9 жастағы ақтөбелiктiң салмағы 103 келi
Ақтөбе облысындағы ең семiз баланың салмағы 103 келi. Жасы тоғызда. Қазiрдiң өзiнде баланың жүрегiнде кiнарат бар. Буындары ауырады. Дәрiгерлердiң айтуынша, қазiр облыс аумағында 500-ге жуық семiз бала тұрып жатыр.
Облыс аумағындағы етжеңдi 438 бала бар. Соның ең семiзi – Никитаның жасы 9-да. Никитаға дәрiгерлер “4-деңгейлi семiздiк” диагнозын қойған. Биыл Никитаның салмағы 103 келiге жеттi. Дәрiгерлердiң айтуынша, денi сау 9 жастағы баланың салмағы 30-35 келiден аспауы керек.
Етжеңдi жасөспiрiмдердiң бiрi Зарина 1 аптадан берi №1 қалалық емханадағы жаттығу залына келiп жүр. Заринаның салмағы осыдан 1 апта бұрын 83 келi болатын. Жаттығулар мен арнайы диетаның салдарынан 4 келi тастады.
– Қазiр салмағым 79 келi. Бұрын фасфуттық тағамдарды көп жейтiн едiм. Қазiр одан мүлдем бас тарттым. Күнделiктi рационыма суға пiскен тағамдарды қостым, – дейдi Зарина.
Емханадағы жаттығу залына келушiлер қатарында Зарина тәрiздi балалар жетедi, күн сайын 20 бала келiп, жаттығып жүр. Массаж жасатады. Екi топ та аздық ете бастады. Сондықтан дәрiгерлер жуырда тағы бiр топ ашпақшы.
Қобда-семiз балалары көп аудан
Ақтөбе облысының емдеу мекемелерi семiздiкке шалдыққан 438 баланы тiркеуге алған. Облыстың бас педиатры Айгүл Күштаеваның айтуынша, олардың басым бөлiгi – қалада тұратын балалар. Ал, етжеңдi балалардың саны жағынан аудандар арасында Қобда көш бастап келедi.
Айгүл Күштаева, Ақтөбе облысының бас педиатры:
– Былтыр 324 бала тiркелген болатын. Ал, биыл олардың саны жүз адамға артып отыр. Оның ең басты себебi: мектеп жасындағы балалар дұрыс тамақтанбайды. Қала балалары көбiне тез дайындалатын фаст-фудтық тағамдарды тұтынады. Қозғалыс аз. Асты компьютер мен теледидардың алдында отырып iшедi. Мұның соңы зат алмасу процесiнiң бұзылуына, қан қысымының көтерiлуiне әкеп соғады. Бүгiнгi күнi мектеп жасындағы 75 бала қант диабетiне шалдыққан. Бұл да семiздiктiң салдары.
Ақтөбедегi №1 қалалық емхананың эндокринологы Әсия Аяғанованың айтуынша, баланың артық салмағы үшiн ең алдымен ата-ана жауапты.
– Қазiргi отбасылар 1-2 баламен шектеледi. Бар тәттiсiн сол еркелерi мен жалғыздарының аузына тосады. Мөлшерден көп тамақ жегiзедi. Таңғы асқа қуырылған самса мен тоқаш нан бередi. Баланың рационына кетчуп, соус, майонез секiлдi түрлi дәмдеуiштердi қосады. Семiз баласы бар ата-аналармен тiкелей жұмыс жасап отырмын. Бiрi «бар кезде жеп алсын, кейiн арықтай жатар» десе, ендi бiрi «тұқымы осындай» деп балаларының тағдырына бей-жай қарайды. Мұның өсе келе қыздар арасында бедеулiктiң, ер балалар арасында белсiздiктiң көбеюiне әкеп соғатындығын ескермейдi. Семiздiк – дерт. Мен дәрiгер ретiнде ата-аналардың осыны ұғынғанын қалаймын, – дейдi Әсия Аяғанова.
Fast food –зиянды ас
Медицина ғылымдарының кандидаты, диетолог Айнұр Зиналиева жуырда осы бағыттағы бiлiмiн жетiлдiрiп, Америка Құрама Штаттарынан оралды. Диетологтың сөзiне қарағанда, халқының 68 пайызы артық салмақтан, 34 пайызы семiздiктен зардап шегiп отырған Америка тез дайындалатын тағамдардың, яғни, фаст-фудтың (fast food) залалын көрiп отырған бiрден-бiр ел.
– АҚШ-тан шыққан гамбургердiң салмағы бастапқыда небәрi 60 грамм болған екен. Жұмысшыларға тез арада жүрек жалғау үшiн дайындалыпты. Ал қазiр оның салмағы 250 граммға жеттi. Алғашында 0,25 мл болған коланы қазiр балалар литрлеп iшедi. Еттi де көп жеймiз. Қалыпты жағдайда тәулiгiне 5-8 грамм тұз тұтыну керек болса, бiз 20 грамм тұтынамыз. Фаст-фуд (fast food) яғни, тез әзiрленетiн тағамдардың құрамындағы трансгендi майлар өскелең ұрпақтың ағзасына зиянын тигiзедi. Бала оған тез үйренедi, – деп ескертедi Айнұр Зиналиева.
Назар аударыңыз!
Ата-ана баласының таңғы асын, күндiз ыстық сорпа iшуiн қадағалағаны дұрыс. Мектеп жасындағы бала тәулiгiне бес рет тамақтануы керек. Сондай-ақ, балаға жатар алдында айран берген пайдалы. Өйткенi сүттiң сiңiмдiлiгi бар болғаны 20-30 пайыз болса, ашыған сүт өнiмдерiнiң сiңiмдiлiгi 80 пайыз. Бұған қоса астың қорытылуы үшiн тамақты ұйықтар алдында 2-3 сағат бұрын беру керек. Ас мәзiрiнде көкөнiс пен жемiстердiң болуын да ұмытпаған дұрыс. Осы бiр қарапайым дұрыс тамақтану ережелерi сақталған жағдайда бүгiнде әлемдiк мәселеге айналған қауiптiң алдын алуға болады.
Cоңғы мәлiметтер бойынша, Қазақстанда балалар арасындағы етжеңдiлiк 1970 жылмен салыстырғанда он есеге артқан. Семiздiкке шалдыққан 4 млн адамның 11 пайызы – балалар. Елiмiздегi артық салмаққа шалдығудың 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан, ал 60 пайызы тамақтану режимiнiң бұзылуынан болады екен. Шектен тыс толысу – ересек адамдардың өмiрiн жетi жылға қысқартады.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ,
Ақтөбе облысы.
2015 жыл
«Қазақ тағамтану академиясы» мен Қазақ ұлттық медициналық университетiнiң қызметкерлерi жүргiзген зерттеулерге сүйенсек, елiмiздiң солтүстiгiнде толық адамдар көп екен. Ал, батыстағы жерлестерiмiздiң арасында артық салмақтылар аз екен. 2012-14 жылдар аралығында жасы 15-тен асқан 15 мыңға жуық адамды дәрiгерлiк тексеруден өткiзгенде осындай қорытындыға келген. Және бiр айта кетерлiгi, салмағы ауыр адамдар ауыл тұрғындары арасында емес, қалалықтардың қатарында көп кездеседi.
ФОТО ҒАЛАМТОРДАН АЛЫНДЫ