Әнші, сазгер Айгүл Бажанова: «Әндерім – жан-дүниемдей»

Танымал әншi Сәкен Майғазиевтiң орындауындағы «Жүрегiмнiң iшiндегi жүрегiм», «Асыл ана» әндерi, Димаш Құдайбергеннiң «Махаббат бер маған», «МузАрт» тобының «Жалғыз досым», Ақбота Керiмбекованың «Қош, махаббат», Айгүл Иманбаеваның «Ақ гүлдер», «Күздiң соңғы күнi», т.б. әндердiң әуенiн жазған сазгер, әншi Айгүл Бажанова сыр-сұқбатымыздың қонағы.
– Айгүл, Димаш Құдайбергеннiң орындауындағы «Махаббат бер маған» әнi сiздi сазгер ретiнде әлемге танытты. Екi жыл бұрын Димаш оны Қытайдың «I»m singer» жобасында орындап, әннiң бағын ашты десем артық айтқаным емес. Бұл әндi Димашқа арнайы жазған ба едiңiз?
– Ол ән Димашқа арнайы жазылған жоқ. Бiрақ Димашқа бұйырып тұр екен. Өткенде фейсбуктан бiр вьетнамдық қыз маған «Бұл әнмен әлемге не айтқыңыз келдi?» деп хат жазыпты. Мен оның сұрағына жауап таба алмадым. Менiң бiр сәттiк көңiл-күйiмнен, яғни осыдан 7-8 жыл бұрын құлазу барысында туған дүние едi. Димаш Қытайда «I’m singer»-ге қатысып жатқанда әкесi Қанат Айтбаев екеумiз телефон арқылы хат жазысып, сұрауымен екi-үш әнiмдi жiбердiм. Бiрнеше күннен соң қанат Димаштың «Махаббат бер маған»-ды ұнатқанын айтты. Ән сол жақта жазылып, «I»m singer»-дiң гала-концертiнде орындалды. Мұнайдар Балмолдамен әннiң сөзi жайлы ақылдасқанда оған әннiң «Махаббат бер маған, тағдыр» тақырыбының айналасында өрбiгенiн қалайтынымды айттым. Ән солай жарық көрдi. Бұл ән туралы әркiм әрқалай пiкiр айтты. «Керемет ән» деп мойындағандармен қатар, әндi Димашқа қомсынғандар да болды. Десе де, Димаштың жанкүйерлерi оны аэропорттардан басқа емес, дәл осы әнмен қарсы алып жүргендерiне қарағанда әннiң осал болмағаны деп ойлаймын. Қалай болғанмен де, ол Димаш қалап алған ән.
– Бiз алдымен сiздiң әндерiңiздi тыңдап, бертiн келе өзiңiздi тани бастадық. Яғни өзiңiзден бұрын әндерiңiз танымал болды. Ешкiмге елiктемеудi мақсат еттiңiз бе?
– Мен музыкамен «өстiм». Маған ешкiм «сен ән жаз» деген жоқ. 13 жастан бастап гитарамен ән шығара бастадым, осы уақытқа дейiн үздiксiз ән жазып келемiн. Ән – энергия. Әркiм әрқалай энергия алмасады. Мен тұйық адам болған соң энергияны осылайша алмасқан шығармын. Мен мақсатқа жұмыс iстеп көрмегенмiн, интуицияның көмегiмен өмiр сүремiн.
– Ел аузындағы әндерiңiздiң денi мұңға жетелейтiн лирикалық әндер. Бұл әндер әдетте қалай туады?
– Табиғатым сондай шығар, бiлмеймiн. Ән жазудың мен үшiн белгiлi бiр қағидасы жоқ екен.
– Тапсырыспен жазылатын ән хит боп, жүрекке жол таба ала ма? Сiзде қайсысы басым: тапсырыс, әлде шабыттан туған әндер ме?
– Тапсырыспен мүлдем жазбаймын десем өтiрiк болар. Соңғы екi айда екi ән жаздым. Екеуi де құрғақ емес, әдемi туынды болып шықты. Бұл ендi мендегi жауапкершiлiк пен кәсiбилiктiң жемiсi деп ойлаймын. Бiрақ тапсырыспен өте сирек жазамын.
