Әншi Айгүл Қосанова: «Мойнымызда аманат бар»

Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi, Ә.Қашаубаев атындағы Республикалық дәстүрлi орындаушылар байқауының лауреаты, Құрманғазы атындағы Республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауының лауреаты, «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының иегерi, әншi Айгүл Қосанова:

«Мойнымызда аманат бар»

– Айгүл, сiздi көп көрiне бермейтiн, бiр қалыпты келе жатқан әншiлердiң қатарына қосуымызға әбден болады. Әйтсе де, өзiңiздiң кейбiр әрiптестерiңiз жиi-жиi концерттерге шығып, түрлi бағдарламалар жүргiзiп, телесериалдардан көрiнiп, жарыса бейнебаян түсiрiп жатады. Сiздi неге солардың қатарынан көре алмаймыз?
– Бұл жалғыз менiң басымдағы жағдай емес. Дәстүрлi әншiлердiң қай-қайсысын алсаңыз да өздерiне жарнама жасауға аса құмар жандар емес. Теледидардан жиi-жиi көрiну, бағдарлама жүргiзу, сериалдарға түсу деген нәрсенi өзiм iздеп жүрiп түсетiн адам емеспiн. Егер маған сондай жауапкершiлiк артып, сенiм бiлдiрiп жатса байқап көрер едiм. Бiрақ, өзiмнiң тарапымнан ешқашан сұранып шықпаймын. Оның үстiне бiз кейбiр эстрада әншiлерi сияқты, концерттерде өлең айтып, тойға шығумен ғана шектелмеймiз. Бiздiң белгiлi бiр ұстанымымыз бар. Мойнымызда үлкен жүк бар, аманат бар. Дәстүрлi әндi келешекке жеткiзу, бiзден сабақ алып жатқан шәкiрттерiмiзге бiлгенiмiздi үйретуге тиiспiз. Жалпы, өнер адамы үнемi iзденiс үстiнде болуы керек.
– Бүгiнгi жаһандану заманында жастардың көпшiлi батысқа елiктеп жатқан уақыт. Аға буын, орта буын болмаса дәстүрлi әндi жастар жағы тыңдай қоймайтыны жасырын емес. Шыныңызды айтыңызшы, дәстүрлi әннiң болашағын қалай елестетесiз?
– Жасыратын несi бар, эстрадаға қарағанда бiраз кенжелеп, тасада қалып бара жатқандай. Ата-бабаларымыздан қалған аманатты сақтау жүрегi «қазақ» деп соққан әрбiр жанның қасиеттi парызы. Егер жаһандану заманы деп, ұлттық құндылықтарымыздан қол үзетiн болсақ, бiздiң басқалардан ешқандай айырмашылығымыз болмас едi. Бiздiң негiзгi айырмашылығымыз ұлттық өнерiмiзде деп есептеймiн. Жақында Атырауда халықаралық конференция өттi. Сонда қазақ халқының барлық салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын керемет көрсеттi. Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар таң қалып, «нағыз қазақтарды ендi танып-бiлдiк» деп жатыр. Бiр өкiнiштiсi, барлық аймақта осындай дәстүрлерiмiздi берiк ұстана қоймағандығы. Мына Маңғыстау халқы қазақылығы бұзылмаған, қазақи өлке деп айта аламын. Мысалы, басқа жерлерге барғанда қызы қайсы, келiнi қайсы екенiн ажырата алмай жатамыз. Ал, Маңғыстауға барғанда кiмнiң келiн, кiмнiң қыз, кiмнiң әйел, кiмнiң әже екенiн үстiне киген киiмiнен-ақ аңғаруға болады. Сондықтан да, бiз қандай елге елiктесек те, қазақ екенiмiздi ұмытпауымыз керек. Қанша жерден батысқа елiктесек те, мәселен американец бола алмаймыз. Әлбетте, жақсының жақсылығын үйрену керек. Олар әлдеқайда iлгерi дамып кеткен ел. Егер бiз олардан өзiмiзге керектiнi ала отырып, өзiмiздiң ұлттық құндылықтарымызды сақтай бiлсек, көп жерде ұтар едiк.
– Дегенмен, соңғы уақыттары дәстүрлi ән өнерiнде жүрген әншiлердiң эстрадаға бет бұрып жататынын жиi байқауға болады. Өзiңiз де ара-тұра эстрадалық әндердi орындап жүрсiз…
