Қайыршының әңгiмесi
Жаздың аптабындағы аңызақ жел аңқаны кептiредi. Қала iшiнде жүйткiген машиналардың қолқаны қапқан иiсiнен тыныс тарыла түскендей.
Жұма күнi әдеттегiдей мешiтке бардым. Кiре берiсте алақандарын жайып көзге үйреншiктi қайыршылар отыр. Бұрынғыдай емес, олардың да қарасы көбейiп келе жатқан секiлдi. Есiктiң қос қапталында екi қатар болып түзiлiп қалыпты. Шеткерiрек отырған орта жастағы әйелдiң жүзi маған өте таныс. Бетi сәл домбығып, тышқан көздерi сұрамшақтана жылтырайды. Оның қасындағы алты-жетi айлық нәрестесiн бауырына қысқан сыған тектес әйелдi де жақсы бiлем. Әнеукүнi дәл осы киiмде, кеудесiне басқан сәбиiмен «Жiбек жолында» жолымды кес-кестеп, вокзалда түнеп жүргенiн, пойызға ақшасы жетпейтiнiн айтып, тиын-тебен сұраған. Одан арғысы жалғыз маған ғана емес, дүйiм Екiбастұзға танымал-ау деймiн. Мүгедек арбадағы отызды орталаған ақсары жiгiт те қайда барсаң, алдыңнан шығады. Соңғы рет оны орталық базардың алдынан көрiп, аз-маз ақша бергенiм есiмде. О, тоба! Орталықта сырнайлатып, музыканың сазды үнiмен елдi арбайтын жiгiт ағасы да тұрақты мекенiн осы жерден тапқан ба? Бiрақ не iстерсiң? Алла тағала – барлық адамзат баласына ортақ. Пайда iздеген пендеге күнкөрiсiн қайда айырса да бәрiбiр емес пе?
Музыка демекшi, жастарды желiктiрiп, буын-буынын босататын әндер орындалса, сол дүңгiршектiң жанында ирелеңдеп билеп, ел назарын өзiне аударатын маскүнем келiншектi қасиеттi мекенде кездестiрем деп кiм ойлаған? Бiрақ кейпi адам аярлықтай. Iштей «қайтсiн байғұс! Тәубасына келген болар», – деп iле өзiмдi сабырға шақырдым. Ол да менi таныды ма, әлде жүзi шыдамады ма, көздерiн тайдырып әкеттi. Келесi қатардағылардың көшiн жасы жетпiстi еркiн аралап кеткен әжей бастап отыр. Киiм-киiсi, маңғаз кейпi қайыршылардан гөрi базарда құрт, айран-сүт сататын бәйбiшеге көбiрек келедi. «Айраныңыздың дәмi қышқылтым», деп ескерту жасағандарға: «бағасын түсiргенше, үйге апарып малға бергенiм артық», – деп бет қаратпайды екен. Алдында айран-сүтi жоқ демесе, мына әжей сол кiсiден аумайды-ау аумайды. Түрiнде жалыныштан гөрi «Ақша бермесеңдер, аулақ жүрiңдер, Алла күнiмдi сендерге қаратпасын», деген өктемдiк басым.
«Бiр қызымнан бiр қызым сорақы» демекшi, құдай-ау, мына әжей мұнда қайдан жүр? Аңтарылып келесi әжейдiң жүзiне үңiле қарадым. Тап соның өзi. Өткен жылы құрбым қаладағы дәмханалардың бiрiнде майдангер әкесiнiң аруағына бағыштап ас бердi. Әкесi елге қадiрлi жан болатын. Көңiл айтып, құрбымның қайғысына ортақтастым. Әлгi әжеймен сол кезде дастархандас болған едiм. Төрдегi молда шешен жiгiт екен. Арғы-бергi тарихты қозғап, шариғат негiздерiн майын тамызып, жатқа соқты. Байқағаным, жұртты айрандай ұйытқан сол әңгiмеге менiң қасымдағы әжей ғана құлақ қоймады. Тамақтан аузы босамаған ол әбден тойғаннан кейiн табақтағы қалған еттi, тәрелкедегi бауырсақты, қант-кәмпиттi ашкөздене суқалтаға салып жатты да, сәлден соң маған көзi түсiп:
– О, айналайын. Ұялма, жеп-iш. Мұның сауабы мол, – дедi қарап тұрмай.
Осы тойғанын қанағат тұтса бiр сәрi, ортада марқұм әкесi жайлы тебiрене сөз қозғаған қызына мойын да бұрмады. Әжей менiң жеңiмнен сiлкiледi. «О, не, апа?» – дегенiмде, «Айтшы қызым, қайтыс болған кiсi әйел ме, ер адам ба?» – демесi бар ма еттiң соңғы кесегiн асап жатып.
