ӨМІРІМНІҢ ЖАЗЫ КЕТІП, КҮЗІ ҚАЛДЫ…

Құрметтi «Ақ босаға»!
Мен зейнетке шығып, өмiрдiң жазы кетiп, күзi қалғанда өздерiңе мұң шағамын деп ойламаппын. Бәрiн басынан бастайын.
18 жасымда мен де алып қашудың құрбаны болдым. Менi тек салып жатқан үйiн бiтiрiп алу үшiн ғана үйленгенiн айтқанда iшiмдегi үш айлық баламмен төркiнiме кетiп қалдым. Неге өйткенiн айтпаппын ғой: әкем ол кезде құрылыс компаниясының бас есепшiсi едi.
Қызымды әкемнiң үйiнде босандым. Сол жылы әжем қайтыс болды. Ол кiсi мектеп бiтiрген соң комсомол бригадасымен Қазақстаннан кетуiме қарсы болған едi. Ендi жылын күтiп отырғанымда кездейсоқ тағы бiр оқиға болды. Көшемiзде бiр үйдiң қызын алып қашып кетiп, соған милиция шақырған. Ол кезде бүкiл көше бойынша бiр ғана бiздiң үйде телефон болатын. Содан бiр капитан телефон соғуға келдi. Қызымды ұйықтатып, жалғыз өзiм үйде отырғанмын. Бас салды. Сол кезде зорлық деген осы екенiн бiлмеппiн. Тек осыдан соң Арқалық қаласына кетiп қалдым. Аяғым ауыр екенiн 5 айдан соң бiлдiм. Бұған ешкiмдi кiнәлайын деп отырғаным жоқ. Балам өзiмдiкi. Қалай баққанымды айтып көпке созбай-ақ қояйын.
Сол жердiң жiгiтiне тұрмысқа шықтым. Бұл 1987 жыл едi. Техникумда оқып жүрген сiңлiм бала туып, ауруханаға тастап кетiптi. Үлкен сiңлiм хабарласып: «өз қанымыз ғой, сен асырап алсаңшы», – дегенде жолдасым да бұны құптай кеттi. «Алайық» деп қоймаған соң асырап алдық. Алғанымызда 9 күндiк сәби едi. Баламнан кем көрсем, құдай алдында қалай жауап берем деп баланы өте қатты жақсы көрдiм. Өз ұлымнан 11 жас кiшi болатын. Асырап алған ұлымыз 2 жасқа толғанда жолдасым қайтыс болды. Екi жылдан соң iнiм мен келiнiм де арасына 7 ай салып қайтыс болды. Анам iнiмнiң үш баласын да маған әкелiп тастады. «Сенде ең болмағанда мал бар ғой, сүт iшсе де өлмес», – дедi. Өз ұлдарым және iнiмнiң үш баласын (әкелгенде кiшiсi 7 айлық болатын) өсiрдiм. Кiшi ұлым 2007 жылы Астанадағы медицина университетiне түстi. Бұл кезде үлкен ұл үйленiп, үш немерелi болғанмын. Кiшi ұл үлкен қалада жалғыз болмасын, оның үстiне жатақханада жатпасын деген оймен, үлкен ұлды келiнбаламен қосып, үшеуiн Астанаға аттандырдым. Немерелерiм мен iнiмнiң балаларын бағып өзiм ауылда қалдым. Бiрақ, қалаға барған соң келiн ұлымды көрiнгеннен қызғанып, күнде ұрсыса бередi екен. Немерелерiм туғаннан өз қолымда болған. «Сүтiм сұйық, тоймайды, жылай бередi» деп келiн әкелiп тастайтын. Үш немеремдi де өзiм бағып-қаққаныма ел де, құдайда куә. Ендi оның бәрi ұмыт боп, ұлыммен жанжалдасқан соң немерелерiмдi алып кетпекшi болады. Бiрақ, тынышынан алып кетсе, қане. 2008 жылдың 14 мамырында iнiмнiң үш баласын азғырып, үйден қашырып жiбередi. Жұмыстан келсем, немерелерiм ойнап отыр да, iнiмнiң балалары жоқ. Сұрасам, «бiлмеймiз» дейдi. Такси жалдап, Атбасарға полицияға барсам, келiнiм отыр iнiмнiң балаларымен. «Мына балаларды дұрыс баға алмады, ендi менiң қыздарымды да баға алмайды, өзiме алып бер», – деп арыз жазыпты. Амалсыз қыздарын қолына ұстаттым да, iнiмнiң балаларына да қамқоршы болуға қарсылық бiлдiрiп, қайтып кеттiм. Соның арасында кiшi ұлым да каникулға келдi. Қыркүйекке дейiн бар малымызды сатып, үйдi құлыптап, баламмен Астанаға мен де кеттiм. Қалада ұлымның төрт жолдасымен бiрге пәтер жалдап тұрып жаттық.
