Алданышы арақтан

Арал емтиханнан құлап қалды. Қасында танитын ешкiм жоқ. Қара тақтадан (мұның атын көрсетпеген тiзiм жазылған тақтаға өзi қойып алған аты) өз есiмi жоқ болғанда әуелi сенбедi. Неше қайта қарады. Әр оқыған сайын көңiлi құлази бердi, құлази бердi. Қайраты кемiп, уайым көбейдi. Биылдан қалса армияға әкетедi. Елдiң алыпқашпа сөзiнен ондағы жағдайдың мәз емес екенiн естiгелi тiптi барғысы жоқ. Әрi одан кейiн азғантай бiлiмi мүлде жарамсыз болып қалса… Желтоқсан жыры Совет армиясында өзгеше бағаланып, «дедовщинаның» ерекше өршiп тұрған кезi. Анандай жерде ағып жатқан арыққа аяғын салып отырып көз жасынан ұялмай еңiреп жiбердi. Мейлi, ешкiмнен қымсынбай iшiн жеңiлдетiп алғаны өзiне жақсы болып қалды. Бойы бекiдi. Ойы тұрақтанды. Елге барып күлкi болғанша осы дәу қаланың бiр бұрышында өзiне лайық бiр жұмыс табуды ойлады. Тек қай жерден iздеу керек? Ойы осыған тiрелгенде иығына бiр жып-жылы алақан тидi. Қыз. Ақ көйлек киген нәзiк бойжеткен. «Сен де құладың ба?» дедi жәй ғана. Арал басын изедi. Қыз шақыру күтпестен қасына отыра кеттi де, қолындағы «шупа-шупсын» ұсынды. Екеуi бiрiн-бiрi баяғыдан бiлетiн сияқты. Арал бырт еткiзiп тiстей салған. Қыз екiншiсiн ұсынды. «Асықпай жалап же. Ойлануға жақсы», – деп қояды. Құлағанына түк қиналып отырмағандай. Жоқ, мұның да көзi iсiптi. Өз ойымен өзi бола тұрған Арал әлден уақытта:
– Сен де осында тапсырып па едiң? – деп сұрады.
– Менi қойшы, СХИ-ға түспесек, ДХИ дайын тұр. Ал өзiң не iстемексiң?
Ол қандай институт екенiн ойына түсiре алмаған Арал: «ол жерге менiң баруыма бола ма?» – дедi. Қыз шалқайып тұрып мәз бола күлдi. Сосын түсiн суытып, басын шайқап: «Болмайды!» деп, кесiп айтты. Арал аң-таң. Оның осы түрiн қызықтап қыз тағы күлдi. «Дома Хозайственный институт» деп алды да және күледi. «Осыдан ауылға барсам, екi-үш айға жеткiзбей алып қашып кетедi», – дейдi. Күлегеш қыз Аралға ұнай бастады. Екеуi күнi бойы қаланың көшелерiн кездi. Кешкi поезға шығарып салған Арал бiр айдан кейiн ауылына iздеп барып Мираны өзi алып қашатын болып келiстi.
Жұмыс жоқ, оқу жоқ, алда тек белгiсiздiк. Бiрақ үйленуге дайын. Қызық. Ата-анасы не дер екен?
Не десiн, «әкел, үйлен. Бас екеу болмай мал екеу болмас» дедi. Ата-анасының қолдауынан кейiн Аралдың да жүнi тiкiрейiп, құлшынып шыға келдi. Бiр жыл КА-700-та iстей тұрады. Сосын құрылысшы болып жүрген Ерсайын ағасына көмекшi болып Алматыға кетедi. Өзi әзiлкеш болып алды. Бәрiн ауызымен үйлестiре салады. Батыл. Уәделi уақытта қыздың жазып берген тiлдей қағазымен ауылын iздеп шықты. Титiмдей автобустың терiс қарап отыратын алдыңғы орны тидi. Қарсысында етжеңдi дәу қатын. Тiзелерi тиiсiп әзер сиып келедi. Кiсiлер кiрген бойда қауқылдасып, жөн сұрасып жатыр. Аралдың қарсысындағы әйелге «Мираның мамасы-ау» деп сөйледi бiреуi. Арал кiп алып қалды. Мүмкiн өзi iздеп келе жатқан сол қыздың анасы болып шықса қайтедi?
