Айзада Сатыбалды, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Шексіз нығметтің қадірін білу үшін бір сәт дамылдағандаймын…

Айзада Сатыбалды, театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Шексіз нығметтің қадірін білу үшін бір сәт дамылдағандаймын…

– Айзада әпке, сізбен сұқбаттасқаныма қуаныштымын. Біраз үзілістен соң театр сахнасына оралды деген сүйінші жаңалықты естіп қуанып жатырмыз. Біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз…
– Сұқбаттасуға ниет білдіргеніңізге рахмет айтамын. Санаға салып, қазіргі оймен ойлансам, соншалықты көп уақыт та емес сияқты. Бәрі адамның айтқанындай бола берсе, қанекей. Шебер Алланың қалауы солай екен. Шүкір, тәубе деймін.
Жаңа өмір бастап, оның тіршілігіне араласу мен үшін алшақ дүние боп қалғандай көрінетін. Мәтін жаттап, сахнаға шыққаным мен үшін үлкен белес болды. Сол сәттер маған бір алынбайтын қамалдай еді. Сөйтсем, ол менің санамдағы шектеулер ғана екен. Құрбы қыз-келіншектердің қолдау білдіргені, алдымдағы апаларым мен ағаларымның ақылы мен демеуі үлкен күш беріп, бойыма қуат бітірді. Әсіресе ерекше дәнекер болған әріптесім Гүлшат Тұтова апайым екенін айтқым келеді. Жәй ғана күліп отырып: «үйй, несіне қорқасың, қорқатын түгі де жоқ, сахнаға шық, ойнап жүрген рольдерің ғой», – деді. Осы сөздер нысанаға дөп тигендей, санама серпіліс берді. Не болса да, не көрсем де сахнада көремін деп, нар тәуекелге бел будым. Емдік шаралар кезінде де көп адам «жаяу жүр» деп айтқан-ды. Жауапкершілікті толық сезініп, сахнаға шығатын күнім белгілі болғанда, жоспарлы түрде жаяу жүріп, жаттап алған мәтінді қайталап, қанымды қыздырып, өзімді баптадым. Екі күн қатарынан сахнада ойнап, үлкен белесті бағындырғандай күй кештім.
– Сол бір жол-көлік оқиғасынан соң бірінші байлықты қайтару оңайға соқпағаны анық. Отбасының қолдауынан өзге көрермен тілеуін де сезінген боларсыз…
– Ақырындап тірлікке қайта оралғаныма қуанамын. Мен мұны барлық жан-тәніммен толық қабылдадым. Өткен шаққа байланудың қажеті жоқ, алға жүруім керегін түсіндім. Өткен шаққа да разылық білдірдім. Жүруім үшін біреудің білегімнен ұстамау керегін ұқтым. Құрбандық жағдайынан шығу үшін мен өз-өзімді сүйреуім керегін сездім. Осы күндері алдымен отбасым қолдау білдірді. Жанымда болған жақын бауырларыма рахметімді айтамын. Өз-өзіме келген соң оларға ризашылығымды білдіріп, саналы түрде енді қасымда болмауын айтып, босаттым. Отбасымның мүшелеріне де оңай тиген жоқ. Түсініспеу арқылы бір-бірімізді түсіндік. Жалғыз жаяу серуендеу – сол уақыттары мүмкін еместің бірі болды. Мен қызымды бала күнінде тәй-тәй бастырып, қалай жетектесем, дәл сол кез керісінше қайта айналып келіп, қызым мені қолымнан ұстап жетектеп жүрді. Ұлым да солай жаяу жүруді үйретті. Екінші рет туылғандай күй кештім. Өзімнің жеке жүре алатыныма көздері жеткенде олар маған ақырын қалжыңдап: «мама, сіз – Сізсіз, мысық немесе күшік емессіз», – деді. Содан бастап аяққа нық тұрдым.
Рингке шыққан екі қарсылас арасында қандай күрес, жеңіске деген ұмтылыс болса, менің де санамда сондай арпалыс болды. Мәтін жаттап отырып, орта жолда бас тартсам деп те ойладым. Оң шешім қабылдағаныма өзіме де, жанымнан табылған балаларыма, жолдасыма да рахмет. Олардан кешірім де сұраймын…
– Иә… кей адамдар өмірінде орын алған оқыс жағдайдан соң осынша жасқа есейдім деп жатады…
– Қазақы танымымызбен болжасақ, әр пендеге Жаратушысы көтере алатын сынақ береді деп жатады. Сынақ беріле ме? Әлде сондай сынаққа өзі кінәлі ме? Осындай сансыз сұрақтармен мен өзіме үңілдім. Бұл менің тағдырыма жазылған сынақ па? Әлде менің өзім себепші болдым ба? Есейетінің ақиқат. Мәселе, самайыңа ақ түсіп, бір сәтте қария боп кету емес. Ақылың толысып, жазмыш аяқ асты, ертеңіміздің құпия екенін ұғасың.
