Қайынапаларымды қарық қылып, қаңғырып қалдым…
…Мен ажырасқан жiгiтке тұрмысқа шықтым. Бейбiт өзiнiң атына мүлдем лайықсыз, ұрдажық, шолжаң, ештеңе ойламайтын жiгiт екен. Бiрақ ә дегеннен онысын сездiрмей, ақылды болып көрiнуге тырысып баққанын қалай ұмытайын. «Әйелiңмен неге ажырастың?» дегенiмде, «Ой, жас болдық, ерке болдық, жас кезiнде кiм қателiк жасамайды дейсiң» деп құтылатын. Күйеуiм әманда өзiнiң сегiз қыздың ортасындағы жалғыз екенiн, әке-шешесiнiң бетiнен қақпай өсiргенiн, шалқып өмiр сүргенiн әңгiмелеп айтқанды ұнататын және содан өзiнше ләззатанып отыратын.
Кейiн естiдiм, әйелi өте тәрбиелi, жуас адам болған екен. Оған 6 жыл бойы күн көрсетпей, Бейбiт тепкiнiң астында ұстаған көрiнедi. Ақыры ауруға шалдықтырып тыныпты. Соның салдарынан екiншi рет тұрмыс құрған байғұс келiншек бала көтере алмай зар жылап жүр деп естимiн.
«Қатеңдi мойындап неге қайта қосылмадың?» – дегенiмде, ол:
– Менi әкем тәкаппар етiп өсiрген. Бiреудiң алдына кешiрiм сұрап жығылып бару деген жоқ. Әйелiмнiң артынан жалынып баруды ар көрдiм, – деп жауап бердi. Онысына таңғалғаныммен, онша мән бермеппiн. Бiрақ шынтуайтында, Бейбiт оған жалынып-жалбарынып барыпты. Ал қызға әкесi қайта қосылуға рұқсат бермептi.
Бейбiт екеуiмiз танысып, аралас-құраластықты бастағанымызда, оның ажырасқанына 5 жылдай өтiп кеткен. Бала күнiнде байлыққа кенелiп өскен Бейбiт ол күнде де ақшаны шашумен жүрдi. Астында – қымбат көлiк.
– Өмiрi үкiметке жұмыс iстеп көргем жоқ, – деп масаттанады.
Мен ол кезде қала әкiмдiгiнiң жер бөлiмiнде кiшiгiрiм басшы едiм. Ол уақытта жұрттың жер қадiрiн онша бiле бермейтiн кезi. Пәтерлер құнсызданып, жұрт тiптi өз пәтерлерiн иесiз тастап, жан-жаққа көшiп жүре берушi едi ғой. Қарапайым жұртты айтам-ау, мемлекеттiк қызметте беделдi қызмет атқарып шалқып жүрген менiң өзiм жердiң бағасын бiлмеппiн ғой. Менiң қызметiме қызыққан болуы керек, Бейбiт менi қонаққа шақырғыштап, телефон соққыштап, жиi хабарласатын болды. Әдемi сөйлейтiн оған басым жылдам айналып қалды. Өзi де көрiктi азамат емес пе.
Сөйтiп жүргенде ол маған ақырындап қолқа сала бастады. «Жер рәсiмдеп бере аласың ба?» – деп. Оған ғашық болып қалған мен оның бетiн қаққам жоқ. Бәрi қолымда тұр емес пе. Бейбiт жердiң жайын жақсы бiлетiн адам екен, қаланың ең мықты деген тұстарынан өзiне 3-4 жер таңдап, оны бiрден өзiнiң және туған-туыстарының атына рәсiмдеп тастады.
Бiрте-бiрте арамыз жақындай түсiп, Бейбiт маған үйленгiсi келетiнiн айтты. Мен оған, әрине, есiм шыға қуандым. Ол бiрден АХАЖ-ға барып тiркелу туралы ұсыныс жасады.
Той тойлап әуре болған жоқпыз, тек қайынапаларым барып анамның алдынан өттi.
Көп ұзамай Бейбiттiң әпкесi коттедж алатын болды да, Бейбiт оның үш бөлмелi пәтерiн өзi сатып алатын болды. Ондай-мындай табыс тапқанмен, Бейбiттiң пәтердi басыбайлы сатып алатын қаржысы жоқ едi. Жердi сатқанмен, арзанға кетiп қалады. Сондықтан ипотекалық несие рәсiмдеу керек. Ал тұрақты жұмысы жоқ адамға ипотека бермейтiнi бесенеден белгiлi. Сөйтiп, үйдi менiң атыма рәсiмдейтiн болдық. Себебi тұрақты жұмысым бар. Не керек, үй маған жазылды.