– Әй, балам, сенi танымадық қой, кiмнiң үйiне келесiң?
– Мен бiреудiң тапсырмасымен… мына сәлемдеменi апарып бермекшi болып…
– Аты кiм iздеп келе жатқан кiсiңнiң? Кiшкене ауыл, бiз бiрiмiздi бiрiмiз жақсы танимыз.
– Хамит деген, мұнайда iстеген.
– Хамит? Ондай кiсi жоқ… әлде Хамза шығар?
– Қой, Хамза былтыр көшiп кеттi емес пе?
– Қазiр… – деп, өтiрiк қалтасын қараған, қағазын iздеген болып күйбеңдедi.
– Ойбой, балам-ай, бiз барғанша күн батады. Мына автобус ертең таңертең ғана кейiн қайтады. Түсетiн басқа таныс үйiң бар ма?
Арал жаңағы ел «Мираның мамасы» деген етжеңдi әйелге қарап күлiмсiредi:
– Еншiмiз бөлiнбеген қонақжай қазақ емеспiз бе, бiреу-мiреу үйiне бiр түнге қондырар.
– Қап, мына баланы-ай, сөз тауып кеттi. Жүр бiздiң үйге. Заттарымды көтерiсерсiң.
Отырған бетте заттарын ыңғайластырып көмектескен Арал өзiне өзi риза болып қалды.
Шынымен де, үркердей ғана ауыл екен. Күз келгенмен жерi әлi өңiн бере қоймай желегi желкiлдеп жатыр. Дәл iргеден өзен бұлаңдайды. Күмбезi жоқ мешiт тұр ортада. Апайдың үйi бiрталай жер. Тiрсегi майысып Арал дәу ала сөмкенi көтерiсiп келедi. Көк жасыл сырмен сырланған шарбаққа жақындағанда ентiккенiне жүрегiнiң алабұртуы қосылып болдыруға айналды.
– Япырмай, мына сөмкелердi ылғи осылай тасисыз ба? – Таңданысын жасыра алмады.
– Ендi қыстай шықпаймын. Осыларды сатып, күн көрiсiмiздi айырып отырамыз. Бұрын дүкенде iстегенмiн. Рабкоп (бұрын кеңес одағы кезiнде жұмысшылар кооперативi деген қоғам бүкiл одақ бойынша сауда iсiмен бiр өзi айналысатын) жабылды да, күн көрiс қиындап кеттi.
Үйден жүгiрiп шыққан Мираны көрiп, апайының артына қарай жылыстап, өзi танымайтын адам кейпiне түсуiн ұқтыра ымдап әлек. Қыздың iшi қу. Ол да сыр бермей бақты.
Шәй iшiп жайланған соң қол көмегiне риза апасының өзi-ақ:
– Әй, Мира, мына баланы ертiп ауылды аралат. Тамақ пiскенше таза ауамен тыныстап келiңдер. Хамит дегендi танитындар болса сұрастыр. Сiрә, шатастырып айтқан болуы керек тапсырма берген кiсi. Бiрақ, мына жiгiтке риза болып отырмын. Қазiр ешкiмнiң ешкiммен iсi жоқ кезде «әкемнiң жолдасы өтiнiп едi» деп, жер арқасы қиянға келгенiн қарасайшы, – деп қояды.
Оңаша шыққан соң Мираға оқиғасын айтып тауыса алар емес. Еркiнсiп, қоқиланып қояды. Әкелген сыйлығы қызға ұнады. Осы бүгiн қашпаса басқа қызға үйленем деп қорқытып та қойды. Тапқан айласы ертең жiгiт кеткен соң «төлқұжатын байқамай қалдырып кетiптi. Поезға мiне алмайтын болды деп» қыз артынан қуа келетiн болды.

