«АҚ БОСАҒАНЫҢ» өткен нөмірінен «Қарыз берем деп қапыда қалды» деген мақаланы оқып, мен де өз басымнан өткен жайтты айта кеткендi жөн санадым. Басқаларға сабақ болсын. Қанша жерден сақпын десек те, алданып қалып жатамыз. Бiр сериалда жүйелiк маркетингпен айналысқан жiгiт: «алаяқ аз, ақымақ көп» деп ауыл адамдарын сан соқтыратыны бар едi. Былай қарағанда сол бiр сөз рас-ау деймiн.
Күнi кеше ғана мен де алаяқтың бiр уысына түстiм. Таныстарға қарызданғым келмей, банктен де несие ала алмасымды бiлiп (өйткенi, алдыңғы несиемдi әзер жапқаным бар), басқа жол iздей бастадым. Сөйтсем, қазiр қарыз беретiн орындар тiптi көп екен. Ауылда отырып-ақ, ғаламторың болса болды, iрi қаладағы онлайн-кредит берушiлердiң офисiне хабарласып, өтiнiш тастасаң болғаны, карточкаңа сұраған ақшаны лақтыра салады екен. Рас, бұның да пайызы аз емес.
Тағы бiр жарнамаға көзiм түсiп, хабарласып едiм. Ол: «кез келген банктен несие алуға көмектесемiн», – деп құрдай жорғалады. Мен күдiктенiп «ойланып көремiн» деп құтылармын дегем. Қайдан. Ертесiне өзi қоңырау шалып, қал-жағдайымды сұрап, «мұндай мүмкiндiктi жiберiп алма», – деп нығырлап асықтырып қойды. Түстен кейiн тағы қоңырау шалды. Менiң ақшадан қысылып тұрғанымды байқады бiлем, «бүгiннен қалмай 30 мың теңге салып жiберсең, ертең есепшотыңа айтқан қаржың түседi», – дедi. Және пайыздық мөлшерлемесi аз банктердi салыстырып, несиенiң түрлерiн сараптап бергенде сауатсыз бiреу емес екенiн аңғарасың. Не керек, ертесi 30 мыңның орнына 15 мыңды айтқан карточка нөмiрiне салдым да жiбердiм. Ол карточка өзiнiкi емес, жеке танысыныкi көрiнедi. «Схема солай екен». «Сұраған ақшасынан аз бағаға келiстiрдiм», – деп мәзбiн. Бiрақ, қуанышым көпке созылмады. Алғашқы 2-3 күн «күт» деген жауап алсам, одан кейiнгi 2-3 күн тағы «өзiң асықпай жүрiп алдың, банктер қосылып…» деп сылтау айтты. Банк жүйесiнде өзгерiс болып жатқанынан хабардар болған соң айтқаны рас шығар деп тағы күттiм. Осылайша апта өттi. Бiр аптадан соң әлгi «банк қызметкерiм» басқа сылтаулар айтып, не телефонын көтермейтiн әдет тапты. Сан соғып қалғанымды сонда бiлдiм. Ендi өзiмнiң 15 мың теңгемдi керi қайтаруымды талап еттiм. Қайдан? Iзiм-қайым 15 мың теңгемен бiрге жоқ болды. Алаяқтың құрығына түскенiмдi ендi анық бiлдiм.
Ал, өткен жолы тағы бiр жолдас жiгiт «Алматыдан үй алуға көмектесемiн» деген танысының қолына 1 млн теңгенi ұстатып берiп жiбергенiн айтқаны бар едi. Көптен берi көрмей кеткен курстасы өзiн әкiмшiлiкте жұмыс жасайтынын айтқан. Сөйтсе, әкiмшiлiкке кiрiп көрпе-төсек сатқаны болмаса, кеңседе отырып iс қағаздарымен бiр күн де жұмыс iстемеген көрiнедi. Оны да кейiнiрек амалсыз жұмыс орнына iздеп барғанда хабардар болды. Оның алаяқтығының өз жоспары былай екен: «көмектесемiн» деп уәде берiп, сенен ақшаны алып кетедi де, өз қажетiне жұмсап, бiр жыл бойы саудасын дөңгелетiп алады. Ал, ақша берген адам 3 айдай оның «жұмыстан қол тимей кеттi, жиналыстамын», «болмай жатыр», «күте тұр» деген сылтауларына сенiп уақыт оздырып жүрсе, тағы 3 ай өткен соң күдiктене бастайды. Жарты жылдан соң тағаты таусылып: «үйi құрсын, ақшамды қайтар» деп берген ақшасын қайта қайтаруды ғана ойлайды. Бұл сөздi естiрту үшiн де байланысқа шыға алмай тағы бiраз жүредi. Ал, айтқан соң «ақшамды әкеп тасташы» деп жалынуға көшедi. Сөйтiп жүргенде бiр жыл уақыт өтедi. Дәл бiр жылдан соң әлгi таныстың саудасы жүрiп кетсе, ақша керi қайтады. Болмаса, тағы бiраз уақыт өз ақшаңыздың қолға тиюiн күтiп жүрiп қалуыңыз мүмкiн. Бұлар iз-түссiз жоғалып кетпесе де, жүйкеңдi жұқартып, бiраз шығынға батырып, өзi пайдасын көрiп барып қана қайтарады. Өзiмдi жарылқаймын деп жүрiп, өзгенi жарылқағанымызды бiлмей қалып жүрмейiк.
Б. Бағжан.