Атыраудың ақ келiнi
Оңтүстiктiң қаршадай қызы ерте есейгендей. Бес жасында анасынан айырылған соң екiншi анасының (өгей шешесiн осылай атайды — авт.) тәрбиесiнде ысылған Құралай жетi классты бiтiрген соң Түркiстанның педагогикалық училищесiне оқуға түседi. Қолына диплом алып, мектепте жұмыс iстеп жүрген жас маманның таудай талабы байқалған соң оны аудандық комитетке қызметке шақырады. Атағы дүрiлдеп тұрған комсомол ұйымының хатшысы болу ол кезде үлкен жетiстiк едi. Сол лауазым Құралай қызға бұйырды. Әйтсе де, бiлiмге құштар Құралай келер жылы арман қуып Алматыға аттанады. Қазiргi ҚазҰУ-дың журналистика факультетiне оқуға түсiп, ол жерде де белсендiлiгiмен көзге түседi. Шөмiшбай Сариев, Баққожа Мұқай, Смағұл Елубаев, Сұлтанәлi Балғабаев сынды бүгiнгi марқасқа қаламгерлермен бiр курста оқып, олардың топ басшысы болды. Студенттiк өмiрдiң қызық-шыжығын бiрге өткiзген курстастар әлi күнге араласып тұрады екен.
Құралай университет қабырғасында жүрiп тұрмысқа шығып, қолына диплом алғанша бiр емес, үш бiрдей баласын дүниеге әкелдi. Кейде жолдасының өзi: «ешбiр қыз сен сияқты оқи алмас едi» деп таңқалады. Ендi ше, студент бола жүрiп, тұрмысқа шығып, баласын туып ата-енесiне не өз шешесiне табыстап кетiп жатқандар көп-ақ. Ал, оқуынан қол үзбей жүрiп бiр емес, үш баланы дүниеге әкелу, әй, кез-келгеннiң маңдайына жазылмаған болар. Әлi есiнде, 2-курстың аяғында дүниеге әкелген тұңғышын жаңа оқу жылы басталғанда енесiне қалай тастап кетерiн бiлмей сасқаны. Оқуға кетiп бара жатқанда баланы орап қолына ұстатып берiп жiберер ме екен деп қарайлай берген бұны енесi басқаша түсiнген екен. Кейiндеу бiлдi, енесi болса, «мына келiн баласын қимай отыр-ау, жүгiрiп келiп алып кетер ме екен?» деп күдiктенiптi.
– Әрине, әртүрлi қиындықтар болды. Бiрақ, келешекке деген сенiм, жолдасым екеуiмiздiң бiр-бiрiмiзге деген сүйiспеншiлiгiмiз бiздi еш мойыта қойған жоқ. Жолдасым сол университеттiң заң факультетiнде оқыды. Оқу ордамыз бiр жерде болғандықтан, бiр мәселе туындай қалса, бiр-бiрiмiзге жүгiрiп баратынбыз. Үзiлiс кезiнде кездесiп, қол ұстасып жүрдiк. Екiншi қызымыз Айгүл бiзбен бiрге жүрiп оқыды десе де болғандай. Қоларбаға салып алып, сабаққа әкелiп, кезек-кезек бағып жүрiп оқыдық. Ал, үшiншi баламыз Асқарды диплом алатын күнi дүниеге әкелдiм, – дейдi Құралай Бейсенбаева.
Батыстың келiнi атанған Құралай алғашқы журналистiк қадамын да сол жақтан бастады. Орталық комитеттен жолдама бұларға Гурьев облысының ең шұрайлы жерi деп Қызылқоға ауданының Миялы ауылынан бұйырды. Электр жарығы әлi тартыла қоймаған, iшер суын құдықтан алатын, жол салынбаған, темiржолдан 125 шақырым шалғай жатқан ауылды бұлар да жатырқай қоймады. Рас, ол кезде жас мамандарға барынша жағдай жасалатын. Барған бойда баспана кiлтi қолдарына тиiп, мәре-сәре болған жас отбасы қызу еңбек майданына кiрiсiп кеттi. Құралай аудандық газеттiң хат бөлiмiнiң меңгерушi болса, жары аудандық сот қызметiн атқарды. Бәрi жақсы едi, тек, өкiнiшке орай, бала бағып көмектесетiн енесi өмiрден озды. Не керек, Құралайға отбасы мен үй тiрлiгiнiң ортасында шапқылап бәрiне үлгеруге тура келдi. Жолдасы Қ.Өтешев үлкен қызметте болғандықтан, келiмдi-кетiмдi, шендi-шекпендi қонақтар да көп болды, оларды күтiп, шығарып салу да оңай емес. Тiптi кейде бiр күнде бiр емес, екi қой сойып, ет асатын-ды. Қазiр ойлап қараса, сол кезде бар болғаны 25-ке ендi толатын кезi екен. Бiрақ, жаспын деп кергiген кезi болмапты.
