кепiлде тұрғандықтан, қызым далада қала ма деп қорқамын, – дейдi.
Аида қазiр 11 айлық ұлымен бiрге ата-анасының үйiнде тұрып жатыр. Тұңғышын 1,5 айдан берi көре алмай жүрген ол осы аралықта бiрнеше мекеменiң табалдырығын тоздырған. Дегенмен, әзiрге еш нәтиже жоқ. Оның ендiгi үмiтi – ерлi-зайыптылардың некесiн бұзу жөнiндегi сот отырысында. Екiден ендi ғана асқан Аделинаның кiмнiң қолында қалатындығы сот шешiмi шыққан күнi белгiлi болады.
Аиданың жолдасы мен оның туыстарының пiкiрiн де бiлмек болып, үйiне қоңырау шалған болатынбыз. Арғы жақтағы әйел адам мәселенiң мән-жайына қаныққаннан кейiн тiс жарып, тiл қатпастан тұтқаны қоя салды. Одан кейiнгi бiрнеше әрекетiмiз де нәтиже берген жоқ.
Жансая ЕCМАҒАНБЕТ.
2015 жыл