ӘУЛИЕМІН ДЕП ЖҮРГЕН ӘУЕЙІ ӘЙЕЛДЕР
Болмыста әр нәрсенің тоқтам жасайтын шегі болады. Бұл заңды мұсылман әйел ертеден-ақ қатал сақтаған. Әйелдердің бір-біріне өрескел сөз айтпауды, жанама жарамсыз аттар қоймауды, өсек-өтіріктен аулақ болуды, алдау мен арбау жолдарынан таза болуды, отбасының беріктігін сақтап, ерінің арына кір келтірмей, өзінің кіндігінен тараған ұрпағының инабатты болып өсуіне, сондай-ақ, үй шаруасына ықтиятпен қарап, Алладан рахым, Мұхаммед пайғамбардан шапағат, ата-баба әруағынан рахымдылық және үлкен-кішіден ақ бата тілеп отыруды заңдылық ден түсінген.
Сондай ардақты аналардан тараған ұрпақтар қазақ елінің шаңырағын берік етіп, өмірдің даму заңына сәйкес, ұлттық патриотизм жолымен халқының бірлігін қорғап, Отанын әлем алдында да абыроймен танытты.
Алайда, «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» демекші, қоғамдық дамудың бір түрден екіншісіне көшудегі құбылыстарды заңды қабылдағандар да, түсінбегендер де немесе оны өз жеке бастарының пайдасына сай бұрмалаушылар да пайда болғаны рас. Құдайдың құдіретімен ерекше сезімталдық күшке ие болғандар соңғы кезде ортамызда жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті… Бұлардың ішінде жынысына, ұлтына, жасына, біліміне және қызмет дәрежесіне бөлгенде әр түрлі топтар уәкілдері жетерлік. Қысқасы, Алла тағаланың жер бетіндегі құлдары арасынан, ер, әйел демейтін бір мамандықтағы «армия тобы» – емшілер дүниеге келді. Алғаш өзін-өзі тани білгендері бұл құбылысты ақылға салып, асқақтамай, қадамдарын баяу бастап, қанша уақыт өтсе де бойларындағы құдіретін халқының бақытына арнап келеді. Бұл топқа бұрынғы емші, кейінгі кезде ел ішінде рухани ұйытқы болып жүрген, алды республикаға және облыс көлеміне танымал Сәуле қажы Бекенова, Бағлан Сәрсенова, Қализа қажы Құттыбаева, Патима Дәрменова (Қызылорда), Мәриямкүл Мұсатаева (Жамбыл), Бетігүл Омарбекова (Жезқазған), Гүлпара Ермұханова мен Гүлжамал Селиева (Атырау), Гүлзат Сәрсенбина, Зақан Сәдібекова және Әсеткүл Сериева (Алматыдан) жатады.
Бекенованың Қазақ радиосы «Жастар редакциясы» бағдарламасы бойынша, орыс және қазақ тілінде жүргізетін, ислам діні бойынша имандылық сабағына халық риза. Сәуле бұған алдындағы талай қиын мұз қорғандарды бұзып өтіп жеткен-ді. Бұл ханымдарды жаратушы иеміз, алдыларынан жарылқап, отбасын аман етсін.
Ал, екінші тобы, өз уағында аспандағы жұлдыздардай болып шыққан, емшілердің «патша ханымдары» атанғандар қазір қайда?! Бұлар Алла тағала бұйырған несібесінен бірнеше есе артық байлықты халықтан жиып алғанын есіне алып, мына халық қысылған шақта неге көмекке шықпайды?! Бұлардың аналық мейірімді жүректері тастан жаралған ба, қалай?!
«Ерлер ішінен «әулие» шықса, еркектен біз сорлымыз ба?» деді ме, кім білсін, Разия – «Фатима ана», Раушан – «Домалақ ене» және Гүлзира – «Қарашаш ана» (бәрі де Қармақшыдан) деп өздерін атап, жария етіп, бүгінгі күні замандастарына күлкіге айналды.
Бір газет мақаласына қарасақ, қасиетті «Түркістанда туғандар ғана кейінгі кезде, түсінде де, өңінде де Қожа Ахмет Яссауи бабасы құшағына алса, немесе құшағынан шығып кетсе ғана нағыз емші болатын сияқты». Дін жолын және халықты алдап, арбаудың пиғылы ақыры өзіне соққы боларын білген жөн демекпін. Алла бізді кешірер, осындай емшісымақтар түсіне Қожа Ахмет Яссауи бабадан басқа, сол кесенедегі қазақтың би, батыр және хандары түсіне кірсе, емші болмайтын сияқты. Кешіріңіздер, ер адамның үш жұртының (ата, нағашы, қайын) әруақтары ғана түсте аян береді. Басқаларға біз қажет емеспіз. Өзіміздің «аш» әруағымыздың назасына қалмайық! Бұл кешірілмес күнә!