– Менiң бiр қуанатыным, жақсы ортаға түстiк. Қызылқоға халқының керемет жақсылығын, аузы ашса, жүрегi көрiнiп тұратын аңқылдақ мiнезiн, адалдығын, ақ көңiлдiгi мен өнерпаздығын көзiм көрдi. Жас маман деп бiздi қамқорлағанының өзi неге тұрады. Соларға қарап ой түзеп, тiл түзеп, өзiңдi-өзiң тәрбиелейдi екенсiң. Қазiргiдей тоңазытқышы мен жылытқышы болмаса да, сол кезде май шаммен ауқат ете жүрiп-ақ бақыттан басымыз айналып, қызмет еттiк. Балаларымыздың алды мектепке барып, тағы да балалы болдық. Алты жылымыз сөйтiп сонда өттi, – деп еске алады Құралай апа.
Иә, отбасы тiрлiгi өз алдына, аудандық газеттiң жұмысы да ол кезде жеңiл емес едi. Газеттiң бас редакторы болған Iзни Нұрқасымовтың есiмiн мақтанышпен атайды.
– Iзни ағамыз – ұлы Отан соғысына қатысып келген ардагер едi, қарапайым әрi қатал жан болатын. Сол кiсiнiң талапқойғыштығы қаламымның ұшталуына, журналистикада қалыптасуыма септiгiн тигiздi, – деген Құралай апаның өзi де
Қоғамдық жұмыстан тысқары қалып көрмеген сыңайлы. Жас болса да ауылдық кеңестiң депутаты болып сайланып, аудандық әйелдер кеңесiн басқарыпты. Әйелдер конференциясын өткiзу, тұрмысы төмен қыз-келiншектердiң мұң-мұқтажын тыңдап, оларға көмектесу, күйеуiмен араздасқан әйелдердi сабырға шақыру, т.б. – жұмыстар бұның мойнында едi. Кейде өзiнiң жолдасының қызметiн пайдаланып, аралары суып бара жатқан ерлi-зайыптыларды ажырастырмай, некелерiн сақтап қалуға тырысқан кездерi де болыпты. Сөйтiп талай отбасының аяқтарынан тiк тұрып кетулерiне септескен.
Уақыт өте келе жұбайы облыстық юстиция басқармасына ауысып, өзi облыстық газетке қызметке орналасты. Бiр байқағанымыз, Құралай апаның есте сақтау қабiлетiнiң кереметтiгi. Ол облыстық газетке келгенде алғашқы жазған мақаласын да әлi ұмытпапты. Газеттегi құрылыс және транспорт бөлiмiнiң меңгерушiсi болған Айтқали Нұрғалиев пен бiрге iстеген қызметкерлерiн ерекше жылылықпен атап өттi. Облыстық газетте iстеген жылдары Қ.Бейсенбаева аймақтағы танымал журналистердiң бiрiне айналды, әртүрлi байқаулардың жеңiмпазы атанды, «қызыл қалам» жүлдесiн иемдендi, КСРО Журналистер одағына мүшелiкке өттi.
Бiр ғажабы – қол ұстасқан екi жасқа қайда барса да жұмыспен қоса, баспана мәселесi де оңынан тез шешiлетiн. «Оның өзi бiр бақ шығар, әлде салмақ па екен, әйтеуiр, бiр күн жұмыссыз қалып көрген емеспiз», – деп күлiмдей әңгiмелейдi өздерi. Маңғыстау – өз алдына Атырау облысынан бөлiнгеннен кейiн қызмет бабымен Маңғыстау ауданына қоныс аударады. Жаңа жер, жаңа жұмыс орны. Бұнда құралай кәсiптiк техникалық училищеге оқу iсiнiң меңгерушiсi болып орналасты. Табаны күректей 15 жыл сол орында қызмет еттi. Тек ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап келген оқу орнының жанынан бухгалтерлiк, iс қағаздарын жүргiзу маманы, тiгiншiлiк сынды қыз балаларға да арналған курстардың ашылуына мұрындық болды. Кәсiподақ комитетiнiң төрайымы болып сайланды.
Бес баланы дүниеге әкелген ардақты ана 50 жасын атап өткен соң зейнеткерлiкке шығып, қызметпен қош айтысты.
– Мен, жалпы, әйелдердiң 50 жастан кейiн қызмет iстегенiн қаламаймын. Оның үстiне педагогтық жұмыс өте ауыр. Алпысты алқымдаған соң әйел атаулының жұмыс iстеуге деген құштарлығы да бұрынғыдай болмайтынын талай байқадым. Басқа балаға бiлiм беруден гөрi жұмысқа кешiгiп келуi жиiлеп, ауру-сырқауы молаяды. Күш-қажыры да бұрынғыдан азаяды, ал ауылдық жерлерде қаладағыдан тым қиын. Осы жайт бүгiнде ескерiлмей қалған сыңайлы. Әйелдердi 63 жастан зейнеткерлiкке шығару, шынын айту керек, құптарлық жайт емес. 63-тегi әйелдердiң көп болса, 10 пайызының ғана қызмет етiп, пайдасы тиер. Көпшiлiгiнiң шаршап-шалдығатынын талай зерттеу институттары дәлелдеп берiп жатқан жоқ па? Басқасын айтпағанда, олардың тiптi демалуға да мүмкiндiгi қалмайды ғой, – деп ой түйедi кәдiгi журналист.
Дегенмен, оның зейнеткерлiкке шығуы дәл нарық заманымен тұспа-тұс келдi де, оны қарап жатқызбады. Балаларына қосымша табыс болсын деп ниеттенiп, кәсiпкерлiкпен айналыса бастады. Өзi де «жолдасым бiлдей қызметте» деп оның табысын түгендеп отыруды жөн санамайтын. Аудан орталығы Шетпеде алғашқы жеке дүкен ашқан да – Құралай. Арысы Мәскеуден, берiсi Алматыдан тауар тасыды. «Сауда – еркiн жұмыс, қай уақытта тұрамын, қай уақытта барамын десем де, өз еркiмде. Жауапкершiлiгi де өзiңе байланысты», – деп түсiндiредi Құралай апа қызмет пен кәсiпкерлiктiң айырмасын. Жолы болып, қолға алған iсi оңынан жүрiп кеттi. Ендi Құралайдың кәсiпкерлiгi туралы басқалар мақала жазды, теледидардан көрсеттi. Барын басқалармен бөлiсiп үйренген жомарт жан мешiт салуда да бастама көтерiп, демеушiлiк жасады. Сөйтiп ауылдастары арасында жарының беделiн аласартпай, өзiнiң абыройын асқақтата бiлдi.
Кезiнде арман арқалап келген Алматы қаласына жылдар салып, қайта оралды. Ұл-қыздары да тәрбиелi болып ержетiп, өз жолдарын тапты. Бәрi де бiр-бiр мамандық иелерi. Бүгiнде Құмар мен Құралай немерелерiн еркелеткен ардақты ата-әже. Бәйтеректей жайқалып, тамырын кеңге жайып, бiрнеше дүркiн құда-құдағи атанды.
– «Қыз – қонақ», келгенде келiндерiме үстемдiк жүргiзiп жүрмеңдер! Қыздың аты – қыз, ұлдың аты – ұл, келiнмен ақылдасып, санасып отырыңдар», деп өсиет еткем. Балаларым ұйымшыл, барлығының бойына iзгi қасиеттердi сiңiрiп өсiрдiк деп ойлаймын, – дейдi Құралай апа.
