Үш таған (оқушы, ата-ана, мұғалім)

Үш таған
(психологша пайымдау)

Ата-ана ретiнде мектепке жиналысқа барған болсаңыз, «үштiк одақ» туралы естiген боларсыз. Үштiк одақты: оқушы, ата-ана және мұғалiм құрайтынын, олардың бiрлесе жұмыстанса, баланың да болашағы жарқын болатынын, мектептiң де атына кiр келмейтiндiгi жиi айтылады. «Алдымызда отыз бала бар, оның бәрiн бақылап, бәрiнiң сабақ үлгерiмiн тексерiп отыра алмаймыз», – деп жауапкершiлiктiң жартысын ата-анаға артатын мұғалiмдердi де түсiнуге болады. Бiрақ, бетiне қарап отырған еркесiн алғаш рет мектепке жетектеп әкеп, сынып жетекшiсiнiң қолына табыстағанда ересек жанның өзi мұғалiмге жаутаңдай қарары анық. Ендi ше, кiм баласын әйтеуiр бiреудiң қолына сенiп тапсырсын, бiлiм негiзi қаланады дейтiн бастауыш сыныптарда баламызды бiлiктi ұстаз оқытып, тәрбиелегенiн қалаймыз. Осы орайда кейбiр ата-аналардың мектеп таңдауда оның имиджi мен бағыт-бағдарына назар аударып қоймай, мiндеттi түрде мұғалiмге шүйлiге қарауы да орынды екенiн айта кету керек.
Ал, ендi балаңыз мектепке барғысы келмейтiнiн айтып, шағымданатын болса, оның арызына құлақ түргейсiз. Қатарластарымен тiл табысудың қиындығы мен сабақ үлгерiмiне деген ынтасы өз алдына, алдындағы ұстазына ұнау – бала үшiн кейде алынбас асудай көрiнедi. Көп сәтте мұғалiм ата-анасынан да артық беделдi тұлға. Сол абыройды түсiрiп алмаудың амалын қарастыру балажанды маманға еш қиындық тудыра қоймайды.
Есiңiзде болсын, мұғалiмнiң жас мөлшерi оның баламен тiл табысуына тiкелей әсер ете алмайды. Өйткенi, жас мамандардың бiлiм беру әдiсi кейде көп жылдар қызмет етiп, сабақ берудi күнделiктi iске айналдырып алған қартаң мұғалiмдыкiнен әлдеқайда жемiстi болады. Кейде керiсiнше, жас мұғалiмге баламен жұмыс iстеуде тәжiрибе жетпей жатады. Баланың бабын таба алмаған соң не сауат аштыра алмай, не жақсы тәлiм-тәрбие бере алмай, әрi-сәрi күйде қалған мұғалiмдердiң өзiне де психологиялық көмек қажет-ақ.
Нағыз ұстаз болу үшiн жан-жақты академиялық бiлiмiнен бөлек, ешқан­дай дипломмен бiрге берiлмейтiн шығар­машылық қабiлетi мен кiршiксiз адамгершiлiк қа­сиет­терi болуы шарт. Балаңыздың мұғалiмiнiң бойынан осы мiнездi iздеп көргейсiз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен, мектеп тұлғасы атанған мамандық иелерiнiң де кейде олқы тұстары болады.
Айталық, бала тiлiн таба алмай, онымен сөзге келiп қалатын, тiптi артынан шам алып түскендей ерегiсiп өтетiн де жандар бұрын да болған, қазiр де жоқ емес. Бұл арада салмақты балаға қарата емес, мұғалiмге қарай аударып айтып жатқанымыз бекер емес. Өзiңiз ойлаңызшы, кiшкентай тiршiлiк иесiмен жағаласып отыратын ересектi қаншалықты ақылдың кенi деуге болады?
