ҚЫЗДАНАЙДЫҢ ҚЫРҒЫНЫ
Кіші жүзде он екі ата Байұлынан Таз руы тарап, одан Жастабан болып бөлінеді. Ұраны – Бақай. «Бақай!» деп ұрандағанда Адайлар да бірге көтеріледі. Себебі, Шашақты Қара Күң деген анамыз Таз бен Адайды қызылшақа нәресте күнінен киіз қалпаққа салып, бағып жеткізіпті. Атақты Төремұрат батыр – осы Таз арысының ұрпағы, әкесі – Тайбек есімді адам. Тайбек атамыздың бәйбішесі батыр атамызға жерік болғанда, екі жылан жеген екен деседі. Әйелінің мына қылығынан сескенген Тайбек кезбе дуанаға бал ашқызса: «Әйелің маңдайы жаудан қайтпайтын батыр ұл табады, атын Төремұрат қой», – дейді.
Төремұрат өнерлі, ерке, бұла болып өсті. Қайда ойын-той болса, бұл да бозбала серіктерімен сонда. «Күрес» десе, күреседі. Садақ сайысы, найза қағысы ойындарынан да қалмайды.
Елдерінде жас кезінен кірпігі ішке қарай өскендіктен «Ақкірпік» атанған малды, жанды адам бар еді. Руы – Жастабан, қарындас жақын болмағанмен, аталас ағайын. Сол Ақкірпік көп мал беріп, кедейлеу бір шаруаның елде жоқ, ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу қызын алды деген хабар дүңк ете қалады. Қыздың азан шақырып қойған аты Дана екен, өсе келе шешендігімен, көсемдігімен көзге түскен соң, Қызданай атаныпты деген қауесет алыс-жақын елдің құлағын елеңдетпей қоймайды. Төсек жаңғыртқанға «жас иісті болдың» деп, қайырлы болсын айтып, келіннің қолынан дәм татып, шай ішу дәстүрі бар қазақ Ақкірпік ауылына жосыла бастайды. Бірде Ақкірпік ауылына бір топ жігіт-желең, бозбаламен Төремұрат та келеді.
Келген жігіттерді сынау үшін бе, ол кезде әйел затында бола бермейтін әдет істеп қонақтардың қолына келіншектің өзі су құяды. Өзгелер саусақтарының ұшын шылағанда, Төремұрат құмандағы су біткенше қолын жуа беріпті.
Екі жастың арасындағы құмарлық осылай басталған екен деседі. Алғашқыда оны біреу біліп, біреу білмесе, уақыт өте келе айнала жұрт тегіс құлақтанады. Ақыры албырт Төремұрат ағайындықты да, басқаны да жиып қойып, Қызданайды алып қашып кетеді.
Ағасының көзі тірісінде жеңгесіне үйленуге шариғат қоспайды. Мұндайда ара ағайынға бітім сөзін айтатын үлкендердің тілі байланып қалады. Малды ағайынның айналасында намыс жыртар жандайшаптар аз емес-ті. Ел бүлініп, ағайын арасына араздық енді. Ағасының намысын қорғауға Келдау атты інісі белді бекем буып, атқа қонады. «Бір қателік болды, өтті-кетті, әй, қойыңдар!» дейтін жанашыр табылмағандықтан, Келдау Төремұрат ауылын қатарынан екі рет шауып, шаңырағын ортасына түсіре ойрандайды. Бірақ, Төремұрат пен Қызданайды қолға түсіре алмайды. Келдау жер-жерге тыңшы қойып, аңду салды. Бірде Төремұраттың ізіне түсіп, қуғындағанда, Төремұраттың астындағы аты інге сүрініп құлап, Төремұраттың аты да, өзі де мертігеді. Бірақ, батыр қайрат көрсетіп алдырмайды. Келдау жасағын жиып келіп қайта шапқанда, ашынған ел оны ұстап алып, буындырып өлтіреді.
Алайда, қуғыншылар іздеуді тоқтатпайды. Ақырында екі жасты байлап-матап, ұстап алып қайтады. Қашып кетпесін деп екеуін де анадан туғандай тыр жалаңаш ұстайды. Ауылдың қарасы көрінгенде, «киініңдер!» деп, киімдерін берсе, қайсар, өжет Қызданай киінбей, абыройын ашқан қалпында билер сотының алдына келеді. Мына көрініске кейіп, ренжіген бір ақсақал: «Көргенсіз, к… жап!» деп айғай салғанда, Қызданай: «Бәріңнің қырылып жүрген жерлерің емес пе? Әбден көріңдер!» – депті. Ол бір ұтарлы сөзге тоқтайтын кез еді ғой. Жиналған үлкендер: «Қой, мыналар бір-бірін әбден сүйген жандар екен, обалына қалмайық» деп, некелерін қиып жіберіпті.
Келдау өлімінен кейін ағайын арасындағы алакөздік бұрынғыдан да өршіп, ақыры қантөгіссіз бітпейтін сыңай байқалған соң, Тайбек әулетіне қарасты, 15-20 үй, бәлкім, одан да көп, қоныстарын тастап, Маңғыстауға көшіп кетеді.