Қазақ жеріндегі ғарыш аймағына жақын жердегі емші әйелдерден, өз-өзінен қуат алып ғарышқа бірнеше рет ұшып барып, 33 қабат аспанды аралап, бұрынғы жамбылдық, қазіргі алматылық Александр Светловтың жары Эльвирамен аспанда кездесіп, жаңа жылда оның үйінен ақтөбелік Зәуре Әлиманова тамақ ішіпті. Зәуре бір жолы ғарышқа өзінің келіні (бұрынғы шәкірті) Гүлмирасын дублер етіп, қонаққа апарыпты. Гүлмира ол жақтағы сұлу жігіттерге, асыл заттарға ғашық болыпты. Сонда қалғысы келсе, ондағылар сұлу болғанмен, ыстық махаббаты жоқ жандар болғандықтан, амалсыздан жерге оралыпты. Гүлмира сонда жер бетінен жоғалған қыз-келіншектерді көріп, тізімін алыпты. Ал, бас «ғарышкер» Зәуре Әлиманова құдаймен сөйлесіп, Арыстанбабпен қол алысып, пейішті аралап, әруақтармен танысып және тозаққа аялдама жасап, ондағылардың халін біліп жерге оралыпты. («Жас Алаш». «Алланың жолы – ақ жол». 18.04.1996 ж. МБМ.) Енді Ақтөбеде қазақтың тұңғыш «ғарышкер» ерке бикесі Зәуреш барын біліңіздер, ағайын. Жұмыр жердің бетіндегі біздің бәріміздің ғарыштық бақылау әсерінен тіршілік ететінімізді білген абзал.
Қазақстанның әртүрлі елді мекендеріндегі атақты болған, қазір о дүниелік, әруақтардың молаларын емшісымақ әйелдер өздерінің «жын шақырып» ойнайтын ордасына айналдырғалы қашан? Әсіресе, бейсенбі, жұма күндері алғаш оңтүстіктен басталған бейіт басындағы зікір жарысы жаз айларында басқа аймақтағы бейіттерге тыныштық бермеуде. Бұл әруақты қорлау емес пе? Қазақта әйел тұрмақ, ер адам түнде бейіт басына бармақ түгілі ол жаққа қарамаған. Өсер елдің ұрпағын осындай өз қасиеттерінен алжыған «жын» айдап жүргендерден Алламыз қорғасын делік!
«Емшімін» деп, кез-келген орында ақ матаға орануды сәнге айналдырған сылқымдардан сақтанайық. Алланың құлдарының ішіндегі осындай киелі ханымдардан халықтың үміті зорын мойындаймыз. Дегенмен, осы құрмет пен таза қасиетті түсінбеген кейбір емші әйелдердің арасында ерін тастап, баласын тастап, басқа еркекке ауып немесе жардан-жардың ыстық құшағына бөленіп, адал емші әйелдердің абыройына зиян келтіріп халықтың ызасын туғызып жүргендер де жетерлік. Мысалы, алматылық бір ханым емші күйеуден-күйеу таңдаймын деп далада қалса, кентаулық қырықтың қырқасындағы емші әйел үш баласы мен ерін еңіретіп тастап, өз шәкірті Шу ауданының жігітіне тұрмысқа шықса, елуді еңсеріп тастаған қордайлық емші әйел күйеуіне басқа әйел әперіп, Алла жолына түсем деп, елін сендіргенмен қулығы аспай, өз махаббатын жас жігіттен тауып, серуен құрып жүргенде, Түркістанда, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде әшкере болды. Міне, әйел ханымдар, сіздер сыйлап жүрген кейбір бикелердің қылығы осындай да, осындай!
1993 жылдан бастап қазақ баспалары беттері мен телеарналарында «Күлтай ана» деген жаңа тұлғалы емші пайда болды. Мүмкін ана болған соң, көп балалы немесе жасы келген әйел деп қалуыңыз мүмкін. Шын мәнінде олай емес, жасы енді ғана орта жастан асқан, бір баланың анасы. Ол өзін үгіттейтін жеке кітапшасында («Шипагер – Күлтай ана». Нөкіс қаласы. «Білім» баспасы. 1993 ж. 15000 дана.) былай дейді: «Атыраулық Айгүл Хусейнованың перісін қағып тастап, сөйлетіп жібердім. Оны қауымдастық басшысы естіді (11 бет) және семейлік естімейтін Дуанға (13 бет) және Айбекке (15 бет) тіл шығардым. Бұны елбасы жұбайы Сара Алпысқызы біледі». Шынына келсек, тілсіз – әлі тілі жоқ, керең – әлі керең. Бұлардың мекен-жайы бізде сақтаулы.
Күлтай Әлиева – «Күлтай ана» – Қытайға барғанда пердеге тығып қойған әйелді біліп, жасын және белгілерін айтыпты». (19 бет). Шіркін, онанда тапқыш болса, Шыңғыс тауындағы Шыңғыс ханның 40 түйе алтынын тауып берсейші?! Қасиетті ана екені рас болса, еліміздегі бірінші ханым Бибі Сараның атын өзінің өтірігіне араластырмай, неге тектілік танытпайды?
Бұл аз болғандай, бүгінде Алтын қажы – «Алып апа» (екі баланың анасы, орта жастан асқан) да пайда болды. Бұл қос құрбы қажылықтан келген соң, қос аққудай мешітке бір-екі рет келді де, күнкөрістік емшілікке тағы кетті.
Енді, «Күлтай ана» мен «Алып апаның» құрдасы, қызылордалық Патима ханымның (Жалағаш. Еңбек ауылы.) құдай қосқан қосағасы Сәбит екеуінен он сегіз бала және он төрт немере бар екен («Жас Алаш». 10.10.1996.) Алла Тағала тіл-көзден сақтасын, Патимаға жергілікті әкімшілік пен көмек қорларынан көп балалы есебінде көмек те жоқ екен. Патима бұған ренжімей, Патима ана немесе «Алып ана» да болмай-ақ, нағыз қазақтың құдай сүйген қарапайым ана болғанына қуанады екен. Неткен асыл жан Патима. Патимаға және басқа да сол сияқты адал ұрпақ өсіруді мұрат тұтқан асыл аналардың бәріне Алланың нұры жаусын!
Зиядан ҚОЖАЛЫМОВ,
Қазақстан халық емшілері Ассоциациясының Президенті,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
(№4(82) Сәуір 1997 жыл)