Жаз – нағыз қыстың қамын ойлайтын мезгiлi емес пе?! Бұл уақытта ас үйдiң ханымдары көптен күткен еңбек демалыстарын алып, салат жасап, тосап қайнатып әбiгерленiп, қарбаласта жүредi. Ал, қараша кiрiп, күн салқындап, табиғи жемiстер мен көкөнiстер қат болғанда, ала жаздай жапқан банкаларын шетiнен ашып, тұмауратып қалса, тосаптарын ыстық шәйға қосып iшiп, терлеп, рахатын көредi. Ал, қант – бұл өнiмдердi жасауға қажеттi ең басты ингредиент. Жемiс-жидек пiсе бастағанда-ақ қант бағасының көтерiлiп шыға келетiнi бәрiмiзге аян. Сол үшiн бiз қантты ерте қыста немесе көктемде қаппен сатып алып сақтайтын қыз-келiншектер бар. Бiз оларға бiрнеше деректер мен пайдалы кеңестi қажетiне жаратар деген ниетпен ұсынбақпыз.
⦁ қант ұнтақ және рафинад болып бөлiнедi. Рафинад қант әртүрлi пiшiнде, мәселен, төртбұрыш, жүрек, үшбұрыш түрiнде шығарылатындықтан, қонақ күткенде әсемдiк үшiн, әрi ыңғайлы болғандықтан дастарханға қоюға пайдаланамыз, ал, ұнтақ қант тосап қайнатқанда және торттар мен түрлi бәлiштер пiсiруге қолайлы.
⦁ Ыстық емес, жылы (+12) құрғақ жерде қантты 8 жылға дейiн сақтай аласыз. Ал, салқын орында 4 жылға ғана сақтауыңызға болады.
⦁ Ең бастысы – қантты ылғал сiңiрiп алмайтындай құрғақ, иiс сiңiрiп алмайтындай жабық қалтада сақтағаныңыз абзал.
⦁ 50 келiлiк қаптарға ұзақ уақытқа қант сақтау тиiмдi әдiске жатпайтын көрiнедi. Сыртқы ортадан сәл ғана жағымсыз иiс сiңiп қалса, қаптағы қант түгел бүлiнедi. Сондықтан шағын полиэтилен қалталарға бөлiп сақтасаңыз, көңiлiңiз жәй болады.
⦁ Рафинад қанттарды да ұнтақ қанттар тәрiздi жағдайларда сақтайсыз. Бiрақ рафинадтар сығымдалып жасалатын болғандықтан, сыртқы ортаның жағымсыз әсерлерiне төзiмдiрек келедi екен.
⦁ Қазiр азық-түлiк өнiмдерiнiң барлығына жуығының құрамында қант кездеседi. Тiптi, ана сүтiнiң құрамында да қант кездеседi емес пе? Жемiс-жидектерде, торт, тәттi ұн өнiмдерiнде, түрлi сусындар, т.б. ақыр соңы шәй мен кофеге де қант қоспасаң дәмi кiрмейтiндей болып тұратыны бар.
⦁ Қанттың пайдалы жағы аз болса да, оған қажеттiлiк жоғары екенiн бiлесiз бе? Қантсыз кей азық-түлiктi ұзақ уақытқа сақтай алмас едiңiз. Қанттың ағзада глюкоген қалыптастыруға көмегi көп, сондықтан жүрек, бауыр, бұлшықетке пайдасы бар. Адам қанына қажеттi глюкоза – мидың жұмысын жақсартатын бiрден бiр қорек. Егер жылдам орныңыздан тұрғанда басыңыздың айналғанын сезсеңiз, онда миыңыз қаннан қажеттi мөлшердегi глюкозаны ала алмады дегендi бiлдiредi.
⦁ Бiр ескеретiн жәйт – қажеттiлiктiң жөнi осы екен деп, мөлшерден асып тұтынуға тағы болмайды. Күнiне бiр адамның қолданатын қант мөлшерi 12 шәй қасықтан артық болмау керек (тұтынатын барлық асыңыздың, шәй мен кофеге қосатын қантты қоса есептегенде) дегендi ескертедi мамандар.