АҒАШ БІР ЖЕРДЕ ӨСІП КӨКТЕЙДІ

АҒАШ БІР ЖЕРДЕ ӨСІП КӨКТЕЙДІ

Маусымның 28-і қазақ журналистерінің төл мерекесі – Баспасөз күні. Десек те, елдегі елеулі оқиғалар мен жаңалықтарды жалпақ жұртқа жария етем деп жүріп, әріптестеріміз бұл күнді тойлай бермейтіні де рас. Сондай еңбекқор жандардың бірі, ел газеті «Егеменнің» редакциясында ауыр жүкті нардай көтеріп жүрген Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Отбасының ұйытқысы, үш баланың анасы, аяулы құрбымызды бүгін «Сыр-сұқбатқа» шақырып отырмыз.
– Гүлзейнеп, біздер қазіргі күні қолынан қаламын тастамай жүрген журналист әйелдердің алдыңғы буынына қосылдық. Алдымызда Мағира Қожахметова, Сара Латиева, Кәмила Құдабаева мен Жұмагүл Солтиевалар бар. Мен тек газетте қызмет істеп жүрген өзіміз қатарлы әріптестерді айтып отырмын.
Біздің мамандық таңдап, оқуға түсіп, одан кейін қызметке орналасуымыз да оңай болмады. Өйткені, әйел затына журналистика қол емес деп редакциялар қыздарды маңына жолатпайтын еді ғой. Өзің еңбек жолыңды «Социалистік Қазақстан» газетінде бастадың емес пе? Табан аудармастан бір ұжымда қызмет істеп жүрсің. Өткен- кеткенді еске түсіріп дегендей, бір ашылып әңгімелесудің сәті бүгін түсіп отыр, құрбым.
— Оның рас, Шолпан. Біздің кезімізде жазу-сызуды айналшықтап, қолына қалам ұстауды армандап, оған әрекет жасаған қыздарға жүріп тұратын, жұмыс уақытымен санаспай, үйде де, түзде де ой бағып, өзіңмен сөйлесіп жүретін журналист мамандығына оқу да, қызметке тұру да қияметтің қияметі болатын. Әсіресе, сол кездегі беделді басылымдарға, тіпті жазуға төселіп, мойындалған нәзік жанды журналистердің өзін жақындата қоймайтын. Өйткені, түкірігі жерге түспейтін партиялық басылымдарға жүріс-тұрысың түгілі, киім-киісің газеттің «мазмұнына» сай болуы керек заман болатын.
Менің «СҚ-ға» емес, жалпы журналистикаға келуім кездейсоқ болды. Орта мектепті Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ақтерек ауылында бітірген соң, есепші болуды армандап, жоғары оқу орнына түсу үшін бағымды сынап көріп едім, болмады. Бір жыл уақыт өткізгенше деп стенографистер дайындайтын училищеге түсіп, оны үздік аяқтадым.
Ол кезде бүгінгідей журналистердің әрқайсысының қолында жүретін диктофон жоқ, барлық жиналыс, съезд, талқылауларды стенографисткалар хаттайтын. Стенографияны игерудің қиындығы сонша, сол бітірген 30 қыздың ішінен екі-үш қыз ғана кәсіби маман болып шықтық та, қалғандары мәшеңке басумен шектелді. Мені Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасына жолдамамен жіберді. Онда Әтипа деген апай облыстағы меншікті тілшілерден хабарды телефонды құлағына қыстырып, бірден мәшеңкеге алады екен. Мені «Шалқардың» бас редакторы Мадрид Рысбеков ағамыз шақырып, стенографияны қаншалықты білетінімді сынағысы келген болуы керек, қолына түскен газетті алып, оқи жөнелді. Сосын жазғанымды қайтадан оқытып, жұмысқа қабылдады. Журналистер ортасына алғаш осылай түстім. Бірде сол кезде «СҚ-ның» қызметкері Мыңбай Ілес ағай Талғарда өтетін бір сот процесін стенографиялап беруді өтінді. Жолда келе жатып, өздерінде маман таппағандықтан 70-тен асқан екі апайды зейнеткерлікке шығара алмай ұстап отырғанын, егер келсең пәтер мәселесі де тез шешілетінінен құлаққағыс жасады. Көп