– Ақиқатына келсек, дәстүрлi әндi той түгiлi арнайы залдарға да келiп тыңдамайды. Мен эстрадалық әндi айтсам, ол дәстүрлi әннен мүлде қол үздiм, бiржола тастадым деген сөз емес. Тiптi менiң алдыма дәстүрлi ән әлде эстрада деп таңдау қойылса да, мен қаныма сiңген ұлттық әуендi қалайтыным даусыз. Сондықтан, мен ешқашан ештеңеге ұлттық әуендi айырбастамаймын да, жан бағудың қамымен өз жолымнан ауытқымаймын да. Ал эстрадалық ән айтсам – бұл менiң өз бойымдағы тағы бiр қабiлет-қарымымды байқап көрген тәжiрибем ғана.
– Бiздегi әншi қауымның барлығы да тойдан нәпақасын тауып жүргенi белгiлi. Өзiңiз тойға қаншалықты жиi шығып тұрасыз?
– Егер жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар етiп, көп әншiнiң iшiнен менi шақырып жатса, барамын. Қай жерге барсам да мiндеттi түрде домбырамды алып жүремiн. Егер домбырамен айтылатын әндердi қалап жатса, домбырамен айтып беремiн. Бiрақ, көп жағдайда эстрадалық әндерiмдi сұрап жатады. Ендi дәстүрлi әннiң әрқайсысы өз алдына үлкен тарих қой. Қазiргi кезде адамдар шаршап-шалдығып, қалай күнiмдi көрем, бала-шағамды қалай асыраймын деп жүрген уақытта бұндай әндер көпшiлiкке жаға қоймайды-ау деймiн. Оның орнына жеңiл, көңiл көтеретiн әндердi тыңдағысы келетiн шығар деп ойлаймын.
–Шығармашылығыңызда көрермен қауыммен бөлiсер қандай жақсы жаңалықтарыңыз бар? Қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жазғы демалыстан ендi оралып жатырмыз. Бұйыртса, осы күзде елдiң алында есеп беру кешiмдi өткiзсем деген ойым бар. Бiрақ, дөп басып, осындай күнi беремiн деп айта алмаймын. Бәрi уақыттың еншiсiнде.
– Осыдан бiршама уақыт бұрын тәжiктiң халық әнi «Сорбонға» байланысты бiраз мәселелер туындады. Тiптi, сотқа дейiн iс қозғалып, дауға ұласты. Бұл iстiң соңы немен бiттi, қалай болды?
– Несiн айтайын, осы әндi орындап басым дауға қалады деп ойлаған емеспiн. Т.Теменовтiң «Менiң күнәлi перiштем» деген фильмiнiң түсiру жұмысы басталғанда менiң аяғым ауыр едi. Өзiм мазасызданып жүргенiмде Талғат Теменов телефон шалып: «Айгүл, осындай фильм түсiрiп жатырмын, сол картина үшiн  «Сорбонды» орындап бершi», – деген өтiнiшiн айтты. Жайсыз сезiнiп жүргендiктен барғым келмей, немқұрайлылыққа салып едiм, артынан қайта телефон соғып, тағы да тiлегiн бiлдiрдi. Бiреудiң өтiнiшiн аяқсыз қалдырып, жалындыру менiң табиғатыма жат. Сондықтан бардым да, «Сорбонды» орындап бердiм. Сөйтiп фильм шықты. Сәуле әпкемiз көтерген шу да осы кезде шықты. Менiң бар жазығым – режиссердiң өтiнiшiн орындағаным. Артынан Сәуле әпкемiз менi шақырып алып: «әннiң менiкi екенiн бiле тұра, менiң рұқсатымсыз, менiң аранжировкаммен орындадың, ал ол әндi мен мың долларға жаздырғанмын», – дейдi. Құдай ақы, мен ол әннiң С.Жанпейiсованiкi екенiн, Сәуленiң жаздырғанын бiлгенiм жоқ. Өйткенi бұл әндi бұрыннан орындап жүргендер бар. Маған дискiнi бердi, мен тыңдадым да, орындап шықтым. Болғаны осы. Маған режиссер қандай тапсырма бердi, қандай мiндеттеме белгiледi, тек соны орындадым. «Құдай-ау», – деймiн кейде күйiнiп: «ең болмаса таласуға тұратын қазақтың таңдай қақтырарлық керемет бiр әнi болса екен, айдаладағы тәжiктiң әнi үшiн бiр-бiрiмiздi сотқа сүйрейтiндей, жүйке жұқартып, жұрт алдында арзандайтындай не көрiндi сонша?» Амал не, мұны да бастан өткеруге тура келедi. Бұл iстiң қалай бiткенiнен хабарым жоқ. Бұл «Қазақфильм» мен Сәуле Жанпейiсованың арасындағы мәселе.
– Қарапайым халық өнер адамының шығармашылығын ғана емес, жеке өмiрiн де бiлгiсi келiп отырады.
– Жолдасым екеумiз үш баланы тәрбиелеп, өсiрiп отырмыз. Балаларымның бәрi қазақ мектебiне барып, бiлiм нәрiмен сусындауда. Осылай абыр-сабыр қазақтың бiр отбасы болып өмiр сүрiп жатырмыз.
