– Анна ханым, Сiз басқарып отырған мекеме – Орта Азиялық психоанализ институты немен айналысады? Халықтың ахуалына да сараптама жасап отыратын болар? Мысалы: психологиялық тұрғыдан мына мәселе дәл қазiр өзектi деп ненi айтар едiңiз (суицид, депрессия, сенiмсiздiк, т.б.)?
– Психоанализ институты – қоғамдық ұйым. Сондықтан да, көбiне жекелеген адамдардың мәселелерiне көбiрек көңiл бөлiнедi, бақытсыздықтан бақытқа жол сiлтеп жүрмiз. Ал, сiз айтқан мақсаттағы жұмыстарға үлкен мемлекеттiк институттар керек. Бұл ауқымды жұмыс.
– Олай болса, сұрақты басқаша қойсақ: алдыңызға келетiндердiң арасында қандай проблемалармен көп келедi?
–Алдымен жақсы жағын айтайық. Бүгiнде халықтың психологиялық сауаттылығы, психологиялық мәдениетi көтерiлуде. Әсiресе жастар арасында. 20 жыл бұрын көпшiлiк психологияның қажеттiлiгiн түсiне бермейтiн едi. Рас, қазiр де 100 пайыз бәрi хабардар деу ертерек. Дегенмен, көпшiлiк психолог, психотерапевт, психиатр, психоаналитик деген төрт ұғымның айырмасы барын бiледi. Иә, «бiз псих емеспiз» деп анадайдан қашатындар әлi де бар. Кейiнгi кезде жастар жағы ғана емес, 60-тан асқан адамдар да көбейiп келедi. Адамның жаны ауырғаннан кейiн бiздi iздей бастайды. Сол себептi, проблемасы да әртүрлi.
– Ал, ерлер көп пе, әйелдер ме?
– Әйелдiң жаны нәзiк, олар көмек сұраудан ұялмайды. Ерлерiмiз кiшкентайынан «еркектiң аты еркек, еркек жыламайды» деген сөздердi естiп өскен соң, көмек сұрауға намыстанады. Орталыққа келген төрт адамның үшеуi әйел болса, бiреуi ғана ер-азамат. Оның өзiнде жас жiгiттер көбiрек. Бiрi үйлене алмай жүрсе, бiреуi гей болып жүр, бiреуi өзiн-өзi таба алмай жүр дегендей. Үйленген еркектер әйелiнiң сүйрелеуiмен келiп жатады.
– Сiз бiр сұқбатта «психомания, тренингомания» деген ұғымдар жайлы айтып қалып едiңiз…
– «Мания» деген сөз – бұл тәуелдiлiк. Бiреу араққа, бiреу нашаға тәуелдi. Сол сияқты бiреулер әртүрлi тренингтерге қатысып көрем деп жүрiп қалай тәуелдi болғанын сезбей қалады. Тренингке қатысу пайдасыз деуге болмайды. Мысалы: 2 күндiк тренингке барсаңыз, 3-4 апта өзiңiздi жеңiл сезiнiп жүресiз. Неге? Оны мысалмен былай түсiндiруге болады: адам моншаға түсiп, жеңiл душ қабылдағаннан кейiн өзiн жақсы сезiнедi, денеңiз ғана емес, бүкiл тұла бойыңыз балбырап, ұйқыңыз қалыпқа түсiп, жүйкеңiз де тынышталып қалады. Бiрақ, бұл уақытша. Тренинг те сондай, жаныңыздағы түпкi проблеманы жоймаса да, үстiңгi қабаттағы шаң-тозаңды кетiредi. Бұндай сергектiк, әрине, ұнайды да, «қайтадан барсам» деген қажеттiлiктi туғызады. Содан қайта-қайта баруды көздейдi. Мания деп отырғаным сол: қайта-қайта шаңды сүрте бергеннен пайда жоқ, жанды мүжiген мәселенi тереңдетiп зерттеу керек.