Бейбiт үнемi уыс-уыс ақша ұстап жүргендi ұнатады. Оны қайдан табады десеңiз, ол кезде тоқтап жатқан сақалды құрылыс немесе иесiз жатқан ғимарат толып жатыр. Бейбiт кран жалдап апарып соларды бұзып, материалдарын Астанаға немесе басқа қалаларға апарып сатып пұл қылатын. Ал ол ғимарат кiмдiкi – оған қарамайтын. Былайша айтқанда, ұрлық пен қарақшылық қой. Оны ол ешкiмге бiлдiрмей iстеушi едi.
Үй алдық деген атымыз болмаса, үйдiң барлық төлемдерi менiң мойнымда болды. Пәтерақыны мен төлеймiн. Несиенi мен төлей саламын. Өйткенi менiң атымда ғой. Өсiп кетсе, өзiме кесiр ғой, пәлесiнен аулақ деймiн.
Екi жылдық жұбайлық өмiрiмiзде Бейбiттiң өмiрi қыдырумен, той-думанмен өтiптi, қарап отырсам.
Жылдар жылжып өткен соң ойлап қарасам, сол кезде қандай ақымақ болғанмын!
Сегiз қайынәпкемнiң бәрi де ауқатты тұрады. Әсiресе, базарда ет сататын үлкен қайынәпкемнiң тұрмысы өте жақсы әрi ол бәрiн өзi басқарады. Күйеуiм соның сөзiн тыңдайды көбiнесе. Ол қайынәпкем менi адам санамайтын. Үйге телефон соқса амандаса сала: «Бейбiтке бершi телефонды!» — дейтiн. Менi бiр жаңа жылмен немесе туған күнiммен құттықтап көрген емес. Тек өзi қонақ шақырғанда, омыртқа немесе ауызашар бергенде менi көмекке шақырып алып, шаруасына құлша жұмсайтын.
Өмiр өте бердi. Бейбiт екеумiз балалы болдық. Баламен басым қатып жүрiп байқамаған екем, сол кезде Бейбiт бiр жас қызбен жүрiс жүрiп, уақытының бәрiн сонымен өткiзiп жүрсе керек.
Баланы бiр жасқа жеткiзiп алғаннан кейiн жұмысыма шықтым. Бұл кезде Бейбiт менiң арқамда жүз шақты туысына жер алып үлгерген. Оған басым айналып жүрiп, өзiмнiң шешеме немесе басқадай туыстарыма жер алып тастауды ойласамшы! Мен жұмысқа шыққаннан кейiн Бейбiт тағы да жер алуға ынты-шынтысымен кiрiсiп кеттi. Осылайша, қалған туыс, құда-жекжат, жиен-жұрағаттарының iшiнде жер алмаған адамы қалмады.
Бұл уақытта ол шiркеудiң жанынан коттедждiң төрт қабырғасын тұрғызып қойған. Өзiмiзге деп. Мен соған мәзбiн. Күйеуiмнiң тапқан-таянғанын бiр қызға шашып, қыдырып жүргенi қаперiме кiрiп-шығар емес.
Күйеуiмнiң сау күнiнен мас болып жүруi, үйде отырғанынан отырмағаны көбейе бастады. Бiзде ешқашан бiрге паркте серуендеу, көл жағасында демалу деген болған емес. Iшiп-жегенiмiзге мәзбiз.
Бара-бара күйеуiм бала жыласа менi «басқа бөлмеге барып уатшы» деп зекiп, боғауыз сөз айтатын өнер шығара бастады. Үндемей құтылам деуiм бекер екен, бiраз уақыттан соң төмпештеп ұруды бастады. Күнiм азан-қазан, айғай-шумен өтетiн болды.
Үйдегi жағдай мұндай болып тұрғанда жұмысымда да қиындық туып, «жау жағадан, бөрi етектен» алды. Менiмен жұмыс iстейтiн бiр келiншек күйеуiмнiң туған-туыстарын жақсы танитын адам едi, сол кiсi басшыларға мен туралы арыз түсiрiп, менiң күйеуiмнiң туыстарына әперген жерлерiм туралы мәлiметтi тiзiмдеп тұрып берiптi. Жұмыста кикiлжiң болып, менiң мәселемдi «майшаммен» қарап, жұмыстан шығарып жiбердi.
