Ағайынды өнерпаздар

Қазақ жерi таланттарға толы. «Орталық Азия таланттарды iздейдi» тележобасына қатысып, көрерменнiң көзайымына айналып үлгерген Ғаламат және Нұрәлi Бейсеқожалар – бiр үйде туып-өскен ағалы-iнiлi бауырлар. Екеуi де халықаралық байқаулардың лауреаттары. Бүгiнде А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектепте оқиды. Халық алдына бiрi қазақтың қара домбырасын арқалап шығып, арқаланып күй төксе, екiншiсi Еуропаның пернелi аспабында шебер ойнап, әуездi әуендi сыйлап жүр. Екеуiнiң ең басты ерекшелiгi сол – өздерi машықтанған музыкалық аспапта шебер ойнап қана қоймайды, композиторлығы тағы бар. Ғаламаттың жүрегiнен 30-дан аса күй төгiлсе, Нұрәлi фортепианода одан 2 есе көп шығарманы дүниеге әкелген екен.
Осы орайда «Композиторлық жағынан Нұрәлi ағасы ғаламаттан озып тұрған тәрiздi. Бұл фортепианоның мүмкiндiгiнiң молдығынан ба? Әлде домбыраның күрделiгiнен бе екен?» деген сауал келдi. Оған екеуiнiң ағасы әрi шығармашылық директоры болып жүрген Нұрлан Бейсеқожа: «әрине, әр аспаптың өз ерекшелiктерi бар. Домбыра күрделi аспап. Алайда, фортепиано жеңiл аспап деп айтуға болмайды, оның да өзiндiк ерекшелiгi бар. Бұл Нұрәлi мен Ғаламаттың шабыттарына байланысты деп ойлаймын», – деп жауап бердi дейдi.
Нұрәлi биыл мамыр айында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының үлкен залында өзiнiң алғашқы шығармашылық кешiн өткiздi. Кеште А.Жұбанов атындағы мектептiң оркестрiнiң сүйемелдеуiмен Нұрәлiнiң 8 шығармасы орындалған. Елiмiздегi ең жас композитор атанып үлгерген Нұрәлiнiң шығармаларына өнердегi ағалары, оның iшiнде Димаш Құдайберген де зор баға берiптi. Кiшкентай өнерпаз тек фортепианода ғана емес, скрипкада да шебер ойнайды екен.
Ғаламат болса, осыдан үш жыл бұрын (2016 жылы) Құрманғазы оркестрiмен бiрге өзiнiң жеке шығармашық кешiн консерваторияның үлкен залында өткiзген едi. Одан кейiн 2017 жылы ҚР Тұңғыш Президентi – Елбасының кiтапханасында «Ұлы дала толғауы» атты күй кешi тағы өттi. Ғаламат десе дегендей-ақ, атына сай, сол күнгi концертiнде бiр өзi 50 күй орындап, ғаламат кеш өткiздi. Осылайша 16 жасында бiр концертте бiр өзi 50 күй тартып, ел есiнде қалды. Сол күнгi концертте өз шығармаларынан бөлек Тәттiмбет пен Дәулеткерейдiң, Құрманғазы мен Динаның, А.Жұбанов мен Қ.Ахмедияровтың, т.б. күй өнерiнiң хас шеберлерiнiң шығармалары құйқылжыды. Сондай-ақ, ағасы, композитор Нұрсәт Бейсеқожаның да (бүгiнгi күнi Түркiстан облысының Шәмшi қалдаяқов атындағы филармониясының директоры) күйлерiн тыңдарманға паш еттi. Осылайша қара домбыраның үнiн сағынып жүргендердiң құлақ құрышын бiр қандырған-ды. «Ағаны көрiп iнi өсер» деген, ағасы Нұрсәт Бейсеқожаның өнерге бастаған жолын iнiлерi ғаламат жалғап, Нұрәлi қоштап келедi.
6 жасынан бастап қолына домбыра ұстап, 11 жасынан бастап авторлық туындыларын өмiрге әкелген Ғаламаттың әр күйiнiң өзiндiк мәнерi, мәнi бар. Оның домбыра қағысынан батыстың төкпе күйлерiнiң сарынын, шертпе күйлерiнен Жетiсудiң дәстүрiн байқауға болады.
– Жалпы, бұл өнер, бiрiншiден, Алланың бергенi, екiншiден, аталарымыздың қанымен келдi. Үлкен нағашы атамыз халық ақыны, ұлт азаттық көтерiлiсiнiң белсендiсi Есдаулет Қандеков. Өз заманының алып ақыны десем артық болмас. Ал, ата-анамыз өнер жолында емес, бiрақ өнердi жақсы түсiнетiн, жоғары бағалай бiлетiн жандар, – дейдi өнерпаз жiгiттер. Ал, Ғаламаттың есiмiн марқұм аталары француз тiлiнiң мұғалiмi болған, көп жылдар мектеп директоры қызметiн атқарған Орынқұл атасы қойған екен.
Өздерi өнер ауылынан алыс болса да, Саттар мен Зүлфия Бейсеқожалар алты баланың бәрiне бiрдей қазақы тәрбие берiп өсiргендерi, ұлттық өнермен сусындауына жағдай жасап отыруы мақтауға тұрарлық. Бiр отбасынан үш бiрдей композитор шығуы сирек кездеседi емес пе?
Қазiр Ғаламат пен Нұрали екеуiнiң өнерпаздар сайысына қатысып, бақ сынап жүргенiн жоғарыда айтып кеттiк. Iзденiмпаз ұландар бұл тележоба туралы ғаламтордан оқып бiлiп қатысуға өздерi ниет етiптi. Әкелерiнiң рұқсатын сұрап, батасын алып, аналарының қолдауымен таланттардың тартысына түсуде. Жартылай финалда ендi екеуi бiрiгiп өнер көрсетпек, қазылардың шешiмi солай. Бұл жобадан кейiн ары қарай екеуi топ болып өнер көрсетулерiн жалғастыра бере ме, ол жағы әлi белгiсiз. Бiрақ, сахналарда бұған дейiн дуэт болып, өз шығармаларын орындап жүргенiн ескерсек, «өнерлiге өрiс кең» екенiне көз жеткiзе түсемiз.
2019 жыл

фото lenta.inform.kz сайтынан

Сізге де ұнауы мүмкін

Қазақтың қара жiгiтiне кiм жетсiн!
«Бере ме, бермейдi ме баспананы?»

Автор

Меню