Тренингке, әрине, бару да керек. Бiрақ, бала-шағаны ұмытып, барлық ақшаны соған салып бiрiнен кейiн бiрiне жүгiре бергенше белгiлi бiр маманға жүгiнiп, бiр психоаналитикпен жұмыс iстеу әлдеқайда тиiмдi.
Газон сәнiн жоғалтпау үшiн арнайы құралмен ай сайын қырқып тұрамыз. Әдемi шөптiң ортасында арам шөптер де (сора) бар. Шөптi қырыққанда ол да қырқылады, рас. Бiрақ, арам шөптiң тамыры тереңде, қайта өсiп шығады. Оны тамырымен жұлып тастасақ қана, бiржола құтыламыз. Ол үшiн еңбектеп жүрiп қолмен әрбiр сораны тамырынан жұлып тастап отыру керек. Психоаналитиктiң жұмысы да сондай. Психоанализдi неге тереңдетiлген психология дейдi? – Өйткенi, бiз жандағы жараны түбiрiнен алып тастаймыз. Айталық: 5 жасында әкесi ұрысқанда қыз бала ерiксiз бұтына жiберiп қойған, содан өзi ұялған. Ұялғаны былай тұрсын, әкесiнiң қаһарынан қорқып қалғандықтан, бүкiл еркек атаулыға деген сенiмсiздiк, жек көрiнiш пайда болған. Сол үрейден соң 37-ке келгенше әлi бiрде бiр еркекпен құшақтаспайды, жiгiттермен жүре алмайды. Соның бәрiн зерттеп келгенде бар мәселеге әлгi 5 жасында санада жазылып қалған оқиға себеп болғаны анықталады. Мiне, бiз сол сананы өзгертуге жұмыстанамыз.
– Тренингке де қызығатындар көбiне әйелдер. Әрине, олардың денi бақытсыз деуге ауыз бармайды. Арасында ермек iздеп сән қуғандары да бар. Кейде әйтеуiр бiреуге не бiр нәрсеге деген сенiм қажет болған соң жүгiнетiн болар деген де ойға қаламыз. Өйткенi, бұрынырақта өкiметке сенсе, қазiр кiм не айтса соған сене беретiн болғандай. Бiреулер әсiре дiншiл, бiрi көрiпкел-балгерге барып жатады. Сiздiң ойыңызша, қалай?
– Бұның бәрi адамдардың жеңiлдiң астынан, ауырдың үстiнен өтемiн деген балалық ниет дер едiм. Мысалы: мыңдаған келiндер жылап келiп, енесiн жамандайды. Бiз оның енесiн өлтiре алмаймыз, не күйеуiнен ажырастырып жiбере алмаймыз. Тiптi әлгi келiншек ертең ажырасып, басқа бiреуге тұрмысқа шықты делiк. Екiншi рет тұрмыста болғанда да дәл осындай проблема шықпасына кiм кепiл? Ал, ендi, сен жақсы болсаң, санаңды өзгертсең, сол бiр қақпас кемпiрмен неге тiл таппасқа? (Иә, ене 45-50-де де болады, бiрақ, ол келiннiң көзiне кемпiр болып көрiнiп тұрады). Ақылды болсаң, саналы болсаң, психологиялық мәдениеттi болсаң, неге енеңе жылы сөз айтпайсың? Неге қызыл күрең шәйiн дайындап берiп, оның көңiлiне қарамайсың? «Жылы-жылы сөйлесең, жылан iнiнен шығады» деген пәлсапаны алға тартамыз. Керiсiнше «күйеуiңдi лақтырып таста, енеңдi өлтiрiп таста» деген әңгiменi айтатындар жақсы маман емес. Байды ауыстырғаннан пайда да, бақыт та жоқ. Одан да құдай қосқан жарыңмен 30-40 жыл өмiр сүрiп үйренген абзал. Ол үшiн сананы дұрыстау керек.
