Өмiр – өз iшiңде

Басқа бiр адаммен қарым-қатынас – одан басталатын нәрсе емес, сiзден басталатын қайнар бұлақ. Әркiм өмiрден өзiнiң айнадағы сұлбасын көруге бейiм. Өз iшiндегi күйенi таниды. Шаршаған жанға адамның бәрi шаршаңқы секiлдi көрiнедi. Науқасқа – айналасындағылардың бәрi дерттi болып тұрады. Жеңiлгенге – жеңiлген сияқтанады. Бiз әлемдi емес, өз санамыздың жиынтығын ғана көремiз. Өзгеге зиянын тигiзген өзiне де кесапат тiлеп алғаны. Өзгеге жақсылық жасаған адам, өзiне көмектескенi. Өз бақытсыздығыңыз бен жетiстiгiңiздiң, тамұғыңыз бен жұмағыңыздың себебiн жан жүрегiңiзде әлдилейсiз. Қандай оқиғаға ұрынсаңыз да, ол сiздiң кесiрiңiзден орын алғаны. Сыртқы себептер екiншi деңгейде. Басты себеп – өз iшiңiзде. Осыны түсiнбейiнше, iштей өзгеру мүмкiн емес. Егер себептi сырттан iздесеңiз, өмiрiңiз боданда өтедi. Өйткенi, сыртқы себептердi еш өзгерте алмайсыз. Егер жан-жүрегiңiзде бiр өзгерiске қол жеткiзсеңiз, оның соңынан миллиондаған өзгерiстер қайталана бастайды. Себептер iште. Сыртта тек ақталатын жұтаңдық. Қоршап тұрған дүниенiң бәрiн бiртiндеп өзгертiп шығуыңыз мүмкiн. Алайда, жан дүниеңiз өзгермеген соң, бәрi бекер екенiне көз жеткiзу қиын емес. Әлем баяғы бәз қалпынан түк өзгермегендей күй кешесiз. Iштегi түйсiк сол пiшiндi, сол ойлау дағдысын мүлтiксiз қайталайды. Өйткенi, адам iштегi барымен сыртқы әлемге араласады. Өз тамұғыңызды, не жұмағыңызды жүрегiңiзде сақтап жүресiз. Сiздiң iшiңiзде қандай диiрменнiң тасы бары өзiңiзге ғана аян. Өрмекшi өз өрмегiн көтерiп жүретiндей. Өрмекшi қайда келсе де, өзiнiң өрмегiн тоқи бастайды. Өрмекшi басқа жаққа кеткiсi келсе, онда өрмегiн iшiне салып алады. Қайда барсаңыз да айналаңызда өзiңiздiң өмiр сүру дағдыңызды көрсетесiз. Бәрi өзiңiздiң қолыңызда. Жан дүниеңiздегi байлықпен сiздiң сыртқы өмiрдегi сұлбаңыз айқындалады. Iшiңiз тамұқ болса, қайда барсаңыз да айналаңыз тамұқ болып тұра бермек. Жарқырап жүру – өз қолыңызда!
Аударған Шынар Әбiлдә

Сізге де ұнауы мүмкін

Әйелдiң қуаты қайда кетедi? 
Махаббат

Автор

Меню