Кеше ғана жаңалықтардан Солтүстiк Қазақстан облысында сондай бiр мұғалимасымақтың заң алдында жауапқа тартылғанын есiтiп, жағамызды ұстадық. Жетiншi сынып оқушысының маңдайына «таңба» салып, кекiлiн қырқып берген математика пәнiнiң мұғалiмi сабақ оқымай келген баланы осылай жазаламақ болған екен. Бұнысы, әрине, педагогикаға жат қылық емес пе, үйге берiлген тапсырманы орындамады деп баланың тәнi мен жанын жаралауы құптарлық емес. Нәтижесiнде бiр жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Бұның өзi жеңiл жаза деп ойлаймын.
Көп жағдайда мұғалiмдер басқа сыныптан не басқа мектептен ауысып келген баланы «өгейсiнiп», шетқақпайлайды. «Еш бiлiм алмаған» деп басталатын ренiшi не балаға екенiн, не басқа мектептегi әрiптесiне екенiн түсiнiп көр. Тек бiр тоқсан өткен соң барып баланың жетiстiгi жайлы айтып жатқанда мән-жайды ендi аңғарғандай боласың. Жә, бұдан соң да жағдай қалыпқа түсiп, бала қатарластарынан оғаш көрiнбей, ортаға сiңiсiп кетсе жақсы. Сындарлы сынып жетекшiсi бұндай шетте қалған оқушыны ерекше назарға алып, сыныптастарымен тез тiл табысуын қадағалап қана отырмай, оған тiкелей әсер етуi керек. Сыныбындағы әр баланың қабiлет-қарымын, мiнез-құлқын жiтi бiлу, соған орай жұмыстану керегiн мұғалiм де бiледi. Тек кейде оған да уақыт тапшы болып жатады, не басқа жайттар мойын бұрғызбай кетедi-ау осы.
Ресей психиатрларының сөзiне сенсек, ол елде мектеп табылдырығын аттаған балақайлардың 30 пайызына жуығында психикалық тұрғыда кiнәрат болса, мектеп бiтiрушiлердiң арасында психологиялық ауытқушылыққа 80 пайызы шалдығады екен. Бұл дегенiңiз, балалардың мектеп бiтiрiп, үлкен жолға аяқ баспай жатып-ақ жүйкесiнiң тозатындығын бiлдiрсе керек. Қай елде болмасын, ақиқатын айту керек, әр балаға жеке тұлға ретiнде қарау жағы ересектерде жетiспей жатады. Кейбiр мұғалiмдер тiптi алғашқы әсерлерiнен шыға алмай қалады. Рас, бұндай әдет пенде болған соң көпшiлiгiмiзде бар. Мұғалiм де пенде, бiр қылығымен ұнап қалса, бар тентектiгiн кешiруге дайын. Ал, егер ұнамай қалса, онда оның жақсы оқығаны да, тәлiмдi тәрбиесi де атаусыз қалады. Бiрақ, баланың (!) балалығына кешiрiммен қарау соншалықты ауыр да емес-ау. Оқушы мен мұғалiм арасындағы байланыстың түзу болмауынан баланың да сабаққа деген құлшынысы төмендейтiнi бесенеден белгiлi. Тiптi мектеп бiтiргенше сол бiр мұғалiмiне iшi жылу былай тұрсын, оның сабағын да оқымай кететiн талай оқушыны да көрдiк. Сондықтан да, шәкiртi жетiстiгiмен бүгiн қуантсын, ертең ризашылықпен еске алып жүрсiн дейтiн маман баламен қарым-қатынасты бiрiншi орынға қояры анық. Тарихтың өзi талай iрi ғалымдар мен белгiлi қоғам қайраткерлерiнiң, атақты ақын-жазушылардың кейбiрiнiң мектеп қабырғасында аса көзге түсе қоймағанын дәлелдеп берiп