– Айтыңызшы, жалпы қай кезде адам психологқа барғаны жөн?
– Әркiм өзi сезедi. Әр адам өзiнiң үстi кiрлегенiн бiлген соң жуыну керегiн ұғады да моншаға барады. Сол сияқты кез келген саналы жан психологтың көмегiн қажет етiп тұрғанын түйсiнетiн кезi болады. Жанды тазалау – күнделiктi тiстi тазалаумен тең мәдениет болып қалыптасса деймiн.
Рас, қазiр жастар арасында «апай, бiз бiр-бiрiмiзге ренжiп жүрмiз, осындай проблема болайын деп жатыр» деп келетiндер бар. Ал, осыдан 10 жыл бұрынырақта ерлi-зайыптылар быж-тыж, бiрiнiң бiрi бетiн жыртып, басын жарып, көзiн көгертiп дегендей ажырасудың аз-ақ алдында бiр-ақ келетiн едi.
– Сөзiңiз аузыңызда, дегенмен, кейбiр жандар психологтың немен айналысатынын да бiлмей жатады. Жүйкесi сыр берген адам алдымен невропатолог дәрiгерге баруы керек пе, әлде психологқа барғаны дұрыс па?
– Психология ғылымы пайда болмай тұрғанда-ақ қазакем «қай жерiң ауырса, жаның сол жерде» деп айтып кеткен. Олай болса, психология ғылымы бiзге жат емес. Кемiнде жылына бiр рет психианалитикке барып тексерiлiп тұруы керек дер едiм. Өз iсiнiң шеберi болса, маман бiрден сөзбен емделетiнiн немесе дәрi-дәрмек керек екенiнiн айтады. Дегенмен, есiңiзде болсын, емхана дәрiгерiне 5-10 жылдан берi барып, емiн алып, тұрақты емделiп жүрсеңiз де көмектеспедi ме, онда психианализ орталығын iздеу керек.
Менiң қабылдауыма келген бiр әйел есiме түсiп кеткенi. Көзiне үш рет ота жасатты. Сонда да көзi жақсы болып кетпедi. Неге десеңiз, оның көз жасы құрғамайтын болып тұр ғой, әйелдiң көзiн емес, жанын емдеу керек болды. Бұндайда тренинг те көмектеспейдi. Жеке қабылдауға жазылып, жеке терапиядан өтуi керек. Қайталап айтайын: қай жерiңiз ауырса, жаныңыз сол жерде! Бауырыңызға өкпелеп жүрсiз бе, онда бауырыңыз сыр беруi мүмкiн. Ашуланып жүрсiз бе, онда бүйрекке не өтке тас жиналуы ғажап емес. Ең қарапайым мысал: кiшкентай балаларда баспа (ангина) көп кездеседi. Iрiңдеп жатады. Бұл баланың ашу-ызасы, өкпесi, сыртқа шығара алмаған өксiгi. Оны бала айта алмайды, ата-анасын жақсы көредi. Оларсыз өмiр жоқ, оларға тәуелдi. Ал, егер сол баланы психологқа апарса, онда «мамам былай дедi, папам өкпелеттi» деп айтып бередi де, сол жерде-ақ ұмытып кетiп, әке-шешесiмен күлiп-ойнап кете барады.
Медицинада лабораторияға анализ өткiзедi, мамандар талдап, ағзада нендай зат көп, несi аз екенiн айтып бередi. Сол сияқты психоанализге келген адам да өз ойын, сезiмiн бөлiссе, бiз оны талдап, неге олай екендiгiнiң себебiн табамыз. Мысалы: нашаға деген құмарту, оған деген сүйiспеншiлiк отбасының несiбесiн жырып әкетiп тұр. Сонда наша бала-шағадан артық па? Махаббат бар, тек сол махаббат отбасына емес, басқа жаққа берiлiп тұр. Сол терiс аққан каналды дұрыс жолға салуға жұмыстанамыз. Санамен жұмыс iстеймiз, iшкi құндылықтардың көзiн ашамыз.
