ЮНИСЕФ Балалар қоры Өкілдігінің хабарлауынша, Өскемен қаласында білім беру мекемелерінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылауға арналған халықаралық жиын өтті. «Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және шара қолдану бағдарламаларының тәжірибесін тарату стратегиялары» деген тақырыппен өткен конференцияны ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл кеңсесі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» ұйымдастырған. Жиынның мақсаты – республика мектептеріндегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және аталмыш тақырыпқа арналған бағдарламаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан өңірлер арасында диалог орнату.
Соңғы уақытта мектептерде жоғары сынып балаларының төменгі сынып оқушыларына күш көрсетуі, ақша бопсалау, жыныстық зорлық көрсету, кибер-буллинг (сандық технологиялар көмегімен қудалау) сияқты сорақылық әрекеттердің небір түрі көрініс беріп жатқаны айқын. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап қабылданған ЮНИСЕФ бағдарламасында мұғалімдерге, оқушылар мен ата-аналарға зорлық-зомбылықтың алдын алу және шара қолдану туралы жан-жақты түсініктеме беруді мақсат етеді. Бұл бағдарлама сондай-ақ, балаларға жасалған зорлық-зомбылық туралы мәліметтерді тіркеуге және дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік беретін мектептен тыс механизмдердің орнауына негіз болады. ЮНИСЕФ Балалар қорының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысында екі жыл бойы жүзеге асқан «Мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және шара қолдану бойынша сынамалы бағдарламасы» Өскемен, Семей, Риддер және Серебрянскте орналасқан жеті мектепте және үш мекемеде сынақтан өткен еді.
Жоба аясында 40 мектеп директорына, мүғалімдер мен ұстаздарға арналып оқу курстары ұйымдастырылды. Мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және шара қолдану бойынша арнайы нұсқаулықтар, оқушыларға арналған аптасына екі реттік, жүйелі 20 минуттық оқу сессиялары барысында бастапқы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша оқу бағдарламалары әзірленді. Дәрістер «Тәлімгерге тәлім беру» қағидасы бойынша өткізілді. Бағдарлама негізінен 3-7 сыныптарда оқитын балаларға арналған болатын. Алайда елімізде балаларға қатысты заңсыздық әрекеттерінің азаймауына байланысты жобаны ұйымдастырушылар бағдарламаны жоғары сыныптарға да енгізді. Бүгінде бағдарламамен 6348 оқушы қамтылған.
Жиынға қатысушылар бағдарламаны жүзеге асырып жатқан Өскемен қаласындағы № 27 мектеп ұжымымен де кездесті. Кездесуде ұстаздар оқушылардың құқығын қорғауға бағытталған педагогикалық үрдістермен таныстырды.
«Арнайы сабақтарда біз оқушылармен бірге әртүрлі жағдайларды талдаймыз, сауалнамалар толтырамыз, әлеуметтік мінез-құлықтың жағымды үлгісін қалыптастыру үшін әртүрлі сценарийлер жасаймыз», — дейді, Татьяна Афанасьева, 6-шы сынып жетекшісі. «Бұрын біз, оқушылар, бір-бірімізге тіл тигізіп, алысып-жұлысуға дейін барсақ, осындай тәлімі көп бағдарламаның дәрістерін тыңдағаннан кейін өзімізді тәртіпке келтіруге тырысудамыз. Әр оқушы бұзықтық іс-әрекетіміз үшін жауапкершіліктің барын ойлайтын болдық. Осы бағдарламаның арқасында менің достарым көбейді», — дейді, 8-ші сынып оқушысы Марғұлан.
Ұстаздарға арналған мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы тренингтерді халықаралық ЮНИСЕФ сарапшысы, мінез-құлық дағдыларын өзгерту әдістемесінің авторы Робин Хаар өткізді. Әртүрлі облыстардан келген делегаттар үшін тәжірибе мен білім алмасудың үлкен мүмкіндігін туғызған осындай конференцияларды алдағы уақытта басқа да аймақтарда өткізу жоспарлануда.
Шарафат Жылқыбаева
2017 жыл