АНКЕТА ДӘПТЕРІ: Актриса ЖАЗИРА ЕРКІН

«Ақ босағаның» анкетасын бұл жолы жас актриса, «Арманға 20 қадам» телехикаясына түсiп жүрген, осыған дейiн киносүйер қауымға «Айжан», «Зәуре», «Пәленшеевтер», «Қазақ аруы», «Қыз жолы», «Бажалар», «ВУЗеры» телехикаялары арқылы танылған ЖАЗИРА ЕРКIНҚЫЗЫна ұсындық.
– Жазира, қай жердiң тумасысың?
– Алматы облысы, Кеген ауданы, Ұзынбұлақ ауылында 1996 жылдың 17-мамырында туғанмын.
– Сенi дәл қазiргi кезде не ойландырады?
– Оқуым мен болашағым.
– Сенi қуанту үшiн өзгенiң қандай әрекет жасағанын қалайсың?
– Қыз баланы қуанту қиын емес. Оптимистпiн. Жақын адамдарымның кез-келген жақсы әрекетiне қуанамын. Өзiм эмоцияның адамы болған соң менi қуанту оңай.
– Өзiңдi көшеде халық танитын танымалдыққа жеттiң бе? Сенi алғаш танытқан режиссер мен фильм?
– Мен түскен киноларды көретiн аудитория әртүрлi. Көп болмаса да, танып қалатын кездер болады. Режиссер Айгүл Аксамбиеваның «Айжан» телехикаясы арқылы танылдым.
– Кино әлемiнде қай образды сомдауды армандайсың?
– Томирис секiлдi өжет, қайсар, қайратты қыздардың образын сомдағым келедi. Салмақты, тарихи образдарда өзiмдi көрсем деймiн.
– Замандас құрбыларыңнан қандай қасиеттерiңмен ерекшеленесiң?
– Қарапайымдығыммен болар. Қазiр жастардың заман ағымына қарай түсiнiгi, тәрбиесi өзгеше. Үйде әкем мен анамның, әжемнiң тәрбиесiн көрiп өскеннен кейiн қазақы қарапайым қызбын деп айта аламын.
– Ақ босағаны аттағанда ненi үйренiп баруы керек?
­– Ұлтымыздың салт-дәстүрiн. Тектi жерден тәрбие көрген қыз отбасылық өмiрге тез үйренедi деп ойлаймын.
– Ұнатқан жiгiтiңе алғаш болып сезiмiңдi бiлдiрер ме едiң?
– Жоқ, жiгiтке сөз салмайтын едiм.
– «Селфи – ауру» дегенге көзқарасың қандай?
– Селфи – көп адамдарға хобби болып кеткен сияқты. Адам өзiн тым жақсы көргеннен бе екен?..
– Ал, өзiң күнiне қанша фотоға түсесiң?
– Жиi емес. Күнiне бiр фотоға түсуiм мүмкiн. Кейде 4-5 күнде бiр рет түсетiн шығармын.
– Сенiң өмiрiңдегi әженiң ролi қандай?
– Менiң әжемнiң жасы 90-нан асқан. Барлығымыз бiрге тұрамыз. Немере, шөбере сүйген, көптi көрген жан. Бiздi бағып-қағып, өсiрдi. Бiрге ораза ұстаймыз. Денсаулығы жақсы, Аллаға шүкiр.
– Ата-анаңның саған үнемi айтып отыратын ақылы мен нақылы қандай?
– Маған үнемi «қайда болсаң да абыройлы бол, ұятқа қалма, ар намысыңа берiк бол, адамның статусына қарап, әрқалай сөйлемей, елдi бiрдей сыйла» деп отырады. Қыз балаға анасы жақын келедi ғой, екеумiз сырласамыз. Ақылшым.
– Қолаңшашты ару екенсiң. Күтiмiн қиынсынбай өсiретiн арулар азайып барады. Қиып тастағың келетiн уақыт бола ма?
– Шашым белiмнен асып жүретiн. Жарты жыл бұрын қысқартуға тура келдi. Десе де тез өсiп қайта қалпына келiп қалды. Күтiмiн қиын демеймiн. Түсiрiлiм кезiнде шаш үлгiлерiн жасап, сәндеуде обал боп кеттi. Өзiнiң табиғи түсi осы. Шашым – байлығым, қатты жақсы көремiн.
Лаура Қуандыққызы.
2018 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Қытай «кереметі»
Қауырсын – арман

Автор

Меню