Қазақы тәрбие Жапонға да жат емес

Ата — баба дәстүрiн қандай заманда өмiр сүрсе де, бұлжытпай сақтауға тырысатын ұлттың бiрi — жапон. Ғылымы мен техникасы қарыштап дамып, кез-келгеннiң миы жетпес ғажайып технологияларды өндiрiске енгiзiп, соның арқасында экономикасы өзге мемлекеттерден озық тұрған Жапонияның адам ресурстарына деген қатынасы таңданарлық. Баланың ержеткенге дейiнгi рухани толысуы үшiн жасалатын ғұрыптар Күншығыс храмдарында күнi бүгiнге дейiн бұлжытпай орындалады деуге болады. Ер бала беске, қыз бала жетiге толғанда ата-анасы оған арнайы кимоно кигiзiп, храмға апарып, баланың амандық-саулығы үшiн рәсiмдер жасалады. Осы шараға арнайы ұлттық тағамдар пiсiрiледi. Бала ержетiп, жиырма бiрге келгенде арнайы кимоно киiп, храмға барады. Үлкен өмiрге қадам басу кезеңi осы уақытта басталады. Бұл ең алдымен Ата-баба дiнiн бала жүрегiне ұялатып, бойына сiңiру принципiмен байланысты.
Ер баланың да, қыз баланың да ойнайтын ойыншығына дейiн ұлттық нақышта жасалған. Ойын арқылы жапон баласы ер бабасының ерлiгiн түйсiнiп, дана әжесiнiң шеберлiгiн ұғынады. Мысалы, «Карута тори» деген ойынды кiшкене баладан бастап, ересек адамдар да ойнайды. Әр ойын әншейiн уақыт өткiзу үшiн емес, елiнiң кешегiсiн санасына сiңiруге арналған. «Карута торидi» ойнау үшiн байырғы әдебиеттен жүз жыр бiлу керек. Бұл жүз ақынның өлеңiн жатқа айту деген сөз. Феномендi ми қабiлетi осылай дамиды. Жапондар бала тәрбиелеуде «ұл», «қыз» деп бөлмейдi. Екеуiн де қазақ халқы сияқты еркелетiп өсiредi. Күншығыс елi мен қазақ халқының ұлттық тәрбиесiндегi бiр ұқсастық — ер баланы ел қорғаны, қыз баланы келешек отбасы ұйытқысы болуға баулу.
Жапонияға жүз жылдан астам уақыт Еуропа мен Американың ықпалы зор болды. Бұны урбанизация тұрғысына ғана емес, рухани-моральдық жағынан да байқауға болады. Жетпiс жылдан аса отарлықтың зардабы қазақтың ұлттық болмысына қалай әсер еткенiн бүгiн көрiп отырмыз. Әкесiн сыйламайтын қыздар, атасын менсiнбейтiн келiндер соның нәтижесi. Жапондар ұлттық тұтастықты бекем ұстаудың арқасында ұл-қыз тәрбиесiн де уысынан жiберген жоқ. Күншығыс елiнде үлкендi сыйлау деген ұғым iс жүзiнде жоғары деңгейде. Одан соң көрiнiс беретiнi — ер адамды қадiрлеу. Бұны бiр жақты түсiнуден аулақ болу керек. Ежелгi жапон салт-дәстүрiне үңiлсек, ер балаға самурай ерлiк дәстүрiн өнеге етiп, тәлiм бергенiн жапонның ұлттық әдебиетiнен байқаймыз. Қазақтың «батыр болар ма екенсiң» дегенi сияқты, жапондар ұлын ержүрек, ертеңгi ел қорғаны етiп тәрбиелеуге баса мән берген. Қазақ батырлары он үшiнде жауға шапса, жапон самурайы он бесiнде қолына қылыш алған.
Ұлттық тәрбиенiң негiзi рухани дүниеде десек, жапон отбасында бала жастайынан шямисэн, бива, кото сияқты ұттық аспаптарда ойнауды үйренедi. Ежелгi жапонның ұлттық тәрбиесi рухани құндылықтарды бала жүрегiне құйып, Бабалар жолымен жүруге бейiмдеп, даналықтың бастауынан нәр беруге негiзделген. Жапон ұлтының ер бала тәрбиесiндегi басты арқауы көне заманда Ата бабалар қалдырған философиялық еңбектерде. «Шицзи», «Ханьшу», «Хоуханьшу», «Ицзин», «Шуцзин», «Идзин», «Шюньцю», «Лицзи» секiлдi байырғы әдебиеттердi оқыту арқылы ер баланы жоғары саналы парасат иесi болуына ықпал еткен. Ал қазiргi жапон баласы бұндай еңбектердi Аталары сияқты бүге-шiгесiне дейiн оқымаса да, фольклорлық өлең-жырларды жаттап өседi. Ер балаларды самурайлық ерлiк жолымен тәрбиелеуге арналған мектептер ХХ ғасырға дейiн Жапонияда көп болған. Ол мектептерде ер баланы батырлықтың қыр-сырына үйретiп, ел қорғайтын батыр болуға тәрбиелеп қана қоймай, жаратылыстану ғылымдарымен қатар әдебиет, музыка, риторика тәрiздi пәндер оқытылған.
Жапония капитализм дәуiрiне қадам басқанда ұлттық мектептердiң орнын еуропалық оқу орындары басты. Ұлт қаһармандары сол мектептермен бiрге тарих қойнауында қалды. Махамбеттi бүгiнгi қазақ оның жырлары арқылы бiлетiн секiлдi Сайго Тадамори ел жадында әдебиет арқылы қалды. Техниканың дамыған заманында балаларды комьютерге таңа бермей, бағзыдағы жыраулардың жырларын жаттатып, бiрауық ерлiк дастандарын да оқытқан жөн-ау. Әсiресе ер балаларға ерлiк дәстүрдегi тәрбие қажет-ақ.
Жылқыбаева Шарафат
2015 жыл

фото ya-kristinka.livejournal.com сайтынан

Сізге де ұнауы мүмкін

Өсекшiлмiз, әйткенмен…
Әр елдiң салты басқа

Автор

Меню