Қоғамды қалай сауықтырамыз?

Кезiнде кеңестiк жүйенiң ұраншыл кезеңiнде бiлiм алғанымыздың бiр кемiстiгi жетiспеушiлiктiң қажытып жiбергенi болса, жетiстiгi – бiреу бiреуден артық екенiн мектеп қабырғасында тек күшiмен, ақылымен, бiлiмiмен ғана дәлелдейтiн. Бiрыңғай мектеп формасы – оқушылардың бiрiн-бiрi сырт келбетiне, киiмiне қарап кемiсiтуге жол бермейдi. Екiншiден, тәртiп – бәрiне ортақ. Сол стандартты жүйе оқушыларды ұстаздардың жеңiл басқаруына, меңгеруiне мұрындық болды.
Былтырдан берi мектеп оқушыларына орамал тағып, хиджаб киiп келуiне тыйым салынған оқиғалар жер-жерден орын алып отыр. Оның кейбiрi әртүрлi жолмен шешiмiн тауып жатса, кейбiр iстер сот арқылы шешiлмекшi. Бұған қатысты айтарымыз: бiрiншiден, жалпы рухани құндылықтардың iшiнде, әсiресе, дiн нәзiк әрi маңызды құбылыс болып қалуы қажет. Екiншiден, ұлттық сипаттағы шетiн мәселеге абайлап, сақтықпен келмесек, ертеңгi күнi оның зардабы өте ауыр болуы да ықтимал.
Түсiнiктi жәйт, оқушылар елiмiздiң ашық демократиялық бағыттағы мемлекетте өмiр сүре отырып, бүркемеленбей мектепте өзгелерден «оқшауланбай» жүруi қажет. Әйткенiмен, Конституциясы талаптарына мойынұсынсақ, әрбiр азаматты киiмiне, ұлтына, дiнi мен тiлiне қарап бөлуге болмайды.
Сондықтан да, бұдан шығар жол – жалпы бiлiм беретiн мектептердiң барлығына бiрдей бiркелкi ұлттық үлгiдегi мектеп формасын енгiзетiн уақыт жеткен сияқты. Киiм үлгiсiн тiгудiң хас шеберлерi ұлттық ою-өрнектi әшекейлi киiм үлгiсiн ұсынып жатса, нұр үстiне нұр болар едi! Мәселен: көршi Түркiмен елiнде қыз балалар ұлттық көйлектерiн мектеп формасы ретiнде тым жарастырып киiп жүр емес пе? Оларды кемсiтiп жатқан ешкiм жоқ. Қайта мемлекет туымен түстес қызыл оюлы жасыл көйлектерi қыздарының көркiн ашып тұрғандай. Оның үстiне ұлы да, қызы да бастарынан ұлттық тақияларын тастамауы керек екен. Ал, қыздары шаштарын мiндеттi түрде өрiп жүрулерi тиiс.
Сыртқы сұлулық, ибалылық, инабаттылық бүркемеленбесе де қазақ қыздарының бойында болған. Әлi де бар. Бiз неге сол үрдiстен бас тартуға тиiспiз?
Ұлттарды ұйыстырудағы эпицентр ұлт – қазақ халқы. Ар-намыс, ұжданға тиерлiк қаңқу сөздердi жариялауға тыйым салу арқылы ел тұтастығын ұзақ жылдар сақтауға қол жеткiзiледi. Бiз ұстамды, ар-ұжданды, ұлы Елдiң ұрпағы екенiмiздi ұмытпайық!
Арман Жусанбай, журналист.
2018 жыл

РS. Бүгiнгi күнi Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiнiң 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы бойынша орта бiлiм беру ұйымдары үшiн мiндеттi мектеп формасына қойылатын талаптарды бекiтiлген. Онда «Мектеп формасының үлгiсi, түсi классикалық стильде, бiрыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстердi араластыруға рұқсат етiледi. Мектеп формасының түсi қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Мектеп формасы бiлiм алушылардың жас ерекшелiктерiне қарай енгiзiлiп, күнделiктi, мерекелiк және спорттық болып бөлiнедi», деп атап көрсетiлiптi.
Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелiк жейде, күнделiктi жейде (қысқы мезгiлде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркiн тiгiлген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркiн тiгiлген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Аталмыш бұйрықта «Мектеп формасының түсiн, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта бiлiм беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айықындайды, жалпымектептiк ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекiтiледi» деген жолдар тағы бар.
Мiне, дәл осы жерден әр мектеп өзiндiк ерекшелiгiн алға тартып жатады. Бұл форманың бiркелкi болмауына әкеп соқтыруда.
Сондықтан да, дәл осы жолдарды алып тастап, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң бәрiне бiрдей ұлттық нақышта жасалған форма үлгiсiн бекiту керек дер едiк. Мысалы: қос етiк көйлектiң ұзындығы тiзеден болса, бастауыш сыныптағы балдырған қыздар қызыл қамзол кисе, ал, 6-8 сыныптағылар көйлек сыртынан жасыл қамзол, жоғары сыныпта оқитын бойжеткендер жабық көк түстi камзолдың белiн буып кисе, қандай жарасымды. Ұлдар да қазақы оюлы кеудешенi жастарына сай мектепке киiп жүрсе, ұлттық рухы күшейе түсер ме едi. Сонда, бәлкiм, дiн мәселесiнен туған дау да өздiгiнен шешiлер ме едi. Балиғатқа толмаған қызының басына орамал тартқызғанша, шашын өсiрiп, өргiзiп, тақия кигiзетiндер көбейсе қане.
Бiзде Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшыларымызға бiркелкi заманауи әрi ұлттық нақыштағы киiмдер жасау тәжiрибесi қалыптасқан. Сол сияқты, келер оқу жылына дейiн дизайнерлер арасында байқау өткiзiп, халықтың талқысына салып, ең озығын өндiре бастаған абзал. Осы жайттарды ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне құлаққағыс етудi жөн санап отырмыз.

фотода: Талғар ауданы, Ақтас ауылы 36 мектептің 3 в сынып оқушылары.

Tags: , , , ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Бақытыңды жiберiп алма
Түз тағысын бағындырған ұяң қыз

Автор

Меню