Иә, бiр-бiр үйдiң түтiнiн түтетiп отырған балалары мен немерелерi демалыстарда қара шаңыраққа жиналады. Түсiнiстiк орын алған жерде бiрлiк бар, ал «ырыс алды – ынтымақ» екенiн олар жақсы бiледi. Өйткенi, өнегелi әке мен шешенiң бауырында өстi, қазақы тәрбиемен сусындады. Немерелерiнiң бәрi де қазақ мектептерiнде оқыды, орыс, ағылшын тiлдерiн де жетiк меңгерген. Ендi ше, ата-әже бiлiмдi жандар болған соң, ұрпағы да оқуға құштар. Жетпiстi алқымдаса да, жiгерi жасымаған шаңырақ иелерi тағдырларына шүкiршiлiк айтады.
– Қуаныштан басқа әзiрге еш қиындық көрiп жатқан жоқпыз. Бұның бәрi жас кезiмiзде аянбай еңбек етiп, жүгiрiп жүрiп елге қызмет еткенiмiзден болар, – дейдi.
Айтпақшы, Құралай апаның тағы бiр өнегелi iсi бiлгенiн басқалармен бөлiсуден қашпайтындығы болса керек. «Еңбектiң зейнетiн көрсем» деп шалқасынан түсiп қарап жатпай, былтыр «Бешбармак шоу» телебағдарламасына қатысты. Өзi сияқты республиканың түкпiр-түкпiрiнен келген шебер де сарабдал 16 бәйбiшенiң арасынан озып шығып, екiншi маусымының жеңiмпазы атанды. Бiрiншi орынды жеңiп алды. Қатысуға шақыру алғанда ұйымдастырушыларға: «Мен қатыссам, өзiм өсiп-өнген Атырау мен Маңғыстау атынан қатысамын», – деп шарт қояды. Олар да бұл кiсiнiң ниетiне еш қарсылық танытпапты. Сөйтiп отбасылық өмiрдiң алғашқы бетiн ашқан, кiсiлiк пен адамшылықты үйреткен Батыс өңiрiн бетке ұстап, сол жердiң атынан сынға түстi. Ешкiмдi ұятқа қалдырмады. Маңғыстаудың түйесi мен Атыраудың қойы мен жылқысының еттерiн, тiптi «Елдiң сәлемi» деп теңiздiң қызыл балығын да жеке-жеке баптап асып, қазылар алқасын да таңқалдырды. Ендi ше, ет асудың да өзiндiк сыры барын талайлар осы Құралай ападан үйрендi. Бәзбiреулер ұқсап бәрiн бiр қазанға тоғытпай, бiр мезгiлде бес қазан асқан жалғыз өзi болды. Жалпы, қазақ еттiң дәмдiсi сүрленген ет екенiн жақсы бiлген. Сондықтан да болар, ең бастысы – мал сойылған соң ол еттi баптап, дәмiн жоғалтпай, тұзын келтiрiп сақтай бiлу екенiн Құралай апа жақсы бiледi. Сенесiз бе, ол кiсiнiң үйiнде асылатын қазысы екi қыс бойы ұнда тұрады. Ал, жартылай финалда асылған түйенiң етiн қолдан тұздап, суықта күннiң көзiне, мезгiл-мезгiл жел қақтатып кептiрiп алған. Басында бұл байқауға қатысса да, аса мән бермеген Құралай келе-келе жерiнiң мерейi үшiн барын салды. Ет асудан бөлек әртүрлi ұлттық тағам түрлерiн қоса дайындап, олардың табаққа тартылып, қонақтардың алдына әкелу жөн-жоралғысына дейiн түсiндiрiп бердi. Әсiп пен үлпiршектiң не екенiн, жақтың құдағиға қалай тартылу керегiн, тiптi кейбiреулер тастай салатын iшек-қарынның өзiн қалай әспеттеу керегiн көрсеттi. Қысқасы, сыбаға тартудан алдына жан салмады. Қой етiн мүшелеп бұзу да Құралай үшiн еш қиындық тудырмады. Сөйтiп, талай тәжiрибелi аспазшылардың өзiн артқа тастап, оқ бойы озып шықты. Бұның бәрi оның өмiрлiк тәжiрибесi едi, әйтпесе ұлттық тағам дайындауды ешкiм ғылым деп қарастырып оқытпайды.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, Құмардай азаматтың от пен судың ортасында жүрiп, адалдықтан танбай, жан баласына қиянат келтiрмей, қызмет етуiне бар жағдайын жасаған асыл жар өзiн ақ келiн атаған ауылдастарының абыройын тағы бiр көтерiп тастады.
Шалқар Әбiлдаева.
2014 жыл