Қыз құлпырсын көктемде

Қыз құлпырсын көктемде

Әуелбастан әдемiлiкке құмар арулар, жер ананың қойнауы жасылға малынып, күн жылынған уақытта сұлуланған үстiне сұлулана түскiсi келедi. Сондықтан да, бiздiң оқырман қыз-келiншектерге арнайы мамандардың ақыл-кеңестерiн ұсынып отырмыз.

Шырын Асқарова, косметолог маман:

Бет күтiмi: Көктемгi жел бет терiсiн бүлдiредi. Қанша тырысқанымызбен, көктем басталысымен бет терiсi жарылып немесе майланып шыға келедi. Одан қорғанудың бiр ғана жолы маскалар пайдалану. Негiзiнен, бiз косметика таңдаған кезде табиғилығына, құрамында химиялық қоспалардың аз болуына аса мән беремiз. Ал табиғилықты жүз пайыз қамтамасыз еткiмiз келсе, жақпа май, бет күтiмiне арналған түрлi лосьон, тоник, маска сияқтыларды көкөнiстермен алмастырып үйренгенiз жөн. Бiрақ, жақсы нәтижеге жету үшiн терiге қолданатын қажеттi жемiстер мен көкөнiстердегi дәрумендердi бiлу керек. Айталық:
– Алма құрамында С, В дәрумендерi мен аминқышқылдары, флавоноидтар, минералды тұздар, микроэлементтер жетерлiк. Олар адам терiсiндегi қызыл бөртпелердi жоюға, терi қабатының тұрақтануына септiгiн тигiзедi. Мәселен, алманы үккiштен өткiзiп, бетiңiзге толық жағыңыз да, 20 минуттан соң жылы сумен жуып, артынан салқын сумен шайып тастаңыз. Егер бетiңiз майлы болса, үккiштен өткiзiлген алмаға жұмыртқаның ағын араластырып және екi-үш тамшы лимон шырынын қосып пайдаланыңыз. Құрғақ болса, қоспаға аздап қаймақ, жұмыртқаның сарысын, бiр ас қасық өсiмдiк майын және бал қосып жасағыңыз дұрыс. Ал, бетiңiздiң ағарғанын қаласаңыз, алманы үккiштен өткiзiп, оған жұмыртқаның ағын және крахмал қосып, бетiңiзге жағып, 25 минуттай ұстасаңыз, оң әсерiн бередi.

– Терiнiң саулығы үшiн орамжапырақтың атқаратын қызметi зор. Ол терiнiң барқыт тәрiздi жұмсақ болуын қамтамасыз етiп, ағартып, қуат берiп, тазалайды. Кез келген терiге жарайтын масканы орамжапырақтан ғана жасауға болады. Орамжапырақтың шырыны да бет терiсiне пайдалы. Жасалуы: орамжапырақтың сөлiне дәкенi батырып алып, бетiңiзге қойыңыз да, 20 минуттан кейiн алып тастаңыз. Екi күннен кейiн осы әдiстi тағы да қайталаңыз.

Қол күтiмi. Егер қол терiсiне арнайы күтiм жасалмаса, өзiн-өзi қорғауға қабiлетсiз болатынын естен шығармаңыз. Өйткенi, бет терiсiне қарағанда қол терiсiнде ылғалдың мөлшерi әлдеқайда аз.
– Есiңiзде болсын, қолды нәрлендiретiн кремдердi сыртқа шығардан 30-40 минут бұрын жағу керек.

– Егер қолыңыздың терiсiн ағартуды ұйғарсаңыз, онда ақ сұрыпты картоптың екi түйiрiн қабығымен суда пiсiрiп алып, 100 гр. сиыр немесе ешкi сүтiн және бiр шай қасық зәйтүн майы қосылған қоспаны қолымызға жағып, отыз минуттай ұстау керек. қолыңыздың түсi өзгергенше қайталап жасап отырсаңыз болады.