Әжейдiң ерсi қылығын көпке дейiн ұмыта алмадым. Содан берi қайбiр жаназаларға барғанда, алдындағы асқа жауша тиетiн, марқұмды есiне де алмай, есiл-дертi сөмкесiне сарқыт салуға ауған әжелердi көргенде, «қайтыс болған ер адам ба, әйел ме?» деген орынсыз сұрақ қойыла ма деп өз-өзiмнен қысылатын болдым.
қош, мешiт сыртындағыларға қайта оралайық. Жұпыны киiнген қара торы әженi осы жердiң тұрақты «тұрғыны» десе болады. Қай жұмада келсең де, осы жерден табылады. Өзгелердей табыс көзiн iздеп, көше, базар аралап кеткен емес. Тұрақтылығынан ба, жоқ әлде тиын-тебен тастағандарға келiстiрiп бата бере бiлгендiгiнен бе, қайыр-садақа тастаушылардың осы әжеге деген ықыласы да ерекше.
Қайыршыларды күн сайын кiм түгендеген. Кейде садақа таратқанда, бәрiне бiрдей жетпегенде, қайсыбiрi көзiмен айыптағанда, сағың сынып, ерiксiз жер шұқисың.
Бұл жолы кәдiмгiдей еркiнмiн. Оразада тiлегiм қабыл болсын деп, ақшаны қалтаға молырақ бастым. Сырттағы қайыршыларға ақшаны аямай үлестiрiп келемiн. Киiмi жүдеу, өңi сынық әйелге 50 теңгелiктi ұсына берiп ем, қолымды қағып жiбердi. Мен басымды шалт көтердiм.
– Сiздi мұндағылар тiлшi дейдi. Сол рас па? – дедi жүзiме сынай қарап.
– Болсақ болармыз, – дедiм мен оның әлгi әрекетiне ренжiп.
– Ақшаңның керегi жоқ. Шер тарқатсам деп едiм. Бүгiн түнде пойызбен алысқа сапар шегемiн. Қайтып оралар-оралмасым белгiсiз. Басымнан өткен оқиғаны баяндайын. Жазып ал. Түбi бiр қажетiңiзге жарар, – деп айнып кете ме дегендей, менi оңашалау жерге бастады.
Екеуiмiз таяу жердегi аялдаманың орындығына жайғастық. Ол әңгiме тиегiн ағытты.
– Менiң есiмiм – Ұлболсын. Үш қыздан соң дүниеге келiппiн. Ұлды зарыға күтiп, қызға көңiлдерi толмағаны үшiн ата-анам Алланың кәрiне ұшырады ма, алдымдағы үш әпкем ерте қайтыс болды. Үлкен әпкем аттан құлап, жазым болса, екiншi әпкем астан уланды. Үшiншi әпкем ұзаққа созылған сырқаттан көз жұмды. Қайғы-қасiретке оранған отбасымыздан ертелi-кеш сай-сүйегiңдi сырқырататын жоқтау үнi үзiлмейтiн. Менiң жасым елуге аяқ басты. Осы уақытқа дейiн ән салып, көңiл көтермеппiн. «Ұлболсын, ән айтшы» деп қолқаласа, миымның түкпiрiнде жоқтаудың зарлы үнi бебеулейдi. Ойнақы, көңiл әндердiң өзi менiң орындауымда жоқтауға айналып шыға келедi. Қайғыдан белi бүгiлген әке-шешем өмiрдiң сынына төтеп бере алмады. Араларына екi-үш жылдан салып, бiрiнен соң бiрi мәңгiлiк сапарға аттанды.
Қаралы үй дүние-мүлкiмен менiң иелiгiмде қалды. Маңдайының соры бес елi мен пақырдың үйiне қызықты ма, жоқ әлде басқа себебi бар ма, қаладағы қуаяқтың бiрiмен бас қостым. Бiрер ай өткенде, жүзi жабығыңқы, қабағы бiр ашылмайтын менiң кейпiмнен шаршады-ау деймiн, күндердiң күнiнде күйеусымағым маған ескертпестен жөнiн тапты.
Мұнан да ауыр кезеңдi бастан өткергендiктен бе, жарымның опасыздығы соншалықты жанымды жабырқатпады. Дәтке қуат етерлiгi – «жалғыз емессiң» дегендей, құрсағымда бес айлық шарана бүлкiлдеп жатты.