– Сонда алдымен психоаналитикке бару керек дейсiз ғой?..
– Психоаналитик – психолог пен медиктiң ортасындағы мамандық. Психолог сөзбен емдемейдi, тек консультация жүргiзедi. Әрине, бiз де консультация жүргiземiз. Сонымен бiрге емдей аламыз. Кейбiр адамдарға 90 минуттық бiр консультацияның өзi жеткiлiктi болады. Кейбiреудiң мәселелесiн шешуге жылдар керек.
– Қазiр мектептердiң бәрiнде психолог маман жұмыс iстейдi. Балалар психологының басқа психологтардан айырмашылығы қаншалықты?
– Кезiнде мектеп психологтары деген болмаған. 18 жыл бұрынырақта болу керек, «әрбiр мектепке бiр психолог керек» деп шуылдап жүрген едiк. Сол ұсыныстың негiзiнде Бiлiм министрлiгi «500 оқушыға 1 психолог» деген бұйрық шығарды. Оған да қуандық. Бiрақ, бүгiн 500 балаға алтын басты, жетi басты психолог болса да жеткiлiксiз. Әрбiр сыныпқа бiр психолог керек. Бұл ұсынысты мен көп жерлерде айтып жүрмiн. Ең болмағанда сынып жетекшiлерiн психолог ретiнде неге дайындамасқа? Сонда сыныптағы 35 балаға 1 психолог болар едi. Қазiр елiмiзде психологтың саны жетiп тұр, сапасы жетiңкiремей тұр. Жергiлiктi жердiң атқамiнерлерi балалар мекемелерiнде жұмыс iстейтiн психологтардың жатағын, тамағын, жолын төлеп, Алматыға жiберсе, мен оларды тегiн-ақ оқытар едiм. Кез келген психологтың тапқан ақшасы Алматыға келiп, 1 апта пәтер жалдап тұрып, iзденуге жете бермейдi. Бiрақ, әзiрге ондай данышпан табылмай тұр…
Психоанализ институтында 5-6 жыл психоаналитик болуды үйретемiз. Соны бiтiргеннен кейiн ғана тағы да екi жыл бала психоаналитигi болуға баулимыз. Бала психологиясы – өте нәзiк нәрсе. Оған арнайы оқу керек, оған әрбiр маманның күшi жете бермейдi.
Осы орайда мектеп психологтары тәуелсiз болса деген пiкiрiмдi айта кеткiм келедi. Бұл ұсынысым жоғарыдағыларға жетсе екен деймiн. Мектеп психологы мектеп директорының қолынан жалақы алмау тиiс. Өйткенi, кейбiр мектеп директоры психологтарды жандарм ретiнде ұстайды. «Анаған барасың, былай деп айтасың» немесе «ана қағазды жаз», «мына папканы толтыр» деп жұмсайды. Ал, психологтың алтын қағидасы – құпиялылық, өз жұмысын басқаға жария етпеу. Одан кейiн мектептегi балалар психологы өз бетiмен келген баламен де жұмыс iстеп отыруы қажет. Жалпы, әрбiр мектеп директоры психология әлiппесiнен хабардар болғаны жөн.
– Сiздiң елiмiздегi психология ғылымының дамуына сiңiрген еңбегiңiздi жақсы бiлемiз. Сонда да болса, әлi күнге атқарылмай жатқан тағы қандай шаруалар ойыңызда жүр?
– Қазiр өз бастамамызбен жылына 2 рет психоанализ мектебiн өткiзiп жүрмiз. Жүз шақты психологтар, ата-аналар келедi. Әркiм өз ақшасына келiп оқып, бiлiмiн жетiлдiрiп кетiп жатыр.
