АРАНЫ АШЫЛҒАН АЛАЯҚТАР

АРАНЫ АШЫЛҒАН АЛАЯҚТАР

қолға түспегенде талай түйенi түгiмен жұтар едi

Сараңдар мен надандардың халықтан тыққан байлық пен дәулетiн әшкере етiп қулықпен олардың қылмысын паш етсе, ондай тұлғаларды халық құрмет тұта бiлген. Ал, қарапайым халықтың малын алалап алып арамза ниетiне жарқатқандарды қашанда қарғыстың қара белдеуi мен Заңның зауалы қарсы алған. «Адам аласы iшiнде, мал аласы сыртында» деген қазақ. Расында, өзiңнiң iргеңде тiрлiктiң көшiне iлесiп жүрген кей жандардың табан астынан түлен түрткендей құбылып шыға келетiнiне қалайша таңданбассың…
Сәуле өзiнiң жермен айналысатын танысы барын көпшiлiкке жария етумен болды. «Қала әкiмдiгiнде қызмет» iстейтiн танысы Ардақтың тәжiрибесiне сүйенген суайт әйел қылмыс жоспарын әлдеқашан сызып қойған едi. Ардақ болса Республиканың маңдайалды телеарналарында диктор болып бiрталай жыл қызмет iстеген болатын. Кейiннен жұмысссыз қалған ол жұғынына жұқ болмайтын азын-аулақ табысына көңiлi толмай, қыруар пайда көзiн табуды ойластырады. Өзiнiң журналистiк iзденiмпаздығы, кiсiмен тiл табысқыштығы қосылып Ардақтың ақша табуға деген тәбетiн ашып жiберген едi.
2004 жылдың наурыз айында Сәуле мен Ардақ «Думан» мен жоғарғы Каменка елдi мекенiнен үй тұрғызуға арналған жер телiмдерiн арзан бағаға сатамыз деп жалған құжаттар жасады. Дәл сол кезде олардың алғашқы құрбандығына 1964 жылы туылған Рахима есiмдi келiншек iлiктi. Сәуле Рахимаға «арзан жер телiмдерiне жеңiлдiктер жасалып жатқан мезгiлдi ұтымды пайдаланып қал» деп оның қызығушылығын оята түстi. Еш ойланбастан Рахима ақша iздеуге кiрiстi. Сәуле болса оның сенiмiн нығайта түсу үшiн РНН, жеке куәлiгiнiң көшiрмесiн сұрап, тiптi сатылатын жер аумағының топо түсiрiлiмiн көрсетедi. Әр 8-сотығы тым төмен бағамен, яғни мың АҚШ долларынан сатамын деп келiсiмге келедi. Қазақстан теңгесiмен бұл сол кездегi бағаммен 1 миллион 300 мың теңгенi құрайтын. Әлқисса, сонымен өзiнiң «қуанышты» сағаттарын күтiп Рахима қала бердi. Көктем артынан жаз, жаз артынан күз де келiп жеттi. Бұл кезде өздерiнiң «дарыны» мен «таланты» пiсiп жетiлген Ардақ пен Сәуле шындап жер мәселесiмен «бас ауырта» бастаған болатын.
Жоғары бiлiмдi, әрi бойдақ Ардақтың көсiле жұмыс iстеуiне бар мүмкiндiгi мен қарымы жетерлiк едi. Елмира есiмдi келiншекке «Ұлжан» ықшамауданында тұратын Сәуленiң мекен-жайына тиiстi құжаттарын әкелудi сұрайды. Алып-ұшып жеткен оған Ардақ сатылатын жердiң топосуреттерiн көрсетiп, күмәндi ойының тұманын сейiлтiп үлгередi. «Балаларыма да жер керек, қалғанын үстеме бағамен сатып жiберем» деген «ашкөздiк» Елмираға ұйқы бермей қойды. Амал жоқ, оның бұл пиғылынан аттап өткен екi әккi алаяқ оның 75000 мың АҚШ долларын жымиып тұрып жымқырып алды. Аумағының әрқайсысын 500 АҚШ долларынан сегiз сотылық жердi сатуға «әрекет» еткен Ардақ пен Сәулеге сенген Елмира жарының тапқан-таянғанымен бiрге қарызданып-қауғаланып жүрiп соншама ақшаны әзер тапқан едi. Десе де, Ардақ оны ойлап жатпады. Бұрында жер сату iсiмен ысылған Ардақ жер құжаттарының атауын шемiшкеше шағатын.
