Ауру – астан

Ауру – астан

Күн жылынып, жаз шыға тамақтан улану мен жұқпалы ауруларға шалдығу кеңiнен етек алатыны белгiлi. Егер бiр ғана бактериялық микроб талшығы жүздеген адамның денсаулығына залал келтiретiнiн ескерсек, аузымызға салған асымыздың таза, бұзылмағандығына мән бергенiмiз жөн болар. Кез-келген жерде ет қосылған самса, шұжық қосылған тоқаштар мен ыстық тағамдарды ешқандай сақтау шараларынсыз сатып жатады. Дәрiгерлердiң сөзiне сүйенсек, астан уланудың негiзгi қоздырғышы – салмонелла таяқшалары. Мысалы, 400 грамм мал етiндегi салмонелла таяқшаларын өлтiру үшiн оны өз бабымен кемiнде үш сағат қайнату керек. Себебi, еттiң құрамындағы инфекция тудырғыш бактерия үш сағат қайнатылғанда ғана күшiн жояды екен. Ал, шала-шалпы ет қосып пiсiретiн және отқа қақтау арқылы дайындалатын тағамдардың көптiгiн ескерсек, адам ағзасына қандай қауiптi десеңiзшi… Көшенiң кез келген бұрышынан кәуапхана, дөнер мен самса сататын дүңгiршектердi мамандар мұндай дүңгiршектердi жұқпалы аурулардың ошағы дейдi.
Одан бөлек, ауылдан сүт, айран, қаймақтарын арқалап, қалаға пұлдауға келетiн ауылдағы ағайындар да аз емес. Күннiң аптап ыстығында босаған пластик бөтелкелерге сүтiн, айранын құйып, бiрнеше шақырым жерден әкеледi. қалаға жетем дегенше, ағарған түгiлi кеудесiнде жаны бар пенденiң өзi ыстыққа қақталады-ақ, олар да қолындағы азығының бұзылатынын бiлмейдi емес, бiледi. Бiрақ, елемейдi. Тiптi, кейбiр пысық әйелдер өзiнiкiмен қоса, өзге үйлердiң сүтiн жинап, барлығын бiр ыдысқа құя салады. Ол малдар тексерiлген бе, тексерiлмеген бе, тағы белгiсiз. Ал, жауапты орындар оның қайсыбiрiн қадағаласын. Себебi, олар заңға сәйкес немесе белгiлi бiр жерде отырып сауда жасамайды. Жан-жақтан келедi де, қаладағы көп қабатты үйлердiң ауласына кiредi де кетедi. Оңай жерден табыс табуға әбден дәмеленiп алған. Ешқандай санитарлық талаптарға сай емес. Айта кетейiк, бұл жерде тұ­тынушылардың немқұрайлы қарайтыны тағы бар. Себебi, күннiң астында қақталып, жарамдылық мер­зiмi бiткен жабайы сауда орындарынан керектiсiн алып, өз денсаулықтарына екi есе зиян келтiрiп отыр. Тұ­тынушы бетi ашық, бұрқыраған шаңның астында, үстiне таза киiмiн де кимеген сатушыдан керектi тағамын сатып ала бередi.
Ендi ауыз судан да, тойға барудан да қауiптенетiн болдық-ау. Неге десеңiз, жуырда Таразда тойға жиылған сексенге жуық адам ертесiне өздерiн жайсыз сезiнiп, «жедел жәрдем» көмегiне жүгiнедi. Сөйтсе, астан уланған болып шығады. Тазалықты қадағалауға тиiс заңды орындардың өзiнде осындай келеңсiздiктер орын алып жатқанда, ашық-шашық, заңсыз сатылып жатқан тағамдардан қалай күдiктенбеске… Айталық, осыдан бiршама уақыт бұрын Петропавл қаласындағы 66/37 әскери бөлiмiнде мiндетiн өтеп жүрген жетпiстен астам сарбаз астан ұшынған едi. Қызулары көтерiлiп, iштерi өткен сарбаздар дәрiгерге шағымданған. Ал, Қызылорда қаласындағы №55/47 әскери бөлiмiнiң 52 сарбазы ауыз судан уланып, бiр мезгiлде ауруханаға түскен.
Бiз айтудан жалықпаймыз. Алайда, адам өмiрiне қауiп төндiрген мұндай орындардың жолын бөгеуге құзырлы орындар неге қауқарсыздық танытады. Ол жағы бiзге беймәлiм… Дегенмен, бiр бiлерiмiз санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мамандары сатушыларға ешқандай әкiмшiлiк шара қолдана алмайды екен. Өйткенi, ҚР «Ретсiз сауда орны туралы» Заңы әкiмшiлiк кодексiнiң 165-бабы бойынша бұл орындардағы сауда тәртiбiн Iшкi iстер органдары қадағалайды делiнген. Олар сау­­дагерлерден жеке куәлiктерiн, салық қызметi органдарына тiркелген құжаттарын көрсетудi талап еткенмен, олар көбiнесе көрсетуден бас тартады. Бiрақ бұлар ешнәрсеге қарамай күнде ашылып жатыр. Олардың талапқа сай болмауының басты себебi: тұрған орындарында тазалық, тәртiп орнату үшiн талап етiлетiн қосымша қаражаттан қашады. Сөйтiп, артық шығын шығарғысы келмейтiндер санитарлық тазалықты сақтамайды.
Тiптi, базарлардың айналасында төрт дөңгелектiң үстiне тандыр орналастырып, сол жерде пiсiрiп, ыстық нанын немесе самсамын сатып тұрғандарды әр қадам сайын көремiз. Ешқандай тазалықтың нышаны да байқалмайтын және қоғамдық орында түтiнiн бұрқыратып ауаны ластап отырғаны барып тұрған сорақылық емес пе? Әсiресе, салқын су сатып отырғандарды көрiп жағаңды ұстай­сың. Олай дейтiнiм, әлгi ыдыстарына сырты кiр-кiр бөшкемен су әкелiп құйып, бояуды қосып араластырып жi­бередi де, дап-дайын «шырын» судың әр стаканын 100-150 теңгеден ұсынады.
Бiрде жол-жөнекей келе жатып мемлекеттiк аурухананың дәл алдында квас сатып отырған бойжеткендi көрiп, жанына бардым. Заңсыз сауда жасап отырғаны бiрден бiлiнедi. Өйткенi, квас құйылған бөшкенiң сырты лас, тiптi шүмегiнiң басын аздап тот басқандай көрiндi. Содан бiр стакан квас құйдырып алдым да, жанында тұрып бiраз әңгiмеге тарттым. Өзi ауылдан жаңа келген жап-жас қыз болып шықты. Содан болар, жылы шырай танытып, қазақша әңгiме айта бастағанымда менi жатсынбай, ағынан жарылды. Бар болғаны бес минуттың iшiнде санитарлық құжаттарының жоқтығын, өзi жәй сатушы болғандықтан, сатып отырған сусынның қандай жағдайда және қайда дайындалатынын бiлмейтiнiн айтты. Тек, қожайынының күнiне аз-маз тиын-тебен бергенiне разы, қалғанында шаруасы жоқ. Бiр байқағаным, алдында тұрған айналдырған екi-үш стакан, сонымен тұтынушыларға квасын құйып бередi де, жанында тұрған бiр шелек суға шайып алып, қайта қойып қойды. Бiр шелек суға күнi бойы әркiмнiң iшiп кеткен стакандарын жуған қандай қауiптi десеңiзшi?
«Ауру – астан» деп көлгiрсеймiз. Бiрақ, алдымыздағы асымызға мән бермеймiз. Естерiңiзде болса, осыдан бiраз уақыт бұрын улану әлемдегi басты мәселеге айналып кеткендей едi. Мәселен, Түркиядағы туристер арақтан уланса, Еуропа қиярды көрсе төбе шашы тiк тұратын дәрежеге жеттi. Түркияның Бодрум жағажайына демалуға барған төрт турист бiрiнен соң бiрi ажал құшса, Германияда он алты адам қиярдан қайтыс болып, 1200 адам ауыр халде ауруханаға жеткiзiлген. Осыдан кейiн немiс үкiметi кiнәратты Испаниядан әкелiнген қиярдан iздеп, елден аластатты. Германиядағы жағдайдан соң Дания, Чехия, Люксембург, Венгрия, Швеция, Бельгия және Ресей Испанияның қиярынан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Алайда, бiздiкiлер ешқандай шара қолдана қоймады.
Дегенмен, мұндай мәселеге екi жақты көзқарас­пен қараған дұрыс секiлдi. Өйткенi, күнделiктi 5-10 теңге тапқанына шүкiршiлiк етiп, 2-3 келi алмасын арқалаған әйелдер аз емес. Бiр түсiнбейтiнiм, тиiстi орын қызметкерлерi әлi жететiндерге, яғни қолына 2-3 нанын арқалап, сауда жасап жүрген сатушыларға тиiсетiнi қиын-ақ. Өйткенi, аталмыш қызметкерлердiң көпшiлiгi үлкен дөкейлердiң жасап жатқан заңсыз орындарына барып, өз сөздерiн өткiзе алмайтындай ма, қалай. Айталық, бiрде «барахолка» базарынан өтiп бара жатып, бiр оқиғаға куә болдым. Бiр әйел қолында баласы, алдында итерген кiшкентай ғана қоларбасында көп болса 7-8 келi бүлдiргенi бар, сауда жасап жүр екен. Әлгi әйелге 2-3 тәртiп сақтау қызметкерлерi келiп, тиiсiп жатыр. Өз-өздерiн күлкiлi етiп көрсеткен тәртiп сақшыларының мұндай әрекеттерiн қалай түсiнуге болады?