Кез келген психолог жылына бiр рет белгiлi бiр сессиядан өтiп отырғанын қадағалайтын заң болу керек шығар деп ойлаймын. Мысалы: психоаналитик болу үшiн өз жанымызды зерттеп, жылына 600 сессиядан өтуiм керек. Өзi сүрiнiп жатқан психолог құлайын деп тұрған клиентке қалай қол үшiн бередi? Сондықтан, олар алдымен өзiн жетiлдiрiп отыруы керек. Ал, бiзде көп психолог тек теориямен шектеледi, 1-2 тренингтерге барады. Бiрақ, ары қарай баланы суицидтен қалай құтқару керек, депрессиядан қалай шығару керек дегенде шамасы жетпей жатады.
– Байқауымызша, «ханым» деп қайырылуды да сiз бастаған тәрiздiсiз. Сөздiк қорымызда бұрыннан болғанмен, Сiз Анна ханым атанып, елге еленген соң «ханым» деп қайырылуды қалыпты санайтын болды. Есiңiзге түсiрiп көрiңiзшi, «ханымға» қарсы шыққандар болды ма?
– 2000 жылы мамыр айында Ирина Черноловская деген «Бабье царство» деген хабарына қатысуға шақырды. Бiрiншi рет бара жатқан соң арнайы дайындалған едiм. Шашты қиып, ақ түске боядым. Содан кейiн өзiмдi қалай таныстырудың жолын ойладым. Бiз – қазақтар ешуақытта адамның атына әкесiнiң атын қосақтап айтып қайырылмайды емес пе? Өзiнен үлкендердiң есiмдерiне «аға», «апа» деп қосып айтып жатамыз. Бiрақ, бұл орыс тiлдi аудиторияға өте ме? Бiрнеше апта ойландым. Содан ойлап тапқаным: «ханым» сөзi болды. Орыс тiлдi жиынға барып тұрып, «Мергенбаевна» деп қайырылудан бас тартып, «Анна ханым» деп таныстырдым. Алғашында Анна ханым дегенде өзiм де ыңғайсыз сезiнiп жүрдiм.
Бұл атаудың маған таңылуына журналистер де көмектестi. «Ақжүнiс» бағдарламасына барғанымда С. Әбединоваға «Сәуле ханым» деп қайырылатын едiм. Осылайша ханым деп қайырылу бiрте-бiрте әдетке айналды.
Қазақтың ханым дегенi – әйелдi жоғары көтерiп, сыйлап, құрметтеуi ғой. Осыны әлi күнге түсiнбейтiндер бар. «Менi олай атамаңыз, мен ханым емеспiн», – деп орысшалап жауап берiп жатады. Мен оларды ханым деп көкке көтерiп тұрсам, олар қарапайым қызметкер ретiнде төменге түсiп тұрғанын сезбейдi де.
Қазақтың дәстүрiне сай бiр-бiрiне деген құрметтiң кең таралуына себепшi болғаныма iштей қуанамын, әрине. Бүгiнде Құралай ханым, Айнұр ханым атанып жүргендер де – менiң iзбасарларым емес пе?
– Әрине, жолыңызды жалғаған шәкiрттерiңiз бiр төбе. Ал, балаларыңыздың психолог болуына ықпалыңыз қаншалықты?
– Екi қызым, бiр ұлым бар. Үшеуiнiң де таңдаған мамандықтары психолог. Бiреуi психоанализ институтын бiтiрдi. Әрине, олардың психологияны меңгеруiне ықпалым болғаны анық. Сiз өзiңiз ағылшын тiлiн бiлiп тұрсаңыз, қазақ тiлiмен қоса ағылшыншаңыз қосылып тұрады.
Бiрiншi кезекте мен өз балаларыма анамын. Мен оларға ешқашан психолог, психоаналитик бола алмаймын. Тiптi достарым мен туыстарыма да психоаналитик бола алмаймын. Бiрақ, психологиялық бiлiмiм болған соң көмек сұраған кезде тәжiрибеме сүйенiп «мүмкiн былай iстей саларсың» деп кеңес беремiн.
2020 жыл