Әкенiң шапағаты әлсіз болмасын

«Әкелi бала жаужүрек, әкесiз бала сұм жүрек» деп, қазақ бекер айтпаса керек. Бiздiң қоғамда әдетте бала тәрбиесiне ана жауапты деп қарап, одан соң балабақша, мектептегi тәрбиешiлер мен мұғалiмдердi атаймыз. Әкенiң бала тәрбиесiнде ерекше орны бар екенiн ескермейтiнiмiз рас. Өйткенi ер-азаматты үйдiң емес, түздiң адамы деп санайтындықтан, жұмыс iстеп, отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз ету ғана оның мiндетi тәрiздi.
Жасыратын несi бар, елiмiздегi әкелердiң көпшiлiгi балаларымен жиi бас қосып, әңгiмелеспейдi. Талай әке жұмыс бабымен сыртта жүретiндiктен балаларын сирек көредi. ЮНИСЕФ Балалар қоры ұсынған баяндамаға сүйенсек, әлемдегi 74 мемлекетте 3-4 жасар бүлдiршiндердiң жартысынан астамы әке мейiрiмiне зәру. Әкелер негiзiнен бар ойын қызметi мен сырттағы мәселелердi шешуге арнайтындықтан өз отбасына көңiл бөлуге уақыт таппай жатады. Отбасылы ер-азаматтардың талайы демалыс саналатын сенбi-жексенбi күндерi бар уақытын достарымен өткiзуге тырысады.
Шет ел ғалымдары жарық дүние есiгiн жаңадан ашқан сәбиге де әке махаббаты аса қажет екендiгiн айтуда. Туған ананың шуаққа толы мейiрiмi өз алдына, әкенiң балаға деген сүйiспеншiлiгi оның адам ретiнде қалыптасуына ғана емес, денсаулығына да үлкен әсер етедi. Алайда бiздiң елiмiзде бүлдiршiндердiң 49 пайызы әке махаббатына зәру екен. ЮНИСЕФ мәлiметi бойынша бұл көрсеткiш Украинада – 29 пайыз, Грузияда – 40 пайыз, Белорусияда – 32 пайыз. Көршi Өзбекстанда кiшкентай ұл-қыздардың 46 пайызына әкесi жеткiлiктi көңiл бөлмейдi, яғни әке тәрбиесi жетпейдi.
Ғалымдар әкесi бар бала мен әкесiз өскен баланың ойлау қабiлетi, тұлға болып қалыптасуында үлкен айырмашылық болатынын айтуда. Әке тәрбиесiн көрген ұл мен қыз жалғыз анасымен тұрған балаларға қарағанда батыл келедi, өзiне өзi сенiмдi болады. Батыс ғалымдары мектеп оқушыларын зерттей келе әкесi көп көңiл бөлген балалардың оқу үлгерiмi де басқаларға қарағанда жақсы болатынын анықтаған. Әкенiң иiсiн сезiп өскен бала ер жеткенде кездескен қиындықтарға морт сынбай, өмiрден өз орнын адаспай табатыны да белгiлi.
Мамандар бала психологиялық күйзелiске ұшырамай, толық адам болып ержетуi үшiн ана мейiрiмiн жеткiлiктi деңгейде алып қоймай, әке ұлағатын да көруi қажет дейдi. Қанша шаруабасты болғанның өзiнде ұрпағының болашағын ойлайтын әке оған жиi уақыт бөлуге тырысу керек. Баланы материалдық тұрғыда қамтамасыз ету бiр басқа да, оның тәрбиесiн уыстан шығарып алмау бөлек дүние. Ғалымдар, сондай-ақ, сәбидiң тiлi дұрыс шығуына анасынан гөрi әкенiң вербалды әрекеттерiнiң әсерi көбiрек екендiгiн айтуда.
Ұлыбританиядағы Эволюция және қарекет орталығының ғалымдары елу жыл бойы он жетi мың нәрестеге әке тәрбиесiнiң әсерi қандай болатынын зерттеген. Сәбилер өсiп, ержеткенде олардың өмiрде қандай адам болып қалыптасқанына зерттеу жүргiзген. Сол он жетi мыңның iшiнен адамның кемелденген кезi саналатын қырықтың бел ортасына жеткен бес мың адамды «тексергенде» мынандай қорытынды шыққан: әкесi нәресте кезiнен көңiл бөлген адамдар жалғыз ана тәрбиесiн көргендерге қарағанда өмiрден өз орнын дұрыс тауып, алға қойған мақсаттарына адаспай қол жеткiзген.
Ағылшын жазушысы Д.Герберт «Бiр әке жүз ұстаздан артық» деген екен. Иә, әке ұлағатына еш нәрсе жетпейдi. Әкесi жоқ балалар күйзелiске бейiм болады. Еуропа ғалымдары тiптi әкесiз өскендердiң семiздiкке жиi шалдығатынын да анықтаған. Ерте жастан бұзылатындар да әкесi жоқтар немесе әкенiң қатал қабағы жетпейтiндер санатынан екенi белгiлi. Нашақорлық, iшiмдiкке салыну тәрiздi дерт түрлерi де арқа сүйер әкенi көрмегендерге үйiр көрiнедi.
«Әкенiң шапағаты таудан биiк, ананың шапағаты теңiзден терең» дейдi жапондар. Балаңызды әкелiк мейiрiмге бөлеп жүрсiз бе, азамат?

Шарафат Жылқыбаева
2018 жыл

Tags: , , , ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Ұл-қызымыз ұялы телефонмен ұйықтайды
КIСIНI ТАНЫ IСIНЕН

Автор

Меню