Күйеуiмде де дағдарыс болып, бұзатын құрылыстары таусылған ба, әйтеуiр, ақшасы азайып қалды бұл уақытта. Қолға ақша түссе, несиемiздi жабамыз.
Жұмыстан шығып қалған соң қадiрiм тiптi кемiдi. Қит етсе кiнә тағып, күйеуiм таяқтың астына алады. Бәрiне мен кiнәлiмiн. Сөйтедi де, көлiгiне мiнiп, тайып тұрады. Бiрнеше күннен соң қайтып келедi. Ақшасы бiткенде туыстарының атына алып қойған жерлердi сатып, қаражаты таусылғанша тойып iшiп, қыдырып алады. Содан соң қайта жер сатады.
Кейiн арамыз ушығып, таяқтан көз аштырмайтын болып кеткен соң, анам менi үйiне алып кеттi. Күйеуiм менiң кеткенiмдi керек те қылған жоқ, өйткенi менен ендi оған пайда жоқ қой. Және жүрiп жүрген адамы бар. Бiз ажырасқан соң бiр-екi жылда жер бағасы шарықтап, жұртты бәрi жер алуға қызу кiрiстi. Мен жер ала алмаймын, өйткенi бiр рет алып, сатып жiбердiк қой, қайта алуға құқым жоқ. Ал қайынәпкелерiмнiң бiрi жерiн сатып, дүкен ашып алды. Екiншiсi қымбат көлiк мiндi, балам екеумiз жолда кетiп бара жатсақ, бұрылып қарамайды да, шаң қаптырып өте шығады. Үшiншi қайынәпкем жерлердi сатты да, тiгiн фабрикасын ашты. Фабрика ашқанда менiң балама бiр шалбар кигiзсе, кәнi? Төртiншiсi облыс орталығынан үй алды. Бiреуi Қытайға шығып тауар әкелдi. Қысқасы, менiң арқамда ойға да, қырға да шықпағаны жоқ.
Ал, мен болсам… Мен болсам күйеуiм пәтердiң ақшасын төлемей (ол сол үйде тұрып жатыр ғой), банкке жаманатты болдым. Кейiн ол үйдi сатып, қызығын ана әлгi әйел екеуi көрдi. Мен қарыздан құтылғаныма мәз болдым. Алайда ұзақ жылдар бойы несие төлемегендiктен, «қара тiзiмге» iлiгiп, ендi маған бiр банк несие бермейтiн болды.
Қазiр басқа адамға тұрмысқа шығып, көршi қалада тұрамын. Екiншi балам дүниеге келдi. Жолдасым жақсы. Сыйлап тұрады. Баспанамыз жоқ. Күйеуiмнiң де, өзiмнiң де жалақым аз болғандықтан, бiзге несие бермейдi. Басқа да бағдарламаларға iлiге алмай, пәтер жалдап келе жатырмыз. Ақшамыз бiрде жетедi, бiрде жетпейдi. Жетпегенде, жолдасым таксилетiп тиын-тебен тауып әкеледi. Көлiгiмiз «Жигули», соған разымыз.
Кезiнде қара басымды ойламағаныма қатты өкiнемiн. «Осы Мейрамгүл бiзге жер әпердi-ау, соның арқасында пайда көрдiк-ау» деп маған рахмет айтқан не Бейбiт, не оның әпкелерi жоқ. Балама да ештеңе әперiп көрген емес. әпермек түгiл, амандасуға да жарамайды.
Естуiмше, бұл күнде Бейбiтте не үй, не көлiк жоқ дейдi. Бәрiн сатып, араққа жұмсаған сықылды. Бiреудiң арқасында көрген пайдасы береке бермеген шығар.
Бұл өмiрде дәл мендей ақымақ әйел бар ма екен деп жиi-жиi ойлаймын. Өзiм сияқты қыз-келiншектерге айтарым: ең бiрiншi өз қамдарыңды ойлаңдар! Ешқашан еркекке жем болмаңдар! Бүгiн жағдайым жақсы, заман дәл осылай тұрады деуге болмайды! Қолыңда барыңды әуелi қара басыңа жарат. Өзiңдi ойла. Мен сияқты опық жеп, далада қала көрмеңдер!
Мейрамгүл ҚАЙРОЛЛАҚЫЗЫ,
Екiбастұз қаласы.
2015 жыл