***
Арал үйленген соң жұмыс iздеп ағасына кеттi, Алматыны сағалады. Пәтерден пәтерге көштi. Бiрiнен бiрi кiшi үш қызды жетелеп жүрiп жатты. Бiр жолы жұмысқа тұруға керек болып Мира дәрiгерлiк тексеруден өттi. «СПИД» дегендi естiп жағасын ұстады. Келе Аралды тергедi. «Кiмменен болдың, қайдан жұқтырдың?»
– Мен ешкiммен… сен өзiң шығар?
Күдiк өршiп айқайға ұласты. Керi диагноз шығып, басқа бiреудiң анықтама қағазы екенiн дәлелденгенше отбасы бұзылып бiтiп едi. Өкiнiш, сенбеушiлiк, ыза ерлi-зайыпты екеуiн жеп қойды. Арал сенбеген деген олай емес, былай деп көзiне шыныменен шөп салды. Мира өзiнiң мұңын ерiнбей тыңдаған үй иесi тетя Зоясымен бiрiгiп арақ iштi. Әуелi iштегi жалынды жалынмен қайтармақшы болды. Сосын көңiл көтермекшi болды. Тетя Зояға тегiн арақ болса болды. Кейде «Арал сөйттi, Арал бүйттi» деп жанынан да шығара салады. Ашу жеңген Мира Аралдың ақталғанына сенбейдi. Алданышын арақтан iздеген жан бөтелкенiң түбiнен қайғы мен қарғыстан басқа не табушы едi.
Дүниеде әйелдiң арақ iшкенiнен жиркенiштi нәрсе бола ма? Статистика бойынша, әйелдiң маскүнемдiкке тез бой алдыратынын және емге көнбейтiнiн дәрiгер ғалымдар дәлелдеп-ақ жатыр. Тек тыңдайтын құлақ қайда? Есейiп қалған қыздары бағыт-бағдарсыз қаңғып кететiн анасының артынан бағып жүретiндi шығарды. Еркек сияқты шу шығармағанмен арақ сасыған әйелден, алу-далуы шыққан, кеспiрi кеткен әйелден бейшара көрiнiс әлемде жоқ шығар. Көшеде құлап жатқан анасының қасында жылап отырған титтей қызға жаның ашымай қарау мүмкiн емес. Бiр өтiрiк екiншi өтiрiктi жетектеп, бiр қателiкке екiншi қателiк жамалып, тiршiлiк түйiткiлдерi зорая бердi, молая бердi. Арал тек ештеңе бiлмегендей, ештеңе сезбегендей жүре бердi. «Мен бе, өзiнен көрсiн, өзiнiң таңдап алған тiршiлiгi» деп алақан жаяды.
Сөйтiп жүрiп Мира көшеде өлдi.
Жаназаға келген елге: «Жүрегi ауыратын едi. Көшеде құлап қалған жерiнен тауып алдық. Қолында дәрiсi болмапты» дедi.
Қыз анасының өкiнiш, өкпесiнде шек жоқ едi. Күйеу баласын қарғамады. Қайтсiн, қолында үш бiрдей жиен қыздары бар ғой. Бiрақ төбе құйқаңды шымырлатар жоқтауы құлақтан кетер емес. «Бұл мәселе басталғанда бiрден неге айтпадыңдар, ақыл салмадыңдар, неге жасырып-жаптыңдар. Ғасыр дертi ғой. Қолдан жасап алған аурудың емi жоқ деген. Бәлкiм ертерек бiлсек… Саған сенiп едiм, Арал-ау, ер-азамат қой дегенмiн. Бастапқы алдағандарыңды баланың әзiлiндей қабылдаппын. Жастыққа бәрi жарасады деппiн. Басқа балаларымның қамымен жүрiп сендермен алыста болған соң жиi де хабарласа алмаппыз. Бұл бiр сүйекке таңба, жүрекке ерекше салмақ болды ғой. Жасымыз жетiп, ұзатылар қыздай о дүниеге бет бұрып мәлкiлдеп отырғанымызда мынандай зiл батпан салмақты қалай көтеремiн? Қызымды ерге бердiм деп ойлаған едiм. Жерге беретiнiңдi бiлсемшi… Мына титтей бүлдiршiндердiң ертеңгi күнi не болар? Аналарын қалай еске алар? Не деп еске алар?..»
Маркиза Базарбай.

фото ru.freepik.com сайтынан

2014 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Қайырымдылықты да сәнге айналдырды
Көп қазаққа татитын Галя жеңгем

Автор

Меню