(«Ақ босағаның» 2019 жылғы қыркүйек айындағы нөмiрiнде жарияланған Жанаргүл Қадырованың «Қазақ қызы қара жiгiтке кеттi» мақаласына орай)
Иә, қыздарымыздың түрлi-түрлi себеп-сылтаулармен дiнi, тiлi, салт-дәстүрi мүлдем бөлек шетелдiктерге тұрмыс құрып кетулерi үрдiске айналып бара жатқандығы рас. Әрине, бiреудiң жеке өмiрiне араласатын ниетiмiз жоқ. Айтпақ болған мәселенi бiреулер қолдар, бiреулер қолдамас, бұл да әркiмнiң өз еркiнде. Алайда, жастарымыз өз өмiрiн, өз бақытын ойлап қана қоймастан, өзiнен кейiнгi ұрпақтардың да болашағын ойласа дегiм келедi. Жарайды, махаббат, тағдыр, тұрмыс, т.б. деп өзге ұлт өкiлiне (шетелдiкке) тұрмысқа шықтың делiк. Қазiр өзiңдi бақытты сезiнерсiң. Айлар, жылдар өтедi, бала-шағалы боларсың, олар да өсер, бiрақ, келешекте олар кiм болмақ?
Өмiр-өзен сарқырап ағып жатыр, талай күн, талай таңдар атып жатыр. Сен де қартаярсың. Қажисың. Ауру-сырқау деген бар. Сол кезде…
Отбасы болған соң әрбiр шаңырақта әртүрлi жағдайлар кездеседi. Жүз пайыз бақытты өмiр сүрiп жатырмыз деп кейбiреулер мақтанып жатады (солай болса қане). Бiрақ, бұлай болу мүмкiн еместiгiн өмiрден, тұрмыстан көрiп те, бiлiп те жүрмiз. Түбiнде, әйтеуiр, бiр әттеген-айы болатыны сөзсiз. Өйткенi, өмiр солай. Өмiр болған соң оның ащысы мен тұщысы қатар жүретiнi – заңдылық.
Қарақтарым, «Ай-хай, өз үйiм, кең сарайдай боз үйiм», «өз үйiм – өлең төсегiм» дейтiн халық даналығын ұмытпайық. Еш нәрсе өз Отаныңа, өз ұлтыңа, қазақтың қарапайым жiгiтiне жетпейдi. Соны есте сақтаңдар дегiм келедi.
Жарлы деп кемсiтпейiк жiгiттердi,
Үзбейiк бiз олардан үмiттердi.
Десек егер қазақты көбейтейiк,
Тастайық сыртқа ысырып үгiттердi.
Қабыл Ырзаев,
Қаскелең қаласы.
2019 жыл