ойланбастан «СҚ-ға» бардым. Апайлар қазақ стенографиясының негізін салған Данабике Байқадамова мен Мәрзиям Исаевалар екен. Жұмысқа әбден төселгенше екі апаймен кезектесіп бір жылдай істедім. Данаш апай қай жерге стенография жасауға барса, жанынан тастамай Жазушылар одағындағы жыл қорытындылары, театр қоғамындағы түрлі талқылаулар, съезд, жиналыстарды екеулеп жазамыз. Өйткені, неше түрлі адамдар болады, біреуі тез, біреуі жай сөйлейді дегендей. Қалайда ауыздан шыққан сөзді жазып үлгергенің өз алдына, оны оқып, жазып беру оңай шаруа емес. Апаймен жүріп стенографияға әбден төселдім. Бір жылдан соң екі апайды бірден демалысқа шығарды. Міне, осылайша стенографистка мамандығы арқылы жалпы әдеби ортаға толық сіңісіп кеттім. Әрине, біреудің айтқанын, жазғанын қайта жазғанша деп, арасында өзім де талаптанып, талпынып мақала жаза бастадым. ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай бітіріп алдым. Ең алғашқы «Әйел жаны» атты әңгімем Шерағаң «Қазақ әдебиетінде» редактор кезінде басылды. Ол кісі әңгімені жақсы қабылдаған көрінеді. Кейін бізге редактор болып келгенде «е, сол әңгімені жазған кім деп жүрсем, сен екенсің ғой» деп айтқаны бар. Бірде газет редакторының орынбасары Балғабек Қыдырбекұлына барып «жазғанымды көріп жүрсіз, ең болмаса хат бөліміне алсаңыз» деп өтініп едім: «Қарағым, біз он журналист таба аламыз, бірақ, стенографистканы қайдан аламыз. «Стенографистка-журналистка» деген куәлік берейік, осында жүріп-ақ жаза бер», – деді. Шераға бізге редакторлыққа келгенде мені газет қызметкері деп қалған болуы керек, тапсырма бере бастады. Сол кезде жазған «Перзентхана пердесі талай сырды бүркеп тұр…», «Айдалада ақ отау», т.б. проблемалық мақалаларым жаман шықпаса керек, бірде алымды журналист Қайнар Олжай арқылы тағы тапсырма береді. Сонда Қайнар: «Шераға, ол кісі газет тілшісі емес, стенографистка ғой, қашанғы тапсырма береміз, одан да бөлімге алайық та», – деп ұсыныс жасайды. Ол кісі сөзге келмей бөлімге алды. Міне, менің қыздарды «жатырқайтын» газетке келуімнің осындай тарихы бар. Осы газетте жүргеніме биыл 33 жыл болыпты. Бағыма, бақытыма шығар осындай керемет ортаға түстім. Егер бүгінде аздап бірдеңеге қол жеткізіп жатсам, ол тек осы қасиетті де киелі ортаның әсері, тәрбиесі. «Ағаш бір жерде өсіп, көктейді» деген, осында өніп, өсіп жатқан жағдайым бар…
– Ал, мен ҚазМУ-дың журналистика факультетіне аудандық газетте екі жыл қызмет істеп келіп түстім. Студент кезімде де жазғы демалыста қызмет істеп жүрдім. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш болатын. Ал, қазіргі журфактің студенттері өндірістік тәжірибені еш жерден өтпестен диплом алады. Оқуды бітіргенмен, газет жұмысын меңгеріп кететіндері некен-саяқ. Бұлар енді нарық экономикасы — ақылы оқудың жемістері.
– Бір айта кетерлігі, орыс басылымдарындағы, өзің айтқандай, үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықтың қаншалықты екенін білмеймін, бірақ, қазақы ортаның жазылмаған өз заңы бар. Осыншама уақыт аралығында редакцияның ең жасы кіші болған кезімізде де, бүгінде жасы үлкендер қатарында жүрсек те сол жақсы бір үрдісті жалғастырып келеміз. Қалай айтқанда да, үлкенді сыйлау қанымызда бар қасиет қой, одан жаман болып жатқан ешкімді көрмедік. Әсіресе, бұл дәстүр қазақ баспасөзінің қара шаңырағында әлі сақталған. Бүгінге дейін ардагерлерімізді наурызда басын қосып, дастархан жайып, сый-сияпат көрсетеміз.