Маңғыстау ол кезде тыныш емес-ті. Түрікмендермен соғыс жүріп жатқан. Адайлар Маңғыстау өңірін иемденгенмен, түрікмендер дамылсыз шабуылмен мазаны алып тұрған. Адай руының әрі бай, әрі ер көңілді батыры Сүйінқараны түрікмендер қайта-қайта шауып, мал-жанын барымталағанда, жау соңынан атойлап, намысты қолдан бермеген Төремұраттың батыр атағы осы жаугершілікте шықты.
Елден кетіп, Адай арасында жүргенде Төремұрат түрікмендермен бірде жауласып, бірде татуласып дегендей, мазасыз тірлік кешеді. Өз ортасымен сыйыспай, әр рудан қашып-пысқандар болу керек, жанында бірге жортатын үш серігі болыпты. Бірде олар кезінде түрікменнің әскербасы болған, бұл күнде шау тартып қартайған сыйлы азаматы Атабек деген дөйге сәлем беруге барады. Атабектің үйіне қанша адам келсін, тек солардың үшеуімен ғана қол алып амандасатын, сосын алтындаған кесемен сусын ұсынатын әдеті бар екен. Төремұрат дүзге отырам деп кешігіп қалады да, жанындағы үшеу бұрын еніп, Атабекпен қолдасып амандасыпты. Төремұрат кіріп келіп қол ұсынса, көрмеген, елемеген болып қолын алмайды. Әдетінен айнымай, алтындаған кесемен сусын ұсынғанда, қитыққан батыр кесені қағып жібереді. Сусын төгіліп, кесе сынады, Төремұрат: «Көрісерге қол таппай, ішерге су таппай келгенім жоқ» – деп, орнынан тұра береді. Бек: «Атыңды естігенмен, жүзіңді алғаш көруім, алдыма қанша адам келсе де үшеуімен ғана қолдасып амандасатын әдетім бар еді, жанындағы серіктерің сені күтпей, үйге кіргені мені шатастырды» деп, Төремұратты тұрғызып, қолын алып, жанына қайта жайғастырады. Ат-шапан айыбын қоса айтады.
Қонағасы жеп, ауылдан алыстап шыққасын, Төремұрат жанындағы үш серігіне: «Енді менен аулақ жүріңдер» деп, әлгілермен ат құйрығын үзеді. Бұдан былайғы өмірлерінің онды болмайтынын түсінген әлгі үшеу айдалада қалып, ақыл-айла ойлайды. Түрікмен бегіне қайта барып: «Әлгі Төремұрат сені шабамын деп кетті!» – деп шағыстырады. Бек дереу дабыл қағып, қол жияды.
Ауылына жалғыз оралған Төремұратты көрген Қызданай күйеуінен суыртпақтап сыр тарта отырып, бір жайсыздық болғанын іші сезеді. Кешікпей батыр түс көреді. Оны шешемізге жорытпай, өзі жаманшылыққа жориды. «Қаптаған жау көрдім, сені менен айырып, алып барады екен. Саған ара түсер менде дәрмен жоқ. Сал болғандай екі қолым көтертпейді. Маған уақыт жақын. Беліңді бекем буа бер, Қызданай», – дейді.
Түс қолмен қойғандай іске айналған. Түрікмендер жасанып келіп, тұтқиылдан тап беріп, Төремұратты өлтіріп, өзгелердің бірін қалдырмай қырып, мал мен Қызданайды олжалап алып кетеді. Бұл хабар алыстағы етжақын ағайынға кешеулеп жетіп, олар артынып-тартынып келсе, өлгендердің денелері шіріп кеткен екен, ешкімді ажыратып тани алмайды. Сөйтіп, Төремұрат қапыда қазаға ұшырайды. Бұл өлімді ел аузындағы аңыздар былай деп шерлейді:
Күйкіден кейін Мұрыннан
Көштің алды бұрылған.
Түрікменмен ұрысып,
Талай ғазиз жандар қырылған.
Төремұрат батырдың өлген жері осы екен,
Қатыгез жау қайырымсыз болған озалдан.
Төремұрат атамыз онша ұзақ жасаған жоқ. 1820-1855 жылдар аралығында өмір сүрді деп жобалауға негіз бар. Ол жамағайын аталас інісі Өтен батырдан 4-5 жас үлкен, ал, атақты көкжал Нарынбайдан мүшел жас кіші еді. Өлген жері – Маңғыстаудың Күйкі деген мекені.
Түрікмендер Қызданайды Атабекке сыйға тартады. Мезгілінде болғанмен, қазір шау тартып, белден қалған бек: «Мені менсінбей, қашар болсаң, артыңнан қуғыншы жібермеймін», – деп серт етеді. Шешемізге миуа шекер жегізіп, үлде мен бүлдеге орап, жанына күтуші беріп, тырп ете алмастай мықты күзетпен ұстайды. Ондағы амалы – Қызданайға елін ұмыттыру еді.
