ҚАРДА ҚАЛҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚТАР
1. Сәбитова Жансая Әлкейқызы, партияда жоқ, оқытушы. Қазақ ССР Қылмысты істер кодексінің 60, 65 статьяларымен 5 жылға бас бостандығынан айырылған, сот үкімі бойынша жазасы жеңілдетіліп, түрмеден босатылды.
2. САЛИХОВА Нағима Асқарқызы, СОКП мүшесі, Алматы бас киімдер фабрикасының бухгалтері. Қылмысты істер кодексінің 65 ст. 3 жылға бас бостандығынан айырылған, сот үкімі бойынша түрмеден босатылды.
3. ЕСПЕНБЕТОВА Қаншайым Мұхатқызы, партияда жоқ, «Поршень» заводының токарі, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған, қара жұмысқа жіберілген.
4. МАХМЕТОВА Айткүл Әбдішахманқызы, партияда жоқ, № 1 баспахананың жұмысшысы, 2 жылға бас бостандығынан айырылған, түрмеден босатылды.
5. ӘБІЛҚАЙЫРОВА Гүлнар Бердіқожақызы, партияда жоқ, Алматы бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 3 жылға бас бостандығынан айырылған, түрмеден босатылды.
6. ПАНИНОВА Гүлбара Телебайқызы, партияда жоқ, Алматы бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жылға бас бостандығынан айырылған, түрмеден босатылды.
7. ШАМАЕВА Ғалимат Әбенқызы, партияда жоқ, Алматы бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жылға бас бостандығынан айырылған, түрмеден босатылған.
8. ЛЕПЕСБАЕВА Гүлнара Сабырғалиқызы, партияда жоқ, Алматы бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жылға бас бостандығынан айрылған, түрмеден босатылды.
9. РАҚЫМЖАНОВА Гүлмира Әкімжанқызы, партияда жоқ, Алматы бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жылға бас бостандығынан айырылған, түрмеден босатылды.
10. ИМАНБАЕВА Қайыпхан Сұлтанқызы, партияда жоқ, «Поршень» заводының токарі, 3 жылға бас бостандығынан айырылған, жазасы жеңілдетілді.
11. РАМАЗАНОВА Ғалия Файзуллақызы, партияда жоқ, тігінші-мотористка, Қылмысты істер кодексінің 187 ст. 1 жылға еңбекпен түзеу жазасын өтеуге жіберілген. Босатылды.
12. МЕРГЕНОВА Бахша, партияда жоқ, мүгедектігіне байланысты жұмыс істемейді, 3 жылға бас бостандығынан айырылған, босатылды.
13. ӘЛИЕВА Раушан, Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті, БЛКЖО мүшесі, 1 жылға бас бостандығынан айырылған, қара жұмысқа жіберілген, босатылды.
14. ЕРКІМБЕКОВА Әлия Төреханқызы, БЛКЖО мүшесі, Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған, жазасын өтеу мерзімі шегіндірілген.
15. ДОСАНОВА Жанат Әбдірахманқызы, БЛКЖО мүшесі, Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған, жазасын өтеу мерзімі шегіндірілген.
16. МУСИНА Гүлден Қанафияқызы, БЛКЖО мүшесі, Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған, жазасын өтеу мерзімі шегіндірілген.
17. СӘРСЕМБЕКОВА Раиса Мырзабекқызы, партияда жоқ, бухгалтер-ревизор, 2 жылға бас бостандығынан айырылған, қылмысты ісі болмағандықтан босатылды.
18. КӘРІМҒАЗИНА Гүлжан Ғазизқызы, партияда жоқ, кооперативтік техникумның студенті, 173 ст. 1 жылға бас бостандығынан айырылған, мерзімін өтеген.
19. СЕРЕКЕНОВА Анар Жемісханқызы, БЛКЖО мүшесі, юристік техникумның студенті, 60 ст. 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған, мерзімін өтеген.
20. АЙТЖАНОВА Жанат Нәукенқызы, пед. институт студенті, 170-3 ст. 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған, мерзімін өтеген.
21. ШЫНЫҚҰЛОВА Ләйлә Бекенқызы, пед.институт студенті, 170-3 ст. 1 жыл еңбекпен түзеу жазасын өтеген.
22. ШОҢАЕВА Ғалия Құтысқызы, партияда жоқ, жатақхана вахтері, 170-3 ст. 2 жылға бас бостандығынан айырылған, амнистия бойынша босатылды.
23. МУСИНА Мәншүк Жанатқызы, юристік техникумның студенті, 200-статьяның 2-тармағымен 1 жыл 6 айға қара жұмысқа жіберілген.
«Қазақ ССР-ында 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары кезінде қылмысты істерімен көзге түсіп, айыптары үшін сотталғандарға берілген жаза» жөніндегі прокурордың анықтама ақпарын оқып отырғанда осынау қара көз қарындастарымыздың қазіргі тағдырлары мен тірліктерінің аса мәнді еместігін аңғару қиын болмас деп ойладым.
Сол бір сұрапыл күндерде «жаппай жазалаушылықтың құрбанына» айналып, түрмеге қамалған қыздарды «қарда қалған қызғалдақтар» демегенде, басқаша қалай атар едік. Болашаққа қапысыз сенген, демократия мен жариялылықтың қылаң бере бастаған нышандарын қанатымен су сепкен қарлығаштай қорғамақшы болған жап-жас арулардың өмірлерін үсік шалды. Жазықсыздан жазаланып, жас жандары жапа шекті. Қазір осылардың баршасы бұрынғы жүрген орталарына оралып, оқулары мен жұмыс орындарына қайта орналасты ма? Болмаса тауы шағылып, талабы қайтып қудалау көріп, әлі де әділеттік таба алмай жүр ме? Жазаларын өтеп, түрмеден босатылған күнде адамдық арларына түскен дақтан арылып, есімдері ақталды ма? Жоқ, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы лайықты бағаланып, халқымызға тағылған одағай атау алынып тасталғанымен, жоғарыда аттары аталған, олармен қоса жер-жерлерде желеумен ұсталып, жауапқа тартылған жүздеген жауқазын тағдырлар әлі де жүдеп жүр. Осы күнге шейін көптеген қыздарға (ерлерді қоспағанда) қозғалған істер әртүрлі себептермен қайта қаралмай созылып келеді. Мәселен, Алматы бас киімдер фабрикасының алты жұмысшысын жеті айдай түрмеге отырғаннан кейін, «коллектив тәрбиелейді» деген сылтаумен машинаға мінгізіп әкеліп, жиналысқа салады. Естерін жиғызбастан қағазға (дайындалған) қолдарын қойғызып алған. Бейкүнә қыздар кейін түсініп, «еш кінәміз жоқ еді ғой, мүсіркеудің де қажеті жоқ, есіміміз ақталсын» деп шағымданса, еш жерге арыздары жетпейді. Оларды тыңдап жатқан ешкім жоқ. Жазықсыздан жазықсыз екі жыл түрмеге отырып шыққан Жансая Сәбитова да әлі жұмыссыз жүр. Қанша қуынса да ақтала алмады. Қайда барса да қаңқу сөзден құтыла алар түрі көрінбейді. Ал, бейбіт халыққа қол көтерген жендеттер жазаланбай, кейбіреулер тіпті орындық ауыстырып, атақ алып жатқандары да жасырын сыр емес. Әділдік қайда?
Аманжол НӘЛІБАЕВ,
«Желтоқсан» ұлттық-демократиялық
партиясының бұрынғы төрағасы.
(№2. 21 Ақпан 1991 жыл).
фото ғаламтордан алынды