Өндірістік тәжірибеге келетін болсақ, байқағаным, соңғы төрт-бес жылда журфактың студенттерінің біздің редакцияға ат ізін салғанын көрмеппін. Өмірде кейде уақытпен келетін, көрген-білгенмен келетін жайттар болады. Газет жұмысы да қызу қайнаған өндіріс сияқты. Оның қара қазанында қайнамай, жақсы, жаманды көрмей жақсы журналист атану қиындау. Мәселен, үлкен зерттеу мақалаларды былай қойғанда, қысқаша хабар жазудың өз машақаты, өз заңдылығы бар. Ол тәжірибемен, машықтанумен қалыптасады. Қазіргі жастардың көбіне газеттен гөрі телеарналарға үйір болып, бірден жұлдыз болуды көксеуінің бір ұшығында осы газеттің жауапкершілігінен тайсақтау бар сияқты. Сондықтан, ақылы бола ма, тегін оқу орны бола ма, сапалы маман дайындаймыз десек, болашақ журналистерді аямай өндірістік тәжірибеден өткізуді жүйеге түсіріп, оған үлкен мән беру керек.
– Қоғамда іскер, ғалым, қайраткер, жұмысшы, көп балалы, қызметкер әйелдер тобы бар. Бұлардың мұң-мұқтажы мен мүддесі де бөлек. Әрқайсысы парламентте өз жағдайларын жақсартуға бағытталған жұмыс жүргізетін Өз депутаттары болғанын қалайды. Мұның өзі барша қазақ әйелінің басын біріктіретін, ұлты мен ұрпағының болашағы үшін басы ауырып, балтыры сыздайтын Ел анасы атап, үлгі тұтатын жыныстасымыздың жоқтығын көрсетпей ме?
– Мені мына бір мәселе қатты аландатады. Ауылда қайраткер әйелдер бар, бірақ, олар қоғамдық өмірде өз орнын табатын жолдан тыс шектеліп қалды. Бұрынғыдай қоғамдық қызметтер ауылда табыла бермейді, мемлекеттік басқару ісіне де араласа алмайды. Есіңде болса, ертеректе ауылдық кеңесті, ауыл мектебін көбіне әйелдер басқаратын. Қазір олай емес. Тізгінді еркектер көбірек ұстауда. Ендеше, ауыл әйелдерінің проблемасы қоғамдық ой-санада мемлекеттік тұрғыдан қарастырылуы керек. Ал, бүгінде атқа мінген қала әйелдері жиі айтатын гендерлік саясаттың ұзын-ырғасы, себеп-салдары алдымен ауылдан басталып, ауылдан өрбісе басқаша сипат алар еді. Қазір Кәмшат, Зылиха, Жадыра апаларымыз секілді қара жұмыс істеп, қайраткер атанған қыздарды таба алмаймыз. Бұл кәсіптің өзгеруіне тікелей қатысты емес, әйелдердің ішкі түйсігінде бала тауып, қонақ күтіп, ең ақыры тойға баратын бір киер киімін жөндеп алу қамындағы мәселе болып қалыптаса бастағаны қатты қапаландырады.
– Қазіргі парламентте халық қалаулысы болып жүрген кешегі шенеунік әйелдердің бірі, «кәрі боз қартайғанда жорға шықты» демектейін, ұлттың мерейін көтерер Заңдардың бәріне қарсы шығып, бетпақтанып, азаматтардың аузын аштырмайды. Бәйбішеге тән байсалдылық пен инабаттан жұрдай. Бұл жерде мен, Гүлеке, әйелдер кім не айтса да басын шұлғи берсін дегелі отырған жоқпын. Керісінше, әйелдердің білімді де білікті бола тұрып, өздерін мойындатқанын қалаймын. Әлгі әпкемнің оғаш қылықтары мен жандайшаптығына қынжыла отырып, замандас әріптесіміз Гүлжан Хамитқызының батырлығына таң қалатынымды жасырмаймын. Гүлзейнеп, сен шыныңды айтшы, журналистикада да осылай әйелдер және еркектер деп бөлетініміз рас қой. Бұлай бөліну қазақ қауымына құт-береке, ынтымақ әкеле ме?