– Рас, «бес күн жалған, өмірге қонақпыз» деп қазақ қысқа да нұсқа айтады. Оның үстіне пандемия кезінде адамзат та бір-бірінен оқшауланып, біраз уақыт бір-бірімізден алшақтап кеттік. Айзада әпке, айтыңызшы, көпшілікті аңсайтын кез болды ма, әлде тыныштық жанға жаға ма? Бұл уақытты қалай пайдаландыңыз?
– Жер бетіне келген нәубет дені сау, бәрі керемет адамдардың өзіне де салмақ салды деп ойлаймын. Ешкімге оңай тимеді. Менің жағдайымда бұл екі есе тәубеме келтірді. Мен де сабырда болдым. Сабырдың не екенін түсіндім. Күніне неше рет қаралы хабар естіліп жатты. Барынша сақтанып, үйде оқшауландым. Ешқандай өкінішім болған жоқ. Оқшауланудың дұрыс екенін жаныммен ұғындым. Оның да ләззатын сезіндім. Бір үйде тұратын жандардың бір-бірімен сөйлесіп, жанын түсінуіне жақсы мүмкіндік болды. Бір-бірімізге ренішіміз де айтылды. Бір-бірімізге қажет екенімізді айтып, жандық тұрғыда сөйлесе алдық. Көңілмен түсінісе алғанымызға, әйел адам ретінде толыққанды үйде болғаныма қуандым. Өзімнің жұмысқа беріліп, отбасым үшін уақытымды дұрыс арнамаған кемшін тұсымды, сондай-ақ, отбасым үшін артықшылығымды түсіндім. Қолымда бардың қадірін білдім, бақытым баянды болса екен деп тіледім. Шынымды айтайын, жаным рахаттанған кезең болды. Бәріне шексіз ризамын. Жан-жағымдағы шексіз нығметтің қадірін білу үшін тоқтап, дамылдағандаймын.
– Отбасы деп отырсыз, осы жерде, Айзада әпке, жастық шаққа оралайықшы. Өмірлік серігіңіз ақын Бақыт аға Беделханмен қалай танысып, отау құрдыңыз?
– Мен үлкен әулеттің ең кенжесімін. Атамыз Сатыбалды Тілеуов деген өз заманында айтыскер ақын болыпты. Оңтүстік Қазақстан облысында жақсы танылған ақын, өз ел-жұртына бас-көз болған қоғам қайраткері болған екен. Әкеміз ертерек қайтты. Марқұм әкеміз бен анамыз еңбекқор жандар. Әкем Таңатар – жылқышы, еңбек озаты болды. Бәрі көз алдымда. Асыл анам қазаны оттан түспеген, қонағын құдайындай сыйлап өтті. Әйел адам болса да сөзге құмартпайтын, көп сөзді тыйып отыратын, текті еді. Шешем қайынатасы Сатыбалдының бабын жасап, көңілін тауып, қызмет жасаған екен. Атамыз батасын беріп, ризашылығын білдіріп кеткен. Өмірден өткен соң қандай адам екенін терең түсінеді екенсің.
Менің балалық шағым берекесі аңқыған, үйінен қонақ үзілмейтін отбасыда өтті. Алдымда ағаларым мен әпкелерім болды. Үйдің кенжесімін, мен үшін бәрі дайын болды. Әулетімізде ән айтатын адам көп. Басымыз қосылса ән айтамыз. Кіл «сен тұр, мен айтайын» дейтін сегіз қыз бен үш ұл. Шаңырағымызда қыз балаларды қатты еркелетпеді, «үйрен, үйренгенің өзіңе жақсы» деп, тірлікке жұмсап өсірді.
1 қыркүйек оқуға келдім, 14 қыркүйек Бақыт деген жігітпен таныстым. Ауылдан оң-солын танымай бала боп келген Айзада жатақханаға келген Бақытпен жолы түйісті. Сол күннен бері қол ұстасқан күйі осы күнге жеттік. 16 жасқа дейін жігіт деген тақырыпта ойланып көрмеген Айзада үшін Бақыт маған қамқоршы болды. Қолымнан ұстап жетектеп жүретін. Студенттік шақтың қызығын көргім келеді, қыздармен анда-мұнда барайын десем, Бақыт ешқайда жібермейді. Мен сол уақытта оған ренжіп жүрдім. Кейін ақыл тоқтатқан соң оның әрекетін түсіндім. Ол мені қызғыштай қорғаған екен. Құдай қосқан екен, қазыналы қарттыққа бірге жетсек екен деген арман-тілегіміз бар.
– Ағаның өзіңізге арнап жазған өлеңдері бір төбе екен. Оқып отырасыз ба?
