«Жақында Елорда әкiмi Әсет Исекешев «Құрметтi әке» атағын алды» деген хабар тарады. Ондай атақты Әсет мырзаға берген «Әкелер одағы» атты қоғамдық бiрлестiк екен. Астана қаласының орнықты дамуы жөнiндегi кеңестiң аясында өткен жобалар көрмесiнде аталмыш қоғамдық бiрлестiк әкiмге осындай грамота табыстап, көп назарын өздерiне аудартты. «Құрметтi әке» атағын үлгi болуға лайық әкелерге табыстаймыз», – деген бiрлестiк төрағасы Қуаныш Жұматаев бас қалаға әкiм болғандарға бүйрегi көбiрек бұра ма деп қалдық. 2012 жылы Иманғали Тасмағанбетов мырзаны да «Құрметтi әке» деп дәрiптегенде, Имекеңнiң «мен әке статусынан ата статусына өтiп кеткенмiн», – дей келе, ризашылығын бiлдiргенi бар едi.
Шынымен де, «Құрметтi әке» атына лайықты азамат қандай болу керек? Бiр ауыз сөзбен жақсы адам болғаны шарт дермiз. Ал, жақсы әкенiң жемiсi балаларының қандай болып өсiп-өнгенiмен есептелмей ме? Сондықтан да болар, Әсет мырзаның ерте жастан «Құрметтi әке» атануы кейбiреулерге таң көрiндi. Себебi, Әсет мырзаның мемлекет қызметiнде ғана емес, отбасылық өмiрде де арқалар жүгiн әлi атқарып болмағаны анық. Әйелi Ләззат екеуiнiң 12 жасар ұлы мен 7 жасар қызы ғана бар екен. Қазақтың демографиясының дамуына орасан зор үлес қосатын азамат қой. Өзi жас, өзi сұлу. Екi ғана емес, құдай көпсiнбесiн, он бала туып-өсiруге де жағдайы бар. Сондықтан, «мына атақты алу маған әлi ертерек, Қуеке», – деп бiр ескертсе, өте орынды болған болар едi.
2017 жыл