отырған жоқ па? Мысалы, Эйнштейннiң нашар оқығаны жөнiнде аңыз бар, ал шынтуайтына келгенде ол француз тiлiнен өзгесiн жақсы-ақ оқыған екен. Тек мұғалiмдермен жиi араздасып, түрлi сауалдарына жауап ала алмай, қақтығысып қалғандықтан бiр мұғалiмiнiң оның тезiрек мектептен кетуiн тiлейтiнiн айтқан сөзi елдiң есiнде қалса керек. Сол сияқты, «Менiң атым Қожа» фильмiндегi Қожаның да тентектiгi оның қағылездiгiн, алғырлығы мен зейiнiн басып кетiп жатқанын айқын көрсетедi. Осы тұрғыдан қарағанда баланың бiлiмi мен тәртiбiн айыра қарай бiлiп, олқы соғып жатқан жағын бiрiге жетiлдiре түсуге талаптанса, өсiп келе жатқан жеткiншек те керi кетпес едi. Мысалға, мен бiр баланы бiлемiн, он үштен ендi асқан жасөсiпiрiм ұялы телефонды жүре қуаттандыруға болатын құрал ойлап тауып, сыныптастары арасында қолданып та жүр. Сол бала жиi сабақтан қалатын, өзiмен-өзi жүретiн, физикадан да жақсы баға алмайтын оқушы. Тiптi сабақтан жиi қалып, сол үшiн талай ұрыс та естiген. Ендi сол жеткiншектi мүлдем қоғамға керексiз етiп тұқырта беруге бола ма? Әрине, бұл арада баланың сабаққа бармауын құп көре қоймаймыз, дегенмен, оны бөлмесiнен шығарып, мектепке қарай сүйрейтiн бiр тартылыс күшiнiң болғаны жөн емес пе? Ол жағы мектептiң еншiсiнде десек қателесемiз бе?..
Осыдан барып мұғалiм өзiне ұнаған шәкiртiн алға сүйреп, барынша оның бойындағы қабiлет-қарымын шыңдай түскiсi келедi де, екiншiсiн бiр қалыпта шектеп ұстайды. Бала үшiн ең ауыры да осы. Бөле қарауды жоғары сыныптың оқушысы тұрмақ, бастауыш сыныптың балдырғаны да аңғарады, жанымен түйсiнедi. Сезiмтал балақай кiшкентай жүрегiмен-ақ кiмнiң өзiне қалай қарайтынын, кiмге қалай жауап қату керегiн бiледi. Бұндайда бала мiнезiне қарай немесе қатарластарының арасында басқа қырымен көзге түскiсi келiп қателiкке бой ұруы мүмкiн, не өзiмен-өзi болып, тұйықтала түседi.
Ал, егер сыныптағы ең үлгiлi, ең белсендi оқушы мұғалiмнiң бауыр етi баласы болса ше? Иә, бұрындары мұғалiм өз баласы оқитын сыныпқа сабақ беруден қашатын тәрiздi едi. Өзi «а» сыныбына сабақ берсе, баласын мiндеттi түрде «б» сыныбына жетектеп әкеп отырғызатын. Мұғалiмнiң балалары да ерекшеленудi жөн санамайтын-ды. Бүгiнде, керiсiнше, «көз алдымда болсын» дей ме, дәл өзi сабақ беретiн сыныптың оқушысы етудi көздейтiндер көбейген тәрiздi. Осының өзi-ақ бөле-жара қарау емей немене? Құлыншағы сынып партасында отырып «мама» дей ме, әлде басқалармен бiрге «апай» деп қайырыла ма? Бөтен баланың маңдайынан сипаса, өз тентегiнiң бетiнен сүюдi ұмытпау керек қой, әйтпесе, бала көңiл қызғанбайды ма? Басқа балалардың көзiнше өз баласына тәйт деп тыйым сала алса жақсы. Олай болмаған жағдайда кiшкентай құлыншақ анасын бопсалай бастайды. «Анаған «төрт» қой, мынаған «бес» қойсаңшы, өйткенi ол