Тайбек әулетінің бір күнде қырылып қалуы, Қызданайдың түрікменге тұтқын боп кетуі – елдің есті азаматтарының намысын күйдіреді. Бірақ, мұны істеген кім екенін олар анық білмейді де, қыс өтіп, жаз шыққан соң, аяқ жетер жердегі түрікмен ауылдарын қақыратып шаба бастайды. Өсек айтып, түрікмендерді айдап салған әлгі үш опасызды Адайдың Балуанияз деген батыры жекпе-жекте ат арқасынан жұлып алып, кәлләларын қағып тастайды. Даланың ақ кеуде ардағы мен аруы Төремұрат пен Қызданайдың намысы үшін тізе қосқан Адай мен Таз жасағы түрікмендерді аяусыз тықсырған. Түрікменнің қайсыбір ауылдары Маңғыстаудың Қараойын тастап кетуге мәжбүр болады. Бұл қанды шайқас – «Қызданайдың қырғыны» атанады.
Арада жыл өтеді, Маңғыстау беліндегі қанды шайқас саябыр тауып, жігіттер «жесірімізді енді қайдан іздейміз» деп дағдарып отырғанда, Қызданайдың өзі қайтып келген.
Ол былай болған еді. Қызданай бектің рұқсатымен серуендеуді әдетке айналдырады. Ондағы көздегені – айналаны шолып жер тану, алыс-жақын мекендерді біліп, керуен жолдарының қайда апаратынын бағдарлау, ал, ішкі есебі – амалын тауып елге қашу.
Қартайған түрікмен бегінің көз құмарын сусындатқаннан басқа қауқары шамалы еді. Бар қызығы дабыра даңқы мен қартайған басын сыйлап сәлемдесуге келгендерді қабылдап, өткен-кеткен қызықты өмірлерін еске алып, наша шегіп, қауқылдасып, әңгіме-дүкен құру. Түрікмендерде ұйықтағанда атының басына жемдорбаны іле салып, шылбырды белге қыстырып ұйықтау әдеті бар. Наша шеккен адам ұйықтамайды, ал, ұйықтай қалса, өлген-тірілгенін білмей ұйықтайды. Қызданай осындай қолайлы бір сәтті пайдаланып, келген қонақтың шылбырын бел түбінен кесіп алып, мейіз боп жаралған ақалтеке арғымаққа аяқ артады.
Бектің ауылынан Қоңырат шаһары үш күншілік жер екен. Күзгі базардың тарқайтын шағы. Қызданай ел жақтан қатынаған базаршылардың бірі болмаса, біріне кезігермін деп Қоңыратқа тартады. Бектің «қашып кетсең, артыңнан қумаймын» деген сертіне сенбей, тізгінді тежемей, тоқтаусыз жүйткиді. Түнде қапылып жүріп аттың басындағы жемдорбаны сыпыруды ұмытып кеткен екен, ауа жетпей тұншыққан жануар жарым жолда сеспей қатады. Қызданай жаяу тартады. Келесі күні түс ауа базар тарқарда Қоңырат шаһарына ілігеді. «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» деген рас екен. Екі күн бойы ат басындағы дорбаны көрмегенім – бақа бастыдан кемдігім. Енді еркек талғамаймын, кім босағасынан орын берсе, соған әйел боламын», – деп серт еткен екен шешеміз айдалада жалғыз келе жатып.
Базар тарқар кезде Адайлар мен Таздар көп болатын жерге келсе, сырттай таныс адамдармен ұшыраса кетеді. Өзінің кім екенін ашып айтпай, жүргелі жатқан керуеншілерге ілеседі. Жолаушылар оның Қызданай екенін жобалайды. Қызданайдың келе жатқаны туралы хабар елге базаршылардан бұрын жетеді де, оны қарсы алуға ауылдан адамдар шығады.
«Кімді қалайсың, кімнің үйіне түсуге ризашылық бересің?» дегенде, Қызданай: «Қарсы болмаса, Ақкірпіктікіне апарыңдар» депті. Тағдырдың тәлкегін қойсаңшы, кеше ғана менсінбей қашып кеткен даланың аруы асаулықтан арылып, ноқтаға басын өзі сұғады. Қызданай еңкейіп кеп табалдырығынан аттағанда, Ақкірпік былай деген екен:
Қарағым, айналайын, Қызданайым,
Келдің бе жау қолынан күн мен айым?
Отырсаң орның мынау, ерік өзінде
Енді саған боламын Соқыр байың.
Шешеміз Соқыр байымен көп өмір сүрмеген. Алла оған көрік, тіл мен зердені аямай бергенде, бақ пен ғұмырды аз беріпті. Көп ұзамай жалғанмен қош айтысып, мәңгіге көз жұмады. Төремұрат туралы әңгімелер осы шешеміздің айтуымен ауыздан-ауызға тарайды. Кейінгі кездерде оның бұрмаланып, боямаланып кеткендері де аз емес.
Кемал ТАЙШАБАЕВ.
(№11(113) Қараша 1999 жыл)
фото ғаламтордан алынды