Артық жүктi арқалатпа
Күздiң алғашқы күнi басталғанда оқушыларда мектепке асығады. Үш ай бойы демалып, жаңа оқу жылының басталғанын күтедi. Алайда, бастауыш сынып оқушыларының үлкен көлемдегi, өзi ап-ауыр сөмкенi иықтарына асып алып, әрең көтерiп бара жатқанын көргенде жаның ашиды екен. Осы бiзде бекiтiлген санитарлық талап бойынша әрбiр оқушы қанша көлемде жүк арқалауы тиiс. Айталық, күнделiктi көтерiп жүретiн сөмкенi есептемегенде кiтаптарының салмағы мынандай:
– 1-3 сыныптар үшiн 1,5-2 келi,
– 4-5 сыныптар үшiн 2-2,5 келi,
– 6-7 сыныптар үшiн 3-3,5 келi,
– 8-9 сыныптар үшiн 4-4,5 келi. Мамандардың сөзiне құлақ түрсек, буыны қатайып үлгермеген бала шамадан тыс жүктi арқаласа, ол арқаға батып, денсаулығына айтарлықтай əсер ететiнiн алға тартады. Содан болар, кiтаптың және сөмкенiң ауырлығынан кейбiр оқушылар күнделiктi оқулықты түгелдей апаруға қиынсынатын көрiнедi. Салдарынан оқу жылының басында алған кiтабының бетiн ашпастан, оқу жылының аяғында қайта өткiзетiндерi де аз емес екен. Осы орайда, Бiлiм министрлiгiнiң мəлiметiне сүйенсек, Ұлыбритания мен Сингапурде мектеп оқулығының салмағы 1-4 сыныптарда небәрi 185-240 грамм, 5-8 сыныптарда – 400 грамм, 9-12 сыныптарда 265 грамға ғана болады. Ал бiздегi ереже мынандай:
– 1- 4 сыныпқа арналған бiр оқулықтың салмағы 300 грамм,
– 5-6 сыныптар үшiн 400 грамм,
–7- 9 сыныптар үшiн 500 грамм,
– 10 – 12 сыныптар үшiн 600 грамнан көп болмауы керек делiнген. Алайда, бiздiң елiмiзде бұндай талаптың сақтала бермейтiнi жасырын емес. Бiр қуантарлығы, осындай келелi мәселелердi ескерген Бiлiм жəне Ғылым министрлiгi оқулықтардың салмағын азайту туралы ұсыныс қабылданған болатын. Бұдан былай нарықта ерекше «плекс» мұқабалы яғни салмағы жеңiл оқулықтар шығарылады. Өйткенi, қатты мұқабаны жұмсаққа ауыстырғанда оқулықтың салмағы 100-130 грамға азаяды екен. Сонымен қатар, мамандар сөмкенiң салмағы оқушы салмағының 1/10 бөлiгiндей болуы тиiс дегендi айтады. Мысалы, бала 27 келi тартса, сəйкесiнше, мектеп сөмкесi де 2,7 келiден артық болмау керек. Ал төменгi сыныптардың сөмкелерi 1200 грамның шамасында болуы тиiс деседi. Өйткенi, соңғы кездерi омыртқаның қисаюы, остеохондроз, сколиоз, майтабандық секiлдi ортопедиялық аурулары бар балғындар көбейiп келе жатқан көрiнедi. Биылғы жылғы медициналық тексерiстен өткен 2189 оқушының 35 пайызында сколиоз, 24,9 пайызында майтабандық, 23,1 пайызында омыртқаның қисаюы байқалыпты. Осы орайда, мектеп оқушысының сөмкесi қандай талаптарға сай болуы керектiгiн айта кетейiк. Бiрiншiден балаға сөмке таңдағанда оның иыққа iлер тұстағы жолағының жалпақ болуына мән берiңiз. Әйтпесе, баланың иығы ауыр салмақтан қиылып, тез шаршайтын болады. Мектеп сөмкесiнiң енi бала жауырынынан шығып тұрмауы керек, ал астыңғы жағы бөксеге бес сантиметрдей тимей тұрғаны абзал. Ал, салмағы ауыр кiтаптардың бала арқасына тығыз тиiп тұрғанын қадағалаңыз. Оған қоса, қолдың қысқалығынан кейбiр ата-аналар баланың сөмкесiн алғанда оның сапасына емес, сатылу бағасына мән берiп жатады. Әйтсе де, жылына бiр рет қана алатын әрi балаңыздың саулығын ойласаңыз, қалтаңыздағы қаражатыңызды үнемдемегенiңiз дұрыс болар. Әсiресе, қытайлар шығаратын сөмкелердiң сапасы ғана емес, стандарты да ешқандай өлшемге сай келмейдi. Қазiр сауда орындарын осындай қытайлық сөмкелер толып жатыр. Егер жағдайыңыз келмей, сапасыз сөмке әперсеңiз, онда күнделiктi балаңыздың сөмкесiн ақтарып, керек емес кiтаптарды алып, реттеп отыруды ұмытпаңыз. Өйткенi, бастауыш сынып оқушылары сөмкесiн толтырып, барлық кiтапты арқалап жүре бередi. Оған қоса, мұғалiмдер де әр сабақтың арасында дененi босаңсытатын, бойды жазатын жаттығуларды жүйелi түрде жасап отырса, құба-құп.
ӘСЕЛ
2014 жыл