менiң досым», – деп айтқанына көндiредi. Осыдан келiп, теңкөрмеушiлiк байқатпай-ақ орын алып жатады. Келмеске кеткен деген Кеңес кезiнде де мұғалiм өз баласын өз сыныбына алмайтын-ды, сол бiр әдеттi еске салып отырған да жөн-ақ едi. Ресей психологы Марк Сандомирскийдiң айтуынша, қазiр мұғалiмдер де өз кәсiбiне нарық заманына сай қарай бастаған. Ал, нарықта рухани адамгершiлiк биiк тұғырдан көрiне бермейтiнi шын. Оның жасырын жүргiзген сауалнама нәтижесi бойынша, мұғалiмдердiң 60 пайызы өз оқушыларын жек көретiндерiн мойындапты. Олар балаларды бiлiм алуға, тәрбие беруге мiндеттi емес екендiктерiн, тек ағартушылық қызмет ұсынатындарын жеткiзген. Тiптi араларында «көйлегi көк, тамағы тоқ ақымақ балаларды суқаны сүймейтiнiн» айтқандары да болыпты. «Бұл көршi елде ғой» деп қолды бiр сiлтей салатын бiзде де бәрi керемет емес екенiн мойындау керек. Мамандар бала мен мұғалiм арасындағы қарым-қатынас өткен ғасырдың сексенiншi жылдарынан соң тек нашарлап бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.
Қалай болғанда да, балаңыздың жаны кiшкентайынан жараланбасын десеңiз, мына жайттарды ескере жүргейсiз.
Жалпы, бүгiнде ата-ана үшiн мұғалiммен байланыс орнату аса қиын емес. Алғашқы күндерi күнделiктi мектепке барып, баланы алып қайтарда мұғалiммен жолығып, бетпе-бет сөйлесiп тұрған орынды. Жүзбе-жүз жайдары әңгiмелесу, оның өзiнде бала көзiнше хал-жағдай сұрасу да ара қатынасты оң бағытқа бұрары сөзсiз. Бiр жағынан, сiз де мұғалiмнiң азаматтық келбетiн айқындай түсесiз де, балаңыздың қандай жаннан үлгi алып жүргенiнен хабардар боласыз.
Анда-санда болсын баланың сабағына да қатысып тұруды ұмытпаңыз. Үйге келген соң балаңыздан тек қандай тапсырма берiлгенiн ғана емес, күнделiктi мектепте қандай жағдаяттар орын алғанын сұрап тұрған жөн.
Ал, мектептi не сыныпты ауыстыруды болмай бара жатқандағы соңғы нұсқа деп қарастырыңыз.
Балаңызға мұғалiмнiң бар баланы бiрдей жақсы көруге мiндеттi емес екендiгiн, жақсы көрсе де бәрiне бiрдей көңiл бөле алмайтынын айтып түсiндiрiңiз. Балақайды әке-шешесiнен артық ешкiм де жақсы көре алмайтынын да құлағына құйып отырыңыз. Дегенмен, кiшкентайдың көзiнше ересектердiң ерсi қылықтарын айтып, сөз етуге болмайтынын да ескергейсiз. Тал шыбықтай жайқалып ендi өсiп келе жатқан жеткiншекке сенiп үйренiңiз, не себептi мектепке барғысы келмейтiнiн, ол жәбiрлеушi ме, әлде жәбiрленушi кейiпте ме, соны анықтап алыңыз. Балаға көзсiз сенуге де, айтқанына көз жұма қарауға да болмайды. Егер қателiк жiберсе, ескертiп отырыңыз, кiшкентай болса да өз кiнәсiн мойындап үйренгенi жақсы. Бiрден мұғалiмнiң жағына шығып, «ол үлкен ғой» деп ақтап алуға тырысудың да қажетi шамалы. қандай ойда болсаңыз да, оның себебiн балақайға айтып түсiндiруден жалықпаңыз.

