Қолдың кiрi қайдан?

Қолдың кiрi қайдан?

Кейде ұсақ-түйек деп қарап айтпайын десең де айтуға, жазбайын десең де жазуға тура келетiн мәселелер болады. Менi де соңғы он жылда мазалап жүрген бiр мәселе бар. Бiрақ бәрi тазалықтан басталатынын, әркiмнiң жеке басының мәселесi болса да тазалық сақтау өте маңызды екенiн жазуға тура келдi. «Ақ босағаның» ақпан айындағы санында жарияланған бiр замандасымның «Тойға барсам аш қалам» деген мақаласын оқыған соң мен де батыл түрде осы мақаланы жазуға бекiндiм.
Кейiнгi кезде жас қыз-келiншектердiң талайы салақтығы былай тұрсын, дәретханадан шыққан соң қолын жумайтын былапыт боп бара жатыр. Иә, журналист ретiнде зерттеу де жүргiздiм. Қоғамдық мекемелердiң дәретханаларына кiрген елу қыз-келiншектiң (намысыңызға тимесiн, бәрi де қазақ) тек екi-үшеуi ғана қолын сабындап жуса, қырық пайызы крандағы суға саусағының ұшын тигiзе сала шығып кетедi. Ал елу пайызға жуық әйел тiптi «отырып» шыққан соң кранға мүлдем бұрылмастан дәретханадан шығып, жұмыс кабинетiне бет алғанына куә болдым. Бiр сұмдығы, әлгi былғаныш, салақ әйелдердiң барлығы да екi-үш диплом алған, үкiметтiк мекемелерде қызмет атқаратын, шет елдiң бiразын аралаған сылқымдар. Атағы жұртқа жайылған, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтiн баспасөз журналистерiнiң арасында жуынудан қашатын азаматшалар бар екенiн басқа бiреу айтса сенбес едiм. Аттарын атасам, елден ұят.
Үш-төрт қазақ газет-журналының басын қосып отырған мекеме басшыларының қабылдау бөлмелерiнде отыратын хатшы қыздардың да дәретханадан қол жумай шығып, бастығына шай құйып бергенiн көрдiм.
Бүкiл дерттердiң тiзiмiнiң басында iшек аурулары көш бастап тұрғанын Денсаулық сақтау мекемелерiнiң өкiлдерi ақпарат құралдары арқылы жиi айтып та жүр. Ыдыс-аяқты дәретханаға қойып қойып, дәрет сындырған сұлу бойжеткенге не деуге болады? Жиырмаға келгенше тазалықты бiлмей өскен ондай арулар «қолыңды неге жумайсың?» деген сөзiңе құлақ аса ма? Тiптi, «Сiздiң шаруаңыз қанша?» деп жұлыса кетуден де тайынбайды. Шынымды айтсам, анандай ыдыс-аяқпен шай iшетiн газет-журнал редакторларын аяп кеттiм. Кiлең ақпарат құралдарының редакциялары шоғырланған мекемелерге барған сайын сондай жиiркенiштi көрiнiстерге куә боп жүрмiз. Мен бұл жерде бүкiл хатшы, журналист қыздар былапыт деп отырған жоқпын. Әрине, өте таза, ұқыпты қыз-келiншектер бар арамызда.
Дегенмен, «Дәретханадан соң қолдарыңды сабындап жуыңдар» деген қағиданы қазiргi жас қыз-келiншектердiң талайы естiмеген де ме деп қаламын. Әлде анасының тәрбиесi жетiспей ме деген ой да келедi. Осы орайда тағы өзiм куә болған жайды айта кетейiн. Жазда ауылдағы туыстарыма қыдырып бардым. Әжемiздiң үйiнде Астана қаласында дипломатиялық корпуста қызмет ететiн беделдi бастық лауазымын иеленген ұлы әйелiмен бiрге келiп демалып жатыр екен. Жасы қырыққа келген дипломаттың келiншегi соншалықты нас болады дегендi бiреу айтса сенбес едiм. «Помоги, пожалуйста, ана кiрлердi жая салшы, кiр жуғыш машинадан шығарып қойдым» дедi жеңгем. «Е, жарайды, жасы үлкен ғой көмектесе