Сол жылғы күз айы қос алаяқтың «айын оңынан» туғызып тұрды. Бұл жолы Лейла есiмдi сұлуды сазға отырғызуды ойлады. Жоғарыдағы «сценарий» үлгiсiмен Арекең өз қойылымын жалғастыра бердi. Әдеттегiдей «Каменка», «Думан» аудандарынан жер учаскелерiн арзанға алып беру туралы уәде, бума-бума құжаттар тiзiмiн көрсетiп, қолма-қол ақшаны шытырлап тұрып санап алу… Лейла алдын ала ақшасы деп 7 мың АҚШ долларын Ардақтың алақанына тастайды. Онан әрiсi белгiлi, құрдым. Қайта-қайта тықақтап соңдарынан қалмағандарға айтатыны – «әкiмнiң шешiмiн күтiңдер» деген жаттанды сылтау. Халықтың үй тұрғызуға деген құлшынысын жете зерттеп алған алаяқтар тобы өз-өздерiнiң рөлдерiн шебер сомдай бiлдi. Сәуле клиент табушы маклер образына енсе, Ардақ қала әкiмдiгiнiң жер мәселесi бойынша «бас маманы» болып шыға келдi. Алданған адамдар Сәуленi iздеп «Ұлжандағы» есiгiнiң алдын шиырласа, «талантты әртiс» көз жасын жалған төгiп «Менi де сан соқтырды-ғой сол оңбаған алаяқ…» деп бар бәленi Ардақтың басына үйiп-төге салатын болды. Төртiншi эпизодтарында олар 47 жасар әйелден 38 мың АҚШ доллары көлемiнде ақша алып тайып тұрады. Ол да жер тақырыбындағы тақырға отырғандарының қатарын толықтырады. Негiзiнен олардың құрбандарының денi сырттан келген оралмандар құрады. Тез сенгiш аңқау жұртты түсiнiксiз «заңмен», нормативтi құжаттармен адастырған олар шаш етектен «пайда» таба отырып, iздерiн жасырып үлгерiп жүрдi.
Бас-аяғы 14 эпизодтық қылмысты туындатқан Ардақ пен Сәуленiң «жұбы» жәбiрленушiлерге жалпы 540 мың АҚШ доллары көлемiнде шығын келтiрген. Амал не, олар үшiн Заң жоқтай көрiнгенiмен, жәбiрленушiлердiң арыз-арманы құқық қорғаушылардың қолына түсiсiмен алаяқтар сан соғуға мәжбүр болды. «Соңғы түйенiң жүгi ауыр» демекшi, соңғы жәбірленушiнiң сарсыла iзденуi олардың бет-бейнесiн айқындап бердi. Әуезов ауданы iшкi iстер Басқармасына арызданған азаматтың сипаттауымен алаяқтар тобының фотобейнесi жасалып, алдымен Сәуле, соңыра Ардақ тұтқындалды. Тергеудiң тегеурiнi алдында «қалтыраған» Ардақ болған жайды қысқаша төмендегiдей айтып бердi: «Алматыда iрi телекомпанияның бiрiнде диктор болып жүрiп, ол жұмыстан шеттетiлген соң «Европа» радиосында 2003 жылдың соңына дейiн жұмыс iстедiм. Осыдан соң аз-кем уақыт жер сату бизнесiмен айналысып көрген едiм. Жер мәселелерiмен тiкелей айналысатын жақсы таныстарыммен байланыс орната бастадым. Таныстарым арқылы өзiме көп «клиенттер» таба бiлдiм. Кейiнiрек алдын ала iскер адамдардан ақша ала бастаған кезде қала әкiмi ауысып, жаңа әкiм жердi аукцион арқылы сатылатыны туралы қаулы шығарып тастады. Бiр жағынан жеке тұлғаларға үй тұрғызу мақсатында жер берiлмейтiн болды. Осы жағдай қатты әсер еткен соң мен қарыздарды қайтаруды ойластырдым. Уақытында алынған ақшаларды қайтара алмай қалдым. Ескi таныстарымың бәрi қызметiнен кеткен соң мен өзге жол iздей бастадым. Көп ойланып тапқан амалым жұртты алдап ақша тауып ескi қарыздарды жабу болды…» дедi басын тұқыртып. Ол өзiнiң мәнсiз мақсатына жеткенiмен өзгелердiң обалын арқалап түрме төрiнен бiр-ақ шықты. Бес жылға кесiлдi. Тiптi олардың құрбандарының iшiнде риэлторлiк компания өкiлдерi, заңгерлер болғаны сайтанды да сан соқтыра алатын суайттар екенiн айғақтағандай. Сол кезде 52 жастан асқан Сәуле де бес жыл мерзiм арқалап түрмеге озды. Оның артында ержеткен балалары мен немерелерi қалды. Ал журналист жiгiттiң шеберлiгi тек өз кәсiбiмен ғана танылғаны дұрыс едi.
(белгiлi себептермен кейiпкерлер аты-жөндерi өзгертiлдi.)
Арман ЖУСАНБАЙ.
2015 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Стилист Татьяна Анизрум: «Мұсылман болу — мақсатым»
СӘНБИКЕ ӘЖЕЛЕР

Автор

Меню