Маусым айында Алматы қаласында Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының кинофестивалi өттi. Фестиваль аясында тоғыз ұлттың арнаулы кино саласы мамандарынан құралған кәсiптiк ұжым бiрнеше кинокартиналарды тарту еттi. Iштерiнде 31 каналда қазақ тiлiне аударылып көрсетiлген «Шынайы махаббат» көркем фильмi де бар. Шерзат Якуп режиссерлiк ететiн кино өткен ғасырдың ауыр тұрмысын көз алдыңызға әкеледi. Бiрнеше елде жүлделi орынға ие болған картина шынайы өмiрден алынған. Қиналып отырғанына қарамастан 19 баланы бауырына басқан Әнипа атты ананың қанша қиыншылық көрсе де, балалардың бiрiн де тастамай асырап бағып-қағуы ерлiкке пара-пар едi. Күн көрiстерiн айырып отырған ұстаханасы өртенедi, басына жара шыққан асырап алған қытайлық қызды да емдету керек. Қиыншылықтың бәрiн жеңiп, ауыртпалық артта қалғандай болғанда өзi туған жалғыз ұлынан айырылып қалады… Осы фильмдегi ананың рөлiн сомдаған актриса Құндызай ТАШ бiзге сұқбат берген едi.
– Құндызай, бұл рөлге қалай келдiңiз?
– Кастинг арқылы келдiм, осының алдында түскен киноларымның да көмегi тидi.
– Көп балалы ананы сомдау қиынға соққан жоқ па?
– Оқыған кәсiбiм болғандықтан, қиналдым дей алмаймын. Мен кәсiбiмнiң қиыншылығына ешқашан шағым айтып көрген емеспiн. Өзiмде жалғыз қыз бар. Оның өзiне кәдiмгiдей уақыт бөлiп, мектебiне барып, тәрбиесiмен айналысуым да керек. Кинодағы 19 баланың анасы болған Әнипаның батырлығы қызыма қараған сайын есiме түседi. Бiз жалғыз балаға үлгермей жатамыз, сонша балаға қалай үлгерген деп таң қаласың. Әрi 19 бала түрлi ұлттан, сонда да болса, ынтымағы өте күштi.
– Фильмде қолыңызды суық суға бiрнеше рет салып, ауыр тiрлiк iстейтiн кадрлар бар. Осындай кезде ше? Киноны тастап кетемiн деп ойлаған жоқсыз ба?
– Ешқашанда, басында айттым ғой, Әнипа анамыз өмiрде шын болған адам, оның қиыншылығының түйiрдейiн де көрiп жатқан жоқпын қой. Кадрден кейiн жылы киiнiп, тамақты тоя жеп жатамыз. Ал, Әнипа анамыз балалары аяққа тұрғанша қиналды. Қатты қиналып кеткенде анамыздың батырлығы, қажымас бейнесiнен күш-қуат алдым. Түсiрiлiм кезiнде, жасырмаймын, бетiн көк мұз көмкерiп тұрған өзен суына қойдың iшек-қарнын жуамын деп мұрттай ұшып түстiм. Барлығының шынайы болғанын қалайтын түсiрiлiм ұжымы ешкiмдi аямайды, жолдасым болып ойнайтын жiгiт ол да мұзы ойылып кеткен өзен суына түстi.
– Егер осы Әнипаның тағдыры сiздiң басыңызға түссе, осынша баланы асырап алар ма едiңiз?
– Әрине, асырап алар едiм. Менiң Әнипа анамызға ұқсайтын жерiм: жалғыз баламыз бар (күлдi). Қазiр де қамқоршылық үйлерi бар болғандықтан, сонша баланы асырауға бермесi анық. Бiрақ, қайталанып жатса асырап аламын деп сенiмдi айта аламын. Неге десеңiз, мен кинода болса да балалардың ауыр тағдырын, жетiмдердiң көз жасын көрдiм.
– Сiздiң маңдайыңызға көбiне ана ролiн сомдау жазылған ба деген ойға қалдым… әлде қателестiм бе?
– Рақмет (күлдi), менi көбiне Қытай елiнде түсiрiлетiн картиналарда шетелдiк қыздардың рөлiне бекiтедi. Негiзi, қырықтан астам кинодағы рөлдерiм ойып орын алатындай дәрежеде шықты. Ал, эпизодтық рөлдер тiптi көп, саны есiмде жоқ. Жеңiлтектiң де, қаныпезердiң де рөлiн сомдадым. Менiң өнерiмдi танытуға жол ашқан осы «Шынайы махаббат» болды. Жақында Үндiстанда арнайы марапатталып келдiк. Әне, әлгiде дәлiзде тұрсақ, бiр адамдар келiп, танып суретке бiрге түсiп жатыр. Өнер адамы үшiн халықтың ықыласынан артық ешнәрсе жоқ екен.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңiз.
– Әкем Таш Мамыт – Қытайда танымал жазушы, әрi журналист. Яғни, әкем шығармашылық адамы. Менiң кино саласына келуiмнiң өзi әкемнiң ықпалымен болды, әкеме актриса болғым келедi деген едiм. Бейжiң қаласында өнер саласындағы жоғарғы оқу ордасында оқыдым.
– Сiз қызыңызды қалай тәрбиелеп жатырсыз, ол жолыңызды қуамын десе не айта аласыз?
– Қызым – менiң жанкүйерiм. Жалғыз болғаннан кейiн аздап ерке, бiрақ, түсiндiрсең бiрден еркелiгiн қояды. Жұмыстан басқа уақыттың барлығын отбасыма арнаймын. Жолдасым да осы кино саласында, түсiрiлiм алаңында жүредi. Бiрақ, қызымның менiң жолымды қуғанын қаламаймын.
Мен тағы бiр нәрсе айтайын, мен кинофестивальге Қазақстанға екiншi мәрте келуiм. Бұрын Астанада болған едiм. Алматыға келiп мына ғажайып табиғатқа басым айналып жатыр. Нағыз кинокартина түсiретiн жер екен. Мұндағы көрермендерiме де газеттерiңiздi пайдаланып рақмет айтқым келедi.
– Егер қазақстандық киноға түсуге ұсыныс түссе келiсер ме едiңiз?
– Әрине, қуана-қуана. Қонақ ретiнде емес, жұмыс бабында келсем мен үшiн тек бақыт.
Аида КОЖМАМБЕТОВА.
2017 жыл