– Бүгiнде отбасы мен өнердi қатар алып жүрген санаулы қыздарымыздың бiрiсiз. Отбасын сақтап қалудағы өзiндiк құпияларыңыз бар ма?
– Қазақ «қыздың қырық жаны бар» дейдi ғой. Сол қырық жанның арқасында жүрмiз шыдап. Құдай шыдамдылығымызды көпсiнбесiн деймiн. Әйел адамының өмiрге келгендегi басты мақсаты – өмiр жалғастығы, дүниеге перзент әкелiп, ана атану деп ойлаймын. Егер мен тек сахнада ән айтуым керек деп, бәрiн тастасам менiң де шаңырағымның шайқалуы мүмкiн. Жолдасыма рахмет. Барам деген жағыма барып жатырмын, жүрем деген жағыма жүрiп жатырмын. «Қалауын тапсаң қар жанады» дейдi ғой. Егер әйел адам қиыннан қиыстырып, кез келген нәрсенi үйлестiре бiлсе, барлығы да жақсы болады. Әрине, өмiр болған соң ақ пен қара қатар жүредi. Менiң де қиналатын кездерiм болады. Бiрақ, оның барлығын өтпелi деп қараймын. Ондай кезеңнен мен ғана емес, барлық әйел өтетiн сияқты.
– Десе де, сiздiңше, ерлi-зайыптылардың тату-тәттi ғұмыр кешуi үшiн әйел заты қандай қадамдарға баруы керек?
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» демей ме? Жалпы, бiздiң қазақ дана халық қой. Мақал-мәтелдерiмiздiң барлығын да орынды айтып кеткен. Оқырман қауым ақылгөйсiп жатыр деп сөге қоймас. Қазiргi жастарға қарағанда, бiр-екi көйлектi тоздырдым ғой. Менiңше ерлi-зайыптылардың тату-тәттi ғұмыр кешуi әйел адамға байланысты. Отбасы болғасын барлығы да болады. Соның барлығын ақылға жеңдiру керек. «Әйел – мойын» дейдi. Егер мойын қалай бұрылса, бас та солай бұрылады. Бiреуiнен кеткенiмен, екiншiсiне барады. Ана үйде бар нәрсе, екiншi үйде де бар ғой. Өмiр болғасын, жағдай барлық жерде бiрдей. Бiр жiгiттiң үйiндегi жағдай екiншi жiгiттiң де үйiнде бар ғой. Сондықтан бiздiң қазақтың қыздары тарихты көбiрек оқу керек. Егер қазақтың әйелдерi қандай болғанын оқып бiлсе, бiздiң сiңiлiлерiм терiс қадамға бара қоймас деп есептеймiн.
– Сонымен қатар, қазiргi таңда енесiмен бiрге тұрудан қашатын келiндер аз емес. Өзiңiз енеңiзбен қандай қарым-қатынастасыз?
– Адам бiр нәрсенi iстемес бұрын өзiн сол жерге қойып көру керек. «Ертең мен де кемпiр болам, сонда балам тастап кетiп жатса қандай боламын» деп, ақылға салу керек. Екiншi жағынан, неше түрлi енелердi де көруге болады. Бiр жақты келiндi де жамандауға болмас. Ене болғасын айтатын жерiнде айтып, басатын жерiнде басып, көтеретiн жерiнде көтерiп, мақтайтын жерiнде мақтап отырса, бәрi жақсы болады. Сондықтан да, бұл жерде бар мәселе – адамдардың арасындағы түсiнiсушiлiкте. Сонда ғана бiр жақсы отбасы болып тұра алатын сияқты. Өзiмнiң енем алыста тұрады. Жылына бiр-екi рет қана көргеннен кейiн бiздiң арамызда ұрыс-керiс болған емес.
– Сiз сахнада да, күнделiктi өмiрде де әдемi қалпыңыздан танбай келесiз. Сұлулығыңыздың сыры неде? Сыртқы келбетiңiздi қалай күтесiз?
– Мен әдемi қартайғанды жақсы көрем. Барлығына да тiлейтiнiм сол. Жетпiске келiп тыртаңдап шалбар киiп, шашын кесiп тастағанға қарсы адаммын. Әр нәрсе өзiнiң уақытымен болғаны дұрыс. Қыз күнiңде барық нәрсе жарасады, барлық нәрсе кешiрiледi. Ал, келiншек, әйел болғанда соған сай болуың керек. Егер әже болып бiр ертегi бiлмесең, өнегелi әңгiме айта алмасаң, қандай қадiрiң қалады. Қартайғасын кәрiлiктi мойындауың керек. Оған жеткен де бар, жетпеген де бар. Өз басым зейнетке шықсам, бәрiн тастаймын да үйде отырамын. Жастарға орын беремiн.
– Мәндi де, мағыналы әңгiмеңiзге үлкен рахмет!
А.КЕҢЕСҚЫЗЫ.
2014 ЖЫЛ ҚАЗАН

Сізге де ұнауы мүмкін

Сауалына – жауабы
Шер тарқатсам деп едiм…

Автор

Меню