Қазан айында келiнiмнiң ұлымнан ажырасып, iнiмнiң балаларын қуып жiбергенiн естiдiм. Үлкенi ол кезде 10 сынып, екiншiсi 8-сыныпта, кiшiсi 4-сыныпта болатын. Мен жұмысқа орналастым. 2014 жылы ұлым оқуын бiтiрiп, магистратураға түстi. Жолдас балаларының екеуi оқуларын бiтiрген соң туған ауылдарына қайтты. Қостанайдың баласы Астанада қалып, бiзбен бiрге тұрып жатты. Ол жедел жәрдем станциясына дәрiгер болып орналасты. Келесi жылы ұлым бiр қызды әкелiп таныстырды. Есiктен кiргеннен сөйлеген қыз маған бiрден ұнамады, жөнiн сұрауға да мүмкiндiк бермедi. Кеткенше жалғыз өзi сөйледi. Ұлым ол қызды шығарып салып келген соң «балам, мына қыз екеумiз бiр үйде тұра алмаспын, лажы болса, тереңдемей тұрғанда қоя қой», – дедiм. Ұлым: «Жарайды», – деп келiскен.
2015 жылдың желтоқсан айында Атбасарға барып үйiмдi көрiп қайтып келсем, ұлым жолдас баласы екеуi шәй iшiп отыр екен. Мен де дастарқан басына жайғастым. Бiр кесе iшкен соң қасымыздағы ұл: «қалай, тәте, келiнiңiздiң шәйi тәттi ме екен?», – дедi. Сұрасам, әлгi қыз берiп жiберiптi. Алдым да пешке тастадым. Содан кейiн-ақ өзiмді бiртүрлi сезiне бастадым.
Ертесiнде жұмыста 31 қабаттың балконында жатқанбыз, қарасам, жер көз алдымда жап-жақын тұр. Қасымдағы қыздарға: «қараңдаршы, тротуар тiптi жақын» деп балконнан түсуге ұмтылыппын. Содан жұмыстан соң қасымдағы жұмыстас келiншектер қоярда-қоймай бiр балгерге апарды. Ол балгер: «сенi өлтiруге дуа iстеткен», – деп зәремдi ұшырды. Оқып, дем салып бердi. Арада үш күн өткен соң жұмысқа барсам, жұмысымдағы үйлер керемет биiк екен. Содан кешке келiп балама айттым. «Мама, ол қызды қойдым», – деп сендiрдi. Содан былтырғы жылдың мамыр айында балам: «Мамам, мен сенi алдап келдiм, Алтынайды тастаған жоқпын, үйленейiк деп едiк», – дедi. Ойланып отырып өз қолымды өзiм қалай кесем, келiсiмiмдi бердiм. «Ел қатарлы құда түсiп, ырымын жасайық. Шешесiнiң нөмiрiн бер, сөйлесейiн, қалай баратынымызды ақылдасайық», – дедiм. Ол маған жауабын ертесiнде айтпақшы болды. Ертесiнде түстен кейiн қыздың шешесi өзi хабарласты: Сен бiзге тең емессiң! Жесiр қатынға қыз бермеймiн, келме!» – дедi. Жұмыстан келсем, ұлым ашулы: «Сен неге звондап оған ұрсасың?» – деп қарап отыр. Менiң айтқан сөзiме құлақ та түрген жоқ. Ертесiнде ұлым кетiп қалды. Тумасам да туғаннан артық көрген перзентiм ғой, бiр аптадан соң жұмысына iздеп бардым. Райынан қайтпады. Жыл күттiм. Ашуы басылған соң менi iздеп бiр келер дедiм. Амалсыз қыздың үйiнiң мекен-жайын iздестiрiп тауып алдым да бардым. Барсам әкесi: «Менiң қызым бiреуге қызмет ету үшiн дүниеге келген жоқ, ешкiмге қызмет iстемейдi», – дедi. Жер болып керi қайттым. Жалғыздықты мен құдайдан сұраған жоқ едiм. Өмiр бойы мiнсiз болайыншы деп не iстемедiм. Күнi-түнi жұмыста болдым. Соның арасында үйдiң тiрлiгiн де, балалар мен малға да қарадым. Елдер «асырап алып тракторшы қылды» демесiн деп ел 4 жыл оқытса, мен 9 жыл оқыттым. Оқуын бiтiрiп, жұмысқа орналасқанда алғашқы жалақысын маған емес, әйелiне бердi. Маған айдың екiншi жартысында бiр келедi. Жаңа ай туған кезде звондауға да қолы тимейдi. Звондаса да, үйiнде отырып емес, жұмысында кезекшiлiкте отырғанда немесе дүкенге шыққан кезiнде хабарласатынын байқадым. Бармаған жерiм жоқ. Бәрi де «дуамен ұстап отыр» дейдi. «Қайтарамыз» дейдi. Бiрақ, әзiрге нәтиже жоқ. Бүкiл табысым мен зейнетақым соларға кетiп жатыр. Қасымда ұлымның жолдас баласы қалғанына шүкiр. Жалғыз болсам, әлдеқашан жынданып кетер ме едiм. Бұл ұлға «неге үйленбейсiң?» десем, «Тәте, үйленгендердiң жәйiн көрiп отырып қыздарға қалай сенемiн», – дейдi. Бұл дағы бiр үйдiң жалғыз ұлы. Оның ата-анасы да немере сүйгiсi келедi. Өткен жылы олар қызын ұзатқанда «ұлымыздың екiншi шешесi» деп менi әспеттеп тойға шақырды. Тойдың болар күнiн де менiң жағдайыма қарай белгiледi. Өзге сыйлай бiлгенде өз баламның қылығына өзегiм өртенедi. Жүрегiм сыр бере бастады. Абырой болғанда қазiр медицина саласында жұмыс iстеп жүргендiктен, дер кезiнде көмек көрсетілдi. Биыл жазда ауылға барғанымда ұлымның тойы болғанын, оны келiн жақ жасағанын естiдiм. Шiркiн, жердiң тесiгi болса, түсiп кетуге даяр едiм, ұяттан өртендiм. Ол тойда ұлым қандай көңiл-күйде жүрдi екен? Сонда қайынжұрты оны «күйеубаламыз жетiмдер үйiнде өскен» деп таныстырды ма екен? Менiң ұлым не айтты екен? Жалғыз шешесiн жер қаратып тастап кеткен адам қалай адам емдейдi екен деп ойлаймын. Менi баламнан айырып алғанда келiн мен оның туыстары қалай бақытты боламыз деп ойлайды екен? Дуа iстеп берiп отырған адамның баласы жоқ па? Баласынан тiрiдей айырылған ананың қандай күйде екенiн сезе ме екен? «Жұмақ, мама, сенiң табаныңның астында», – дейтiн ұлымды тани алмай далмын. Құда-құдағисымаққа барып «сендер неге бұлай iстейсiңдер?» десем, «бiз өз қызымызға iстегенбiз», – дейдi. Ұрыс шығардым. Одан басқа не iстей аламын.
…Қазiр не iстерiмдi бiлмеймiн. Ана перзентiн барлық уақытта кешiре алады дейдi ғой, мен қайтер екенмiн… Үлкен ұлым бөлек тұрады, оның қасына барғым келмейдi. Мәйiтханаға әкелiп жатқан жансыз денелердi көргенде «бiр кезде мен де келем ғой» деп ойлаймын. Бiрақ, қазiрдiң өзiнде менiң өлi-тiрi екенiмнен қызықтап жатқан ешкiм жоқ. Бақсы-балгерлерге қашан ес кiрер екен?
Светлана Ысқақова,
Астана қаласы.
2018 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Әнші Баян Нұрмышевамен сыр-сұқбат
Қартаюға қарсы сусындар

Автор

Меню