Бiр көп балалы кiсi жұпыны тiршiлiк етiптi. Бiрде балаларына беретiн тамақ табылмаған соң бiр байдан қарызға ақша алады. Қарызды қайтаратын күн жақындаған сайын бай күнде кедейдiң үйiне келiп, «Ақшамды жылдам қайтар», – деп айта берiптi.
Кедейдiң беретiн ақшасы болмай жыларман күй кешедi. Бай «Жаңа жылға дейiн ақшамды өсiммен бермесең үйiңдi тартып аламын», – дейдi.
Кедей жаңа жыл келгенде да қарызды қайтаратын ақша таба алмай зар қағады. Әйелi соңғы бiр уыс күрiштi пiсiрiп балаларының алдына қоя бергенде ақшасын алмаққа бай келедi. «Көрiп отырсың ғой, қаптың түбiн қағып, балаларға соңғы тамақты нәпақа етiп берiп отырмыз. Өтiнемiн, күте тұрыңызшы, әйтеуiр, бiр күнi қайтарармын», – деп жалынса да, бай көнбейдi. Қайта одан бетер ашуланып, ошақ түбiнен бiр уыс топырақты алады да дастарқандағы пiскен күрiшке шашып жiбередi. Кедейдiң әйелi балаларын құшақтап зар еңiрейдi. Сөйтiп, бай кедейдiң бала-шағасын шырқыратып, үйiн тартып алады.
Кедей балаларын шұбыртып, ауыл сыртындағы дарияға келедi. Алдымен кедейдiң қарт әкесi екi баланы құшақтап дарияға құлайды. Содан соң қалған балалар да бiр-бiрлеп суға секiрiп, кедейдiң отбасы тулаған судың түбiне кеткен екен.
Ал, кедейдiң зәбiр көрiп налыған рухы қызыл мысыққа айналып үйiнде қалыпты. Мысықтың мияулаған үнi бүкiл ауылға естiледi екен. Қызыл мысықпен бiрге байдың отбасында толассыз нәубет басталады. Алдымен үйi өртенедi. Содан соң балалары шетiнейдi. Ең соңында байдың өзi жынданып өледi. Бiреу жерiн алып, үйдi бұзып, басқасын тұрғызған екен, қызыл мысық сонда да кетпептi. Қаншама уақыт өтсе де әлгi орынды мекендейтiн әрбiр отбасының тағдыры түрлi апаттарға ұшыраумен аяқталады екен.
Жапон тiлiнен аударған Шарафат Жылқыбаева
фото sib.fm сайтынан алынды