– Сiздiң әндерiңiздiң құнды туынды екенiн бiлемiз. Ал, бағасы ше? Қазiр кей әншiлер сазгерлердi қымбат немесе орташа деп бөлетiн болған…
– Бiрiншi абыроймен атың шығады, сосын атың саған жұмыс жасайды. Байқасам, менiң әндерiмнiң барлығына дерлiк бейнебаян түсiрiлген екен. Ал, әншiлер «халыққа жақсы танытады-ау» деген әнге ғана бейнебаян түсiредi, соған қарағанда әндерiмнiң шынында бағалы болғаны деп бiлемiн.
Шетелдердегi композиторлар өте бай тұрады, бiзде керiсiнше. Арығын бiлдiртпей жүрген бөрiмiз. Күнiне жүздеген ән жазып, оның ең болмаса онын сатып отыратын зауыт емеспiз. Мемлекеттiң «сен композитор екенсiң» деп көңiл бөлгенiн өз басым көрген жоқпын. Сосын менiң әншiге өздiгiмнен ән ұсынуға асықпайтын жайбасарлығым тағы бар. Өзiмдi өзiм ұсынуға арым жiбермейдi. Әрi қарай өзiңiз салмақтай берiңiз.
– Әндерiңiздi өзiңiз ұсынбасаңыз, сұрағанның бәрiне бере бермейтiн шығарсыз. Кiмнiң орындағанын көргiңiз келедi?
– Ән сұрағанның бәрiне бере бермеймiн, рас. Себебi әнде деңгей болады, әндi сұрап отырған әншiнiң деңгейi менiң әнiме сай келмесе, әнге обал жасағым келмейдi. Менiң әндерiм орындаушыларын лайықты тапқан деп есептеймiн.
– Айгүл, ән жазу сiз үшiн тек жан қалауы сияқты?
– Рас, мен айтқым келгендi ән арқылы айтатын шығармын. Әндерiм – менiң iшкi жан дүниемнiң көрiнiсi.
– Бiр жылдары өзiңiздi «әуесқой» сазгер деп атайтынын айтыпсыз. Қазiр ше?
– Бiлмеймiн. Кәсiби деңгейде, нотамен ән жазған емеспiн. Бiрақ әуесқой да емеспiн. Алла берген дарын бар, музыканы қабылдауым, слухым жақсы дамыған.
– Жақында өткелi жатқан «Айгүлдiң әндерi» байқауы сiздiң жеке жобаңыз ба?
– «Айгүлдiң әндерi» – алғашында ұсыныс ретiнде түскен, сонан соң өзiм жалғастырып алып кеткен әншiлер байқауы. Менiң әндерiмдi орындауға құштар жас әншiлер көп. Көп әнiм шырқау шегi бар, конкурстарда орындауға лайық әндер екен. Дәстүрлi деп атаған соң байқауды жылда өткiзiп тұрсақ деген ниет бар.
– Жұмыс iстейсiз бе, әлде сазгер болу да бiр жұмыс па?
– Жоқ, еш жерде жұмыс iстемеймiн. Коммуникабельдiк қабiлетiм жоқ, көбiне өз-өзiммен ғана «алысып», оңаша жүрудi әдетке айналдырғанмын. Көпшiлiк, у-шу, жағымсыз әңгiме айтылатын жерде ұзақ отырып қалсам, үйге қуатымнан айрылып, «желiнiп» келемiн. Өз-өзiме келуiме тыныштық пен ұйқы ғана көмектесе алады. Кәсiпке де икемсiз болып шықтым. Бiрақ әйелдердiң бетiн модельдейтiн жапондық массаж жасаймын.
– Айгүл, сiз қай саланың маманысыз? Жапон массажына нелiктен қызықтыңыз?
– Менде музыкант, биология пәнiнiң оқытушысы мамандығын бiтiргенiм жөнiнде екi диплом мен косметолог және жапондық массаж оқуын үздiк меңгерген маман деген екi сертификат бар. Мұғалiм болып жұмыс iстемедiм, бiрақ жақсы ұстаз болар едiм деп ойлаймын. Бет күтiмi, жас болып жүрудiң қыр-сырларына бұрыннан қызығатынмын. Сол қызығушылықпен косметолог мамандығын оқып, кейiн жапондық массажды меңгердiм. Ресейлiк маманнан остеопатиялық фейслифтинг курсын да оқыдым. Жапондықтардың өмiрлiк философиясын жақсы көремiн. Оларда қандай салада болса да ғылыми негiзге сүйенген жүйе бар. Осы массажбен айналысу барысында бет қартаюының адамның жасына, яғни уақытқа ғана емес, көбiне ой, дене және ас қабылдауына байланысты екенiн бiлдiм. Бас сүйектiң сызықтарына шлак толуына байланысты сүйек ажырауы нәтижесiнде жалпайған беттi жапондық массаж арқылы қайта қалпына келтiруге болады екен. Бұл массажды жасауға да логика мен қабiлет қажет, беттiң анатомиясын жақсы бiлу керек. Белгiлi бiр жерде тұрақтап жұмыс iстемеймiн, әр түрлi салондармен келiсiп, қажет уақытта барып жасап тұрамын. Массаж салонын ашсам деген ойым да бар.