салайын» деп, кiрлер тұрған легенге көзiм түскенде аңтарылып тұрып қалыппын. Ағамның аппақ жейделерiмен бiрге жеңгемiздiң дамбал, iш киiмдерi араласып жатыр екен. «Мынаның бәрiн кiр жуғыш мәшинеге бiр-ақ тоғыттыңыз ба?» – деп едiм, «да», – деп тағы да орысша жауап бердi. Менiң легенге таңдана да, жирене қарап қалғанымды көрген әжей: «Келген қонақты жұмсап дәндеген екен, iстеме оның айтқанын, төргi бөлмеге барып, демал», – дедi. Әрине, мен енесiне келiнiнiң киiмдердi сұрыптамай бәрiн араластырып жуа салатынын айтпадым. Шағыстырмайын деп. Сол әжемiз бiрде: «Екi келiнiме де еркектiң киiмiн бөлек, iш киiмдерiңдi басқа легенге жуыңдар деп қанша айтсам да тыңдамайды» деп едi. Осы орайда, «Шешем әкемнiң жейдесiн бөлек легенге, алдымен жағасын, содан соң жеңiн жуатын. Өз киiмдерiн қоспайтын», – деген өз анамның айтқан сөзi есiме түсiп кеттi. Алпыс жыл бұрынғы кезде әйелдер күйеулерiн қандай құрметпен сыйлағанын сондай әңгiмелерден бiлемiз.
Жуырда мынандай ақпарат естiдiм. АҚШ-тың арнайы орталығы зерттеу жүргiзiптi. Зерттеу нәтижесiнде мемлекеттегi барлық мекемелер есiктерiнiң тұтқасынан зәр бактериялары табылыпты. Одан ары АҚШ ғалымдары зерттеу жүргiзе келе, дәретханадан шыққан қол жумайтын азаматтардың саны өте көп екенiн анықтаған. Ар мен тән тазалығын ерте заманнан биiк орынға қойып, «Тазалық — денсаулық кепiлi» деген қазақтың бүгiнгi өркениеттi заманда жетiлген қыздарының Батыс мәдениетiне елiктегенi ме?
Бiрде бiр жазушының жары мынандай әңгiме айтып едi. Күйеуi екеуi бiр ауылға қонаққа барыпты. Қазандағы ет пiсуге таяғанда үй иесiнiң әйелi қамыр илей бастайды. Кенет үш жасар баласы қыңқылдап жылайды. Сөйтсе тiк iшектегi құрты (глист) мазалаған екен. Әйел оқтауын тастай сала қонақтардың көзiнше баласының бұтындағысын шешiп, … шұқып, құртты алады. Содан соң не болды дейсiз ғой? Әйел қолын жумаған күйi қамыр илеудi жалғастыра бередi. «Жиiркенген мен аузыма ешқандай тағам алмадым» дедi жазушының әйелi.
Өзiм танитын биiк лауазымдағылардың былапыт «тазалығын» жаза берсем, газет бетiне сыймай кетер. Қазiр кез-келген мекеме басышысының қабылдауына кiргенiмде хатшы ұсынған шайды iшпейтiн болдым. Қолын жумаған шығар деп, ұсынған кәмпитiн де жемеймiн.
Рас, елiмiздегi көптеген мекемелерде ыдыс-аяқ жуу тұрмақ түскi демалыс кезiнде шай iшетiн бөлме де жоқ. Жұмыс кабинетiнде тамағын iшiп, ыдысын көпшiлiк дәретханаға апарып жуады. Тiптi кей күндерi сол мекемелердiң бүкiл дәлiзiне дәретхана иiсi жайылып кететiнi де шындық. Ал шет елдiктердiң, мысалы түрiк кәсiпорындарының қайсысына кiрсең де мұнтаздай тазалық көзге бiрден көрiнедi. Қандай түрiк мекемесi болса да жұмысшыларға жайлы болу үшiн ыдыс-аяқ жуатын бөлек бөлме мен шәй iшетiн орынды алдымен дайындап қояды.
Ал, бiздегi көп көрiнiс әлгiдей. Осыдан соң дәретхананың кiреберiс және iшкi маңдайшасына «қол жууды ұмытпаңыз!» деп ескерту жазып, iлiп қою керек шығар деп қаламын.
Шарафат Жылқыбаева
2014 жыл, наурыз

фото ғаламтордан алынды

Сізге де ұнауы мүмкін

Қызым, саған айтам…
Күз кейiпiндегi жаз

Автор

Меню