Сепкiл кетiру жолдары: әдетте күн нұрының белсендiлiгi арта бастағанда беттегi секпiл де көбейедi. Қыс және күз мезгiлдерiнде, күн белсендiлiгiнiң төмендеуiмен бiрге секпiл де бозарып, не кетiп қалады. Секпiл бетте тым көбейiп кетпес үшiн алдын ала емдiк шаралар жасағаныңыз дұрыс.
– Көшеге шығар алдында күн сәулесiнен қорғайтын максималды әсерi бар (яки SPF деген белгi соғылған) кремдер жағып жүрiңiз;
– Бетiңiздiң бiраз бөлiгiн жауып тұратын күн көзiнен сақтайтын көзiлдiрiк пен қалпақ (шляпа) киiп жүрiңiз;
– Бетiңiзге күн көзiнен сақтайтын кремнен бөлек тоналды крем немесе опа жағып жүрiңiз;
– Күнделiктi тамақтану рационыңызға С және РР витаминдерi мол тағамдар қосыңыз. Әсiресе, жемiс, көкөнiстi көбiрек жеуге тырысыңыз.
Көктемгi шаш күтiмi:

Қыс бойы бас киiмнiң астында басылып, аязға әбден тоңған шашыңыздың қазiргi жағдайы мәз емес болар? Көктем – авитаминоз кезеңi, сондықтан дәрумендер жиынын iшiңiз. Шаш пен тырнақтың жақсы өсуiне көмек беретiн А, В1, В12 және Е дәрумендерi бар өрiк, мейiз, қара өрiк, цитрус жемiстерiн, алма, сарымсақ пен жаңғақтарды  рационыңызға қосыңыз.  Шаштаразға бармағаныңызға көп болса, мiндеттi түрде бiр барып, жансыз шашты қысқартуды сұраңыз. Шашқа арналған сусабыныңызды ауыстырыңыз. Анда-санда сусабынды ауыстырып тұру шаштың жақсы өсуiне көмек бередi екен. РH деңгейi бейтарап, жеңiл консистенциялы, шашты жұмсартатын сусабын таңдағаныңыз жөн. Оның құрамына қоректендiргiш заттар, дәрумендер, керамид пен лецитин кiретiнiне көз жеткiзiңiз. қолданатын сусабыныңыздың құрамында мырыш болсын. Бас терiсiне массаж жасап, шаш тамырын берiк қылатын арнайы сұйықтықтарды маусымына бiр рет қолданып отырыңыз. Арнайы маскаларды қолданыңыз. Тамақтануыңызды ретке келтiрiп, йод, кальций, темiр және омега-3 қышқылдарына бай тағамдарды рационыңызға қосыңыз.
Ұшталған шашқа жұмыртқаның сарысын қолдану да пайдалы. Ол үшiн тауық немесе бөдене жұмыртқалары керек, соңғы нұсқа үшiн 5-6 жұмыртқа қажет болады. ұқыппен бөлiнiп алынған жұмыртқа сарысын шай қасық ошаған немесе кастр майымен араластырады. Олар болмаған жағдайда қарапайым зәйтүн майын қолдануға болады, Е дәруменi оның құрамында да жетiп артылады. Бұл қоспаға бiр шай қасық коньяк қосуға болады.

Көктемде қандай диета дұрыс?

Сымбатты көрiну – кез келген арудың көкейiнде жүрген мәселе. Бiрақ арықтау керек екен деп әл беретiн тағам­дар­дан бiрден бас тартуға болмайды. Бұл ретте әрi салмақ тастап, әрi ден­саулықты да керi кетiрiп алмау үшiн құрамында көмiрсуы көп тағамдар­дың мөлшерiн күнiне 200 граммға дейiн шектеп, бiрiншi кезекте жеңiл қорытылатын тағамдарды пайдалан­ған дұрыс. Сондай-ақ, мысалы, май мен сүтке иленген тәттi тоқаштарды шамалап жеу керек. Сонымен бiрге, майсыз ет пен суға пiсiрiлген немесе бұқтырыл­ған балық өнiмдерi де пайдалы.  Сүзбенi де тартынбай жеуге бо­ла­ды, өйткенi ақуыздан адам семiр­мейдi.

Дайындаған Әсел.

2014 жыл сәуір

Tags: , , , , ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Емханадағы былық бiтетiн күн бар ма?!
Аттастар

Автор

Меню