Қуаңшылық қысқанда

Биылғы жылдың сынағы былтырғыдан қатты. Әлемді жайлаған індет бір жағадан алса, екінші жағымыздан жаһандық жылынудың кесірінен ауа-райының өзгеруі де қолайсыздық тiрлiк-тынысымызға керi әсер етуде. Елiмiздiң аймағында жауын-шашынның аз болуы қуаңшылыққа әкеп отыр. Иә, қақаған қыста емес, күннің аптап ыстығында жұт келді, өкiнiшке орай… Маңғыстаудағы қуаңшылық салдарынан мыңдаған мал қырылып қалса, Қызылордада да мал басы 0,03%-ға кеміген. Атырау облысының Исатай ауданының тұрғындары да судың тапшылығынан мал арам өлiп жатыр деп дабыл қағуда.
«Малым жанымның садағасы» десе де, қазақ үшін төрт түлік малдың жөні бөлек. Бүгiнгiдей техника дамыған заманда күннің ыстығынан өрістегі малдың қырылуын табиғи апатқа жатқызуымыз қаншалықты жөн? Шөлдi жерлерге қолдан жаңбыр жаудырып тәжiрибе жүргiзiп жатқан жаңалықтарды оқығанда ерiксiз осындай ойға қаласың…
«Көп түкiрсе көл» деп, бiр-бiрiне қол ұшын созуға асыққан қайырымды жандар тағы да табыла кеттi. Оларды қолдағандардың көптiгiн көрген соң билiк басындағылар қозғала бастағандай. Ауыл шаруашылығы министрлiгi орнынан алынды. Жаңа министр жұмысқа кiрiскенше қарап отыратын халық жоқ. Бұл жолы да былтырғыдай халықтың өзі биліктің нұсқауынсыз-ақ шаруасы тұралаған өңір тұрғындарына көмек қолын созды.
Маңғыстауға елден бұрын 30 тонна шөпті бірінші болып жеткізген ақтөбелік Балнұр Ермекбаева атты кәсіпкер келіншектің есімі бүгінде көпшіліктің аузында. Балнұр жолдасымен бірге мал шаруашылығымен айналысады. 29 жастағы келіншек төрт баланың анасы. «Маған көлік табу жағы қиынға соқты. Шөп бар, бірақ көлік таба алмай екі күн жүрдік. Сөйтіп жүріп көлікті де таптық. Серікболсын есімді логистикалық компанияның иесі бізге қол ұшын созды», – дейді Балнұрдың өзі.
Олар былтырдан бері Алмасбек Садырбаев құрған «Шопан ата» қауымдастығының мүшесі. Осы орайда айта кетейік, кәсіпкер Алмасбек Садырбаев «Маңғыстауға көмек» қорын ашқан екен, Осы уақытқа дейін мал азығын алу үшін 7 млн теңгеден астам қаражат жиналып, оған 60 тонна шөп, 68 тонна бидай сатып алыныпты.
Ал, шымкенттік Құрмет Талапқазы бастаған топ 10 вагон шөпті Маңғыстауға жеткізіп берді. Оған шөп жинау жұмыстарын ұйымдастыруға талдықорғандық Мұратбек Солтанбай көп көмек көрсеткен. Бұған дейін де қайырымдылық жасаудан қашпайтын Құрметтің бастамасын қолдаушылар жер-жерден табылды. Айталық, Алматы облысының жастары қолмен шөп шауып жинап, тонналап батыстағы ағайынға жөнелтіп жатыр.
Әлеуметтік желі қолданушылары түркістандық азамат Құрмет Талапқазыны мақтап, «Құрмет құрмет орденіне лайық» деп жарыса жазысқан-ды. Дегенмен, Құрмет мемлекеттік марапат алмаса да, «Халық құрметі» марапатына ие болды.
2021 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Көбей, қазақ!
Айтыста айтылған ақиқат

Автор

Меню