Тоғыз ай, тоғыз күн толғанда, түнек басқан өмiрiмдi нұрландырып, жарық дүниеге шекесi торсықтай ұл бала келдi. Сол кезде бақыттан жүзiм бал-бұл жанып, рахат сезiмге бөлендiм.
Қылығы балдай тәттi ұлымның қызығына тоймайтынмын. Өмiрiм де басқа арнаға бұрылды. Таныстарымның сөзiне сенсем, бұрынғы кейпiмнен iз де қалмапты. Уақыт бiр орнында тұрған ба? Көп ұзамай менiң бүлдiршiнiм де мектеп табалдырығын аттады. Ана ретiнде оған толыққанды бiлiм беруге тырыстым. ХХI ғасыр – ақпараттық технологиялар дәуiрi деген қағиданы берiк ұстанып, математика мен ағылшын тiлi пәнiне ерекше ден қойдым. Баламның мектептегi аяқ алысын үнемi назарда ұстадым. Еңбекқорлық, табандылық қашанда жетiстiкке жеткiзедi емес пе. Менiң ұлым да мектептi үздiк бiтiрiп, институтқа еш қиналмастан түстi. Бiлiмнiң негiзi мектепте мықты қаланғандықтан жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдады. Бiздiң қоғамда бiлiмдi адам қашанда қадiр-құрметке ие. Қызыл дипломды маманды жетекшi банктердiң бiрi ат-түйедей қалап, қызмет ұсынды. Алғашқыда менеджер болып орналасқан ол көп ұзамай қызмет сатысымен жоғары көтерiлiп, бөлiм бастығының орынтағына отырды.
Таныстарымыздың арасында: «Сендердiң бастарыңа бақыт құсы қонды» деп қызығатындар да, күндейтiндер де табылды. Сырт қарағанда, бiздiң өмiрiмiз жарқын көрiнетiн. Ұлымның астында – шетелдiк су жаңа машина. Iшкенiмiз – алдымызда, iшпегенiмiз – артымызда. Ұлым «өзiм асыраймын» деген соң жұмысқа да орналаспадым. Алайда елге бiлдiрмесем де, менiң iшiмдi жегiдей жеген уайым тыным таптырмады. Ол – ұлымның шектен тыс ақшақұмарлығы. Екiнiң бiрi қолы жетпейтiн жағдайда өмiр сүрсек те, лас тiрлiкпен айналысты. Ол менеджер болғандықтан несие тарихы дұрыс емес, яғни жолы жабылғандарға несие рәсiмдейтiн. Мұның бәрiн заңды айналып өтiп келiстiретiн. Бiрде мен ұлттық банк басшысының телеарнадан: «банктердiң несиеге берген ақшаларын қайтаруы қиындады. Бүгiнде банк алдындағы қарыз пәленбай соманы құрады», дегенiн естiп, қатты қобалжыдым. «Менеджерлердiң заңсыз несие ресiмдеуi – заңсыздық. Бiздiң мемлекет ендi аяғынан тұрып келедi. Үкiмет ақшасын талан-таражға салғандар түбi жазасын тартады», – деп ұлымды жөнге салғым келдi. Бiрақ бәрi кеш едi. Менiң ұлымның ақшаға құныққаны соншалықты, ол өмiрдiң мәнi ақшаға байланған деген түсiнiгiнен қайтпады.
Ақыры, не керек, желмен келген ақша бiзге жақпады. Әлдекiмдердiң көрсетуiмен ұлым және оның сыбайластары қылмыс үстiнде құрықталды.
Оның дүние-мүлкi тәркiленiп, жеке есепшотына тұсау салынды. Барды қанағат тұтқан мен қосымша қаржы жинауды да ескермеппiн. Бiздiң меншiгiмiзде сол баяғы «жыртық лашығымыз» қалды. Ақшадан тарықсақ та, әке-шешемнiң көзiндей болған баспананы сатуға қимадым. Шешемнiң жамағайын сiңлiсiн уақытша тұруға кiргiздiм. Мешiтке келгендегi ойым – ата-анамның аруағына құран бағыштап, ұлымның күнәсi үшiн кешiрiм сұрау. Ұлым қамауға алынғалы менi «баламның тәрбиесiнде қай жерден қателiк жiбердiм?» деген сауал тыным таптырмайтын болды.
– Сiз қалай ойлайсыз, мен қай жерден сүрiндiм? – дедi мұңлы көзiн аударып.
Мен жауап таба алмадым. Жан-дүниесi мөлдiр, жүрегi жұмсақ ананы қалай жұбатарымды, қандай кеңес берерiмдi бiлмей ауыр күрсiндiм.
Дария Ертайқызы.
2014 жыл