Редакциямызға мұғалiм-оқушы, ата-ана арасындағы қарым-қатынас жайындағы хаттар келiп түсе бастады. Солардың бiрнешеуiн қысқартып назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сiзге де сабақ бола жүрсiн.
1-хат: Құрметтi «Ақ босаға»! Өткен нөмiрлерiңiздегi «Үш таған» атты мақаланы оқып, жалғасын күтпестен өз басымыздан өткен жайттарды баян етуге асықтым.
Бастауыш сыныпта оқитын ұлымның сынып жетекшiсi ауысып едi, балаларымыз минутына бәленше сөз оқи алмайтын, тiптi әрiп танымайтын болып шыға келдi. Әлгi екi жыл сабақ берiп, ендi басқа жаққа ауысып кеткен мұғалiм түк оқытпапты. «Жаңадан келген апайымыз болмағанда балаларымыз сауатсыз болып қала бермек екен ғой» деген ой ерiксiз қылаң бергенi.
Байқағаным, осы күнгiнiң кейбiр мұғалiмдерi баланың бiлiмiне ғана емес, оның ата-анасының кiм екендiгiне, қандай қызмет ететiнiне мән берiп, балаға деген көзқарасын да солай қалыптастыратын сияқты. Тiптi мұғалiмге сiз қалай қарасаңыз, ол да сiздiң балаңызға солай қарайтындай. Олай дейтiнiм, апайымызға өткен жолы жиналыста сын айтқаным сол едi, ертесiнде балам үлгiлi оқушылар қатарынан шығып қалды. Бадырайтып тұрып күнделiгiне «үш» қойып, «Ата-анасына!» деп белгi соғып, ескерту жазып жiберiптi. Баламнан үштi не үшiн алғанын сұрасам, жаттаған жаттауын ұмытып қалыпты. «Ау, ол тақпақты өткен аптада жаттаған жоқпыз ба?» десем, соны кеше сұрағанын, кей жерiн ұмытып қалғанын айтып баламның басы салбырап тұр. Бұндай да болады екен деп қайран қалдым. Жаттау дегендi мұғалiм тапсырма берiлген күннiң ертесiнде барлық баладан бiрдей сұрап шығатын едi ғой, неге араға апта салып, басқадан емес, дәл менiң баламнан сұрағанын кейiн түсiндiм. Мұғалiмнiң диктант тексергенде жiберген қателiгiн айтып, нем бар едi деп ойланып жүрмiн ендi…
Асыл, Оңтүстiк Қазақстан облысы.

2-хат: …Мектептегiлер өздерi «үштiк одақ» бiрлесiп жұмыс iстейiк» дейдi де, балаға: «мектепте болып жатқан жайтты үйiңе айтып барма» деп ескертедi. Бұнысы несi? Баланы ата-анасына қарсы қою ма? Иә, рас, бала болған соң өзара сөзге келiп, тентектiк жасайтындары бар. Бiрақ, олардың ортасына түскен жан араздастыруды емес, жымдастыруды ойлайды ғой. Бұл арада бiтiмге шақырып, ақыл айтып, жол көрсететiн сынып жетекшiсi емес пе. Ал, ол болса, өзiнiң «сүйiктi» оқушысына бұра тартып, басқасын оған жығып берiп отырса, баланың да мысы басылады. Не ұстазынан, не қатарластарынан, не ата-анасынан қолдау таба алмаған балақай ешкiмге сенбей өсетiн болады ғой. Бүгiнгiнi кешегiмен салыстыруға келмейтiн заман болып барады, көпшiлiгiмiздiң отбасында көзiмiздiң ағы мен қарасы болып отырған – бiр-екi бала. Оның таяқ жеп, жiгерiнiң жасып қалуына мән бермей жүре беретiн қандай ата-ана бар. Мұғалiмдер бұны да түсiнсе деймiн. Олар да өз баласының сондай күйге түсiнуiне жол бере қоймас едi, ол жағы анық. Мысалы, бiрде баланың шалбары жыртылып келедi, кейде галстугi жоғалып қалады. Бұндай ұсақ-түйекке көз жұма қарағанымызбен, тәнiне түскен жарақаттың себебiн бiлуге құқымыз бар ғой, оған үндемей қалу мүмкiн бе? Барып сұрасақ, балалар емес, мұғалiмнiң ренжитiнiн қайтерсiз.
