Асыл аналар

Ел алдында жүрген зиялы азаматтардың, биiктердi бағындырып, жетiстiкке жеткен жандардың тасасында, әлбетте олардың ата-анасы тұрады. Әсiресе, баласы үшiн үнемi тақымын қысып, Жаратқаннан тiлеуiн тiлеп, қол жайып отыратын асыл аналардың орны тым бөлек. Бүгiн «Ақ әже» бетiнде аңыз аналар – жазушы Асқар Сүлейменовтiң анасы Айтоты (Қымбат) апа, жазушы Әбiш Кекiлбаевтың анасы Айсәуле апа, даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың анасы Мәрзия апа, саясаттан кетiп, таяуда зейнетке шыққан Иманғали Тасмағамбетовтiң анасы Дiлдә апа туралы сөз етпекпiз.

Айтоты ана. Азан шақырып қойған есiмi – Қымбат. Қазақтың бiртуар ұлы, жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтi өмiрге әкелiп, тәрбиелеп, өсiрген әзиз ана. Айтоты ана туралы оның көзiн қаламгерлер, дастархандас болып, қолынан дәм татқан жандар жақсы естелiктер айтады.
Айтоты ананың немересi, Асқар Сүлейменовтiң қызы, әншi Қарагөз Сүлейменова әжесi туралы былай дейдi: «Мен екi әжемнiң тәрбиесiн көрiп өстiм. Бiрi өз әжем, екiншiсi нағашы әжем. Өз әжем Айтоты Түркiстанда туылып, Өзбекстанмен шекаралас жерде тұрған. Сұлу кiсi болыпты. Өзбектер сұлу, әдемi адамды тоты деп атайды. Сол себептi халықтың әжеме берген аты – Айтоты. Менiң Айтотым – ананың балаға деген махаббатының нақ үлгiсi болар деп ойлаймын. Бұл кiсi үшiн немерелерiн бағу, оларға қызмет ету, тамақ пiсiру, солардың жапырлап маңайында жүруi ол кiсiге қиындыққа соққан жоқ. Бәрiн шын пейiлмен қуана iстейтiн. Қашан келсең де ол кiсiнiң үйiнде бiр тамақ пiсiп тұратын. Дастарханы әрқашан жайылып, дайын тұрады. Ер-азаматты қадiрлеудi екi әжемiз де үйреттi. «Тәйт әрi, ер-азаматтың киiмi ана жерде түсiп қапты, көтер, басып кетпеңдер. Обал болады! Киесi бар, кесiр болады!» деп отыратын. Ер-азаматтың әйел адамнан бiр бас жоғары тұратынын айтып отыратын. Әжем өзiнiң баласы – менiң әкеме бар болмысымен өмiрiн сарп еткен адам. Бiздi де солай тәрбиеледi».

Айтоты апа ұзақ жасап, өмiрден 92 жасында өтiптi. Бiрақ тағдыры оңай, тақтайдай тегiс деуге келмес. Жесiрлiк те жас таңдамайды екен, 1942 жылы күйеуi Сүлеймен соғыста қаза тапқанда ол небәрi 24 жаста, буыны қатпаған балаларымен қала бередi.
Тектi анамыз 24 жасына дейiн 4 баланы өмiрге әкелiптi. Тәрбиесiнен, бойындағы қасиетiнен, яғни сырт көзден ұялғаны соншалық, 4 баланы да есiктi iшiнен бекiтiп алып, жалғыз босанған екен.
Қай анаға да баласының өзiнен бұрын өмiрден кетуi қайғы әкеледi емес пе?! Жазушы Асқар Сүлейменов 53 жасында дүние салғанда анасы Айтоты 78 жаста екен. Немересi Қарагөз апай «Осы жаста жалғыз ұлдан айрылып, жоқтау айту қиын болды» деп еске алады. А.Сүлейменовтiң ұлы, Айтоты апаның немересi, кинорежиссер Әлiшер Сүлеймен өзiнiң қалыптасуына әкесiнен бөлек әжесiнiң еңбегi орасан екенiн тiлге тиек етедi. «Әжемнiң қонақжай қасиетiнiң арқасында игi жақсылардың әңгiмесiн тыңдап, батасын алдым» дейдi.

