ӘКЕ-ШЕШЕНІ ҚАЙТАРЫП АЛАЙЫҚ
«Ақ босаға» газетінің 4-нөмірінде жарық көрген «Тұлғаның да түрі бар» мақаласын оқып, өзім де ой қосқым келген еді. Қазір қай үйге барсаңыз да баяғы сарынмен «Папа», «Мама» деп сайрап жүрген балаларды көресіз. Баланың айтуына жеңіл болғанымен, бүл сөздер қазақ санасына жат екенін ойланып та көрмеппіз.
Қазақтың тарихына көз жүгіртсек, ертеде қазақ баласы әкесін «әке, көке», анасын «шеше» деп атаған ғой. Ал, «папа» сөзі өткен ғасырдың 60-шы жылдардан бастап тілдік қорымызда пайда болған.
Жалпы, папа сөзі қайдан шыққан? Бұл сөздің түп-төркіні орыс тілінен бастау алады дегенге келісу қиын. Өйткені орыстың атақты жазушылары Л.Н.Толстой, А.П.Чеховтың шығармаларын оқып отырсаңыз, әкелерін «батюшка» деп атағанын байқайсыз.
Тарих парақтарын ақтарғанымызда, төмендегідей жолдарды кездестірдік:
«…Біздің заманымыздың төртінші ғасырында христиан діні, билік таласынан католик және православ болып екіге бөлінді. Сол кезде католик дінін қабылдап, өзімен бірге отбасын, ағайын-туысын шоқындырып, дінге қызмет еткен кісіні «папа» деп атаған».
«Папа» сөзі ислам дініне мүлде жат ұғым. Жат дінді насихаттаушының есімін асқар таудай әкемізге теліп, дәріптегеніміз енді жараспас.
Дүние есігін ашқан сәбиге «мама, папа» дегізбей, бесік жырын айтып, тәй-тәй басқан шағынан «әке», «шеше» деген сөздерді құлағына құйып өсірсек, артық болмас. Сондай-ақ, орыстың «родители» деген сөзін қаша-а-аннан «ата-ана» деп аударып алғанбыз. Енді ойланып көрсек, атаға әжені теліп, ата-әже деп, дүниеге әкелген асыл жандарымызды өз атымен әке-шеше десек қайтеді?!
Дария ЕРҒАЗИНА. Павлодар облысы.
(№5(251) Мамыр 2011 жыл)