Қарапайым қағидалар
Салауатты өмiр сүру үшiн, бiрқатар қағидаларға бой ұсынуға тура келедi. Кейде оған адамның ерiк-жiгерi жетпей жататыны жасырын емес. Егер, шымыр болғыңыз келсе, әрi ұзақ өмiр сүру үшiн мамандар кеңесiне құлақ салып тұрған абзал. Ендеше, жазып алыңыз:
Су
Адам организмiнiң 80 пайызын құрайтын су тiршiлiктегi ең құнды элемент. Кез-келген ересек адам күнiне төрт литрге жуық су iшу керек екен. Дегенмен, оны iшу тәртiбi де болады-мыс. Мысалы, тамақпен бiрге немесе одан кейiн бiрден iшкен судың ағзаға пайдасы болмайды. Таңертең ұйқыдан тұрған сәтте 1,5 стакан су iшiңiз. Бұл азқазанды тазалап, оның жұмысын жақсартады. Оған қоса таңғы астың алдында жарты сағат бұрын тағы осынша мөлшерде су қабылдау керек. Ол бүкiл ағзаны сумен қамтамасыз ету үшiн керек. Түскi астың алдында тағы 1,5 стакан су iшемiз. Ол ас қорытуды жылдамдатады. Сонымен бiрге әрбiр 2,5 сағат өткеннен кейiн осы бiр жарым стакан қағидасын ұмытпаңыз. Ол сiздiң денсаулығыңызға өте қажет, әрi сергек жүруге көмектеседi. Дегенмен, бiрден көп мөлшерде су iшпес бұрын оны жарты стаканнан бастаған дұрыс.
Шай
Қазақтың дастарханын шайсыз елестету мүмкiн емес. Кез-келген отбасы тамақпен қатар, сүт қатқан шайдың бабын келтiретiнi рас. Бiрақ, бұл өрескел қателiк. Негiзiнен ғалымдар сүт қатқан шайды мүлде iшпеудi ұсынады. Себебi сүттiң және шайдың жекелеп алғанда адам денсаулығына пайдасы мол. Бiрақ бұл екеуi араласқанда оның құнарлылығы жойылады екен. Мысалы, шайда антиоксидант деп аталатын элементтiң деңгейi төмендейдi, ал сүтте ақуыз кемидi. Содан сүттегi ақуыздар мен шайдың теафлавиндерi реакцияға түседi, ал ол өз кезегiнде адамның ағзасы қорыта алмайтын күрделi байланысқа әкеледi.
Ал, ендi осы шайдың пайдалы болуы үшiн қалай ішу керек деген мәселеге келсек. Бiрiншiден, шәйдi ешқашан аш қарынға iшпеңiз. Ол азқазанмен бiрге көкбауырға да керi әсер етедi. Сондай- ақ, тым ыстық және салқын шайды iшу де зиянды. Ыстық шай тамақты, өңештi, азқазанды тiтiркендiредi. Ыстық шайды жақсы көретiндер де осы ағзалардың қатерлi аурулары жиi кездесетiн көрiнедi. Ал, салқын шай сiздi сергектiктен айырып қана қоймай, көру қабiлетiңiздi де төмендетедi.
Сонымен бiрге дайындалғанына 2 сағаттан асып кеткен шайды қолданбауға тырысу керек. Негiзiнен шайды 56 градус шамасында, тамақтанып болғаннан кейiн жарты сағат өткенде iшкен дұрыс.
Кофе
Барлығымыз таңғы уақытта ұйқымызды ашу үшiн кофенi дұрыс көретiнiмiз жасырын емес. Десе де, бұл пiкiрмен британдық ғалымдар келiспейтiн көрiнедi. Олардың пiкiрiне сенсек, кофенi түcкi екiден кейiн iшу керек. Себебi, таңда жұмсалған энергияны қалпына келтiру үшiн түскi астан кейiн бiр шыныаяқ кофе қажет. Осы уақытта адам жұмысқа салғырттық танытып, шаршай бастағанда, кофе құрамындағы кофейн ағзадағы аденозиндi азайтып, мидағы нейрондардың жұмысын ретке келтiредi және есте сақтау қабiлетi мен еңбекке деген шапшаңдықты жақсартуға септiгiн тигiзедi деп дәлелдедi. Дегенмен, бiр тәулiк iшiнде төрт шыныаяқтан көп iшiлген кофе пайдасыз. Сонымен бiрге, темекi шегетiн, спортпен шұғылданбайтын адамның денсаулығына қатерлi.
Бiз күнделiктi тұтынатын сусындардың осындай нәзiк тұстары бар екен. Мұны алдағы уақытта бiлiп жүргеніңіз артық болмас, пайдаңызға жарасын.