4-сынып оқушысының анасы.
Алматы облысы.

3-хат: Қазiр өз баласын өз сыныбына алып оқытып жатқан мұғалiмдер көп пе деп қалдым ғой. Менiң баламның сынып жетекшiсi де дәл сiздер айтқандай мұғалима. Өз қызына ашықтан-ашық бұра тартып тұрады. Басқа қыздар жақсырақ бiр киiм киiп барса, мiндеттi түрде ескерту алады. Ал, өз қызы да мектеп формасынан өзгеше киiнiп жүргенi. Әнеубiр күндерi күн қатты суытқанда түр-түсi мектеп формасына ұқсас, бiрақ қалыңдау шалбар кигiзiп жiберiп едiм, қызы соны көре қойып, шешесiне айтыпты. Ал, ол өз қызына ескерту жасаудың орнына менiң қызымды тақтаға шығарып алып, ұрсыпты. Мұғалiм айтқан соң ендi бала кисiн бе, ертесiнде «кимеймiн» деп шырылдайды. Мен «ауырасың» деп шыр-пыр болғаныммен, ақыры жеңiлiп тындым. Бiр қарағанда көзге көрiнбейтiн мәселе, бiрақ, дендеп келгенде бұл өзi қиын жағдай екен. Ұлдар жағын қайдам, әсiресе, егер мұғалiмнiң қызы оқыса – сыныптас қыздар мен олардың ата-анасына қиын соғатын сияқты. Өйткенi, ұл мен қыздың психологиясы да әрқилы ғой, қыз болған соң қызылға қызыққыш, соған қарай қызғаншақтау да болып келедi емес пе.
А.Толқынбек,
Шығыс Қазақстан облысы.

4-хат: «Мұғалiмнiң баласы» не «мектеп директорының баласы» дегендер қазiр орыстар айтатын «золотой молодежь» атанған жоғарғы санатты топқа жатады-ау деймiн. Әсiресе, ақылы жекеменшiк мектептерде. Оларға берiлетiн көп мүмкiндiктiң бiрi сол – әкесi не шешесi сол жерде iстеп жүргендiктен, оқу ақылары да сәл де болса арзандау. Осының өзiнен-ақ көп жағдайды аңғаруға болады емес пе?
Ресей демекшi, өткенде Мәскеудiң оныншы сыныптың оқушысы мұғалiмi мен бiр полицейдi жантәсiлiм еткенi жөнiнде хабар шартарапқа жайылды ғой. Өзi жақсы оқыған-ақ бала екен, мұғалiмдермен де соншалықты бiр араздықта болмаған көрiнедi. Бiрақ, мамандар айтпақшы, жүйкесi сыр бергенi анық. Әйтпесе, қараптан қарап қолына қару ұстамас едi. Жалпы, менiң айтпағым, рейтинг қумай, әр оқушыға жеке тұлға ретiнде қарайтын мұғалiмдердi саралайтын кез жеткен тәрiздi. Сондықтан да, оларды да белгiлi бiр мерзiмде психологиялық тұрғыдан бақылаудан өткiзiп отырған дұрыс сияқты. Иә, қазiр әр мектепте балалар психологы жұмыс iстейдi, бiрақ оның өзiне кезекке тұрып барып жатқан не мұғалiмдi, не баланы өз басым көргенiм жоқ.

Г.Қыбырай.
Жамбыл облысы.
2014 жыл, наурыз

Tags: , , , , , ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Сағат тағу сән ғана емес
Сауалына – жауабы: «Үшеуiн таптым, алтауын бақтым…»

Автор

Меню