Айсәуле Жұмабайқызы – қазақтың заңғар жазушысы, қайраткер Әбiш Кекiлбаевты өмiрге әкелген ана. Заманында қазақ қаламгерлерiнiң екiншi анасындай болған, ақылшы ана туралы оның көзiн көрiп, дәмдес болған, шарапатын көрген қалам ұстаған жандар жылы естелiктер айтады.
Айсәуле апа қазiргi Маңғыстау облысында дәулеттi, есiмi кеңiнен танылған Өтебай бидiң ұлы Жұмабайдың отбасында дүниеге келiп, тәрбиеленiптi. Әбiштiң әкесi Кекiлбаймен қосылған соң 3 қыз, 1 ұл өмiрге әкелiп, жеткiзген жан. Ол заманда өмiр сүрген қазақ әйелдерiнiң қайсысы болса да үлде мен бүлдеге оранып текке отырмай, үйдiң де, түздiң де тiрлiгiн игерiп, балаларын жеткiзу жолында жан пида еткен емес пе?! Айсәуле ана да күйеуi соғысқа аттанғанда құрсағындағы қызы, етегiнде үш баласымен қалады. Сөйтiп, Таушықта бiрнеше жыл шахтер болып жұмыс iстейдi. Одан соң колхоз жұмысына да бiлек сыбана кiрiседi.
Өз ауылы арасында «қайратты келiн» атануы да бекер емес көрiнедi. Өжет, қайсар мiнездi Айсәуле апа туралы да зерттеушi, ғалым Дәрiжан Төлеубайқызы Шалқар радиосына берген сұқбатында баяндайды. Әбiштiң әкесi жүйрiк ат баптап, бағуды iнiсi Нұрбергенге ғана сенiп тапсырады екен. Ауыл сыртындағы жылқыларға барымташылар шабуыл жасағанда жан даусы шыға үйге жүгiрiп келе жатқан қайнысын көрген жас келiн үйден бақанды ала шығып, әлгi бұзақы топтың басшысын аттан құлатып түсiрiптi. Оның басы жарылып, жанындағы өзге серiктерiн де ауыл жiгiттерi қолға түсiрiптi. Осыдан соң оны танитындар «қайратты келiн» атап кетiптi.
«Алып анадан туады». Айсәуле апа жалғыз ұлы Әбiштi ерекше жақсы көрiп, мәпелеп, бетiнен қақпай өсiредi. Әбiш те бала кезiнен кiтапты көп оқитын, қазақ және орыс тiлiн еркiн меңгерген, тiлге де, ойға да жүйрiк бала болып ержетедi.
Әбiш Алматыда оқуын аяқтаған соң 1963 жылы ауылдағы анасын Алматыға көшiрiп алады. Көшерiнде тоқтатпақ болған ағайын-туысқа «балам азамат болған соң соңынан қалмаспын» деген уәдем бар едi. Сол ұлым азамат болды. Бөгет жасамаңдар, мен баламның соңынан қалмайын» деп, алыс Алматыға, жалғыз ерiп келiптi.
Айсәуле апа ұлы Әбiштi үйлендiрiп, қырық жылға жуық келiнi Клара апаймен бiрге тұрады. Жазушының зайыбы енесi туралы «Әдебиет порталына» берген сұқбатында «Данышпан адам болатын. Бөтен сөз айтпайтын, бiреудi жамандамайтын, тiл тигiзбейтiн. Бiрақ адамды қатты ұстайтын. Қонақ келсе қуанатын. «Шырағым, кiсi келгенде дорбаңды сүйреп дүкенге шаппай, бiр асым етiң артыңда тұрсын» дейтiн. Сөзге шешен едi… Әбiштi тек «Айналайын, ақ патшам» деп отыратын. Жұмысқа кетерiнде маңдайынан сүйiп шығарып салатын. Әбiш кешкiсiн жұмыстан келсе, солай мейрам басталады» деп еске алады.
Жалғыз ұлының өмiр бойы тiлеуiн тiлеп, мәпелеп жүрген ана, өмiрiнiң соңғы сәттерiнде көңiлiн сұрай келген Елбасына ұлы Әбiштi жас балаша тапсырып кеткен көрiнедi. Келiнiне де «Әбiштi ренжiтпеңдер!» деп аманаттапты. «Ананың көңiлi балада» деген осы болса керек. Айсәле ана 2001 жылы Астанада ұлы Әбiштiң шаңырағында жасы 100-ге жақындап қайтыс болады.