– Бұл сұрақтың жауабын өзің де айтып тұрсың ғой. Қазір біз адамдар бай, кедей болды деп даурығып жүрміз. Орта таптың көбірек болғаны қай қоғамда да саяси тұрақтылықтың кепілі.
Ал, енді, ақшалы әйелдер ең құрығанда депутат болып, немесе билік маңындағы адамдардың қатарынан көрінгісі келетін дағды бар. Шынымды айтсам, қала мен ауыл әйелдерінің арасында іштей бірін-бірі түсінушілік болғанымен, олардың көзқарасы да, мұң-мұқтажы да алшақ жатыр. Біздің депутат немесе министр құрбыларымыз ауылдағы «жыныстастарын» ойламайды емес, ойлайды, бірақ, өзің ойлашы, биік астаудан дәм татқан әйел сары қарын, салпаң етек әйелдің жағдайын шешеді деу қиын. Елдің бәрі жақсы өмір сүруге ұмтылып жатқан кезде, бұл мәселе ең әуелі ұлттық намыс тұрғысынан талқылануы қажет. Үркердей бір топ, атқа мінер әйелдер – қазақ әйелінің бүкіл болмысын таныта алмайды. Сондықтан да, маған өнер мен мәдениет саласында жүрген әйелдердің жан-дүниесі жақын тұрады. Өйткені, олар өмірдің шындығын көріп, соны айтқысы келіп тұрады. Менің әріптестерім, оның ішінде өзім де бармын, ауыл әйелдерінің проблемасын жеріне жеткізіп айту түгілі, соған Парламенттегі көкелерімізді мәжбүрлейтіндей қозғау салып жүргеніміз жоқ. Саяси партиялардың өзі дәл осы мәселеде белсенділік танытпауы қалай? Ауыл әйелдерін құрғақ уәдемен алдарқату саяси партияның өздеріне де, депутат болып сайланарда көзіне жас алып, ағынан жарылатын ағаларымызға да абырой әпермейді.
Өзің де өзекті де өткір мәселені айтып отырсың. Жалпы біздің қазақтың шенеунік әйелдеріне тән бір нәрсе бар. Ол қолына билік тисе, астамшылық танытуы. Ақылды әйелді бәріміз де сыйлаймыз, ал, енді жоғары мансапқа қолы жеткен кейбірінің оғаш мінезіне өзім де іштей ренжіп жүремін. Гүлжан Хамитқызы Ерғалиева туралы сұрап отырсың ғой, ол құрбымның өмірде өз таңдаған жолы бар. Оның күрескерлік қасиеті маған да ұнайды. Мен әйел ретінде ол кісіге әрқашан адами табыс тілеймін. Әрине, бір өзі қай тұрғыда болсын, ел іздеп оқитын газетті шығарып отыруы оңай емес екендігін түсінемін. Және сол Гүлжан басқарып отырған газетте қазақ әйелдерінің, біз бағанадан бері әңгіме етіп отырған әйелдердің мұң-мұқтажы қозғала ма? Тек бір жақты саясат соқпағынан табылам деуге келіспеймін. Ал, енді журналист кыздардың бәріне бірдей баға бере алмаймын, дегенмен, саяси тақырыптарға қалам сілтеп жүрген талантты сіңлім Жұлдыз Әбділдә секілді қыздарыма айтарым, өмірдің жолы бір күнмен өлшенбейді. Өмір – өзен десек, оның да екі жағалауы бар. Тіршіліктің тек көлеңке жағын қуалап жазудың кейбірде басқадай әсер ететінін де ескеруіміз керек. Қараңғы мен жарықты бірдей алып жүрсе деймін. Бір-бірімізді батыр демей-ақ қоялық, қолына қалам ұстаған қазақ қыздары көпшіліктің тісі бата бермейтін тақырыпқа ден қоюы мені де қуантады.
«Шыныңды айтшы» дейсің, біз әйелдер және еркектер болып жікке бөлініп бара жатқан жоқпыз, бірақ, Алла тағала солай жаратқан. «Бөріктінің намысы бір» деген, керек жерінде намысқа тырысып, өзімізді қорғай да білуіміз керек.
Әңгімелескен Шолпан ҰҒЫБАЙҚЫЗЫ.
(№6(204) Маусым 2007 жыл)

фото ғаламтордан алынды

Сізге де ұнауы мүмкін

ҚАРДА ҚАЛҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚТАР
СИҚЫРҒА АРБАЛҒАН МАХАББАТ

Автор

Меню