Қаперiңiзде жүрсiн:

– Азық-түлiк сатып аларда сатуға рұқсат беретiн құжаттарды, оның сапасы мен қауiпсiздiгiн растайтын сертификатты, жарамдылық мерзiмiн сұрағаныңыз жөн;

–  Тағамның қандай жағдайда сатылып жатқандығына, оны сақтайтын тоңазытқыштың бар-жоғына назар аудару, тауардың сапасына күмән туса, сатып алудан бас тартқаныңыз абзал;

–   Антисанитариялық жағдайда, мысалы, жол шетiнде сатылатын тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Әсiресе, мұндай жерлерден термикалық өңдеуден өтпеген балық, ет пен сүт өнiмдерiн (iрiмшiк, қаймақ) сатып алу өте қауiптi.

– Жемiс-жидектердi, көкөнiстердi кесiлген күйде сатып алуға болмайды. Өйткенi, микробтар беткi қабаттан жұмсақ жерiне қарай жылдам өтедi.
Түрi нашар, бұзылған жемiстердi де сатып алудың қажетi жоқ, оларда улы заттар (афлотоксиндер, нитрозаминдер) және зең саңырауқұлақтары болады.
Естерiңiзде болсын, ауру қоздырғыш – өнiмнiң дәмдiк сапасын және сыртқы түрiн өзгертпейдi, оның құрамына жұқпаның енгендiгiн тек зертханалық әдiспен ғана растауға немесе жоққа шығаруға болады.

ӘСЕЛ.

2014 ЖЫЛ МАУСЫМ

Сізге де ұнауы мүмкін

Жаялық жайында не бiлемiз?
Қылмыскер

Автор

Меню