ӨЗ ПІКІРІМ

Ел өмiрi сайлау дүрбелеңiнен кейiн бiр арнаға түсiп, қалыпқа келе бастағандай едi. Оңтүстiктегi Арыс қаласында орын алған оқиға, оқиға емес-ау, шын мәнiнде, апат, әп-сәтте Қазақстанды дүр сiлкiндiрдi. Халық жылдар бойы жиған-тергенiн тастап, адыра қалған шаңырақтарынан безiп, бауыр етi балаларын ғана ертiп жер ауып кете барды. Маусым айының соңғы аптасында қалаға iргелес орналасқан қару-жарақ қоймасында кенеттен өрт шығып, тұтанған снарядтар аспанға атылып, жерге керi түскенде маңындағы үй, қоғамдық тамақтану орындары, базарлардың күлiн көкке ұшырды. Мұның бәрiн жергiлiктi жұрттың ғаламторға жедел жүктеген ақпараттарынан көрiп, құлақтандық. Соның арқасында арыстық ағайындар көп адам шығынына жол бермей, отбасы мүшелерiн аман сақтау қамына ерте кiрiстi! Кiмдер жаяу қырға шығып кетсе, бiреулерi топ-тобымен көршi ауылдарға, Шымкентке қарай шұбырды. Интернетке жүктелген со көрiнiстер құдды соғыс суреттерi сияқты… өтiп жатыр. Аттандап теңдiк сұраған шерулер мен мұндайды бұрын тек қана шетелде болады деп ойлайтын едiк.
Ашық қоғамның белгiлерi тұрмысымызға енген сайын бұқараның да көп нәрсеге хабары артты. Соның арқасында талай қылмыстың бетi ашылып, қанды қол қылмыскерлер ұсталып, балаға зорлық жасаушылар жазаға тартылды. Интернет пен қалта телефоны байланысы арқылы, мiне, алды-артына қарамай қашқанда шашыратып алған бала-шағасын күн аудармай тауып алып, мәз. Ендi-ендi өртте қалған үй-жайларын ауызға алып жатыр. Есеңгiреп қалған ел ес жинай бастады. Бiреулер Арыс қаласының iшiнде тәртiп орнатып жүрген әскерилерден «қорадағы қойларымызға су бере салыңдаршы, байғұстар шөлден өлiп қалмасын» деп Арыс апаты туралы жазылған жаңалықтардың астына пенделiк өтiнiштер де қалдырып жатыр. Пенделiк десек те, адами тiлек десек те болар. Қалай десек те, сенгiш те аңқау, жаны жомарт қазақтан басқа кiсi көрмей-бiлмей тұрып, беймарал бiреуге үмiт артып, қол ұшын сұрай ма екен?! Әй, қайдам!
Осы оқиға басталғалы республика тұрғындарының көңiлi Арысқа алаңдаулы екенi ақиқат! Қолдан келгенше қоғамдасып жәрдемдесiп жатыр. Тiптi, он жасар бала да екi жыл жинаған тиын-тебенiн (100 000 теңге) Арыс көмек қорына аударып жiбердi. Машат ауылынан Айгүл есiмдi сiңлiмiз «үйiмнен балалы аналарға орын табылады», – деп алғашқы күнi-ақ қонақжайлық танытты. Әскери қызметкер Исатай есiмдi жiгiт айқыш-ұйқыш ұшып құлап жатқан оқ-қарулардың астында отырып, ата-анасымен қоштасты.
«Егер мен олай-былай боп кетсем, бiлiп жүрiңдер, мен сендердi жақсы көремiн» дегенде жанарына келген жасты жасыра алмады. Кейiн ол бiр сәтте қолда бардан айрылып, әбдiреп қалған бала-шағалардың, кейуаналардың көлiктерге отырып кетулерiне көмектесiп жүрген видеосын да салды. Ал, керек уақытта дәл сол жерден табылған тағы бiр жомарт жiгiт оның жанқиярлық ерлiгiн көрiп бағалап, ақшалай сыйлық жасады. Исатай болса, ол қомақты қаражатты жергiлiктi көмек қорына беретiнiн жария еттi. Қарайған халық, қалқиған бала-шаға жансауғалап қашып жатқанда айы-күнi жетiп, толғақ қысқан жас ана да қырық шақырым жолды суыт жағдайда жүрiп өтедi. Жолай кездескен үш келiншектiң
және қасында болған акушердiң көмегiмен Ажар деген ауылға жетiп, мейiрiмдi бiр бәйбiшенiң үйiнде босанып, дүниеге сәби әкеледi (бұл жағымды оқиғаның кейiпкерлерi жайлы газетiмiздiң келесi санында баяндаймыз).
«Тас түскен жерiне ауыр» демекшi, үйсiз-күйсiз қалған жерлестерiне азаматтар бiрден көмек қолын созып, жағдайларын жасады. Киiм-кешек, төсек-көрпе, азық-түлiк, ауыз суды шектеусiз жеткiзiп, қайғыларын сейiлтiп, тектiлiк пен қайырымдылықтың асқан үлгiсiн көрсеттi. Алматы, Астана, Атырау, Жамбыл, Семей, Өскемен, Павлодар, т.б. өңiрлерден де тонналаған жүк артқан машиналар легi Шымкенттi бетке алып барып жатыр-барып жатыр. Әшейiнде сынасып-мiнесiп жататын қаймана қазақ бiр ұлттың баласы екенiн, бiр бiрiне бауыр екенiн осылайша iспен көрсеттi.
Қазақ мемлекетi ядролық қарудан бас тартып, дүниежүзiндегi бейбiтшiлiк сүйгiш елдердiң қатарына қосылғаны қашан! Сонда да болса, кең байтақ даламыздың қаншама аумағында бiрнеше сынақ алаңдары әлi де Ресейдiң мүддесiне қызмет етуде. Ембi (Ақтөбе обл), Байқоңыр (Қызылорда обл), Капустин Яр (Атырау-БҚО), Сары Шағанда екеуiн тәуелсiз ел территориясында неге ұстап отыр? Ал, Семей ядролық және Тайсойған полигондары жабылса да зардабы жойыла салған жоқ. Әр жылдары Каспийде тюлень, көксерке, бекiре балықтары, Арқада киiк қырылса, биыл Маңғыстауда түйе сүтiнен ағзаға зиянды заттар табылып жатыр(!). Қазiр де сол полигондардан зымыран ұшырылса, не құласа қатты жел тұрып, бұлт үйiрiлiп адамдардың бiр тобы, әсiресе, тәнi нәзiк әйел заты мен балалардың бастары ауырып жатып қалатыны бар. Жаңалықтардан естiместен бұрын-ақ, ол шiркiндер бiр пәленiң қайдан келгенiн бiлiп отырады ғой.
Полигондарға  қоса, ескi-құсқы қару-жарақ қоймаларын ашып, жылдар бойы ауылдар маңына сақтап отырсақ, оның пайдасы кiмге деген сұрақ туады. Жерiмiздi жалға берiп, ақша тапқан айла-амалымыздың ақыры бүлiну мен жарылу болғанын Жер-Ана кешiрер ме? Дештi қыпшақ даласын ұрпақтарына мәңгiлiк Ел қыламыз деп өмiрлерiн сарп етiп күрескен батыр Ата-баба аруағы қош көрер ме?
Шолпан ҰҒЫБАЙҚЫЗЫ.
2019 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Балдырған табиғи астан ажырамасын
Қызғаныш деген жегi құрт…

Автор

Меню