Қазаққа тағы бiр алып ұлды сыйлаған ананың бiрi – Мәрзия Тұрлыханова. Қазақтың ұлы Дәулет Болатұлы Тұрлыханов – грек-рим күресiнен қазақстандық және бұрынғы кеңес одағының палуаны. КСРО және Қазақстанның Еңбек сiңiрген спорт шеберi. Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi. Дәулет – Болат Тұрлыханов пен Мәрзия Тұрлыханованың екiншi ұлы.
10 ұл-қызды өмiрге әкелiп, өсiрген батыр ана Мәрзия апамыз 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таскескен ауылында дүниеге келедi. Бүкiл өмiрiн бала тәрбиесi мен бiлiмiне жұмсаған ұстаз ана. Математика пәнiнiң мұғалiмi, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi.
Өмiр жолына көз жүгiрте отырып, Мәрзия апамыздың бала тәрбиесiндегi ұстанымдарына тәнтi боласың. Өзi көзi тiрiсiнде берген сұқбатында: «Балаларымызды Болат ағаң екеумiз тәртiппен өсiрдiк. Қатты ұстадық. Бей-берекет еркелеткен жоқпыз. Алғашқы 5 перзентiм ер балалар болды. Аралары 2-3 жас. Ағаң екеумiз жұмысқа кеткенде бiрiн-бiрi бағып, үйдiң барлық тiрлiгiн жайғастырып қоятын. Бiр-бiрiне өте бауырмал, қамқор болып өстi. Әкесi балаларын жастайынан спортқа баулыды. Өзi де спорт шеберi, бiлесiздер. Таңертең барлығымыз ерте тұрамыз. Әкесi бастап, балалардың барлығы таза ауада жүгiрiп келедi. Сосын әрқайсысы сабақтарына кетедi» деп өткенге көз жүгiртедi.
Бүгiнде ағайынды Тұрлыхановтар өсiп-өнген, ынтымағы жарасқан үлкен әулетке айналды. Апамыз үлкен ұлы Қайрат Тұрлыхановтан сүйген тұңғыш немересi Рахат Тұрлыхановты ерекше жақсы көргенiн айтады. Көрерменнiң есiнде болса, Рахат та «Асыл әжем» әнiмен көпшiлiктiң көзайымына айналған едi.
Әулет анасы, өмiрiнiң соңына дейiн бiлiм беру саласында үздiксiз қызмет жасаған ұстаз Мәрзия Айтбайқызы 2019 жылдың 15 маусымында 80 жасқа қараған шағында дүниеден өттi.

Дiлдә Матайқызы
Елi сүйген, елiм деп қызмет еткен, Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтей ердi өмiрге әкелген ананы тектi жан, құрсағы асыл десең жарасады емес пе?! Алаштың анасына айналған ақ жаулықты апаның бiрi – Қоқанова Дiлдә Матайқызы. 1930 жылы өмiрге келедi. 5 бала тәрбиелеп өсiрген аяулы ана. Ұл-қыздары Иманғали, Құрманғали, Нұрсұлу, Ғалия, Рысты – елiмiзде әр-түрлi салада жауапты қызметтер атқарып, алды зейнетке шығып жатқан бiлiмдi азаматтар.
Арды ойлаған ананың көпке үлгi боларлық жақсы қасиеттерiн көзiн көрген замандастары аңыз қып айтып жүредi.
Дiлдә апамыз да сол ғасырда дүниеге келiп, өмiр сүрген аналарымыз секiлдi жастайынан қиыншылықта сыналған, жоқшылықты да көрген, өжет, қайсар мiнезiмен көзге түскен жан болыпты. Сөзге шешен, көзi ашық жан болады. Тағдыры тәлкекке түскен әкесiнiң өмiрiне араша түспекке бекiнiп, аты дардай Калининге хат жазған батылдығымен ел есiнде қалыпты. Әкесi Матай дiн жолында еңбек еткен, сауатты жан болса керек. Отбасындағы iзгi, иманды тәрбиенi бойына сiңiрiп өскен Дiлдә апа өмiр бойы ар тазалығын сақтап, өзгеге де соны насихат еткен, басынан ақ жаулығы түспеген жан болды.
Әулетiне ғана емес, тұтас қазақ халқына қайырымды, iзгi қасиетiмен танылған Дiлдә Тасмағамбеткелiнi «Айналайындарым менiң», «Ұрпағым, саған айтам» кiтаптарының авторы.
Дүйiм қазақтың қыз-келiншектерiне үлгi боларлық iсi мен парасаты жетерлiк салиқалы ана 2019 жылы желтоқсан айында 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
2020 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

ТАБАННАН СЫЗ ӨТПЕСІН
Ахуалымыз қалай, Анна ханым?

Автор

Меню