Бүгiнгi күннiң «Сылқым серiлерi»…

Бүгiнгi күннiң «Сылқым серiлерi»…

Бүгiнде дүкендер қаншалықты көп болса, сұлулық салондары да сондай деңгейде. Тiптi бiр көшеден екi-үшеуiн кездестiруге болады. Бiр ғана Алматының өзiнде мыңға тарта салон бар екен. Көптiгi соншалық оларға мән бермей де өтетiн болғанбыз. Бiрде жұмыстан қайтып келе жатып, бiр салонды көзiм шалды. «Ерлер де мұны жасайды» («Мужчины делают это») деген аты да ерекше. Иә, аталмыш салонның қызметтерi қандай деп үңiлсем, барлық қыздарға көрсетiлетiн қызметтердiң тiзiмi жазылып тұр. Сұлулыққа тек қыздар ғана құштар ма десем, ерлерiмiз де қалыспайды екен. Мен алғаш көрген мұндай салондар қалада тым көп екен, тiптi көптiгiнен көз сүрiнедi. Менi қызықтырған ерекше салон мен тұтынушыларын зерттемекке бел будым.
«Қыздарға әсемдiк жарасады» деп жырына қосып, қыздың сымбатына ерекше көңiл бөлген бабаларымыз жiгiттiң ерекше жасанып, күтiнгенiне қалай қарап едi? «Ер тұлғалы, қапсағай денелi, екi иығына екi жiгiт мiнгендей, қыр мұрынды, қияқ мұртты» – өткен дәуiрдiң сымбатты жiгiттерiнiң бейнесi осылайша көрiнiс тапқан. Иә, заман өзгерген сайын адамдардың сұлулыққа деген көзқарастары да өзгердi. «Ер-азамат маймылдан сәл әдемi болса жеткiлiктi» деген ұғым қалыптастырған бiздер сырт келбетiн ерекше күтетiн жiгiттердi көргенде таңырқай қарайтынымыз тағы рас. Ертеректе халық алдында өнер көрсететiн әртiстердiң ғана боянғанын көретiн едiк, бүгiнде екiнiң бiрiнен байқалатын үйреншiктi көрiнiс болып кеттi. Бiзге жаңадан енген бұл үрдiс Еуропада ертерек байқалған, уақыт өте келе бiздiң өмiрiмiзге де жайлап ене бастады. Ол жақта мұндай жiгiттердi – метросексуал деп атайды екен. Бұл атауды алғаш 1994 жылы британдық журналист Марк Симпсон ойлап тапқан. Оның пiкiрiнше, бұл жiгiттер қаланың ортасында тұратын (себебi ең жақсы шаштараз, ең жақсы сауда орталықтары, тренажорлық залдар осында орналасқан), әл-ауқаты жоғары жандар. Олар әр түрлi ориентацияның өкiлдерi де болуы мүмкiн. Тек олардың басты назарда ұстайтын, сүйсiнетiн, сұлулық объектiсi – өзiнiң сырт келбетi.
Мұндай типтегi жiгiттердiң қызығушылығы бөлек. Олар соңғы модельдегi киiмдердi, бояу түрлерiн, сән үлгiлерiн, бренд түрлерiн қадағалап, тек соларды ғана тұтынады. Жиi салондарға барып, маникюр, педикюр, массаж секiлдi қызмет түрлерiне жүгiнедi. Бұл жiгiттердi, жалпы, халық көгiлдiрлермен (гей) шатастырып та жатады. Әрине, көшеден сәндi, үйлесiмдi, жарқырап киiнген, шаш үлгiсi ерекше, қасы жұлынған, боянған, өзiн күтуде қыздарға дес бермейтiн жiгiттi көрсек, бiрден солай ойлайтынымыз анық. Дегенмен, бұл қате пiкiр. Олар тек, өздерiн тым жақсы көрiп, күтiнiп, сырға, түрлi әшекейлер тағып, ашық, менмұндалап тұратын түстi киiмдерiмен қоса жүрiс, тұрысымен ерекшеленедi.
Заман ағымымен еркектерiмiз әйелдердiң қылықтарын, заттарын, ерекшелiктерiн өздерiне ыңғайлай бастаған. Соның жарқын айғағы – метросексуалдар. Бiздерге жат, оғаш көрiнгенмен, бiздiң ортаға енiп кеткен үрдiс. Олардың ойынша, салон – өзiн жеңiл, қолайлы, сымбатты сезiнуiне мүмкiндiк беретiн орын. Өздерiн күте отырып, сана тұрғысынан талғам деңгейiне көтерiлiп, әсемдiктен жаны рахаттанып, өмiрге деген құлшынысы арта түсетiнiн айтады. Мүмкiн бұл да дұрыс болар, өзiне қарап, таза, әдемi киiнiп, күтiнiп жүретiн жiгiттi кiм ұнатпасын?! Айта кетерлiгi, бұл типтегi жiгiттердiң денi қалалықтар (бiрен-саран ауылдық жiгiттер де кездеседi). Олар өздерiнiң эстетикалық iшкi қалауын жасырмайтын, ерекшеленуден ұялмайтын жандар. Олар көбiнесе өнердi шынайы түсiнiп, немесе белгiлi бiр шығармашылық иесi болып келедi. Киiмдердiң маркасын бiрден аңғарып, ажырата алады. Еш қиындықсыз қайсысы «Прада», қайсысы «Гуччи» екенiн бiрден байқайды.
Метросексуалдар арасында өз мақсатына жетпегенi кем де кем. Себебi, олар өздерiне деген күтiмi қаншалықты жоғары болса, алдына қойылар талаптары да соншалықты зор болып келедi. Психологтардың пiкiрiнше, әр адамның iшiнде метросексуалдар өмiр сүредi, тек оны шығаруға көбiсiнiң батылы жете бермейдi екен. Бiрақ, бұл тек болжам. Әр адам өзiнiң қандай болғысы келетiнiн, қандай болатынын өзi шешедi. Бояушы, бояушы дегенге тым шектен шығып кетуге де болмайды. Кей қазақтың қара домалақ балаларының шетелдiктерге елiктеп, ерекшеленген түрлерiн көргенде, қарауға ұяласың. әрине, әркiм талғамына сай, қалауынша киiнiп, қалауынша күтiнiп, сымбатына мән бермек. Бiрақ, «әркiмдiкi өзiне, ай көрiнер көзiне» демекшi, өзiмiздiң табиғи қазақы сұлулыққа не жетсiн?!
Ш.Ашықбаева
2014 жыл шілде

фото ғаламтордан алынды

Сізге де ұнауы мүмкін

Шарықтаған бағалар, жұрт қайда демалар?
Шаһизада: «Кiшкентайлы болсақ деймiз»

Автор

Меню