– Иә, түннің қай уағы екенін білмеймін, оятып алады. Бірақ мен ақын болмаған соң толыққанды оның жан-дүниесін түсіне алмайды екенмін. Түнгі ұйқы тәтті емес пе, шіркін. Бақыт маған: «тұршы, тыңдашы, өлең жаздым» дейді. Тұрып, тыңдаймын. Сөйтсем, ең алғашқы оқырманы мен екенмін ғой. Ән де жазды. Шығармашылық отбасымыз. Шүкір бәріне. Менің саламда да оның маған бергені, үйреткені көп болды. Төрт жылдық білімімнен бөлек Бақыттан үйренгенім көп. Өміріміз шығармашылық белестерден тұрады.
– Ал, екі шығармашылық адамының отбасындағы үндестігі қандай?
– Бір бірімізді түсінгеннен кейін өмірдің кереметтеріне бірге куә боп келеміз. Отбасымызға қонақ болатын шығармашылық адамдарымен таңды таңға отырып өлеңдер оқып, әңгімелер айтылады. Екеуміз де материалдық байлыққа қызыққан адам емеспіз. Рухани байлықты алдыңғы орынға қойдық.
– Балаларыңыз да сіздердің іздеріңізді басып келе ме? Қандай мамандық иесі болуды мақсат етеді?
– Көзіміздің ағы мен қарасы бойжетіп, ержетті. Қызым суретті әдемі салады. Портрет салғанда адамның көзін тірілтіп салады. Мен оның осы қабілетін бағалап, сурет саласына түскенін қаладым. Өзі ән айтамын деп айтқанынан қайтпады. Ақылдаса келе, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының колледжіне оқуға түсті. «Ол жерден ән де айтып, сахнада ойнап, билеп те, бес аспап болып шығасың» дедік. Өзі де осы шешімге тоқтап, «мақсатыма қарай жақындаймын» деп колледжге түсті. Биыл Академияның мюзикл мамандығын бітірді. Астанада жұмыс істеп жатыр. Ал ұлым физика-математика мектебін үздік бітіріп шықты. Шығармашылық қабілет пен өнер әкесі мен анасының қанымен дарыған соң ба, мамандық таңдағанда ол да әртіс болғысы келді. Балаларымыздың шешімдерін қадірледік. Армандарына жол салып бердік, батамызды бердік.
– Айтпақшы, ал, бала Айзада кім болуды армандап еді. Арман-мақсаттарыңыз орындалды ма?
– Кенже болған соң да ерке болдым. Қырға шығып, шөптердің үстінде асыр салып жүгіріп, ән айтамын. Даладай дауысым бар. Шексіз қиялдадым. Кемпірқосақ көрсем де, тырна, қозы-лақ көрсем де қуанатынмын. Менің бар арманым – әртіс болу еді. Кеңестік заманның балалары болған соң, орысша кинолар көрдік. Соларды жалғыз өзім қайталап ойнап жүрдім. Мен 4-сыныпта оқығанда әкем өмірден қайтты. Шешемді «апау» дейтінмін. «Апау, қайда оқуға барамын?» деп сұраймын. «Білмеймін ғой, әкең қайтты. Мен қайтемін» деп шарасыз отыратын. Таңға армандап шығушы едім. Жоғары сыныпта оқып жүргенімде бірде күтпеген жерден ағамның сөзін естіп қалдым. Мені байқауға қатыссын деп апама айтып жатыр екен. Жолым ашылып, ауданнан облысқа, әрі қарай Алматыға кететін болдым. Мен үшін қол жетпестей арман ғой бұл! 16 жастамын. Өз ісінің шеберлерінің алдын көрдім сол жолы. Кәукен Кенжетаев мені өзіне сол кезде-ақ назары ауып шәкірт етіпті. Не керек, мен театр институтқа оқуға түстім.
– Сөз соңында сіңлілеріңізге сыр болсын, айтыңызшы: әйелдің бақытты, төрт құбыласының тең болуы өз қолында ма?
– Сіңлілеріме, құрбыларыма сырлас боп айтарым, бақытты болуы, әрине, өз қолында. Қазақ бар байлығын сөзіне жинаған. Сөзіне мығым, парасатты бола білсе деймін. Заман ағымына ілесіп, сен сен болсаң, мен ол менмін деп әрқайсысы өз қалағанын істесе, онда олар ортақ мүддеге жете алмайды. Әйел тек әйел ғана емес. Күйеуің үшін бәрі де боласың. Өмірлік серігі, бірде досы, бірде сырласы. Бұл жылдармен келетін тәжірибе. Жан дүниесі үйлескен екі жас көлденең келген кез келген сынақты аттап кете алады. Күш жігерін қайрай алады. Қарақан бастың қамымен ғана жүрсе сіңлілерім шатасып кетуі де мүмкін. Кең ойлап, кең бола білу керек. Отбасы бақыты мен әйелдің өз арман-мақсатына қол жеткізуі ол жанның рахаты ғой.
– Ашыла әңгімелескеніңізге алғыс айтамыз.
Сұхбаттасқан Лаура Қуандыққызы.
2021 жыл

Tags: ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Азаматтық танытқандар
Қазақтың қайсар қыздары

Автор

Меню