АРТЫҚ САЛМАҚТАН АРЫЛЫҢЫЗ

Гүлвира Ибраева – кейiнгi 2 жылда 10 мыңнан астам қыздың арманын орындауға көмектескен диетолог. Бүгiн ол қыз-келiншектерге аз уақыт iшiнде артық салмақтан қалай арылуға болатынын түсiндiредi.
Маманның айтуынша, артық салмаққа түрлi факторлар әсер етедi. Негiзгi факторлардың бiрi – дұрыс тамақтанбау. Тәттi, майлы әрi тез дайындалатын тағамдар күннен күнге көбейiп жатыр. Оларға түрлi дәмдеуiштер қосылады. Мұндай тағамдардың дәмiн көрген адам оны тағы жегiсi келiп тұрады. Егер өзiн бақылай алмаса, артық салмақ жинап алары сөзсiз.
Одан бөлек, көңiл-күй де ағзаға әсер етпей қоймайды. Стресс, күйзеліс, әйелдiң босанғаннан кейiн өзiне-өзi көңiл бөлмеуi мен эмоцияның жетiспеушiлiгi де – негiзгi себептердiң бiрi. Кейбiр әйелдер (әсiресе тұрмысқа шыққан жас келiншектер) араласатын ортасы тарылып, емiн-еркiн құрбыларымен әңгiме айта алмаған соң эмоция аштығына ұшырайды да, оны тамақ жеу арқылы басады.
«Оңай әрi тез арықтаудың бiрден-бiр тәсiлi – вакуум жаттығуы (iш құрылысына арналған арнайы жаттығу)», –дейдi диетолог. Бұл жаттығуды дұрыс орындаса, екi аптада нәтижесiн анық байқауға болады екен.
Жаттығу қалай жасалады? – Мұрынмен ауаны iшке жинап, iштi шар тәрiздi қампайту керек. Бұдан кейiн ауаны ауыз арқылы барынша сыртқа шығарып, 8-10 секунд бойы демалмай, iштi тарту қажет. Осылай бiрнеше рет қайталау керек. Ауа жоқ болған сәтте iш құрылысына массаж жасалады. Бұл жаттығу арқылы жүктi кезде ыдырап кеткен бұлшық еттi де қалпына келтiруге болады. Ескеретiн жайт: жаттығу дұрыс iстелмесе, денсаулыққа керi әсерi бар.
Вакуум жаттығуын үйрену үшiн бiр апта уақыт қажет. Тек таңертең, ашқарынға жасау керек. Күндiз жасауға болмайды! Жаттығудың әсерi сол, iштiң бұлшық етi қозғалып, қатайып, артық май ыдырай түседi;
Iш құрылысының жұмысын жақсартады;
Қыпша бел болуға септiгi мол;
Тiк жүруге көмектеседi;
Босанғаннан кейiн созылатын iш терiсiн қалпына келтiредi.
Маман вакуум жаттығуымен бiрге тез арықтаудың тағы бiрнеше әдiсiн ұсынып отыр.
Бiрiншi әдiс: асқазанды күрiшпен тазалау. Бiр ас қасық күрiшке сәл асып тұратындай су құйып, бетiн жауып бiр түнге қалдырып қою қажет. Таңертең жартылай пiскен күрiштi ашқарынға жеп алыңыз. Әрине, бұдан кейiн 2-3 сағат ештеңе жемей тұра тұруға тура келедi.
Екiншi әдiс: асқазанды даршын шайымен тазалау. 200 грамм ыстық суға бiр шай қасық даршын ұнтағын қосып, суыған соң екi-үш қасық бал қосып араластырыңыз. Шайдың жартысын таңертең, жартысын кешкi уақытта iшу қажет.
Үшiншi әдiс: қарақұмық пен айран диетасы. 200 грамм айранға бiр қасық қарақұмық салып, 7-8 сағат қойып қоясыз. Таңертең және кешке тұтынған жөн.
Бұл үш әдiстiң бiреуiн бiр ай бойы ұстансаңыз, 4-5 келi салмақтан арылуға болады екен.
Гүлвира Ибраеваның айтуынша, арықтау процесiнде жүрген адам плато кезеңiн бастан өткередi. Бұл кезең ұзақ уақытқа созылуы мүмкiн. Бұл кезеңнен оңай өту үшiн күнделiктi тұтынып жүрген тағамды, жаттығуды өзгерту қажет. Сонда ғана iш құрылысындағы май ыдырайды.
Одан кейiн қайта артық салмақ қосып алмау үшiн дұрыс тамақтануға дағдыланған абзал. Таңғы асқа құрамында көмiрсуы, ақуызы, майы бар, түскi асқа көмiрсу мен ақуыз мол тағамды iшкен дұрыс. Кешкi ас тек ақуызы бар тағамнан тұрсын. Әрине, ағзаға қажет басқа дәрумендердiң де ағзаға түсiп тұрғанына көңiл бөлiңiз. Жалпы, адам ағзасына қажет дәрумендер жеткiлiктi болса, артық салмақтан арылу оңай болады.
Сымбат Қайратқызы.
2020 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

АЖЫРАСУ: «Болашағым үшiн қоғам пiкiрiне қарсы тұрдым».
Фитнес залы инфекция ошағы ма?

Автор

Меню