ҚЫЗЫ АНАДАН ҮЙРЕНБЕЙ ӨНЕГЕ АЛМАС
(Қорқыт ата)
18-ғасырдың басында елiмiздiң Оңтүстiгi Қызылорда облысы Сыр бойында қоныс тепкен Арал ауданына қарасты Аманөткел елдiмекенiнде Махамбет жырау өмiр сүрiптi. Қалабайұлы Махамбет жырау туралы басылымдарда ешнәрсе жазылмаса да ел iшiнде ол кiсiнiң таңды таңға жалғап жырлайтыны туралы аз айтылмаған.
* * *
Әсерлi әңгiме-дүкен құрып отырған құрбының сөзiне зейiн аудардым. «Анам айтатын», «анамнан естiгенiм», «анамнан көргенiм» деген сөз тiркестерiн жиi қолданып, ана мектебiнен алған өнегенiң өрiстi болғанын тiлге тиек етiп, сөзiне тұздық, ойына арқау етiп отыр. Бақсам, жоғарыдағы атап өткен, ел арасында ауыздан ауызға тараған жырларды нақышына келтiрiп айтатын Қалабайұлы Махамбет жыраудың қызынан тараған бес ұрпақтың бiрi осы замандас болып шықты.
Зағипа Қуандыққызы: «Анамыз Махамбетқызы Күлзада 1922 жылы дүниеге келген», – деп сөз бастап, анасының сөзге шебер және екi қырық жастың белесiне шыққан қария анасының ауыз әдебиетiнен жеткен жыр-дастандарды нақышына келтiрiп, төкпелеп, жатқа айтып отыратынын мақтанышпен айтып өттi. «Осыншама көп дүниенiң ұзақ уақыт бойына жадында сақталуы, сол жас кезiнде әбден санасына тоқтаусыз енiп, өшпестей болып сiңiрiлуiнiң нәтижесi болар», – деп бiр тоқтады.
– Анамыз отбасылық тiршiлiктiң қазанында қайнап, пiсiп жүрсе-дағы халықтық ертегiлердi, Шығыс халықтарында көне заманнан кең тараған ғашықтық дастаны «Ләйлi-Мәжнүндi» және қаһармандық халық эпосы, Орта Азия, Таяу Шығыс, Кавказ халықтарына ортақ фольклорлық ескерткiшi «Көроғлы» тағы да бiрнеше дастандарды еш жерден оқымай-ақ жатқа айтатын.
Анамыздың көктем шыға бере егетiн бақшасы болатын, тынымсыз қимылдан жалықпай соның айналасында жүретiн. Дархан жүректi, көңiлi көлдей анам сол өнiмдердi ағайын-тумаға, көршi-қолаңға тегiн таратып, содан өзiне ләззат алып жүретiн. Сол қасиет маған да жұғысты болды. Алыс-жақын қай қалаға барсам да үйге топырағымен қоса үй өсiмдiктерiн арқалап жүремiн, тiптi Сочидан да лимон әкелiп өсiрдiм.
…Соғыс кезiнде бiздiң ауылымызға немiстер мен кәрiстер жер аударылған екен. Оларды дарияның жиегiне бақша егуге жұмылдырған. Менiң анам солардың бригадирi болып еңбек еткен, «ертелi-кеш белiмiздi шешпестен еңбек еттiк, бастан өткен ауыр жылдар болды» деп еске алып отырушы едi. Кейiннен анаммен бiрге болған Эмма есiмдi (немiс ұлтының өкiлi) дәрiгердi кездестiрдiм. Менi құшағына алып, қуанып, көзiне жас алып, менiң анамның атына айтқан ерекше мақтау сөздерiн естiдiм.
Бала кезiмде үйде бiрге өскен балаларды, үлкен кiсiлердi туысым деп қабылдадық. Кейiннен бағамдасам, елдегi жетiм-жесiрлер бiздiң үйдi паналаған екен. Оған кейiн де куә болдық, елдегi жалғызiлiктi жандарға анамыз қамқоршы болып, қолдағы барын аямаушы едi. Бар баласын бесiкке бөлеп, әдемi әуездi үнмен бесiк жырын жанынан шығарып айтып отыратын.
Анамның iсмерлiгi, қонақжайлылығы бiр бөлек әңгiме. Жанында жүрiп ұлтымыздың бай мұрасын көзiммен көрiп, жетiк меңгергенiме бек қуанамын. Диiрмен тарту, келi түю, күбi пiсу, қазанға нан жабу, жүн сабау, ұршық иiру, текемет басу, текеметтiң оюын ою, құрақ құрау, терме алаша тоқу, терменiң түрлерiн ойлап табу, киiз үй жабдығын тоқу, ши тоқу, киiз үйдi тiгу, т.с.с бәрiн бала күнiмнен бойыма сiңiрдiм. Он-он бiр жасымда шәлi тоқығаным, алаша тоқығаным, көйлектер тiгуге талпынғаным әлi күнге дейiн көз алдыма елестейдi.
Анам ғажап кiсi едi. Ораза кезiнде ауыл ақсақалдарының тарауық намазын жиналып оқитын орны – бiздiң үй болатын. Анамыз қабағын шытпастан 30 күн бойына сол кiсiлерге тамағын даярлап қызмет жасайтын.
Әкемiз бен анамыздың дiни сауаттылығының арқасында ол жолды да ұстануға ұмтылдық. Анамыз әрi саяси сауатты жан болды, қартайған шағының өзiнде «қазақ» радиосын үзбей тыңдап, елде болып жатқан барлық жаңалықтарды бiзбен бөлiсiп отырушы едi, – деп, жеңiл күрсiнген жүзiнен Зағипаның Ана мектебiнiң зейiндi шәкiртi болғандығын бағамдадық.
***
Қорқыт бабамыздан жеткен сөздi тақырып етiп алып, ана тәлiмiнен барынша толыққанды зерде қалыптастырған Зағипа Қуандыққызы қазiргi таңда Елорда тұрғыны. Елге танымал ұлағатты тәлiмгер, саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған жан. Ол бiр сәт анасының өнегеге толы iс-әрекетiн сағынышпен еске алып, аяулы анасының ұлағатты бейнесiн, ақ сүтiмен бойына сiңiрген дағдысын әсерлi әңгiмеледi.
Сыр бойынан түлеп ұшқан, айтулы қаламгер, ақын, жазушы Зейнолла Шүкiровтiң жырау жанынан жиi табылып, ыждаhаттылықпен тыңдай жүргенi жайдан жай емесi анық! Сөз қадiрiн түсiнетiн жазушының мүмкiн Күлзада анамыз туралы немесе ол кейуананың ардақты әкесi, Зағипа Қуандыққызының нағашы атасы хақында тыңдағанын жазып, зерттеу жасағысы келдi ме екен, кiм бiлсiн?!
…Табиғатында қайырымды болмыс иесi, өз заманының жаңашылы, iсмер, сабырлы мiнез иесi Күлзада ана мен эстетикалық талғамы жоғары қызы Зағипаның бойындағы көркем көрiнiс пен әдемi бiрiздiлiкке сүйсiне қарау үшiн де көзi қарақты, көңiлi көрiктi көрермен болу ләзiм!
Бiз өз кезегiмiзде тарихта болған Махамбет жыраудың қызы ретiнде Күлзада ананың атадан балаға қонар дарынды қасиеттiң жетi ұрпаққа жетер ұлылығын тыңдап, сүйсiндiк!
Маржан Бектұрсынқызы.