– Үлкен сахнаға қалай келгенiңiз ұмытылмайтын шығар?
– Бәрi есiмде. Мен үлкен сахнаға мектепте жүргенде шықтым. Бiрде үй жинап жүрiп, газеттен Қонысбай Әбiлов ағаның Семей полигонының салдарынан мүгедек болып бойы өспей қалған 14 жасар қыз жайлы монолог стилiнде жазған өлеңiн оқыдым. Өлең қатты әсер етiп, ән жаздым. Қазiргi тiлмен айтқанда «хит» боп, құлақтан құлаққа жетiп, аудан, одан облысқа, сол қарқынмен Республикалық көлемдегi түсiрiлiмнен бiр-ақ шықтым. Танымал болғаным сонша, пошта арқылы күнiне жан-жақтан кем дегенде оншақты хат алатынмын. Композиторлығым басымдау болған соң ба, сахнаға содан кейiн ән айтып көп шыққан жоқпын.
– Сiңлiңiз «Джейран» тобында әншi екен. Ел алдында топтың имиджi мәз емес. Оның сол топта әншi болғанына iштей қарсылығыңыз болды ма?
– Розалина – салмақты, ақылды қыз. Оған мен ақыл айтқым келмейдi. Оның өз жолын өзi табатынына сенемiн. Жалпы ақыл айтудан аулақ жүремiн.
– Әлеуметтiк желiнiң сiздiң өмiрiңiздегi маңызы қандай?
– Мен инстаграмда көп отырмаймын. Фейсбукты «күнделiк» қылып алған күндерiм де болды. Бiрақ iшкi дүниеңдi көпшiлiкке ақтара берудiң де артық екенiн түсiндiм.
– Жақындарыңызды жиi ренжiтiп аласыз ба? Мұны сұрап отырғаным, «адамдарды ренжiтiп алам ба деп тым жақын араласудан қорқамын» депсiз бiр сөзiңiзде.
– Ешкiмдi ренжiтпеуге тырысамын. Ешкiмге сот та болғым келмейдi. Ненiң болса да анығын Алла бiледi. Сондықтан сабыр етудi жөн көремiн. Иә, өмiрде қарапайыммын, аңғалдығым да бар. Фальш, өтiрiк, жағымпаздық деген нәрселерден қашып жүретiн болған соң, адамдардың бойынан сол жағымсыз нәрселердi көргiм келмегесiн болар, аралас-құраластығым да көп емес.
– Жеке өмiрiңiздi құпия ұстайтыныңызды байқаймыз. Ал, жалғызбасты анаға ұл баланы тәрбиелеу де жеңiл емес болар?
– Жалпы «жалғызбасты» деген сөз маған ұнамайды. Әркiм өз қалауынша өмiр сүруге құқылы, тiптi, тиiс. Көпшiлiкке ортақ заңдылықпен өмiр сүргiм келмейдi. Қарапайым тiршiлiк, тұрмыс айналасындағы әңгiме, ауыс-түйiс нәрселерге икемсiзбiн. Тұрмыста болған жылдары өз-өзiмдi тұншықтырып, бiреудiң мен жайлы дұрыс ойы үшiн құрбан боп келген екенмiн. Соны түсiнген кезден бастап мен үшiн бәрi өзгердi. Жеке өмiрiмдi жария еткiм келмейдi, жария болған күннен бастап ол көпшiлiктiң талқысына түседi, ал, ешкiмнiң менiң өмiрiме үкiм айтуға хақысы жоқ. Ұлым екеумiз ең бiрiншi доспыз, өте жақсы түсiнiсемiз, келiспей қалған кездерiмiз сирек.

Сұқбаттасқан Лаура Қуандыққызы.
2019 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Қара шалбар
Аналар үйіндегі тағдырлар 2

Автор

Меню